«Оқырман ұлт» жобасы іске қосылды
20.11.2023
241
0

Биыл Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Біз өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуымыз керек», — деген болатын.
Осыған орай Алматы қаласы Жастар сая­саты басқармасының қолдауымен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы жастарының оқу белсенділігін арттыру жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты — жастар мен жасөспірімдерге кітап оқуды насихаттау, кітап оқуға ынталандыру, сауатты жастардың санын көбейту, кітап таралымын жандандыру, соңғы шыққан заманауи кітаптармен, авторлармен таныстыру, жастарды бос уақытын кітап оқу арқылы тиімді пайдалануға баулып, сапалы мамандарды дайындап шығару.
Жоба аясында қаламыздағы жоғарғы оқу орындары мен колледждерде арнайы кітап жәрмеңкелері, баспагерлермен, кітап авторларымен кездесулер ұйымдастырылып, кітап оқудың пайдасы туралы семинарлар өткізілуде. Ауқымды шаралардың бірі — «Оқырман ұлт» кітап көрмесі. Көрмеге кітап саласында жемісті еңбек етіп жатқан заманауи баспалар, атап айтар болсақ: «Мазмұндама», «Steppe&world», «КітапАл», «Қазына», «Marfu», «Olja Peak» эстетикалық кеңсе өнімдері, «Қасым», «Ziyat», «Қыр баласы», «Отбасы» баспа үйлері мен кітап дүкендері шақырылды.
Студенттер мен оқытушыларға арналған кітап көрмесі таңертеңнен кешке дейін жалғасуда. Студенттердің белсенділігі және кітапқа деген қызығушылығы «Жастар кітап оқымайды» деген пікірдің қате екенін айқындағандай. Шара соңында жастар отандық баспалармен байланыс орнатып, қолдарына том-том кітап құшақтап қайтып жатты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір