БІР ӨЗІ – БІРТҰТАС ДӘУІР
25.04.2024
224
0

Тұлға – өзімен ғана емес, елімен, халқымен тұлға. Оған өзін ғана өсіру, өзін ғана қамтамасыз ету аз. Елін, халқын өсіруге, жетілдіруге тырысқан тұлға ғана ел есінде қалады.
Тұлғаны қоғам және тарихи уақыт туғызады. Тұлға дегеніміз – субъект. Ол басқаларға ұқсамайды. Оның өз келбеті мен ойы, пікірі мен көзқарасы болады. Ол өзінше әрекет жасайды. Басқаның жетегінде жүрмейді, керісінше, соңынан көпшілікті ерте біледі. Өйткені олардың көбіне көшбасшылық тән. Сондай көшбасшы тұлғаның бірі – Ресейдің Кемеров облысын ұзақ жылдар басқарған, Халық губернаторы атағына ие болған жалғыз қандасымыз Амангелді Төлеев. Егер Ресей Федерациясында 89 субъекті бар екенін ескерсек, ол Халық губернаторы атағын алған жалғыз саясаткер екенін ұмытпағанымыз абзал. Елден жырақта жүрсе де ормандай орыстың арасында ұлтының қазақ екенін жасырмаған ол – ісі мен сөзі арқылы халық жүрегіне жол тапқан қайраткер тұлға. Қанға біткен қайсар мінезі арқылы ол өз ұстанымымен өмір сүрді. Дара бітімді болмысымен биліктің пирамидалы төріне жарасар тұғырлы тұлғаға айналды. Ол Ресей билігіне өзін кемел басшы, мемлекетшіл тұлға ретінде мойындат­ты.

Бір ұлт­тың баласы болып өмір есігін ашқан ол, өсе келе бүкіл адамзат­тың перзентіне айналды. Ол – уақыт туғызған ұлы тұлға. Ал ұлылар ұлтқа, руға бөлінбейді. Өзіңе, отбасыңа, ұлтыңа, одан қалды адамзат мұратына қызмет ету адамдық қалыпқа жатады. Сондай азамат­тық мұратынан айнымаған Амангелді Төлеев 1944 жылы Түркіменстанның Красноводск қаласында дүниеге келді. Одан ке­йінгі барлық тұтас өмірі Ресейде өт­ті. Бірақ қазақ даласын тарихи отаным деп өсті. Сол топырақтан кіндігін үзбеді.
Асыл азамат­тың әкесі Молдағазы Төлеев Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Оқыған, көргені мол Молдағазы аға Саратовтағы заң техникумын бітіріп, еңбекке ерте араласады. Ел басына күн туған сонау отызыншы жылдардағы ұлы нәубет кезінде ата-қонысынан еріксіз үдере көшкен жұртпен бірге үстірт асып, Түркімен жерінен сая табады. Оқыған біліміне сай қызметке тұрып, тез көтеріледі. Отыз жасында Красноводск облыстық сотының төрағасы, Түркіменстан Республикасы әскери трибуналының мүшесі қызмет­терін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аман-есен оралған соң, Қазақ­станның Түркістан облысы Шардара ауданына ағайындарының ортасына келіп сіңісіп кетеді. Бірақ оған әкесімен аман-есен көрісуді тағдыр маңдайына жазбады. Әкесінің асыл сүйегі Шардара ауданында жерленеді. Оның туған жер туралы: «Маған жұмақтың төрі қайда десе, ол қазақ жерінде деп жауап берер едім. Себебі, менің жеті атамның сүйегі осы топырақта жатыр», – деуінің өзі осы даланың бір ұланы екенін дәлелдесе керек.
Өмір ақиқатын көре білмеген жанның адасатыны да белгілі. Молдағазы аға жан-жары Мунира Файызқызымен дәм-тұзы жараспаған соң ажырасып тынады. Бала қашанда анасының бауырында қалатыны белгілі. Мунира жеңгеміз содан төрт жасар Амангелдіні жетектеп, төркін жұртын сағалайды. Санасын өмір ақиқаты емдегесін басын күйт­теп, бағытын Краснодар өлкесіне қарай бұрады. Бала Амангелді жастайынан өте өжет, алғыр болып өседі. Бертін келе анасынан әкесін сұрауды әдетке айналдырады. Шындығында, балаға әке керегі анық. Анасы алғашында шатып-бұтып әрнәрсені айт­қан болады. Мұндайда не айта қойсын. Баласының түпкілікті ақиқатына жетпей қоймасын білген соң, «әкең соғыстан оралмады» деп соғып қалады. Амангелді осында ержетіп, ке­йін Кубань теміржол техникумын бітіреді. Мамандығы бойынша еңбек ету үшін, сонау Кузбасқа барып, осы ортада өмір тағдырын жалғастырады. Содан бері осы өңірге кіндігімен байланады.
Нағыз ұлтшыл жан сатылмайды, жат ниетке ұлт намысын аяқ асты еткізбейді. Жақындарының: «Аты-жөніңді өзгертейік, Роман бол», – дегеніне көнбей, өзінің әуелгі есімімен қалады. Осы табандылығы үшін ке­йін бірнеше рет таяқ та жейді. Шыққан тегі қазақ екенін елге белгілі қайраткер дәрежесіне көтерілген кез­де де бетіне басқандар аз болмайды. Әйтсе де, ол көп нәрсе талғамға байланысты екенін жақсы түсінеді. Ол үш мәрте Ресей президент­тігіне сайлауға түседі. Ресей премьер-министрі Черномырдиннің үкіметінде ТМД елдері жөніндегі министр қызметін атқарады. Сол тұста Ресей үкіметі құрамының 60 пайызын қазақ­стандықтар құрайтын. Қазақ­станда дүниеге келген премьер-министрдің бірінші орынбасары Олег Сосковец, министр Герман Греф, Мемлекет­тік мүлік комитетінің төрағасы Альфред Кох, Ақпарат министрі М.Полторанин, Ресей Қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Глушко, Ресей бас прокуроры О. Гайданов және өзін қолдаушы Мемлекет­тік Думаның төрт шақырылымының депутаты С.Бабурин сияқты қайраткерлер қызмет атқаратын. Әйтсе де, оның атқарып отырған қызметіне қарамастан аты-жөніне тыжырынып қарау­шылар да болды. Бірақ тағдыр әділет­тіліктен тым мақұрым емес еді. Ұлтыңа, жүзіңе, тегіңе қарамайтын, дініңе қарап ешкімді алаламайтын бір құдірет бар. Ол – халыққа танымал қайраткердің биік адамгершілік парасаты, жарқын қасиет­тері, адалдығы мен дарыны, қарым-қабілеті мен білімі, ішкі мәдениеті.
Өзі жақсы адамға қашанда бір кісілік орын бар. Амангелді Молдағазыұлы аз ғана уақыт­та станция бастығы, ке­йін 70 мың жұмысшысы бар Кемеров теміржол басқармасының басшысы қызметіне тағайындалады. 1985-1987 жылдары Кемеров облыстық партия комитетінің көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі болып, партиялық тәртіптің дәмін татады. Осы қызмет­те жүріп ол облыстық кеңеске депутат­тыққа түседі. Ке­йін облыстық кеңес төрағасы, Ресей Федерациясының депутаты болып бірнеше мәрте қайта сайланады. Бұл бір ғасыр бойы қалыптасқан, шаруашылық жүйесінің күйреп, билік механизмі екі полюске бөлініп, өзара қырқысқа түскен кезі еді.
1991 жылы оның Ресей президент­тігіне сайлауға түсуі ұзақ уақыт құпия болып келген өмір ақиқатының құлпын ашады. Алғашқы сайлауда-ақ Амангелді Молдағазыұлына Кузбас халқының басым көпшілігі дауыс береді. Сайлау оның абыройын көтереді, атағын халықаралық қауымдастыққа танытады. Сайлау жүйесі болашақ қайраткерге үлкен дивидент алып береді.
1997 жылдың қазан айында 3,56 миллионға жуық тұрғыны бар, оның 90 пайызы орыстар болып келетін Ресей экономикасының күретамыры атанған Кемеров облысы сайлау­шыларының 95 пайызы Аман Төлеевті жақтап, губернаторлыққа сайлағанда, сол қазақпен ұзақ жылдан жаудай жағаласып келе жатқан мүйізі қарағайдай орыс саясатшылары шалқасынан түседі. Сөйтсе, осы уақытқа де­йін Ресей губернаторлар сайлауында 90 пайыз дауыс алған бірде-бір қайраткер болмаған екен. Қазақтан сайланған тұңғыш губернатор барша қарсыласының саяси амбициясын басып, шаңына тұншықтырады. Бұл тартыста оның негізгі бәсекелесі, Мемлекет­тік Думаның депутаты болған жергілікті ұлт өкілінің 2,03 пайызы ғана дауыс алғаны Аман Төлеевтің құдірет-күшін, беделін арт­тырып, аймақта мықты саясаткердің өмірге келгенін сездіреді. Ал 1991 жылғы президент­тік сайлауда оны бүкілресейлік ақпарат құралдары бірауыздан жамыраса сынайды. Әйтсе де, айтаққа ермейтін Кузбасс халқы Борис Ельциннің өзін Амангелдінің алдында тізе бүктіріп, сағын сындырады. Сол тұста Ресей президенті аймақ бойынша 37 пайыз дауыс алып, халық саяси электорат­тың аптығын басып, ойландырып тастайды. Осыдан соң Борис Ельциннің Аман Төлеевті мойындамасқа амалы қалмайды. Алғашқылар қатарында оның Үкімет құрамына шақырылуы да соның ықпалы болатын. Өз таңдауы бойынша саяси белсенділігіне жол ашқан Кемеров облысы әкімшілік басшылығына жібергенде Ресей президенті өзінің кешегі оп­понентін орталықтан алшақ ұстауды ойластырған амалы болатын.
Өзінен басым болғанды ешкім де ұнатпайды, әсіресе ресми адамдар. Кім биікте тұрса, одан да жоғарыда үстемдік еткісі келеді. Жеңу дегеніміз – өзіңе жеккөрушілік туғызу, ал өз мырзаңды жеңу – жөнсіз, тіпті қауіпті синдром. Шындығына сайсақ, шыққан тегі мен болмысы бөлек адамның сол тұста шығыс славяндарына билік етуі мүмкін емес еді. Оның өзге ұлт өкілі екені үнемі алдынан шыға береді. Әсіресе 1990 жылы Ресей президент­тігіне сайлауға түскенде оның қазақ ұлтының өкілі болғаны көп кедергі келтіреді. «Қазақ бола тұра Ресейдегі ең жоғары лауазымнан дәмеленуге қандай құқығыңыз бар?» – деушілер де болады. Тіпті Ресей президенті Ельциннің: «Сен осы басқа қазақ екенсің ғой», – деп сұрауының өзі оның арынын басқысы келгенін білдіреді. Ал Аман ағамыздың күндердің күнінде дәл осындай сұрақтың қойыларын білгендей: «Иә, Борис Николаевич, дұрыс айтасыз мен – басқа қазақпын, руым – Адай», – деп үн қатуы оның меселін қайтарғандай болады. Губернатор болып тағайындалғаннан ке­йін де ол Ресей президенті Борис Ельцин туралы ойын бүкпесіз білдіруден қаймықпайды. «Ол Ресей үшін өте қауіпті, елдегі қалыптасқан бүгінгі режим ұрлық пен зорлыққа құрылған», – дей келе, билік тарапынан оған қарсы анафема жариялаудың бастамашысы болады. Алмағайып сол кезеңде Ресей билігі мықтап адасуға түседі. Қолына ілінгенін бөліп алып, билеуге де­йін барады. Ал Аман Төлеев билікке қол жеткізген сәт­тен-ақ, айналасына еркін ойлы, ішкі харизмасы күшті жергілікті кадрларды топтастырады. Осы уақыт­тан бастап, оның өмір тарихының жаңа, жарқын бет­тері ашыла бастайды.
Аман Төлеев губернатор болып сайланған алғашқы жылдары әлеумет­тік хал-ахуалына көңілі толмаған жұмысшылар мен халықтың наразы дауыстары қат­тырақ естіледі. Қоғам кедейшілік шегіне жетіп, билік буындарының өздеріне көмек көрсетуді сұраған миллиондаған қарапайым адамдардан сырт айналып, олардың жағдайына немқұрайлы қарау мен сезіктену белең алған мазасыз кезең еді. Дәл осы уақыт­та Аман Төлеев өндірісшілер тарапынан болатын классикалық «штаб
ойынын», яғни «ақылды экономикалық ойын­ды» ойлап табады. Осы арқылы губернатор «индустриялық стратегияны» іске қосып, аймақ экономикасын түзу рельске бұрады. Бұрын келісім-шарт­та көрсетілген шараларды іске асыруға ерекше мүдделі болып, сол үшін елдегі басқа прогрессивті күштермен тізе қосып әрекет етеді. Осы арқылы аймақта жұмысшылардың өзіндік рөлін көтеріп, көптеген демократиялық өзгерістердің іске асуына мүмкіндік тудырады. Сөйтіп, кейбір қиын жағдайда тығырыққа тіреліп, одан жол табуда парасат­ты тұлғаның прагматизмі үнемі жеңіп отырады. Аман Төлеевтің осы күшті қасиеті оның көп баламалы нұсқалардың ішінен ең қажет­тісін таңдап алу кезінде жинақы, иілгіш етіп шыңдайды.
Бұқараның саяси белсенділігінің төмен болуы қалыптасқан сүреңсіз ахуалды күшейтіп жібереді. Ол, ең біріншіден, халықтың белсенділігін арт­тырады. Өркениет­тен жырақ, анклавта қалуы халықты интеллектіден, мәдениет­тен, этикадан меңіреу қалуға әкеп соқтыратын еді. Губернатор осы жағынан келгенде аймаққа орталық биліктің баса назар аудару керегіне көзін жеткізеді. Ресей субьектілерімен өзара байланысын дұрыс жолға қояды.
Аман Молдағазыұлы Ресей вариантында нарықтық экономиканың қалай өрбитінін алдын-ала көре білді. 1992 жылы шілде айында Кемерово қаласында Біртұтас ислам акционерлік коммерциялық банкі құрылғанда оның қоғамдық негіздегі басқарма өкілі болып сайланады. Ислам банкінің құрылтайшылары ретінде «КамАЗ», «ЕлАЗ», Батыс-Сібір металлургиялық комбинаты сияқты ірі өнеркәсіп орындары мен Мәскеу Ислам мәдениет орталығы, Бүкілресейлік татар мәдени-ағарту орталығын тартады. Ол мұнымен де тынышталмайды. 1993 жылы «Сібір келісімі» аталып кеткен, Сібір қалалары қауымдастығының басқосуында аймақ лидерлері алдында Сібір Республикасын құру жөнінде идеямен шығып, уақытша Ресей астанасын Новосібір қаласына көшіру
қажет­ін алға тартуы көпшілік тарапынан қолдау табады. Бұл шын мәнінде отпен ойнау еді. Бірақ билік оның соңын күтеді.
Адамның ғұмыры – қысқа, жүретін жолы – ұзақ. Арпалысқа толы ғұмырының ұзын жолын ой үстінде өткізген ол осы жылдары тумысынан көрмеген туыстарын табады. Ұлт­тық сезім Отанын іздеп табудан басталады. Көруге ынтазар болған ел мен жерді көріп, көңілдің мауқын басқаны да осы жылдардың еншісінде.
Ол «Мемлекет­тік өнеркәсіптік саясат­тың 1999-2003 жылдарға арналған негізгі бағыт­тарын» мұқият зерт­тей келе, көп нәрсеге көзін жеткізеді. Бұл бағдарламаның мақсат­тары мен міндет­тері, өнеркәсіптің дамуына ықпал ететін негізгі проблемалары мен факторлары онда өте нақты белгіленген болатын. Ең бастысы, негізгі стратегиялық міндет – Ресейдің сырт­тан өнім тасымалдау тәуелсіздігін біртіндеп төмендету, еңбекті және капиталды көп қажет ететін өндірістен, технологиялық-ғылыми өндіріске ауысу міндеті белгіленеді.
Амангелді Молдағазыұлы қоғаммен, халықпен біте қайнасып, қарапайымдылығымен, сыпайы сөзімен, мәрт­тігімен, адамгершілігімен көпшіліктің көңілінен орын ала білді. Ол өз ортасында аса зиялылық танытады. Ал зиялылық – адамның менталь­дық сапасын білдіретін ұғым. Аман Төлеев үнемі өзін осы формада ұстайды. Осылайша, ол индустриялы қоғам алға тартқан мәселені шешуде қабілетін көрсет­ті.
Ресейдің ірі, бай аймақтарының бірін басқарған қандасымыз игі бастама көтеруден жалыққан емес. Губернатордың бастамасына орай, Кузбасс аймағындағы студент­тер бірқатар жеңілдікке қол жеткізді. Бастама бойынша, Кемеров губерниясының басшысы үйлі-баранды, балалы болған студент­терге жылына бір мәрте төленетін губернаторлық стипендия тағайындайды. Күндізгі бөлімде оқитын студент­терге тегін жолдамалар беру туралы шешім шығарылады. Сондай-ақ, күндізгі бөлімде оқитындардың пәтерге төлейтін ақшасының 20 пайызын облыстық бюджет көтереді.
Ұлтаралық қатынастар – бүгінде әлемдегі ең көкейкесті мәселе. 10-15 жыл бұрын бұл мәселелер теориялық айтыстар шеңберінен шығып, көптеген шиеленістердің негізгі себебіне айналды. Тұтас халықтар сол толқынмен бой көтерді. Бірақ сонымен қоса, олардың ту сыртындағы өзге адамдар мен өзге мемлекет­тер геосаяси, қаржылық, экономикалық, шикізат­тық және басқа да проблемаларын шешіп жат­ты.
Өткен жылдар оқиғалары бұл салада келеңсіздіктің аса бай тәжірибесін үйрет­ті, ал оны зердеге салу жаңа қателіктердің алдын алуға мүмкіндік берді. Осы мақсат­та губернатор таптық мүдделердің идеялық тайталасуы кезіндегі конфронтациядан, халықты біртұтастыққа үндейтін консолидацияға топтастыра білді.
Кузбасс – жүзден астам халықтардың өкілдері достық пен келісімде өмір сүріп жатқан көпұлт­ты өлке. Аймақта ешқашан ұлтаралық проблемалар, ұлт­тық немесе діни экстремизм орын алып көрген емес. Мұнда адамды ұлт­тық белгілеріне, «көзінің қиығына» қарап емес, ісіне қарап бағалайды. Облыс әкімшілігінің қолдауымен аймақта тұратын шор және телеут халықтарының қауымдастығы (олар облыстың байырғы тұрғындары), татар, чуваш, неміс, еврей, армян және әзербайжан ұлт­тық-мәдени орталықтары белсенді қызмет етеді. Өкінішке қарай, қазақ орталығы жоқ. Ол бәлкім, тұтас отырған қазақ ауылдарының жоқтығынан болар. Әйтсе де, Кузбаста барлығы 3,5 мыңға жуық қазақ өмір сүреді.

Амангелді Төлеев туыстары арасында. 1991 жыл, қараша.

Қажылыққа барған

Аман Төлеевтің Ресей Федерациясының бұрынғы президенті Б.Ельцин ұсынған мемлекет­тік марапат – «Құрмет» орденін қабылдаудан бас тартуы да кезінде үлкен дауға айнала жаздап, әрең басылды. Ол президент жарлығына қатысты ойын былайша түсіндірді: «Соңғы жылдары мен әр жерде қазіргі жүргізіліп отырған бағытқа қарсы екенімді білдіріп келдім. Кузбастық ресейліктердің басым көпшілігінің өмір сүру деңге­йінің барған сайын нашарлап бара жатқанымен келіспеуім мүмкін емес. Мен елді қайыршылыққа әкеліп ұрындырған ел өкіметінің наградасын қабылдай алмаймын. Өйткені халық арасында жұмыссыздық барған сайын көбейіп барады, айлықтары мен балаларына берілетін жәрдемақыларын жұрт айлап, жылдап ала алмай жүр. Халық геноцидке ұшырауда, адамдардың тууынан өлімі көп. Сондықтан мені басымнан бастап аяғыма де­йін ордендер мен медальдарға орап қойсаңыздар да, бәрібір мен өз дегенімнен қайтпаймын!».
Қазір Төлеевте бұрынғы кеңес заманында алған екі награда ғана бар. Ол – өкімет наградасын қабылдаудан бас тартқан әзірге тұңғыш қазақ. Есесіне қандасымыз Қазақ елінің марапатын сүйіспеншілікпен қабылдады.
Қазақ­станның Ресейдегі сол кез­дегі елшісі Тайыр Мансұров Кемерово облысының губернаторына «Астана» медалін тапсырды. Ресейдің танымал мемлекет­тік саяси қайраткері еліміздің «Достық» орденімен де марапат­талды. Оған бұл марапат екі ел халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді. Әт­тең, ол марапат­ты Ақордаға шақырып, бүкіл ел алдында тапсыру керек еді. Оған ондай құрмет көрсете алмадық. Ке­йін ол Ресей мемлекеті алдындағы адал еңбегі үшін РФ Президенті Путиннің Жарлығымен Александр Невский орденімен марапат­талды. Марапат­ты Ресей президентінің өзі кеудесіне қадады. 2019 жылы бірінші дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» орденімен марапат­талды. Бұл орденмен Ресейде 65-ақ адамның марапат­талғанын ескерсек, бұл атақтың оған оңайлықпен берілмегенін білуге болады.
1993 жылғы атышулы тамыз оқиғаларынан ке­йін саяси оп­понент­тер оны Хасбулатовқа қосып, қолына болат кісен салып, түрмеге апарып тығу үшін жанталасып бақты. Бірнеше рет жол апатын қолдан ұйымдастырды. Періштесі сақтап, аман қалды. Пәтерінің есігінен оқ атып, онда да Құдай сақтады.
Ресейдің саржағал ақпарат құралдары: «Шешендердің Шора ат­ты жоғарғы діни соты Төлеевті өлім жазасына кесті», – деп те шуласты. Оны «христиан дініне өтіп кетіпті» десті. Ке­йін бәрі бекер болып шықты. 1992 жылы Аман Молдағазыұлы сол тұстағы Ресей Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Руслан Хасбулатовпен бірге мұсылмандық парызын орындап, Меккеге қажылық сапарына барып, парызын өтеді.

«Мен өз ұлтымды мақтан тұтамын»

Ресейдегі «Путч» пен «ГКЧП» сияқты саяси дүрбелеңдердің лаңымен Амангелді Төлеев Кемерово облыстық кеңес пен атқару комитетінің төрағалығынан заңсыз босатылып, қызметсіз қалған кез­дері де болды. Бұл енді саяси сатқындықтың ықпалынан болды. Аман Төлеевті сол тұста билікке ұмтылған екі паралель де: солқылдақ Горбачев те, екі партияның сүзгісін сүзген Ельцин де, Шеварднадзе де, Яковлев те сатып кет­ті.
Аймақта оның қазақ болғанын ұнатпайтындардың бір тобы бар. Кейбіреулер мұны саяси тартыстарда көзір етіп қарсы қолдануға тырысып бақты. «Сен – қазақсың, демек, Ресейдің билігіне ұмтылуға қандай хақың бар?» – деп бетіме тіке айтатындармен ұшырастым. «Менің не істеуім керек? Әкем – қазақ, шешем – татар болса, шешелес бір іні, бір қарындасым бар, олар орыстар, өгей әкемнен. Өмір бойы Сібірде орыстардың арасында өмір сүріп келемін. Олар маған сан рет дауыс берді, депутат етіп сайлады, екі рет қатарынан президент­тікке ұсынды. Бірақ мен әрдайым тұла бойымды қазақтың қаны қыздырып тұрғанын мақтаныш тұтамын. Ал бұрынғы Кеңес Одағында мен сияқты аралас некеден жарық дүниеге келген 70 миллион халық бар екен, Ресейде де сондай. Қазақ болғаным үшін қысылатын, тартынатын жағдайым жоқ. Мен өз ұлтымды мақтан тұтамын». Бұл – оның өзі туралы өзгеше ойлаушыларға берген жауабы.
Азамат­тың қоғамдық белсенділігі өзі өмір сүрген кезеңнің саяси-әлеумет­тік өзгерісінен, әрине, тыс қала алмайды. Ұзақ уақыт билік дәлізінің сұрыпталған сынынан өткен оның Кремльдегі жайлы орынтақтардың біріне жайғасуы оған берілген аванс еді. Ресейдің ТМД елдерімен байланыс істері жөніндегі министр қызметіне тағайындалуы жанып тұрған от пен судың ортасы еді. Сол шақта Амангелді Молдағазыұлын Ресей билігі ТМД елдеріне қарсы бағыт­талған пікірлер айтуға итермеледі. Бірақ ол батылдығы мен шыншылдығына сүйенді.
Кезінде Ресейдің «Известиядан» бастап, бірқатар орталық газет­тері орыс ұлтының рухын көтеретін мақалалар жариялады. Осыған байланысты Амангелді Төлеевтің сыртынан Ресей үкіметі мен федералдық жиналысына «Ресей өз отандастарын, олар қайда да болса, қорғауы тиіс» деген атпен жолдаған ашық үндеуін жариялады. Шындығында оны осылай жасауға мәжбүрледі. Көтерілген мәселелерге орай, мақалалардың жүйелі түрде шығуына қарағанда оның үздіксіз жүргізіліп жатқан даңғаза пиар-науқан екені байқалды.
Рас, аса дарынды адамдардың өзі өз заманына тәуелді болады. АҚШ президенті Теодор Рузвельт­тің: «Саясат­та кейде істеуге болмайды деген нәрсенің өзін істеуіңе мәжбүр болатын сәт­тер болады», – деген сөзі бар. Егер оның іс-қимылында бір кемшіліктер болса, оны осы формуланың шешімін табуға болады.
Оның батылдығы кез келген сәт­те шындыққа тура қарау болды. Ресейдің Кемерово қаласындағы сауда, ойын-сауық орталығында болған алапат апат­тан ке­йін облыстың губернаторы, қандасымыз Аман Төлеев халықтан кешірім сұрап, орынтағын босат­ты. Ресми деректерге сүйенсек, төрт қабат­ты түгел қамтыған тілсіз жау 64 адамның өмірін жалмаған. Ал кейбір жерлерде қаза тапқандардың одан да көп болуы мүмкін екені айтылады. Бұл қайғылы оқиғаға басты кінәлі деп губернаторды көрсетіп жатқандар бар. Денсаулығына байланысты ауруханада жатқан губернатордың өрт кезінде 11 жасар немересі қайтыс болды. Кемердегі қайғылы оқиғадан соң, облыс губернаторы Ресей президентіне өз еркімен қызметінен кету жөнінде өтініш берді. «Бұл өзім үшін дұрыс, сарапқа салынған, ең әділ шешім деп есептеймін, өйткені мұндай ауыр жүкпен губернатор болып отыруға болмайды, мораль­дық тұрғыдан мүмкін емес», – деді. Аман Төлеев отставкаға кетсе де, «Халық губернаторы» болып қала берді. Бұрынғы отырған резиденциясын босатпады. Оған ай сайын 50 мың рубль зейнетақы тағайындалды. Ол көп ұзамай, облыстық халық депутат­тары кеңесінің депутаты мандатына ие болды. Сол тұста хайп қуғандар Аман Төлеевті мәскеулік хайп пиарщиктермен жағаласып жамандады.
Төлеевке бірнеше рет қастандық жасалды. Ол сынбады, тіптен төрт дүркін Олимпиада чемпионы Тихонов сырт­тай тапсырыс беріп киллер жалдады. Сонда да сынбады. 1991 жылы Мәскеудегі Қызыл алаңда кепілдікке алынған қыздың орнына өзін ұстауын өтінген губернатор 1995, 2001 және 2009 жылдары әртүрлі лаңкестік әрекет кезінде бейбіт азамат­тарды құтқарып қалу үшін аянып қалмады. Өрт жайлаған «Зимняя вишня» қожайынын Кемероводан қуып шықты. Ресей бойынша олигархтар билемеген жалғыз облыс Аман Төлеев басқаратын Кемерова облысы еді. Тұрғындар жалақысы да басқа аймақтардан жоғары болды. Ресей бойынша Кемер қылмыс әлемі ең төмен өңір аталды. Облыс өзін асырады, артығын орталыққа жіберді. Осы қызмет­те жүріп дерт­ті болды. Биліктен өз еркімен кетуді көздеді. Путин қала тұруын өтінді. Кузбастықтар өз губернаторларын ең қиын кез­де де сатпады, барынша қорғады, қолдады. Еріктілерден жасақ құрып, оның қауіпсіздігін қорғаушылар да табылды.
Мәскеулік ақпарат құралдары оны сынаудан бас тартпады. Өткен жиырма жылда мәскеулік БАҚ-қа бас имеген жалғыз губернатор Аман Төлеев болды. Ол Кузбасын көтерді, халықты риза ет­ті. Халықтың әлеумет­тік мәселесін шешуге барын салды. Қиын жағдайға тап болғандарға бұрын бес миллион рубль шамасында жәрдемақы төленіп келсе, губернатор оны отыз миллионға көтерді, яғни әлеумет­тік өтемді еуропалық деңгейге жақындатқан бірінші халық губернаторы атанды.
Облыс губернаторының отставкаға кетуі – бұл өрт­тің себебі ғана. 53 жастағы Аман Төлеев Кемер облысын 1997 жылдан басқарды. Соңғы кез­дері аймақты билеуге құмар адамдардың ойыны өршіп кет­ті. Әйтпесе, Ресейдің Мәскеу облысы, Раменск ауданында ұшақ апатынан 71 адам көз жұмғанда да, Иркутск облысында «Боярышник» сұйықтығынан 74 адам уланып, қапияда қаза болғанда бірде-бір губернатордың отставкаға кетуге батылы бармаған еді.
Оны аяқтан шалушылар да аз болмады. Атақты ресейлік кәсіпкер Михаил Живило Кемерово қаласы сотының шешімі бойынша губернатор Аман Төлеевке жала жапқандығы үшін моральдық шығын ретінде 25 мың рубль төлеп, әрең құтылды. Осыған орай Үндістан көсемі Махатма Гандидің «Алдымен сені елемейді, одан ке­йін саған күлетін болады, одан ке­йін сенімен күреседі, соңында сен жеңіп шығасың» деген даналығы еске түседі. Ол осылайша барлық оп­понент­терін жеңіп шықты.
Бұл оқиға сонау тоқсаныншы жылдарға жетелейді. Сол шақта аймақты уысына ұстап отырған кәсіпкер Михаил Живило мен оның бауыры Юрий металлургиялық-инвестициялық компания құрады. Аз уақыт­тың ішінде Кузбасстың негізгі көмір және металлургиялық кәсіпорындарын конгломератқа айналдырып алған компания нағыз қожайынға айналады. Ағайындылар сол дәуірге тән стандарт бойынша еңбек етеді, кәсіпорындарға шикізат жөнелтеді. Олардың арасында ірі-ірі қалайы зауыт­тары, металлургиялық комбинат­тар да бар болатын. Аралық фирмалардың көмегімен жоғары бағамен өнімдер сатып алынады. Соған қарамастан дайын өнім түрлі заң бұзушылықпен төмен бағада саудаланады. Ал өндіргіш кәсіпорындардың өзінде болмашы ғана түсім қалатын болған. Бұдан облыстық бюджет миллиардтаған сом қаржыдан қағылып келген. Сөйтіп, ұйымдасқан қылмыстық жүйе өз дегенін ұзақ уақыт жалғастырып келген. 1997 жылғы губернатор сайлауында бұл компания Аман Төлеевтің кандидатурасын қолдап, қаржылай көмек те бермек болады. Ал Аман Төлеев болса бұдан бас тартады. Ке­йін губернатор болып сайланысымен компанияға қарсы ашық «соғыс» жариялады. Онсыз болмайтын еді. Ешқандай тосқауылға көнбейтін қаржы мен ақпарат ағындарының әрбір мемлекет­тің өзіндік жолмен дамуына қатері зор. Парақорлық, жемқорлық сияқты адами дамуға керағар құбылыстар – тексіздіктің көрінісі ғана емес, мемлекет­тің күйреуіне апаратын жат әрі жағымсыз қылықтар. Мемлекет пирамида сияқты құрылған, егер оның бір тасын қозғасаң, оның құрылысы бұзылатынын Аман Төлеев дер кезінде сезе білді. Осылайша, ол тұтастай бір аймақты күйреуден аман алып қалды. Осы әрекеті арқылы облыстық бюджет­тің кіріс бөлігін миллиондаған қаржымен толықтырудың жолын ашты.

Адалдық мосысында

Көптеген ресейліктер демократияның баға жетпес құндылықтарының ауыр күрес арқылы келгенін және бүкіл Ресей бойынша маңызды өмір орнату үшін ұрпақтар күш-жігерінің бірлігі қажет екенін ұмытып кет­ті.
Бүгінде Ресейде демократпыз деп жүргендер Аман ағамыздың қолына су құя алмас еді. Жалпы, демократияның мәні неде? Демократияның мәні бостандық идеясында жатқанын ресейдің зиялы тобы білсе де, оны өздерінің билікқұмарлығы мен тәкап­парлығының табанында езіп жаншыды. Оны жан-тәнімен қорғағандар да болды. Ондай жандар өз заманының саяси сахнасын бақылаған адам екенін ұмытпау керек. Амангелді Молдағазыұлы сондай қайраткерлердің қатарынан табылды. Оның философиялық концепциясы билік басындағылардың қарапайым адамдарды қорлауы болды. Билеу­ші элитаның халықты құлға айналдырған таңғаларлық мазохистік мистицизмін түсіне алмады. Рационалист және табиғи шыншылдықты сүйетін ол адамзат­тың егіз дұшпаны – қараңғылық пен тиранияның Ресей жерінде тамыр жайып кетпеуіне бел байлау жолындағы күресі оны саясатқа шындап күресуге алып келді.
Осы жолда ол моральдық жетілдіру жоспарын жасап, олардың сақталуы кемелдікке жетуге жол ашатынына сенді. Ресей державасының байырғы тәжірибесіне сүйене отырып, біз Амангелді Төлеевтің барлық шығармаларын адамгершілік жағынан кемел және оқырман үшін өте қызықты ететін қасиет­терін санамалап шықтық. Сонымен:
1) Әр нәрседе абсолют­ті адалдық.
2) Ашық болу. Ол барлық деңгейдегі оқырмандарынан ештеңе жасыруды мақсат етпей, саяси жолында бірнеше рет сүрінгенін де жасырмайды.
3) Идеалға берілгендік. Ол догматикалық тұрғыда емес, әлемнің шын мәнінде өзгеріп жатқанын көреді және онымен бірге өзі де өзгереді. Бірақ ол өмір бойы бір «догманы» – жалпы адамзат­тық құндылықтар мен құқықтарға берілуді сақтап қалады.
4) Жазу қабілеті. Амангелді Төлеев шығармаларының әдеби концепциясы – даусыз ақиқат. Ол ХХІ ғасырға тән стильді сақтауымен құнды.
5) Ақылдылық. Кез келген ситуациядан жол тауып сытылып шығу.
6) Ирония. Бұл да айтарлықтай артықшылық, әсіресе, ол басқаларға ғана тән емес, өзіне де тән болуын қалайды.
7) Мейірімділік. Амангелді Молдағазыұлына қарсы қаскөйлер көп болды. Ол ондайларды келемеждеуді де, тарлық көрсетуді де қаламады және ашуланбады. Ондай жандарды кім болса да таптап өтуге құлшыныс танытпады.
8) Көзқарас пен білімнің кеңдігі. Оның аса сабырлы, байыптылығы, өз ісіне адал, шынайы берілгендігі болды. Бұл саяси қайраткердің тұлғалық қадір-қасиетін арт­тырды.
9) Қолжетімділік. Төлеевтің шығармаларында абстракция жоққа тән. Сондықтан оның философиясы бәріне түсінікті.
10) Логикалық байлам – Амангелді Төлеевтің ең көрнекті қасиет­терінің бірі. Бұл оның шығармаларында көрініс табуымен де құнды.
11) Тарихи алғышарт­тар. А. Төлеев ХХ – ХХІ ғасырда өмір сүрді және тінін сыбайластық ортада суғармады, саяси өмірін ұлы оқиғалар мен айтулы істерге арнады.
12) Батылдық. Ол қате түсінуден қорықпай сөйлеп, ойлағанын еркін жазатын батыл адам болды.
Оған Ресей президенті тағында отыру бұйырмады. Бұл шынайы ой мен мақсат болды. Амангелді Молдағазыұлы Ресей президент­тігіне түскен жалғыз басқа ұлт­тың өкілі болды. Шындығында ол бүкіл адамзат үшін үлкен талпыныс жасады. Ол саясат­та өзін сынау арқылы Ресей билігінің ешуақыт­та басқа ұлт өкілін ең жоғары билікке жібермейтінін дәлелдеп берді. Бұл тұста АҚШ-та қара түсті саясаткердің билік басына келуі көп нәрсені аңғартады.
Ол үйлесімсіз болып көрінетін нәрселерді таңғаларлық түрде біріктіре білді. Алайда Ресей билігінде бұдан ке­йін де прагматизм мен бірізділік болмады. Ол өз өмірін нақты жоспарлады, өзіне берілген аймақта кемшіліктерді жоя білді, пайда табумен, ақша жымқырумен айналыспады.
Амангелді Молдағазыұлы ең күрделі уақыт­та басқару жүйесінде қызмет атқарды. Оның өмірі елге, қоғамға және өркениетке қызмет етуден тұрды. Қажет болғанда, ол қоғам игілігі үшін кез келген уақыт­та жеке басын құрбан етуге дайын тұрды. Қоғам мен ел игілігіне келгенде оның жеке мүддесі ке­йінге ысырылды. Сондықтан да ол – адамзат­тың дамуы және оның прогресс жолындағы қозғалысы үшін маңыздылығын асыра бағалауға тұратын бірегей тұлғаға айналды.
Ресей халқының ыстық құрметіне бөленген асыл азамат 2023 жылы 20-қарашада Кемер қаласында ауыр науқастан қаза тапты. Сүйегі анасы Мунира мен баласы Тимурдың жанына қойылды. Асыл ердің 40 күндік садақасы Шымкент қаласында, 100 күндік садақасы Алматы қаласында беріліп, Құран бағышталды.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
заң ғылымының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір