РЕФЕРЕНДУМ – ХАЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ
21.05.2024
190
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында референдумның маңызды дипломатиялық институт екенін баса айт­ты. Өткенге көз жүгіртсек, 2022 жылы 5 маусымда Қазақ­стан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткен болатын. 2022 жылы болған бұл жиында Президент бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгеретін Конституцияны халық дауысының еркіндігінің айқын көрінісі деп атады.

Референдум – мемлекет­те маңызды мәселелерді шешу үшін республиканың барлық аумағында өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Байырғы заманда қазақ тарихын жаңғыртқан хандарымыз да іргелі істерде құрылтай өткізіп, халықпен кеңес құрған. Демек, дауыс беру арқылы әр азамат өз ұстаным-пікірінің мемлекет үшін маңызды екенін түсініп, Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезінетіні анық.
Республика Конституциясы мен конс­титуциялық заңдарды бақылау, оларға өзгертулер мен толықтыруларды енгізу, мемлекет­тік өмірдің өзге де маңызды мәселелерін шешу – референдум қызметіне қойылатын басты талап. Еліміз тәуелсіздік алғаннан ке­йінгі ең алғашқы референдум Қазақ­стан Президентінің өкілет­тік мерзімін ұзарту туралы шыққан жарлық негізінде 1995 жылдың 29 сәуірінде өткізілді.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа кезекті Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналғанын және оған қатысты қорытынды шешім жалпыұлт­тық референдум нәтижесі бойынша қабылданатынын мәлімдеді. «Қазақ­стан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлт­тық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін ке­йін анықтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы уақытқа де­йін министрлікке қоғамдық бірлестіктерден де, қоғам белсенділерінен де референдум өткізуді жеделдету туралы өтініш түспегенін, тек бекітілген рәсім аясында жұмыс жасайтындарын айт­қан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2024 жылы 10 мамырда үкімет отырысында атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша референдум өткізудің әлі күнге де­йін белгісіз болуының себебін түсіндірді. Министрдің айтуынша, бүгінде министрлік еліміздің әр аймағында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақ­станның барлық аймағын аралауды қажет ететін бұл ауқымды жұмыстарға мамандарды тарту, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеу керегін алға тартқан министр тек төрт аймақты аралап үлгергендерін жеткізді.
Ал Қазақ­станның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың ресейлік ТАСС басылымына берген сұхбатына қарағанда, Қазақ­станда АЭС салуға қатысты референдум жылдың соңына қарай болуы мүмкін.
Атом электр станциясын салуға Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалған. Сондықтан 2023 жылдың тамызында Үлкен ауылында АЭС құрылысына қатысты алғаш халықтық талқылау өт­ті. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас тұрғындардың 90 пайызы АЭС құрылысын қолдап отырғанын айтып, аталмыш станция электр энергиясынан тапшылық көретін халық үшін жаңа жұмыс орны, инвестиция әрі ауылдың әлеумет­тік-экономикалық әл-ауқаты деп оң көзқарасын білдірді.
Халық – тарихты жасаушы, мемлекет күш-қуатының қайнары. Мемлекет­тік референдум аясында жүзеге асырылатын кез келген өзгерістер мен жаңа дүниелер сан түрлі қиындық атаулыны басынан өткерген халықты бақыт­ты тұрмысқа кенелтсе болғаны.
Дана САДЫРҚАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір