БҰҰ, бетіңді бері бұр!
12.06.2023
234
0

Елорда «Астана» халықаралық фору­мына келген 400-ге жуық мәртебелі мейманды қарсы алды. Жиналған қауым жік-жікке бөлінген жаһанды ынтымақтастыққа шақырамыз деп келді. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетика мен экология саласындағы қордаланған түйткілдер де форум барысында сөз болды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан ке­йін құрылған БҰҰ-ның құрамында 193 мемлекет бар. БҰҰ – мемлекетаралық қатынастарды бақылап отыратын іргелі ұйым. Осы ұйымның қызметін Орталық Азия мен Ауғанстанда дамыта түсу үшін ҚР президенті «Астана» форумында орынды ұсыныс жасады.
«Орталық Азия туралы айтар болсақ, біз оның қазірдің өзінде халықаралық ынтымақтастық үшін мол мүмкіндіктері бар аймақ екенін есте ұстауымыз керек. Орталық Азиядағы әріптестерімізбен бірге аймақты одан әрі дамыту мақсатында өзара саяси іс-әрекетті нығайтуға және экономикалық байланыстарды тереңдетуге ниеттіміз. Біз тату көршілік қарым-қатынастарды сақтауға және ынтымақтастықты әртараптандыруға бейілдіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл тұрғыда маңызды табиғи және ауыл шаруа­шылығы ресурстары, адами капиталы және транзиттік әлеует ескерілгенін айтты.
«Біз – Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы аралық нарықпыз. Біз климаттың өзгеруі, Арал теңізі, су ресурстарын ұтымды пайдалану, шекараны делимитациялау, экстремизмге қарсы күрес және аймақ ішіндегі сауданы кеңейту мәселелерін қамтитын өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстарды жалғастыруға ниеттіміз. Сондықтан Алматы қаласында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаты жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды деп есептейміз», – деді Президент.
Жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, БҰҰ-ның ОА-ға келіп орнығуы аймақтың қауіпсіздігі үшін де аса керек болып тұр. Агрессорлық пиғылын анық танытып, айналасына жауыға қарап отырған елдердің қазіргі арандатушы қимылдарын қарап отырсақ, бізге БҰҰ-ның бейбітшілік миссиясына сүйенуге тура келетіні анық.
ҚР Президенті өте ұтымды ұсыныс жасады. Орталық Азияға бетіңді бұр, БҰҰ! 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір