Бекзат Саттарханов бейнесі қуыршақ театрында сахналанды
27.02.2024
688
0

Кішкентай балдырғандар мен жалынды жастар үшін қызмет етіп, бойларына ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, бүгінде тарих қойнауынан сыр шертіп жүрген қара шаңырақтың бірі – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры. Соңғы уақыттарда театр ұсынған репертуарлар ересектер мен балаларға арналған үздік классикалық туындыларды сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.

 

Ақпан айының 21-і күні қазақ­стандық боксшы, Сидней Олимпиадасы­ның жеңімпазы, небәрі 20 жасында чемпион атанған Бекзат Саттархановтың өршіл болмысын танытатын «Чемпион» қойылымының премьерасы көрермен жүрегіне жол тартты. Қазақ қуыршақ театры сахнасында тұңғыш рет сахналанған қойылымның басты ерекшелігі – 20 жасында жасындай жарқыраған ұлт мақтанышының жігерлі бейнесін қуыршақ образында көрсету. Түрлі кинематографиялық элементтерді орынды қолдана отырып, әр дәуірдегі қазақ халқының жеңісі мен жеңілісін «Таңбалытас», «Көкпар», «Ұлы көш» секілді символикалық элементтерді тарихи фактілермен байланыстырған қойылым Бекзат Саттархановтың рингтегі күресі арқылы ұлт тағдырынан сыр шертеді. Драма жанрындағы қойы­лымның сценарий авторы — Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Әлібек Байбол қойылым жайында: «Шамамен төрт жыл бұрын драматург Бақыт Беделхан ағамыз осы тақырып бойынша ертегі жазуы керек болған. Бірақ ағамыз өзінің азаматтығын танытып, бұл істі маған сеніп тапсырды. Бір тылсым дүниенің барындай, бұл қойылымның сахналануы пандемия, басшылықтың ауысуы сияқты бірқатар кедергілерге жолықты. Аталмыш спектакльді қоюдағы басты мақсатымыз – жарқ ете қалған Бекзатты өскелең ұрпаққа насихаттау. Бізге жай бокстасып жүрген жалаң Бекзат емес, өз-өзімен арпалысқа түскен, еңбекқор Бекзаттың образын көрсету керек болды. Бүгінде бір нәрсе болса, қыңқ ете қалатын кейбір ынжық әрі рухсыз балалар осы Бекзатқа қарап күш алса дейміз. Пьесадағы кейіпкерлер қатарында Бекзаттың атасы мен апасы, Бекзаттың өзі, бапкері Ермахан, қарсыласы Рикардо Хуарес бар», – деді.
Салқын күздің сарғайған таңындай қос жанарынан сағыныш сазы сезілген Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыгүл Шойбекова: «Бекзат бар болғаны бес жылда чемпион атанып, қазақтың көк туын желбіретті. Бұл спектакльден күтетінім, қазақ елінің өскелең ұрпақтарының арасында Бекзатымдай ұлдар мен қыздар және оларды жетелеп, демеу болатын ата-аналар көп болса екен», – деп ерекше толқынысын білдірді.
Өнерсүйер қауымның көңіл пердесін ашып, жанына рухани азық сыйлайтын «Чемпион» сынды рухшыл қойылымдарды театр көрермендері асыға күтеді.

Дана Садырқан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір