ШЫҢҒЫСХАНТАНУ ХИКМЕТТЕРІ: ҰЛЫ ҚАҒАН ТЕГІ МОҢҒОЛ МА, ТҮРІК ПЕ – ҚАЙСЫСЫ ДҰРЫС? 
18.03.2016
6940
3

15Өткен ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының аяқ шені. Баспа комитетінде істеп жүрген кезім. Кабинетімде Моңғолия Халық Республикасы Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғалымы  Базылхан Бұқатұлы отыр. Тұңғыш рет  «Қазақша-моңғолша сөздігін» жасаған екен. Соның қолжазбасын шығарып беруді өтінді. Сөздік 1977 жылы  Алматыда жарыққа шықты. Алғысын айта отырып,  Базекең маған «Монголдың құпия шежіресі» атты кітап сыйлады. Аталған шежіренің «монголша үшінші рет басылуына сәйкес қазақша бірінші басылуының» нұсқасы (Өлгий, 1979).


Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Кітапты жатпай-тұрмай оқып шық­қа­ным­да оның ХІІ ғасырдың аяғы, ХІІІ ға­сыр­дың басындағы моңғол өмірін бейнеле­ген Бурятияның халық жазушысы Исай Ка­лашниковтың «Жестокий век» – «Сұм за­ман» (1978) атты тарихи романына арқау бол­ғанына көзім жетті.

Өз басым Шыңғысханды қандықол бас­­­­қыншы санайтынмын. Егер ол моңғол емес, жалайыр болса, неге қазақ қалаларын қи­ратты, Отырарға бара қалсаң тау-тау күл­төбелерді көресің, деп жазғаным есім­де.

Алайда, тірі жан болған соң, уақыт үні­не құлақ түрмей жүре алмайсың. Соның әсе­рі болар, Исай Калашниковтың «Жесто­кий век» – «Сұм заман» романының кейбір көркемдік шешімдерін басқаша бағалай бастадым. «Сұм заман» ұғымы Шыңғысхан басқыншылығының сипаттамасы емес, мағынасы мүлде өзгеше болып шықты. Романның бір геройы:

«Заман жаман, о тоба, заман сұм. Қара­пайым адамды ұры-қары тонаушылардан да, жат жерлік тайпалардан да қорғап қалар еш­кім жоқ. Ол-ол ма, өзі өзінікін тонайды», – дейді.

Кейін Шыңғысхан аталған Темүжін, үздік ақыл-парасатының, әділеттілігінің, қайтпас қайсарлығының арқасында алыс-жұлыстан титықтаған ұлысын тұтас, тату бір ұлыс қылып біріктіреді.

Тарихи шындық, былай қарағанда мыз­ғымас ақиқат сияқты көрінгенімен, ол да кейде уақыт сәйгүлігінінің шаңына іле­се алмай қалады екен. «Монголдың құ­пия шежіресі» сондай мызғымастың бірі тәрізді еді. Енді міне, оның да іргесі сөгіле бастады. Шыңғысханның ұлты жайлы деректерге дейін. Бұқаралық ақпарат құралдарында «Шыңғысханның тегі» туралы айтыс әл­сін-әлі бұрқ ете қалады. Бір «Жұлдыз» жур­­налының өзінде монғол қаламгері Банзайн Хурэлтоогоның «Шыңғысханның «Алтын әуен» құпиясы» немесе жазушы Мұхтар Мағауиннің Шыңғысхан тегін өзгеше сипаттайтын романы жарияланды.

Жуырда «Жұлдыз» журналында жария­ланған монғол жазушысы Жагдалин Лхаг­ваның «Өмірдің өзі шығарма» атты эсселер шоғыры жарияланды. Сонда ойландырмай қоймайтын бір эпизод бар.

Бір күні Мұстай Кәрім сұрақ қойып­ты:

« – Сендер осы Шыңғысхандарың туралы неге жазбайсыңдар?

– Жазған қаламгерлердің бәрі өле бере­ді. Калашников, Есенберлин, Чивилихин, Абашидзе, Ян…бәрі жоқ қой бүгінде, – деп едім, Мұстай Кәрім маған көз аларта қара­ды да, ауыр күрсініп:

– Негізі, жазбай жүріп өлгенше, жазып ба­рып о дүниелік болғанға не жетсін!- де­ді.

Айтарға уәж таппаған мен терең дем алып, төмен қарадым».

Шынында да, ол неге күмілжиді? Мұн­да не гәп бар?

Бұл мақаланы жазуымдағы себеп, Шың­ғысхан туралы айтыс-тартыстың анық-танығын білмек талабынан туындай­ды. Мендей Шыңғысхантану мәселесінде кім­ге сенерін білмей жүргендер бүгіндер аз емес шығар. Оның бер жағында жуықта Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау ке­зінде халқымыздың арғы тарихын біл­мекке тілек, ынта-ынтызардың елімізде есе­­леп артқаны да жасырын емес. Күн тәр­ті­біне оқыс қойылып отырған заманауи мә­селе.

Ресей Шыңғысханды Гитлер, Напо­леон­дармен бір қатарға қояды. Бұрын етене тарихымызды зерттеп бағалауда Ре­сей­ге жалтақтайтын қазақ, біз, енді мына Тәуелсіздік дәуірінде бұл мәселеге қалайша қарауға тиістіміз?

Кемеңгер ұлттық ақынымыз Мағжан Жұ­мабаев «Түркістан» атты ұзақ өлеңінде Шыңғысханды Түран даласының батыры санаған.

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікте адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?

 

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да

Адамның жүрегіне жігер берер.

 

Шыңғысхан, Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле –

Атаға тартып туған бәрі бөрі.

Шыңғыстың қол бастаған екі көзі:

Жолбарыс, Сұпытай мен көкжал Жебе».

Тұран – түрік елі, жерінің атауы. Б­а­ты­сын­да Каспий жағалауы, Мұғаджар және оң­түстігінде Орал, солтүстігінде Са­рыар­қа­мен, шығысында Тянь-Шань және Па­мир-Алай етегімен қоршалған.

Максим Горький орыс символизмінің кө­семі Валерий Брюсовтың жазушылық әмбебаптығын ескере отырып, «Россияда бұдан мәдениетті ақын жоқ» деп бағаласа, сол Брюсов ұйымдастырған Мәскеу Жо­ғары көркем әдебиет институтында оқыған Мағжан Жұмабаев қазақтың ең мәдениетті ақыны болатын. Бұған дейін Медресе Ға­лия­да оқыған, төрт жылдық Сібір мұғалім­дер семинариясын алтын медальмен бі­тір­ген Мағжан білгір оқымысты да еді.

Бұл мақаланы жазуға себепші болған, бұ­дан жеті-сегіз жыл бұрын Қытайдан ата­ме­кенге оралған, жоғары білімді, Қытай уни­верситетінде оқып, қытай елі жазуы мен тілін жетік меңгерген зерттеуші Тілеу­берді Әбенайұлы Тыныбайын жаңағы Мағ­жан шумақтарының шындығын, Шың­ғысхан – Тұран перзенті екенін ғы­лыми  жолмен   дәлелдейді.  «Шыңғысханның ата­мекені мен ататегі және тілі мен діні (төрт дәлел)» кітабында (2014) Шыңғысхан­ның өзі, ата-бабалары қазақ даласында туып өмір сүрген деген қорытындыға келеді. Кітаптың «Алғы сөзінде» Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының пре­зиденті, академик Мұрат Жұрынов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қойшығара Салғараұлы, жазушы, өлке­танушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы Тілеуберді Тын­ыбайынның «зерттеу жұмыстарын Шың­ғыстанудағы әрі жаңа, әрі дұрыс бағыт» деп бағалайды.

Тілеуберді Тыныбайынның «Құпия ше­жіренің құпиясы» (Факсимиле нұсқа, 2013) деген және бір еңбегі «Монғолдың құ­­пия шежіресі» аталымының дұрыс қойыл­­мағанын, тарихи шындыққа жанас­пай­тындығын дәлелдейді. Кітаптың «Жалпы түсініктеме» атты аңғартпасында автор «Монғолдың құпия шежіресін» «ақиқи түп­нұсқаға сәйкесті түрде «Шыңғыс-Қа­ғанның қузауыры…» деп аударғанын, яғни кітаптың әсілі атымен атағанын, «моң­ғол­дың..» деген «бөтен жапсырманы» түсіріп тастағанын арнайы ескертеді.

Қузау – қуза етістігінің қимыл атауы. Ауыс­палы түрде – мәселе көтеру, қозғау салу деген сөз. Автордың пікірінше, қаған­дар­дың тегін қузайтын өмірбаяндық шы­ғар­маның жанрлық аты «қузауыр» болғаны жалғауына дейін (шымшуыр деген сияқты) түрік тілінің табиғатына сай сұранып тұр­ған сөз. «Шыңғыс-Қағанның қузауыры» кітабының тақырыпшасы (подзаголовок) «Шыңғыс-Қағанның түп-тұқияны» деп аталады. Кітаптың мазмұнын, не мәселеде әңгіме қозғайтынын анықтай түсу үшін.

Шыңғыс-Қағанның түп-тұқиянын, өмір­баянын егжей-тегжейлі баяндайтын бұл жарияланым – кітаптың қолжазба түрі­нен. Негізгі он және қосымша екі орамдардан (сверток) тұрады. Автор талдауына кірі­сер алдында әр бөлім сайын сол орам­дар­дың иероглиф мәтінінің факсимилесін, фотокөшірмесін жариялап отырады.

Шыңғысханның өмірбаяны туралы жа­ңа қағиданың дұрыс-бұрыстығына көз жет­кізу үшін алдымен ұлы қағанның туған же­рі, ата тегін «Монғолдың құпия шежіресі» мен «Шыңғыс-Қағанның қузауыры» мә­тін­дерінің Тыныбайын кітабында қалай са­лыстырылғанын анықтап алуымыз керек.

Автордың «Құпия шежіренің» құпия­сы» еңбегін жазудағы алдына қойған мақ­са­ты Шыңғысхан – монғол» деген лақапты, жал­ған түсінікті жойып, тарихи шындықты қал­пына келтіру болса, бұл мақсатына ол «Монғолдың құпия шежіресі» мен «Шың­ғыс-Қағанның қузауырының» бастапқы аб­зацтарын салыстыра талдаудың өзінде-ақ біршама қол жеткізіп үлгерген.

«Монголдың құпия шежіресінің» бі­рін­ші бөлімінің ілкі абзацы былайша ке­ле­ді:

«1. Чингис, (Шыңғыс) қағанның тегі: тәң­ірі бақытты етіп жаратқан Бөртэ-чино зайы­бы Гуа-Маралмен бірге талай теңіз-да­рияны кешіп келіп, Онон өзені бас алған Бур­хан-халдун тауын тұрақ еткен кезде Бат­пагаан деген бір ұл туады».

Осы мәтінді қытайша түпнұсқамен са­лыстыруын автор екі түрлі тәсілмен жүзеге асырған. Біріншісін «1-үзіктің тіке аудармасы» деп атаған. Мазмұны төмендегіше.

«Көк-Тәңірдің әмірімен Бөрте-шайна мен жұбайы Қуа-Марал (Құба Марал), Теңіз атты судан өтіп шығып Өнен (Іле) де­ген өзен бастау алатын Бұрқан атты тауға ме­кен етті. Сол арада бір перзент сүйді, оның атын Баташ-Қан қойды».

Қытай нұсқасынан аударылды дейтін «Мон­голдың құпия шежіресінің», яки моң­ғол­­ша баламаның дәлме-дәл тәржіма­лан­ба­ғаны жоғарыдағы жолдардың өзінен-ақ бірден көзге түседі. Қытайлық түпнұсқа­да «Чингис (Шыңғыс) хағанның тегі» деген сөз­дер атымен жоқ. Сілтемеде «Гуа» – мон­ғол­ша құрметтілікті білдіретін сөз деп ес­кер­тілген. («Әдемі» деген мағынасы да бар). Қытайша түпнұсқадан оны да кездестір­мей­міз. Мұның үстіне монғолша баламада тау­дың атын, сол мекенде туған перзенттің есі­мін монғол тілі стилистикасына бейім­деу­ге тырысқандық байқалады. Алайда, он­дай әрекеттен пәлендей нәтиже шық­па­ған. Мұның өзі түсінікті де. Бөрі ата мен Бұ­ғы ана – қазақ пен қырғыздың кие тұт­қан жануарлары ғой. Бұрмалауға көн­бе­ген…

Сөйтіп, автор еңбегінің бастапқы аб­зацын­да-ақ «Монгол құпия шежіресінің», бей­нелеп айтқанда, қоясын ашады. Мұны­мен де қанағаттанбай, түрлі әдеби көз, мағ­лұматтарды пайдалана отырып, әшке­ре­сін «1-үзіктің талдамасында» тиянақтай түседі. Толықтырылған, жетілдірілген сол нұсқа «1-үзіктің тура аудармасы» деп атала­ды. «Құпия шежіренің құпиясы» кітабында бұл тәсіл әрбір «орам» талданған сайын үнемі қайталанып отырады. «1-үзіктің тура аудармасы» төмендегіше түзілген:

«Күллі тұрақ КӨК ТӘҢІР аясында бол­мақ.

Жайықты төлі Бөрте-Шайна әзім еді де, жұбайы Құба-Марал (Қуа-Марал) Теңіз (Касбий) тумасы болатын. Олар Өнен-Мұ­ран­ның (Іле өзенінің) бастау алатын же­рін­дегі Бұрқан-Қалдан атты тауға келіп ор­да тікті. Сол арада Баташ-Қан деген пер­зент сүйді».

Автордың пікірінше, түпнұсқаның ең дұ­рыс та толық ғылыми тәржімасы осы мә­тін. Соңыра «Монголдың құпия шежі­ре­сінің» орнын басатын «Шыңғысханның ата тегі» атты жеке кітап басылып шықса, оның ілкі жолдары осы абзацтан басталары сөзсіз.

«Тіке аудармамен» салыстырғанда «ту­ра аудармадағы» жаңалық – «Жайықты төлі» сөзі. Қытайшасы – «Жа-йа—а/к/-ту то-ле-кі-шән» (001-э). (1-бет, 3 су). Жаяқту тө­­­лекшан – Жайықтың төлі, Жайықтың тумасы деген сөз. «Демек, – деп қорытады автор, – Бөрте-Шайна Жайық бойындағы Түрік арыстарынан шыққан тұлға. Немесе Алшын, қытайшасы иероглиф бойынша А-шы-на әулетінен шыққан ұлы қаған». Алшын түрік уақыт өте Алаш түрікке айналған.

Бөрте-Шайна – Жайық бойы арыстарынан. Ал Қуа-Марал (Құба-Марал) Кас­пий төңірегі арыстарынан. «Екеуі одақ бо­лып, – Бұқан-Қалдан өлкесінде Ұлы қаға­нат құрған».

Ата тегі тұрандық болғанда, Шың­ғыс­ханның өзі Тұранның қай жерінде туған? Түйіні күрделі, күні бүгінге дейін айтыс-тартыс туғызып келе жатқан мәселе.

«Сол кезде, – делінген «Монғолдың құ­пия шежіресінде», – Есукей батыр та­тар­дың Тэмүжин-үгэ, Хорибуха деген адамдарын ұстап әкелгенде екі қабат Өлүн-үжин­нен Ононның Дэлүүн болдог деген жерінде Чингис хаган туады».

Енді Тыныбайын кітабындағы бұл мә­тін­ді «Шыңғыс-Қаған қузауырының» сол тұ­сындағы мәтінмен салыстырып көрелік. Тік­е аудармасы (59-үзік) төмендегіше.

«Татармен қырқыстың бір кезінде Есу­кей-Багадур Темежан-өге, Құр-Бұқаларды тұт­қындады. Дәл сол шақта Есукей-Ба­га­дурдың жұбайы Керімнің де ай-күні жеткен еді. Өнен бойындағы Теліген-Бөлтақ туы­ның қапталында Шыңғыс-Қағанға бо­санды. Қаған оң қолына асықтай қан шең­гелдеп туды. Темежан-өге тұтқын­дал­ған қарсаңда туғандықтан, оған Темежан деп ат қойды».

Бұл үзіндінің жоғарыда келтірілген мон­ғол шежіресі үзіндісінен елеулі айыр­ма­шылығы бірден байқалады. Шың­ғыс­ханның аты монғол шежіресінде Тэмүжин деп бұрмаланған. Аталған есімнің түбірі «Тэм» емес, «Тем». Темір деген түрік сөзінің тү­бірі. Қытайша түпнұсқадағысы да аздап нақ­тылауды қажет етеді. Онда – «Темужын» де­лінген. Автор қытайшаны қазақ сти­лис­тикасының заңдылықтарына сәйкес­тен­діріп, Темежән деп алған. «Жын» жалғауы қытайшада мүмкін орынды да болар, бірақ қазақ тілінде оғаштау естіледі. Ана тілі­мізде «жын» сөзі ауыстырма, метафора тә­сі­лінде болмаса, жалпы адам баласына қа­ратып айтылмайды ғой…

Сонсоң, Шыңғысханның туған ше­ше­сінің есімі де салыстырылып отырған мә­тін­дерде екі бөлек аталған. Монғол шежі­ре­сінде – Өлүн-үжин, «Қузауырда» – Керім. Қытайшасы – «Кіылұн». Тіліңді бұрап әрең айтылатын бұл сөздің қазақша баламасы – Керім. Керемет әдемі деген мағы­на­дағы әйел адамға жарасымды есім.

«Монголдың құпия шежіресімен» қы­тайша нұсқаны салыстырудағы ең күр­де­лісі, біздіңше, «Онон» өзеніне байланысты мәселе. Қытайшасы – Өнен.

59-үзіктің тіке аудармасында да Өнен деп аталынады:

«Татармен қырқыстың бір кезінде Есу­кей-Бағадұр Темежан-өге, Құр-Бұқа қатар­лыларды жолға жүгінісуге шақырған болатын. Дәл сол шақта Керім-Көзеннің де ай-күні жеткен еді. Осынау әз ана Өнен (Іле) бойындағы Теліген-Бөлтақ тауының қап­талында Шыңғыс-Қағанға босанды…».

Жақшаға алынған Іле сөзі автор Ты­ныбайынның өз тарапынан қосқаны. Жай­дан жай емес. Автор «Шыңғысханның ата мекені мен ата тегі және тілі мен діні (төрт тәсіл)» атты кітабында, басқа да еңбек­терінде Онон, Өнен өзені Іле дарияның екінші аты болғанын дәлелдейді.

Онон, Орхон өзендері Монғолияның Қиыр Шығысында. Бірақ автордың пі­кірінше, бұларды біраз шыңғыстанушылар секілді Жоңғардағы аттас өзендермен ша­тыстыруға болмайды.

Мұндағы қиындық, «Онон», «Өнен» атау­ларының Тұранның бізге белгілі жағ­рафиялық карталарында көрсетілмейтін­ді­гі. Махмуд Қашқаридың «Дөңгелек» кар­тасынан да таппайсың.

Автордың Өненді Іле дариясының бұ­рын­ғы аты дейтіні – екеуінің бойындағы жер аттарының бір-бірінен айнымай­тын­дығы себепті. «Шыңғыс-Қағанның құзауы­рында» және «Жәмих ат-тауарихта» (Рашид ад-дин) «Өнен бойында Құлжа, Нарат, Шаты, Бұрқан, Түрген, Шарын (Шарғын), Қарқара, Қапшағай қатарлы жерлер орна­ласқаны айтылған. Ал осы аттас жер-сулар «тек Іле дәриясының бойында ғана бар, олар­дың аттары бүгінге дейін сақталып ке­леді». Бұл – бір.

Екінші – ХІІІ ғасырдағы француз сая­хат­шысы Уилиям Рубруктың жолжазбасына сүйене отырып, Тілеуберді Тыныбайын Өнен Жоңғар Алатауының оңтүстік қап­та­лындағы аймақ, ал Орған солтүстік қап­талындағы аймақ деп анықтайды.

«Қузауырда» осы өлкеге қатысты Жете, Іле­ті топонимдері қолданылған. Жетісу жері тарихта Жете деп аталған. Ал Ілеті– Іле өзені ағатын жер деген сөз. Алмасы көп Ал­маты деген сияқты.

Тіке аудармада Шыңғысхан Өнен өзе­нінің бойындағы Теліген-Бөлтақ қап­талында дүниеге келгені айтылған. «Құпия шежіренің» құпиясы» кітабының 108-бе­тінде «Теліген-Болтақ» тауының атының тү­рік мағыналы екендігі дәлелденеді. Бірін­ші бөлегі – Теліген – тел өскен, ал екін­ші бөлегі — Бөлтақ – бөлек тау, дара тау де­генді білдіріп тұр дейді. Яғни Теліген-Бұлтақтың мәнісі – Қос тау деген сөз.

Жетісудың және бір аты – Моғолстан. Кар­пинидің де, Рубруктың да сапарлары осы Моғолстанмен, яки Жетісу жерімен шектелген. Олар Жетісудан Кентіге (Хэнтэйге) баратын жолдағы Ертіс өзенінен өтпеген, Алтай тауын да көрмеген. Жетісуда ерте кездері Тұла, Селеңгі өзендері де бол­ған. Сол сияқты, М.Қашқари деректері бойын­ша Қара-Қорым – бүгінгі Жоңғар Ала­тауы… Шыңғысхан астана тұтқан Қара-Қо­рым, Үкітай қаған салдырған Қара-Қо­рым , яғни Орда-Балық, Күйік хан тұр­ғыз­ған Еміл қаласы – бәрі осы Жетісуда.

Автор «Монгол құпия шежіресінде» қы­тайша түпнұсқаға сай келмейтін тұста­рын ұдайы әшкерелеп отырады. Айталық, Есукей құдаларынан қайтып келе жатқанда Шежердегі (Сары-Қыр) татар жиылысының үстінен шығады. Осындағы жақшаға алын­ған «Сары-қыр», қытайшасы – Сы-ла/ар/-Кі-ы-ле/р/ атауы аударылмай қалған. Ол шағын жер пұшпағы емес, кәдуілгі көсі­ліп жатқан Сарыарқа.

«Монголдың құпия шежіресінде «туыс­қан тайчуудтер жесір Өэл-үжинді қаршадай балаларымен жұртқа тастап» көшіп ке­те­ді.

Қытайша нұсқада – ол туысқан мүлде бас­қаша, Тәйжігіт деп аталған. Тәйжігіт – Жалайырдың Қайдау ханнан таралатын ұр­пағы. Кейіндер Әмбегей хан тұсындағы тақ тартысы салдарынан бұл ұрпақ Тәйжігіт және Төре боп екіге жарылған. Шыңғыстың әкесі Есукей – Төре бұтағынан.

Шыңғысханнан тарайтын қазақ руы ежел­ден төре тұқымы аталып келе жатқаны мә­лім. Бұдан 550 жыл бұрын ғана емес, одан да әргі уақыттарда Қазақ елін бас­қар­ған­дар сол төрелер. Ол жайлы талай тарихи романдар жазылған. Кезінде өздерін ақ­сүйек санайтын төрелер қара қазақпен қыз алысып, қыз беріспеген. Бұл жайында қа­зақ әдебиетінде, Ғабит Мүсіреповтің «Эт­нографиялық әңгіме», Қалмұқан Иса­баевтың «Шоң би» роман-трилогия­сынан, басқа да көркем шығармалардан оқуға бо­лады.

Айтылғаннан туатын қорытынды сол, Тәй­жігіт пен Төре Жалайыр жамағаттары, ал Жалайыр өз кезегінде қазақ халқын құ­райтын ең ірі он рудың бірі болып табылады. Демек, Шыңғысханның арғы атасы – түрік, бергісі – қазақ…

105-үзіктің тіке аудармасында Шың­ғыс­ханның жалайыр руынан екендігіне ав­тор тағы бір қосымша дәлел келтіреді. Ра­шид ад-диннің «Жамиғат-ат-тауарих» кітабында Жамаға (Жамұхан) жалайырдан делінген. Шыңғысхан інісі Белгітайды сол Жамаға жіберіп, оған қатын-баламды Мер­кіт олжалап кетті деп сәлем айтады. «Біз  бір атаның баласы едік қой. Мына кекті қайт­сең де қайтарыс», – деп өтінеді. Бір атаның ба­ласы едік қой дегені – бір жалайырдың ба­ласымыз дегені. Яғни ұлы қаған тумысы жалайырдан екенін өз аузымен айтқан дейді.

«Шыңғыс-Қаған әрқашан Жошыға ерек мән беріп, үмітпен қараған… «Балам­ның тұңғышы Жошы еді» деп әспеттеп, дербес «Төре-Түменнің» қолбасы болсын деп» жарлық шығарады… «Төре-Түмен» сол ұлыстың орда жасағы еді». Төре руы ата тегі Жалайырдың «Ш» – (тарақ) таңбасын күні бү­гінге дейін иелеп келеді». Мұның бәрі аңыз емес, тарихи шындық (120-үзіктің тал­дамасы).

Қазақта «аға» ұғымы айрықша қадір­лі. Жасы үлкендікті ғана білдірмейді. Бас­шы, ақылшы, жетекші мағынасында жиі­рек қолданылады. Елатасы демейміз. Ела­ғасы дейміз. Соңғысы Елбасы ұғымымен па­ра-пар.

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы.

Абай.

Рулы елге жарасқан

Үлгі айтатын ағасы.

Сәкен Сейфуллин.

 

«Шыңғыс Құбылайға да былай деді: қан­ша қайсар болса да, сенің алдыңда тізе бүк­пес жан жоқ. Сені мен Желбе, Жебе, Сүбітей төртеуің нағыз сырттансыңдар. Сендер жүрген жерде қаратас қақ айрылып, қа­радария қақ буылады. Сондықтан да, қанмайданда төртеуіңді маңдайға салушы едім…Енді жасақ істерінде Құбылай сен аға (басшы) боласың». Мұның бәрі Шыңғыс­хан­ның  түрік тілінде сөйлегеніне бұлжы­мас айғақ дейді.

Қазақ хандығына жер бөліп берген Мо­ғолстан Жетісу жерінде. Тыныбайын Мо­ғол (Татар) деген сөздерді синоним, бір мағы­налы сөз, бір ұлыс есептейді. «Татар-моң­ғол шапқыншылығы» деген байырғы атышулы аталым, Моғол-Татарды шатыс­ты­рудан барып туған ұғым. Бұл сөздің төркіні жөнінде басқа да пікірлер айтылуда.

«Түркітану» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Оразбай Рашид-ад-диннің «Жамих-ат-тауарих» кітабын парсы тілінде оқып шы­ғып, мұғүл сөзі мен моңғол сөзінің ара­сы жер мен көктей екендігіне, аталған ба­сылымда «моңғол» сөзінің мүлде кез­деспейтіндігіне көз жеткізгенін «Егемен Қазақстан» газетіне жазады. «Мұ­ғыл» сөзінің негізі «мұң үл» болған, яғ­ни «мұңлы бейшара» және «қарапайым, ақ­жарқын, ақкөңіл» деген мағынаны аң­ғартса керек. Мұғыл аталған түркілік тай­па мен өзге түркілердің арасында жанжал туып, нәтижеде тірі қалған екі әйел мен екі еркек, Нукуз және Қиян ну орманды құздардың шатқалына кіріп жан сау­ғалайды. Қияндар ержүрек, батыр болған. «Қиян» таудан төмен құлайтын ағыны қатты су. «Қият» – қиян сөзінің көпше түрі дейді. Шыңғыс хан балаларына жер бөліп бергенде өзіне қалдырған қара шаңырақты «Мұғүлстан» деп атаған…

Тыныбайын «Қузауырдың» 103-үзігіне сүйеніп, Шыңғысхан әулеті мұсылман бол­ғанын дәлелдейді. Оның да қисыны жоқ емес. Шыңғысхан меркіттер салған қыр­ғын­нан аман қалғаны үшін Бұрқан-Қалдан тауына үнемі мал айдап тұрған. «Солай деп, күнге бет түзеп, белбеуін мойнына са­­лып, бөркін қолына алып, көкірегін ап­тап тоғыз қайтара бас ұрды». Сосын ақ (қы­мыз) шашып ырым жасады». Құрбан­дық­қа мал айту исі мұсылманға сіңісті әдет.

Мұсылмандықтың және бір белгісі – Алаша хан (Шыңғысхан) және Жошы хан күмбездері (Монғолдарда зират кезікпейді, өлген кісісінің денесін далаға тастап ит-құс­қа жем етіп кете беретін болған). Шың­ғысхан «1227 жылдың шілде я тамыз айында Құдайдың құзырына аттанды. Ұлы Қа­­ғанның әзез жаны көкке ұшқанмен, асыл тәні – Алаш даласында – Қазақ ара­сын­­да мәңгі қалды. Өзі үнемі айтатын «тұ­ла бойы тұңғышы» Жошы солтанның қа­­сына – Ұлытауға қойылды».

«Қузауырдың» 123-үзігінің тіке аудар­ма­­сында Темежанның Шыңғысхан аталуы­ның тарихы баяндалады. «Алдан, Құран, Сәжібек бір қаншасы ақылдасып алып, Те­межанға: сені Қаған сайлаймыз, – деді. Егер, сен Қаған болсаң қалың жауыңа ал­ғын­шы болар едік. Сұлу әйел, жақсы ат ол­жаласақ сендік болсын. Аңға шықсақ, ол­­жамыздың алдын саған байлармыз. Жау­гершілікте бұйрығыңнан бас тартсақ, бей­біт күнде ісіңді ластасақ қатын-бала, мал-мүлкімізден айырып, елсіз иенге жер аударып жібер. Осындай сертпен Темежанды Қаған көтерді. Шыңғыс-Қаған деген мәртебе берді».

«Монголдың құпия шежіресінде» Тэ­мү­жинге: «Сені хан етейік» деген сөздерден басқасы аударылмаған. Оның орнына он­даған жол өлең қиыстырып шығарып, түп­нұсқадан дөйдала алшақ кеткен.

Тағы бір көңіл аударатын нәрсе, Шың­ғыс есімінің этимологиясына қатысты мә­селе. Автор 123-үзіктің талдамасында бұл түрік сөзі, Құрыш-Құз-Бұйрық-Қаған есі­міндегі «құрыш» – болаттың ең асыл тү­рі дейді.

Қытайшадан аударылған 250-үзіктің ті­ке аудармасындағы Алтынның билеу­ші­сін тізе бүктірген соң Шыңғысхан Сары-Қыр­­ға орда тікті деген мағлұматқа сүйене оты­рып, автор талдамасында бұл жер Са­рыарқаның «Шыңғыстауын» еске түсі­ре­тінін айтады. Бұлжымас дәлел ретінде Мұх­тар Әуезовтің роман-эпопеясындағы бір эпизодты алға тартады. Кейіпкерлердің бірі Шыңғыс деген сөз «Шын қыс» дегеннен туған. Бұл өңірдің қысы қатты ғой дей­ді. Жас Абай: «Олай болмас. Шыңғыс де­ген белгілі хан аты ғой, – деді… Тауының «Шың­ғыс», биігінің «Хан» аталғаны содан. Және сонау бір бөлек тауы «Орда» атал­­ғаны да сол. Шыңғысханның мекен ет­кен қонысы екенін паш етеді. Қарауыл де­мек те сол кезден қалған ат емес пе кені? –  деп тоқтады».

Кітаптың соңғы бөлімі – «Түгел сөздің түйі­нінде» автор мынадай үзілді-кесілді қо­­рытындыға келеді. «Шыңғысханның ді­ні ислам, нәсілі – түрік, руы Жалайыр, ұра­ны Арқар- Алаш, таңбасы – Ш (тарақ, алау, от болған).

Тілеуберді Тыныбайын «Шыңғыс­хан­ның ата мекені мен ата тегі және тілі мен ді­ні (төрт дәлел)» кітабының соңғы бөлі­мі­не қосымша ретінде жазушы, өлке­тану­шы Бексұлтан Нұржекеевтің «Шыңғыс­хан­ның атамекенін неге білмей келдік?» деген мақаласын жариялаған. Талдықорғанда туып-өскен, бұл өлке туралы роман, повес­тер, ғылыми-зерттеу кітаптарын жазған Бекең мақаласын былайша қорытады:

«Түрік халықтарының басын біріктіріп бір мемлекет құрған көреген адамды бас­қыншы, жаулаушы деп өзгеден бұрын өзі­міз жамандап келдік, оған жоғарыда айт­қан­дарымызбен қоса ірілі-ұсақты талай нәр­се себеп болды, енді қазақ тарихынан, оның оқулығынан Шыңғысхан өзіне ылайық орын алуы тиіс деп ойлаймын».

Тілеуберді Тыныбайын Алашын сүйген жұрт сол Алашты Алаш қылған Әз Алаша­хан­ның – Ұлық Шыңғысханын неге ұлық­та­масқа, пір тұтпасқа! – дейді. Жазушы Қа­лихан Ысқақ пікірінше, бүкіл түркі­лер­дің атамекені – Алтай, Шыңғысхан сол жер­ден аттанған. Мұхтар Мағауин, Қой­шығара Салғарин, Марал Ысқақбаев секіл­ді көрнекті жазушыларымыз өз тарапынан Шың­ғысхан туралы тарихи шындықты қал­пына келтірмек ниетте аянбай тер төгу­де. Филология докторы, профессор Тұрсын Жұртбай Шыңғысханды ата жауымыздай емес, ата ханымыздай мойындауымыз керек дейді.

Шыңғысхантанудағы қыруар жаңа­лық­тың жариялана бастағанына да бір­сы­пыра уақыт болып қалды. Соған қара­мас­тан, Шыңғысхан туралы екіұдай пікір әлі де орын алуда. Біріншісі – даттайды. Екі­ні­шісі – мадақтайды.

2010 жылы жарық көрген бес томдық «Қа­зақстан тарихының» (Көне заманнан бү­гінге дейін)» 1-томында «Шыңғысхан шап­­қыншылығы» деген тарау бар. Бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарында ұлы қағанды жерден алып жерден салатын мақалалар әлсін-әлсін жарияланып тұрады. Бірқатар ғалымдар ХІІІ ғасырдың басында Қазақ да­ласы моңғол шапқыншылығынан Алтын Орданың құрамына қосылуға мәжбүр болд­ы деп жазады. Есесіне Шыңғысхан ұрпа­ғынан тараған қазақ хандарын шетінен ал­ғайды. «Қазақ хандығына 550 жыл» ай­да­ры­мен басылған мақалалардың бәрін­де.

Қысқасы, қалың оқырман Шың­ғыс­хан­танудың бұлтарысты, айқыш-ұйқыш із, соқпақтарының қайсысына түсерін білмей делдал күй кешуде.

Сауал туады. Еліміздің тарихы үшін, тіп­ті әлемдік тарих ғылымында да маңызы өлшеусіз мәселеде осылай «итжығыс» халде тұра береміз бе, жоқ әлде тығырықтан шығудың ақиқат жолдарын іздейміз бе? Біз­діңше, соңғысы дұрыс. Сол Қазақстан Ғы­лым академиясы ғалымдары Шың­ғыс­ханның шынайы тарихын зерделеуде кең көлемде деректемелік негіз құру ісін ал­дың­ғы уақытта да жалғастыра берулері тиіс дер едік.

Үлкен  бір  олқылық  –  Шыңғысхантануда ар­хеологиялық зерттеулердің кенжелеуі. Шыңғысхан туған өлке «Өнен», қазіргі Іле да­риясының бойындағы, жалайыр жерін­дегі Бұрқан тау, орда тіккен жерлері Же­тісу­дағы Қойлықта, Қарақорымда, Шығыс Қа­зақстандағы Шыңғыстауда болса, неге сол өлкелерде қазба жұмыстарын қолға ал­масқа?! Шыңғысхан күйреткен Отырар, Сауран, т.б. зерттелгенде, бұларға археология ғылымы неліктен немқұрайды? Ондай алып­тың жүріп өткен жерлерінде ізі, бел­гісі қалмауы мүмкін емес қой.

Қазіргі уақытта генеалогия ғылымы кең өріс алған. Ресей ғалымдары ген аппаратын қолданып Екатеринбург маңындағы қышқылмен өртелген, әлдеқашан қурап қалған сүйек жұрнақтарының ІІ Николай патшанікі екенін анықтады. Оның қасында Алаша ханның күмбезі толық қалпында әлі де Ұлытау өңірінде дін аман тұр ғой. Шың­ғысхан ұрпақтан кенде болмаған. Бірлі-екеуінің генімен салыстырып, Алашахан Шыңғысхан ба, жоқ басқа бір патша ма, са­лыстырып анықтап алуға неліктен кіріс­пейміз?

Шыңғысхантануда жаңа бетбұрыс жа­сау­шылар ұлы қағанның тегі түрік дегенмен, бергі ата-бабаларын атауға келгенде бі­рауызды емес екенін айтуға керек. Тілеу­берді Тыныбайын: Шыңғысхан жалайыр руынан десе, Мұхтар Мағауин пікірінше, Шыңғысханның туған руы – қият. «Уақыт оза келе қарасыны молығып, жеке-жеке ата­ға бөлінеді, әйткенмен, қият түбірін сақ­тайды: қият-жұрқын, қият-шаншығұт, қият-жасар, қият-бөржіген. Шыңғыс хан қият-бөржіген ұрқына жатады». «Шыңғыс­ханның алтыншы атасы Қай­ду-ханның тұсындағы қарымта соғыста жа­лайыр жеңіліске ұшырап, көпшілік бө­легі қият әулетіне бодан болады. Бұдан соң­ғы заманда алалық тумайды. Шыңғысхан атқа мінген кезде бүкіл жалайыр бөр­жіген әулетімен ынтымақ, бірлік танытады».

2014 жылғы 27 маусымда ҚР Ғылым ака­­демиясы президиумында жасаған баян­­дамасында Тілеуберді Тыныбайын Шың­ғысхан монғол емес, түрік ұлысынан еке­нін дәлелдегенде, мұны шыңғыс­хан­танудағы әрі жаңа, әрі дұрыс бағыт санап қол қойып мақұлдағандардың бірі, жо­ға­рыда айтылғандай – Қойшығара Салғарин. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің 2015 жыл­­ғы 6 мамырдағы санындағы осы ав­тор­дың «Ақ Орда, Көк Орда, Боз Орда… Қа­зақ хандығы жерінде болған ордаларға қа­тысты біраз сөз» атты мақаласынан «…Батудың 1235 жылғы Қарақорымда өткен моң­ғол ақсүйектерінің (астын сызған – Ш.Е.) құрылтайының шешімі бойынша жасаған жаңа жорығы» деген сөздерін ұшыраттық. Немересі моңғол болғанда, атасы Шыңғысхан ше?

* * *

Шыңғысхантану мәселесінде ала­-құла­лық ат нөпір. Олардың анық-танығына же­тіп, бір ізге салатын уақыт әбден пісіп жет­ті.

Тұңғышы Жошы хан өлген соң Ұлытау өңі­ріне жерлеп күмбез тұрғыздыртқан соң бір жылдан кейін дүние салған Шыңғысхан қайда жерленбек?

Бексұлтан Нұржекеев «Қазақ әдебие­тінде», жарияланған мақаласында «Шың­ғыс­хан туған жерінде жерленген» (2015. 11 жел­тоқсан) деп жазады. Жазушы «маңғол» сөзі­нің түп төркіні «мәңгі ел» деген сөзден өз­герген деген Хасен Қожахметовтың пі­кіріне толық қосылатынын, қазақ үндестік заңы бойынша «мәңгі ел» дегенді «мәңгел» деп атайтынын жазады.

Мәңгі ел…

Астананың аркасы маңдайшасында жарқырап тұрған осы қасиетті сөзге байланысты бұрнағы, 2014 жылдың 25 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлытау – ұл ұясы» деген тарихи сұхбаты ес­ке оралады.

«Ұлытау –  өте қасиетті жер… Осы Әу­лие­­­­­бұлақтың жағасы қандай көркем. Мына тұрған қайыңдар, мынау жер, сонау Жошы ханның да, Алаша ханның да, Тоқ­тамыстың да, Едіге батырдың да – бә­рінің көзін көр­ген шығар… Заман өтеді, уақыт алға жыл­жи­ды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жал­ғайды. Бірақ ата-бабамыздың жолы осы­лай керемет болып қала береді. Осындай әу­лиелі жерден қуат алған хал­қымыз ата-бабалар жолымен  жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол. Мәңгілік елдің жолы!».

Елбасының ерекше мән берген қоры­тын­ды байлау пікірлері ғылым қайрат­кер­лерінің назарында әрдайым ұсталуға тиіс. Бүгінгімізге, ертеңгімізге бұл – озғын нұс­қау. Шыңғысхантану ғылымы үшін де.

ПІКІРЛЕР3
Қонақ 15.08.2020 | 17:39

Тамаша … Жол болсын

Қонақ 12.05.2021 | 22:43

Сандырақ! Басқа ештеңе емес.

Қонақ 06.06.2021 | 13:29

Тiлеубердi Әбенайга Аллаһ разылығын берсін! Кият ру аталуы , Кияннан келген елге тагылған ат есiм. Кият адамның я атаның есiмi емес. Жалайыр руы . Өрлеген-Коныс(Ергене-Кон) -тан жазыкка тусерде Тау жалынан халық шығыска және батысқа карай айырылған , «Жалайырылган заман»Осы рудың тармағының көптiгi дәлел. Боданжар дын лакап аты Борiге жүгінуден тараған яғни «Борiжугiн . Көзі көк божырайган я болмаса т.б. боржiгiт кисынга келер емес. Сосын » МОНГОЛ» этимологиялық терминді колданбай жазыу керек. Түрiктiн мангол, татар деген улдары болған деген дi кою керек . Түрiк емес — ТУРЫК яғни турыкты- стойки, крепкий,выносливый. Могол, мугыл, мунлы-ул, бейшара, момын- ул емес Мыкты ул- мыгул яғни сильный, крепкий сын своего народа. Дада-ата ягни аталас ,аталастар. Дадарлар, Татарларга айналуы аптен мүмкін. Казiргi заманда жүрміз ғой » Оралмандар»деп. Кiм кепіл, екi- үш жүз жылдан кейін Казах арасында «ОАЛМАН» руы пайда болуына. Талап Ганибай-торе улы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір