МӘҢГІЛІК МУЗА
13.03.2024
329
0

Лучшие мужчины – это женщины,
Это я вам точно говорю!
Е.Евтушенко

Кім не десе, о десін… Ол – тарихқа айналған әйел!
Есім-сойы аталса болды басынан дау арылмайтын, қоғамда үнемі нақақ айыпталып жүретін бір әйел бар. «Бұл кімнің махаббаты болмаған дейсің? Көздің құрты болған-ау…» – деп басталатын талай ауыр сөзді оқыдым, естідім. Қызды-қыздымен кейде оны: «Сайқал», «маржа», «өзгенің бақытына ортақтасып, біреудің шаңырағын шайқалтқан қатын», – деп те жатады. Оның атын танытуға, өнегесін, ерлігін насихаттауға біздің қазекеңнің құлқы жоқ сықылды. Әншейін­де кең жайлау болып жүретін қазақ осы әйелдің атын естігенде-ақ кірпідей жиырылып тартылып қала береді. Неге? Ол татар болып туғанына жазықты ма? Тегінде, ананың құрсағына бітер сәбиде ұлт таңдау, жыныс таңдау, мекен таңдау құқығы болып па екен? Осынау ұзақтау жазылған кіріспе сөз Фатима Зейноллақызы Ғабитова (1903 -1968) жайында өрбімекші.
Фатима Ғабитова қатардағы көп қыздың бірі емес еді. Ол – ХХ ғасыр басындағы оқыған, көзі ашық, еуропалық мәдениетті игерген санаулы қыздардың бірі де бірегейі. Оған қазақ жігіттері ынтықса, оның мынадай себебі бар:
Біріншіден Фатима жаны – сұлу, тілі – бал, мінезге бай әйел болған. Тал бойын­да міні жоқ, көркі келісті келіншекке кімнің де болса көзі түскені жасырын емес. Сұлуды сүймекке, құшпаққа кім ниетті болмасын, яғни қас сұлудың өзі.
Екіншіден, Фатима көркіне ақылы сай ару болған. Ол татар, қазақ тілінің сыртында, неміс, француз, араб тілдерін жетік білген, емін-еркін оқи алған. Қапалдағы ауқатты татар көпесінің қызы І жиһан соғысы салдарынан саяси жер аударылып келген неміс зиялыларынан шет тілдерін үйреніп, ән-күй, биден қосымша дәрісін алып, эстетикалық бекзада өнер түрлерін меңгерген. Көпшілік ортада өзін-өзі ұстауы, француздың ақсүйек бикештеріндей қолына қолғап киіп, хош иісті әтір сеуіп әрі еуропалық үлгіде киініп жүруімен айрықша көзге түсетін.
Үшіншіден, Фатиманың әдебиет құмар, өнерге жақын болуы шығармашылық адамына ерекше көңіл күй, ғажап атмосфера сыйлайтын. Онымен бір рет болса да кездесіп сырласқан адам оны ұзақ уақыт ұмыта алмай, көңіл түкпірінде сақтап жүретін. Өмірі қызыққа толы айымның күнделік-дәптеріне көз тастасаңыз, талай дерекке қанық боласыз.
ХХ ғасыр басы тұманды, бұлыңғыр кезең еді. Өркениеттен мешеу қалған отар жұрт. Еуропа көрген, Ресейдің ішкі шәрлерін көрген қазақ некен-саяқ-тын. Оразды елдің дамуын көрген, қарыштап өсіп жатқанын сезген қайраткерлер қазақ қоғамына атойлап ұран тастап, прогресс жолына үндеді. Қазақ қыздарының құқы жоқ, бас бостандығы өзінде емес, туа сала атастырылып, бесік құда жасалып жатқан қиын шақ. «Елім» деген ерлер «Бақытсыз Жамал», «Қалыңмал», «Қамар сұлу» романдарын жазып, қазақ қыздарына теңдік сұраған болатын.
Иә, көптеген біртуар өзге ұлттан жар сүйді. Анығында, алғашқы толқын ағалар үйленетін жасқа жеткен уақытта қазақтың оқыған қыздары мүлде жоқ еді. Аққағаз, Нәзипа, Гүлсім, Ғайнижамал, Жаңыл – Алаш тәрбиесін көріп оқып, білімге ұмтылған өз шәкірттері. Алаштың екінші толқын жігіттері ғана қазақ қызымен отау көтеріп, үйлене бастады.

* * *

Задында, сұлу әйелдің дидары кез келген некелі қатынның жүрегін ұшырып, ұйқысын қашырады. Біздің кейіпкер ақыл-ойымен, мінезімен, қылығымен, әсем табиғи болмысымен талайларды ұйқысынан, күлкісінен айырғанын жасыра алмаймын.
Фатима қыр гүліндей жайнап, құлпырып тұрған шағында қазақтың үлкен ағартушысы, жазушы, драматург Біләл Сүлейұлына (1893-1937) тұрмысқа шықты. «Сұлу әйелі бар еркек
– қарауыл» деген сөз Біләлға жүрмейді. Біләл әйелге салымы бар ырзықты жігіт екен. Заманында ең сұлу келіншек қойнында, ең жүйрік сәйгүлік осы – оқымыстының тақымында еді. Біләлдің достары мен әріптестері, інілері оның үйіне келгенде ажары асқан бегіміне тамсанып, қызығып қайтатын. Кейбір қылжықпастары жеңгелеріне қырындап, әзіл-шыны аралас сезімдерін де білдіріп жататын. Алайда үлкен парасат иесі Біләл соның бірде-біріне қыңқ демепті. Ілиястың жеңгесіне жазған сезімге толы талай өлең-хаттарын да оқыған. «Біздің Матай қаламды қалай-қалай сілтейді- ей!» – деп қоятын.
Біләл мен Фатима. Он үш жылдық ғұмыр. Бір мүшел. Сыйласым. Революциялық толқу. Ашаршылық. Босу. Бақытты шақ. Алғашқы сәбилерін сүюі. Шекесі торсықтай ұл баланың өмірге келуі. Советтік қоғамның сауатсыздықты жою науқаны. Фариданың өлімі. Қан жұту. Түрме. Ажырасу;
Ілияс пен Фатима. Он үш жыл бойы іркілмеген сезім. Толассыз сүйіспеншілікке толы хаттар. Мәңгілікке қосылу. Муза! Бес жыл – бес ғасырлық жыр (1932-1937). Аңсау. Тағатсыздану. Күтумен өткен мұңлы күндер…
Мұхтар мен Фатима (1941-1961). Достық. Парасаттылық. Бес балалы әйелге қорған. Ізгілік;
Қамқоршысынан жарық күнде көз жазып, қызыл террор тұманында адасып қалған әйелдің етегін көтергісі келгендер қаншама десеңші! «Жесір қатынның сұрауы жоқ, қорғаны болар саясы жоқ» деп басынғысы келгендер қаншама. Жібін үзіп, арам ниетпен дәмеленіп, бұқа болып келгендерге тана көзін сүзбеді. Қорлатпады. Құлын мүсін тәні түгіл қолынан да ұстатпады. Арына да дақ түсіртпеді.
Сталин өліп, Хрущев билік тізгінін алған жылдары сәл болса да тоталитарлық жүйенің былығы ашылып, жеке басқа табынушылық сыналғанда Ілекеңдер ақталып, ресми кешірім жарияланды. 1958 жылғы сәуірде Жазушылар одағының репрессия құрбаны болған жазушыларына арнап өткізген үлкен жиында Фатима ЦК Президиуымның мүшелері және Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мұхамед­жан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтардың көзіне тіке қарап, 1937-1938 жылдың азапты күндерін, қайғылы сәттерін еске салып, ақиқатын айтты. Пәтерін кім тартып алды, Ілиястың қолжазбаларын кім тәркіледі, ақынның отбасына кімдер қиянат жасады, Фатимаға қырыңдап, төсекке шақырған кім еді… Соның бірін қалдырмай… Көңілдегі күпті ойларын жасырмай жайып салды. Орталық биліктен де, Жазушылар ұйымынан да кешірім сұратты. Ілиястың артына қалдырған кітаптарын қайта шығартты. Құлагер ақынның жетпіс жылдық мерейтойын кең көлемде тойлатты.
Тегінде, жылдар бойы қалыптасқан дәстүр қазақтың қызы менталитет, әдет-ғұрыпқа сай ер адамның алдын кесіп өтпей, бір саты тұратын-ды. Сәкеннің жесірі Гүлбаһрам,
Бейімбеттің жесірі Күлжамал үшін де Фатима сөз қозғап, үлкен мәселе көтеріп, қос мұңлықтың зарына көңіл аудартты.
Фатима қуғын-сүргін, айдау көрсе де жолдастарының әдеби мұрасына, өзге де қазақ оқымыстыларының сөзіне қиянат жасамаған, керісінше, көзінің қарашығындай сақтап, НКВД-ның суық қолынан жасырып, аман- есен алып қалған. Фатиманың жеке архиві – өте бай, аса құнды дерек пен мәліметке толы қазына. Мен зерттеуші есебінде Орталық архив пен Орталық ғылыми кітапхананың қорындағы Фатима айымға тиесілі жеке қорларды толығымен оқып, мейлінше жіті қарап, көп сырға қанықтым. Әдебиетші, фольклорист архивінің негізінде тұңғыш рет Біләл Сүлейұлының «Үміт» деген шығармалар жинағын (2021), «Ілияс Жансүгірұлының беймәлім мұрасы» (2018), «Фатима Ғабитованың әдеби мұрасы» (2019), «Мамания мектебіне қатысты деректер мен мәліметтер» (2017) кітабын, нешелеген зерттеу мақала жазып, оқырман назарына ұсындым. Ал маған дейін әйгілі жазушымыз Мұхтар Мағауин «Қобыз сарыны» монографиялық еңбегіне Фатиманың ел арасынан жинап-терген мұрасын ақтарып, Шалкиіз, Тәтіқара бастаған көптеген жыраудың есті де ескі сөзін тауып, енгізгенін айта кетейін. Ал «Жетісудағы «Алаш» мектебі» деген тарихи-хроникалық фотоальбомыма осы Фатиманың қаншама тарихи суретін қостым. Бұл суреттердің басым бөлігі ☼– бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген жаңалық.
Фатима ана өз құрсағынан шыққан Жәнібек, Азат (Біләл Сүлейұлының ұлдары), Үміт, Ильфа, Болат (Ілияс Жансүгірұлының балалары) және Мұрат (Мұхтар Әуезовтің ұлы) балаларымен қатар анасы бөлек, әкесі бір Саятты бауырына басып, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрған. Бейімбеттің жары Күлжамал «Халық жауының» әйелі ретінде ұсталып, АЛЖИР түрмесіне қамалғанда, Семейде қалған оның балаларын тауып алып, алғашқыда өзі қарап, кейін өзінің басына қуғын-сүргін бұлты төнгенде тағдырласының ұрпақтарын балалар үйіне өткізіп, құжаттарын реттеп кеткен. Кейіннен Күлжамал жазасын өтеп шыққанда балаларын осы құжат арқылы тауып берген.
Фатима – нақақ жала құрбаны. Әлдеқашан рахметтік дүниеге бет бұрған әйелдің етегін көтеріп, төсек пен өсектің арасын талқылай беру – ұят тірлік. Егер Фатима Ғабитованы қазақтың үш бірдей арысына жар болған қатын деп қана танысақ, онда адамгершіліктен жұрдай болар едік. Біріншіден, Фатима Ғабитова – ХХ ғасыр басындағы үлкен әдебиетші, педагог. Екіншіден, оның өмір сүрген, өскен, жасаған ортасы мен қызметке араласқан жері – бәрі-бәрі Қазақстанмен тығыз байланысты. Бұл ретте мен Фатиманы қазақ руханиятына орасан зор үлесін қосқан А.Затаевич бастаған өзге ұлттармен қатар биік дәрежеде бағалаймын. Өз ұлтынан шыққан асылдарын сатып, донос жазып, НКВД жендеттеріне ұстап берген сатқындардан осы Фатима сынды тектілер әлдеқайда артық, қымбат. Үшіншіден, Фатима қызыл террор найзағайына Біләлдің – екі, Ілиястың – үш, Мұхтардың бір перзентін күйдірмей, азап вагонында өлтіріп алмай, өсіріп-өндірді. Сол ұрпақ көктеп, алып бәйтерекке айналды. Фатима бар баласын оқытты. Жасынан уызына жарытты. Қазақшалары қандай еді! Бір баласы немісше, бір баласы түрікше, бір баласы французша, бір баласы қытайша, бір баласы орысша білім алып, әкесінің шығармаларын ғана емес, қазақтың классикалық әдебиетін аударып насихаттап, туған ұлтына қызмет қылатын жандардың қатарын көбейтті. Ендеше, Фатима – бар болмысымен қазаққа өмірін арнаған жан.
Ақиқатын айтсақ, Фатима алпыс жылдық ғұмырында өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей көрді. Өмірінің мәні Ілияс Жансүгірұлы еді. Екеуі бірін-бірі алғаш көргеннен-ақ (1919) ұнатқан. Алайда некедегі бала-шағасы бар әйел он үш жыл бойы сүйгенінің сезімін тұншықтырып келді. Қанша қарсылық танытса да махаббаттың зор құдіретіне қарсы тұруға дәрмені жетпеді. Ілиястың қайталанбас ұлы сезімі жеңіп тынды. Ілияс дегеніне жетті. Ақын:
Есімде, жаным, сағынам,
Жақыным, жаным, Фатима!
Сағынғанның белгісі –
Қараймын қайта хатыңа.

Әлде есірке, әлде сөк,
Барды жүрек батылға.
Міне, сенсең, дәл он үш жыл,
Күйем, жанам, отыңа, – деп жырлаған. Осы жырдың өзінде көп ой жасырылған. Мұрат Әуезов: «Шешеміз өмір бойы Ілиясты күтті. Ол Ілиясты ерекше сүйетін», – дейді. Сөздің шыны – осы. Қайталап айтатын бір ғана сөз: Фатима Ғабитова – муза. «Менің сені сүюім – өзіме таңдаулы, тауанды махаббат» (Ілияс). Иә, ол – мәңгілік муза!
Қалай десек те, Фатима Ғабитова – қазақ тарихындағы өшпес із қалдырған ірі тұлға!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір