Тарихтан тәлім ала білген жөн
15.11.2023
1383
0

Ақын, жазушы, драмтург, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің келбеті таспаланған бейнежазба табылды. Бұл ақжолтай хабар күллі қазақты қуантқаны анық. Сөз зергерінің сұлу да сымбат­ты, сырбаз кейпін танытатын таспаны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жас ғалымдары тапқан көрінеді. PhD докторант Әрлен Сейтбатқалдан Мәскеу мұрағатынан бейнематериалдың қалай табылғаны жөнінде баяндап беруін сұраған едік.
Осынау үлкен жаңалық ел құлағына іліккен шақта, телеарна жаңалықтарында Сәкен Сейфуллиннің Алаш ардақтысы ретінде аталғанына қатысты ой, пікір қайшылығы туындаған болатын. Әсіресе әлеумет­тік желіде ұлт тұлғасының көзқарасын, ұстанымы мен бағытын, шығармашылығы мен еңбектерін таразылап, талқылағандар көп болды. Осы рет­те біз белгілі тарихшы, ғалымдардың тұжырымын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Ресейлік мұрағат­та қазаққа қатысты қор мол екен

Әрлен БЕРІКҰЛЫ

«Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі» ат­ты мемлекет­тік грант­тық жоба аясында қазан айының 19-27 күндері аралығында үш ғалым – жоба жетекшісі PhD Е.Маралбек пен жоба орындау­шылары магистр Г.Оралбай және мен Мәскеуде іссапарда болдық.
Біздің басты мақсатымыз –
А.Байтұрсынұлының бейнежазбасын және белгісіз мұраларын табу еді. Бұл мақсатымыздың бірнеше міндеті болды. Біріншісі, ғалымның табылмаған оқу-құралдарын анықтау; екіншісі,
А.Байтұрсынұлының мерзімді баспасөздегі мақалаларын іздеу; үшіншісі, тіл білімі атасының лингвистикалық мектебіне қатысты мағлұмат­тарды жинақтау. Осы үш міндетке де ішінара қол жеткіздік.
Мәскеу қаласындағы Ресей Мемлекет­тік кинофотоқұжат­тар мұрағатында, Ленин атындағы Ресей Мемлекет­тік кітапханасында болдық. Іссапардың алғашқы бөлігін мұрағат­та, екінші жартысын кітапхананың сирек кітаптар қолжазбасында өткіздік. Мәскеу КСРО құрамына кірген 15 одақтас республиканың орталығы болғандықтан, бұл қалада осы елдерге қатысты мәлімет­тер қоры мол жинақталған.
Ең әуелі РМ кинофотоқұжат­тар мұрағатынан табылған мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, әдебиет­танушы, тарихшы С.Сейфуллиннің бейнежазбасының табылғаны бізге баға жетпес олжа болды. «Қазақ АССР-іне 15 жыл» деген тақырып­пен аталып, 8 минутқа созылған бейнематериалдың 7 секунды С.Сейфуллинге арналған. Бейнежазбаның басында М.Калинин вокзалдан көлікке отырып, Алматы көшелерімен өтіп, іс-шара өтетін жерге келеді. Мінберде сөз сөйлейді. Оған гүл шоғы табысталады. Алғаш рет құжат­тағы материалды көріп отырғанда, алдымыздан Сәкен серінің бейнесі шыққанда (Сәкен Сейфуллин осы шараға келген қонақтардың арасында түрегеп тұр), қалай қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бейнеқұжат­тан сонымен қатар Ораз Исаев, Ораз Жандосов, Жалау Мыңбаев, Әліби Жангелдиндердің де бейнесін кездестіруге болады.
Айта кету керек, 2024 жылы үш бәйтерегіміз – Сәкен Сейфоллаұлының, Ілияс Жансүгірұлының, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толады. Осы мерейтойдың қарсаңында
С.Сейфуллин бейнесінің табылуы үлкен әрі керемет жаңалық болды.
Жоғарыда аталған Ленин кітапханасының «Шығыс елдері» бөлімінде қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер бар. Біздің қолымызға
М.Жұмабай,І.Жансүгірұлы, Ғ.Мүсірепұлы, Ғ.Тоғжанұлы, С.Сейполлаұлы сынды тұлғалардың еңбектері түсті. Атап айт­қанда, І.Жансүгірұлының он шақты еңбегін көріп, өзімізбен бірге ала келдік. Оның біразы отандық кітапханаларда сақталып тұрған шығар, десе де бұл еңбектер түпнұсқа болғандықтан, маған ерекше әсер ет­ті. Түпнұсқа еңбек пен кейінгі басылымдардың арасындағы айыр­машылықты да сезіндім. Ғылыммен айналысқандағы автордың қолжазбасы, еңбектің түпнұсқасы маңызды екеніне көзім жет­ті. І.Жансүгірұлының балаларға, орта мектеп шәкірт­теріне арналған еңбектерімен қатар, әдеби шығармаларын, зерт­теу еңбектерін көрдік. Ел аузынан жинап шығарған Құл ақын деген кісі туралы кітапшасы, жұмбақтар жинағы (жауаптары суретпен берілген), «Мін де шап» пьесасы, Ғ.Тоғжанұлымен бірге шығарған «Қазақтың театр өнері туралы» еңбегі, Ғ.Мүсірепұлымен бірге жазған «Көркем әдебиет жинағы», т.б еңбектері бар. Осы еңбектерге қарап, І.Жансүгірұлы мен Ғ.Мүсірепұлының арасында тығыз рухани байланыс болған секілді деген ой келді. Өйткені екі қайраткер бірігіп кітап шығарған, Жансүгірұлының шығарған кітаптарына Мүсірепұлы редакторлық еткен. Алдағы уақыт­та бұл байланысты тереңірек зерт­теп, аша түсу керек деп ойлаймын.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, 1929-35 жж. арасында шыққан еңбектердің авторлары өз аты-жөнін қазақша – -ов жұрнағын алып тастап, ұлы деп берген: Жансүгірұлы Ілияс, Тоғжанұлы Ғаббас, Мүсірепұлы Ғабит, Сейполлаұлы Сәкен. Бұдан, өзім ономастика бөлімінде жұмыс істегендіктен, тарихи тұлғаларымыздың аты-жөнін қазақша айтып, жазсақ деген ойымыз дәйектеле түсті. Егер де аты-жөнінде әкесінің аты аталса, ұлы, қызы сөзі қосылады (Жансүгірұлы), ал атасы не арғы атасымен тектелсе – Мағжан Жұмабай, Әлихан Бөкейхан деп айтуға болады.
Кинофотоқұжат­тар мұрағатында Қазақстанға қатысты материалдар өнеркәсіп, тарих, сауат­тандыру, өнер, мәдениет және т.б. тақырыпшаларға бөлініп берілген. Біз, әсіресе Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарындағы бейнематериалдарды ден қоя қарадық. Осылардың ішінде Түркістан-Сібір теміржолының салыну барысы, Қазақстан Ғылым Ордасының ашылуы, 1927-28 жылдардағы жұт мәселесі, ән-би өнері, шаруашылықтағы өзгерістер, Қазақстан географиясына байланысты, өзге де бағыт­тағы құжат­тар сақталған. Сондай-ақ видеоның мазмұнын ашатын маңызды деген мағлұмат­тарға қысқаша сипат­тамалар беріліп отырады екен. Бейнежазбаның басында видеоның тақырыбы келтірілсе, кейіннен ол видеодағы жайт­тарға түсіндірме беріледі. Мысалы, Түріксіб темір жолы таспаланған видеоның қай өңірдің аумағында түсірілгені, күніне неше км. жол төселгені айтылады. Семей өңірінде күніне 3 км. жерге жол салынғанын, теміржолды салу кезіндегі бұрғылау, тастарды ұрғылау, соққылау сынды жұмыс түрлері жүргізілгенін білдік. Бұл жұмысты атқаруда өте көп адамның жұмылдырылғанын да бейнежазбадан аңғардық.
Мұрағат­тағы видеолардың 1940-жылдарға дейінгі түсірілгендерінің дауысы жоқ, тек бейнесі бар. Ал одан кейінгі жылдарда түсірілгендерінде бейнемен қоса дауысы да естіліп тұр. Дауысты бейнеқұжат­тардың қатарына Қазақ ССР-нің Ғылым Ордасының ашылуы, қазақтың ән-би өнері туралы материалдарды жатқызуға болады.
1946 жылы Алматы қаласындағы Опера театрында Ғылым Ордасының ашылу салтанаты өткен. Опера театрының безендірілген сыртқы көрінісі, М.Әуезов, Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтпаевтың баяндама оқыған сәті, оны тыңдап отырған қатысушылар таспаланыпты. Осы бейнеқұжат­тан Қ.Сәтпаевтың жанды дауысын тыңдай аламыз.
1927-28 жж. Сырдария губерниясындағы жұт мәселесі жайлы арнайы құжат­та осы жылдары бұл өңірде 1 млн. 700 мың бас қой қырылғаны туралы ақпарат айтылған. Видеоны түсірушілер мен өңдеушілердің айтуы бойынша, кедей шаруаның малын санауға бір қолдың 5 саусағы жеткілікті, орта шаруаның малын санауға екі қолдың 10 саусағы жеткілікті болған. Видеодағы жерде жатқан түліктер мен олардың қасында отырған иелері де заман тынысынан сыр шертеді. Бұдан бөлек, кинофотоқұжат­тар мұрағатынан қазақ тұрмысы, қазақ көші, көш барысы, жүк артылған түліктер, киіз үйді тұрғызу сынды жалпы этнографиямызды танытатын мол материалды кезіктірдік.
Дауысты бейнеқұжат­тардың бірі – қазақ жайлауында өткен мерекелік той-думаннан алынған бейнежазба. Бұл тойда қазақтың халық әртістері өнер көрсетеді. Бейнежазбаны көріп отырып, қазақтың көшпелі театрының кейінгі жылдардағы көрінісі ме екен деген ойда қаласыз. Өйткені жайлауда ат үстінде домбырамен ән шырқаған ер адам, Қазақстанның Халық әртістерінің «Бипыл» әнін орындау барысы, «Айжан қыз» биі түсірілген. Көріп отырып, орындаушылардың шеберлігіне тәнті болдық. Бейнежазбада өнерпаздарды аспаптармен сүйемелдеп отырады. Мерекеге жиналғандардың қарасы қалың. Дәл осы видеоны көріп отырғанда, құдды бір кинофильм тамашалап отырғандай күй кештім. Неге десеңіздер, бұл бейнеқұжат Ш.Айманов, С.Қожықов, т.б. режиссерлердің туындыларынан айнымайды. Осыған қарап, 1950-80 жж. кинофильмдердің қаншалықты шынайы өмірден алынғанын түсінеміз.
Мұрағат материалдарының арасындағы Қазақстанның табиғаты, таулары, тауларынан аққан өзен-сулары мен оларды игеру шаралары хақындағы бейнежазбалар да (Мәселен, Алтай тауы шатқалдарынан аққан арынды Үлбі өзені, канал-тоғандарды салу жұмыстары) көңілімізді толқыт­ты.

Тарихтан тәлім ала білген жөн

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ

Мен ол видеоматериалды көрдім. Тамаша жәдігер. Біздің өткен тарихымызға қатысты қандай материал болса да, бәрі де бағалы. Видеодағы көзімізге от­тай басылған адамның Сәкен Сейфуллин екендігіне еш күмән жоқ. Оны тапқан азамат­тарға алғыс айтуымыз керек.
Видеодан Жалау Мыңбаевтың да бейнесін көрдік. Ол кісінің сурет­тері өте аз сақталған. Сол үшін бұл құнды дүниенің табылғанына қат­ты қуандым.
Жалпы, біз – қазіргі кезде XX ғасырдың басындағы, әсіресе совет­тік үкімет­тің орныққан кезіне байланысты өзіміздің тарихи түсінігімізді, танымымызды жаңа көзқарас тұрғысынан қорытып жатқан халықпыз. Мұндай шақта архивтерде сақталған кез келген үлкенді-кішілі деректер мен дәйектердің маңыздылығы орасан.
«Алаш» ұғымының аясы өте кең. Ең әуелі «алаш» деген сөз – «қазақ» деген сөз. Ал қазақ халқы мінген алып кемеден Сәкен Сейфуллинді алып тастаймыз, тағы басқаларды алып тастаймыз деген дұрыс па? Олай болмайды. Тарихқа құрметпен қарау керек.
Иә, Сейфуллин, Жангелдин секілді тұлғалар Кеңес үкіметін қолдады, қорғады. Ол да тарихи факт. Олар большевизмге сенді. «Бізге, қазаққа жақсылық алып келеді, елге бақыт, береке алып келеді» деп ойлады. Алайда уақыт ол түсініктің қате екенін көрсет­ті. Бұл жерде Сейфуллин жалғыз емес қой. Жангелдин де жалғыз емес. Кеңес үкіметіне сенгендердің де қарасы көп болды. Қоғамның екіден бір бөлігі сенді бұл билікке.
Осы тұста «олардың қателігі неде?» деген сұрақ туады. Олар Кеңес үкіметінен, большевизмнен басқа даму жолы жоқ деп ойлады. Сол тұжырымдарына шек келтірмеді. Үлкен ағат­тық та сонда. Ақиқатында, большевизмге балама жол бар болатын. Егер қазақ жұрты тұтастай сол жолға түскенде, елдің тағдыры мүлде басқаша қалыптасуы әбден мүмкін еді. Қазақ халқының қырғынға ұшырамауы, 1921-1923, 1928-1933 жылдардағы ашаршылықтың, елді орны толмайтын қасіретке тап қылған репрессияның болмауы кәдік еді. Сол үшін совет­тік даму жолы біз үшін өте ауыр жол болды деп есептейміз. Осы тұрғыда Сәкен Сейфуллин сынды тұлғаларға қатысты қоғамда екіжақты пікірдің болуы – табиғи нәрсе.
Тарихтан тәлім ала білген жөн. Сырт­тан келген түрлі күштердің ойын құралына айналмауымыз керек. Қоғамдық даму үдерісінде объектіге емес, субъектіге айналуға тиіспіз. Ол нені білдіреді? Яғни өз тағдырына өзі ие, өз өміріне өзі ие ұлтқа айналғанымыз дұрыс. Өзгенің ықпалында жүріп, жат біреудің соңынан еріп, еліктеудің қаншалықты қате екеніне, қандай дәрежеде опындыратынына, нендей зардаптарға ұрындыратынына тарихтың өзі көзімізді жеткізді. Сейфуллиндердің, Жангелдиндердің ұстанымы осы негізде бізге сабақ болу керек. Ал Сәкеннің қаламынан туған көркем шығармалар, еңбектер халыққа қызмет ете береді. Оның рухани мұрасын ешкім жоққа шығармайды.

Алаш пен Сейфуллин мүлде қабыспайды

Сұлтанхан ЖҮСІП

Архив бет­терінде Сәкен Сейфуллиннің талай кісілермен алмасқан хаты сақталған. 1925 жылы қызмет­тен түсіп қалғаннан кейін Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған хаты бар. Хат­та Алаш қайраткерлерін түгелдей контрреволюционер деп сипат­таған. Оған қоса «Алашордаға ештеңе бермеңдер», – деген.
Жалпы, кейбір мамандар бір нәрсені түсінбейді. Тарихшы болсын, әдебиетші болсын, басқа саланың маманы болсын, ол біреуді дат­тауға немесе мақтауға міндет­ті емес. Ағын ақ, қарасын қара деп көрсетуге міндет­ті. Кей ғалымсымақтардың: «Ой, біз тарихи тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймайық», – дейтіні бар. Айналайын-ау, ондай жалғандыққа құрылған тарих – жалған тарих. Көркем шығарманың ішінде күрес, тартыс болмаса, оны ешкім оқымайды, ешқандай қызығы болмайды. Ал тарих тек қана ақиқат тұрғысынан жазылып, кез келген жайды, оқиғаны айнадан көрсеткендей етіп танытуға тиіс. Сәкен Сейфуллиннің – Сәдуақас Сейполлаұлының қазақ беткеұстарларына домалақ хат жазғаны, Тұрар Рысқұловпен тілдесе жүріп, оны тыңдағаны – шындық. Сол себепті Сәкенді Алаш қайраткері деуге ешқандай негіз жоқ. Өткен ғасырдың басында қазақ еліне Кеңес үкіметі интервенция жолымен, соғыс жолымен басып кіріп, өз үстемдігін орнатқанда, сол билікке қызмет еткен алғашқы қазақ коммунистерінің бірі Сәкен Сейфуллин болған. Бір басылым бетінде әлдебір ғалым Сейфуллин турасында: «Ахмет Байтұрсынұлымен жылы қарым-қатынаста болған, Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы болып отырғанда қазақ тіліне мемлекет­тік тіл мәртебесін берді, қазақтың қазақ деген атауын қайтарды», – деген мазмұнда жазыпты. Ол кезде барлық мәселе тек Мәскеуде шешілетін. Әрі кез келген шешімді Төраға ғана емес, Халық Комиссарлар кеңесінің мүшелері түгелдей дауыс бере отырып қабылдайтын. Оны бір ғана Сәкенге таңып қою – барып тұрған әділетсіздік. Ең алғаш «Қазақтың аты-жөнін өзгертейік, қазақтың атын қазақ қояйық», – деп 1913 жылы «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхан жазған.
1916 жылы шыққан «Бұратана қазақты соғыс майданына қара жұмысқа аламыз» деген жарлыққа орай, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы: «Батыс майданына алынған қазақ жігіт­теріне қамқор болайық, соларға тілмаш болып ақыл-кеңес берейік. Осы үшін Батыс майданға барайық», – деп үндеу көтергенде қазақ зиялыларының едәуір бөлігі қолдап, майданға ат­танды. Қазақ жігіт­теріне бас-көз болды. Сол қамқор болушылардың арасында не Т.Рысқұлов, не С.Сейфуллин, яғни кейін коммунистке айналған бір де бір қазақ зиялысы төбе көрсетпеді. Ақпан төңкерісінен кейін, шілде айында Орын­борда I жалпықазақ құрылтайы, желтоқсан айын­да Алаш республикасының іргетасын қайта көтерген II жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өт­ті. Осы құрылтайларға да Сәкен, Тұрар, Әлібилер қатыспады, шақырылмады. Өйткені патшалық дәуірде де олардың бағыты бөлек еді. I жалпы Қазақ құрылтайы Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қазақтан депутат ретінде қатысатын (сайлауға түсетін) азамат­тардың тізімін анықтады. Ол тізімге алғашында Сәкен ілікті де, кейін түсіп қалған. Сөйтіп, Сәкеннің Алаш қозғалысына, Алаш қайраткерлеріне, оның ішінде әсіресе Әлихан Бөкейханға деген кек қуушылық пейілі пайда болған.
1960-жылдары Қарағанды қаласында С.Сейфуллин атындағы театр ашылғанда Сәбит Мұқановтың «Сәкен
Сейфуллин» ат­ты пьесасы қойылған. Сол пьесада туынды авторы (С.Мұқанов) Сәкеннің аузына Әлиханға бұрылып айтатын: «Ей, кәрі төбет!» – деген сөзді салыпты. Сонда Әлімхан Ермекұлының Сәбит­ті шақырып алып, ұрысқаны жайын­да жазылған мақала да бар. Ол тұста ұлт көсемі Ә.Бөкейханға олай сөйлеуге ешбір қазақтың жүрегі дауаламайтын. Міне, осы тектес қолдан жасалған көріністер жоқ емес.
Көптеген тарихшыларымыз әлі күнге дейін кеңестік штамбтан, кеңестік стерео­типтен шыға алмай жүр, шыққысы келмейді. Олар әлі де кешегі жалған қаһармандарымызды ақтап алуға, кеңестік классик жазушыларымызды сүт­тен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысып бағуда. Отыз екі жылдық тарихымызда кеңестік идеологиядан арыла алмай келеміз әрі арылуға асығатын түріміз де жоқ. Билік өзгергелі бері Алаш тақырыбына, төл тарихымызға жылы көзқарас пайда бола бастады, дегенмен кеңессіздендіру, коммуниссіздендіру саясаты қолға алынбай жатыр.

Сәкен де қазақ болашағының жарқын болуын мұрат тұт­ты

Мақсат АЛПЫСБЕС

Алаш және Сәкен мәселесіне біржақты қарауға болмайды. Біріншіден, Сәкенді Алаш қайраткері деуге келіспеймін, өйткені ол қазақ коммунисі болған. Бұл жерде «қазақ коммунисті» деген тіркесті ерекшелеп қою керек, себебі Сәкен жай коммунист емес, нақты қазақ коммунисі болды. Осы тұрғыда ол коммунистік идеяға шын берілді және осы идея қазақ халқының жаңаша дамуына жол бастайтын бағыт деп сенді. Екіншіден, Сәкенді Алашқа дұшпан етіп көрсететін ұйғарымдарға да мүлде қарсымын. Олай дейтінім, Сәкен орыс патшалығы тұсындағы қоғамға сіңісті болған қазақ әлеуметін қолдамады, бар болғаны сол! Сәкен орыс империяшылдығының ерекше консервативті, радикалды, өктемшіл саясатына қарсы болды! Жалпы алғанда, Сәкеннің бар мұраты мен ұмтылысы – қазақ халқының жарқын болашағы еді. Осындай арман жолында адалдығынан айнымады.
Сәкен қазақ коммунисі болып, коммунизм идеясына шын көңілімен сенгенде, Алаш қайраткерлері қазақ халқының ұлт­тық-буржуазиялық сипат­та дамуын қалаған. Сол 1920-1930 жылдардағы Қазақстан коммунистерін қазақ және кеңестік немесе одақтық коммунистер деп жіктеген жөн. Себебі Сейфуллин Ақпан төңкерісінен кейін құрыла бастаған саяси ұйымдарды қазақ комитеті және орыс комитеті деп екіге бөліп қарады. Орыс комитет­тері әлі де патша отаршылдығы кезіндегі Ресей үстемдігінен айрылғысы келмегендіктен болар, сол уақыт­та Сәкендер қазақ жұмысшыларын өз алдына жеке мүддесі бар саяси күш деп таныды. 1925 жылы Голощекин қазақ коммунистерінің саяси күш ретіндегі рөлін төмендетіп, оның орнына қазақ ішінен орталыққа көнетін, Мәскеуге бағынатын, соларға адал одақтық коммунистерді шығаруды көздеді. Сонымен қатар қазақтың асыл мүддесін қорғаған ұлтшыл коммунистерді жоюды жоспарлады. Солардың қатарында Сәкен де репрессияға ұшырады. Ақмолада абақтыға жабылған большевик қазақтардың қатарында Сәкен
Сейфуллин де бар. Ульянов-Ленин ұлт­тық ортадан шыққан ұлт коммунистерінің болуын қолдаса, Аллилуев-Сталин (Джугашвили) әр түрлі халықтардың ұлт коммунистерін жоюды іске асырды.

Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір