АҚ ПЕН ҚАРА
09.10.2023
418
0

Қазақ жұртында кенжелеу қолға алынған фотография саласын, жалпы фотоөнер мәдениетін дамытуға атсалысқан қайраткерлеріміз саусақпен санарлықтай ғана. Осы үркердей топтың бел ортасынан табылған фотожурналистің бірі Сайлау Пернебаев болатын. Қырағы көз кадр иесі қай жанрда да жұлдыздай жарқырағанын көзін көргендер аңыз қып айтады.

 

Таяуда қазақ фотожурналистикасын дамытуға елеулі үлес қосқан, бар ғұмырын осы салаға арнаған Сайлау Пернебаевтың Алматыдағы Ұлт­тық кітапханада «Ақ пен қара» ат­ты кітабының таныстырылымы өт­ті. 85 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген кітапқа ел шежіресін фотоөнермен өрнектеген туындылары мен фототілші жайындағы естеліктер еніпті.
Танымал саясаткерлердің, ақын-жазушылар мен өнер адамдарының, ғарышкерлер мен еліміздегі әр саланың үздіктерінің сурет­тері енген жинақтың шығуына бар күшін салған – Сайлау Пернебаевтың шәкірті, қазір өзі де ұстазға айналған Асылхан Әбдірайымұлы: «Фотограф арқылы тарих қойнауына кеткен әр сурет­тің өзіндік ерекше тарихы бар. Біз, сол сурет­тердің сапасын бұзбай жеткізуге, әр естелікті қамтуға тырыстық. Бұл 85 жылдықтың қарсаңында шықса, келесі жылы тағы бір кітапты шығаруды жоспарлап отырмыз. Ол кісінің соңында қалған мұрасы 3-4 кітапқа жүк болатындай өте мол. Осы бастаманы қолдаған жарына, ұлдары мен қызына ерекше алғыс айтам», – дейді.
Ал кітаптың «Ақ пен қара» аталуына Сайлау Пернебаевтың кезінде айтқан сөзі себеп болыпты. «Көп жұрт қара түсті сурет­тердің қадірін біле бермейді. Карл Маркс, Энгельстердің сурет­тері қазіргі заманға дейін жет­ті емес пе? Шерағаң өзінің 70 жылдығында маған: «Баяғыда қара түсті суретке түсіруші едің ғой, соған түсірсейші», – деді. Тесіліп бетіне қарап едім: «Шын айтып тұрмын», – деді. Рас, қара түсті сурет­тердің ғұмыры ұзақ болады. Ал, түрлі-түсті сурет­тердің өмірі 20-25 жыл ғана. Одан кейін қағазының өзі ғана қалады», – депті фотограф.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір