ҒИБРАТЫ МОЛ ӘҢГІМЕЛЕР
13.06.2023
747
0

Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, көрнекті жазушылары­мыздың көпшілігі қысқа да, қиын әңгіме жанрын мөлдірете жазған. Және қалай жазған десеңізші! М.Әуезовтің, Б.Майлиннің, Ғ.Мүсіреповтің, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбайұлының, Қ.Жұмаділовтың, Ә.Таразидың, С.Мұратбековтің, Р.Сейсенбаевтың, О.Бөкейдің, Т.Нұрмағамбетовтің, Д.Исабековтің, Қ.Қазиевтің, т.б. сөз зергерлерінің әңгімелері – сөз жоқ, қазақ әдебиетінің үлкен олжасы.

Тілі шұрайлы, тұщымды әңгіме оқысам, жаным жадырайды. Көңілім аспандайды! Өйткені сюжеті шымыр, бас аяғы жып-жинақы, айтар ойы анық әңгіме ойлы оқырманды әуезді әннің қайырмасындай шалқар сезімге бөлейді.
«Әңгіме – ұзын-қысқалығына қарай он минут­тан бір сағатқа дейін оқып бітіруге болатын, әбден аршылып алынған бір-ақ нәрсе, бір ғана оқиға, немесе бірігіп кеткен бірнеше оқиғалар тізбегі туралы жазылған шағын шығарма дейді атақты ағылшын жазушысы Сомерсет Моэм. – Әңгімені ешнәрсе қосуға да, алуға да болмайтын етіп жазу керек.»
Ал танымал ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов бүй дейді:
«Жақсы әңгіме!..
Ол – бес жүз бет роман емес; көлемі бес-ақ бет болуы мүмкін. Оны оқып шығу үшін бір жеті керек емес, бір-ақ сағат жетуі мүмкін. Жұмыстан бос, демалыс сағат­тарыңызда қолыңызға алып, қызыға оқып, қызғана қадалып, көз алмай, толқына тебіреніп отыру қандай рақат!
Жақсы әңгіме шебер жазушыдан туады. Өмірдің бір ғана бөлігін жарқ еткізіп, жайып тастап, оқушының көз алдына қилы-қилы мінездің адамын алып келіп, жақсысына сүйсінтіп, жаманынан түңілтіп отыру – қандай шеберлік.
Біреулер былай дейді:
– Үлкен жазушылар әңгімені ұсақ нәрсе деп қарайды, оған мән бермейді, менсінбейді.
Қате пікір! Әңгіменің шағын жанр екені рас, бірақ ол ешқашан «ұсақ нәрсе» болған емес. Керісінше, ең бір ірі нәрсе! Тамаша талант­тың, қабілет­тің, шеберліктің жемісі. Әдебиет тарихы осыны көрсетіп отыр…»
«Атамұра», «Алматыкітап», «Аруна» баспаларынан өзге баспалардан шыққан кітаптар қазір дүкенге көп түспейді. Жарыққа шыққанын мерзімді баспасөз арқылы ғана білеміз. Мемлекет­тік тапсырыс бойынша жарық көргендері кітапханаларға тегін таратылады.
2017 жылдан бастап, Мәдениет және спорт министрлігі шығарған кітаптардың таралымы 5 мың данаға жет­ті. Бұл орайда «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газет­тері мен «Жұлдыз», «Жалын», «Адырна» журналдарына айтар алғысымыз шексіз. Көркем шығармаларды үзбей жариялап келеді. Біз әдебиет сыншысы емеспіз. Дейтұрғанмен, соңғы тоғыз-он жыл бедерінде түрлі басылым бет­терінде жарық көрген бірқатар әңгімелер жайлы сөз қозғағанды жөн санадым.

* * *

Төлеген Қажыбаевтың – «Қараой қайғысы» «Қазақ әдебиеті» газетінде (29.11.2013) жарияланған.
Өткен ғасырдың басындағы орыс ойраны, Сібірді өз билігіне көшірген «жарты патша» – Колчактың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болып тұрған кез­дегі Омбыға тақау Жарқамыс ауылына салған ылаңын оқығанда төбе шашыңыз тік тұрады! Қолдарындағы азын-аулақ малын бағып, өлместің күнін көріп, «шықпа жаным шықпа» деп отырған отыз үйлі қазақ ауылынан казактар мініс атын сұрайды. Сіңірлеріне ілінген момын қазақ жоқ ат­ты қайдан тауып берсін.
« – …Онда біз былай істейміз. Сен екеуің анау шілік ішіне тығылған қызды алып келіңдер. – Бастарына бастыра киінген ақ папахалы қос казак ат­тарын борбайлатып, ауылдың ық жағындағы тал-шілігі ұйыса өскен шұбарға қарата тасырлатып шаба жөнелген.
Үйінен атып шыққан Әуесек кемпір мыналарды қарын тартқан терезеден бақылап тұрса керек, қотанды басына көтеріп дауыс салды. Қотанға шығуға жасқанып тұрған жарқамыстықтар әр тұстан қылтиып, төбе көрсеткен. Зифа да екі ұлын жетелеп, көк арбаның қасына келген.
– Зейнолла-ау, анау ит­тер Ақборыққа кет­ті ғой. Масқара болмасақ жарар еді, – деген Әуесек кимешегінің шалғайымен жасы сорғалаған жүзін сүрткен болды…»
Қос салт ат­ты казактардың жас қыз Ақборықты дедектетіп айдап келуі, адамшылықтан безген жирен мұрт Усовтың қызды жәбірлеуі, қыздың әкесі Зейнолланың Усовты кеспелтек ағашпен құлақ шекеден салып өтуі, Зейнолла мен Зейнолланың екі ұлын қанішер казактың винтовкамен атып кетуі, сол күні қос құлынын қос қапталына алып Зейнолланың бір қабірге жерленуі, абиыр-бәкірінен айырылып қорланған Ақборық арудың қораға барып асылып өлуі – жүрек сыздатып, жанардан жас тамшылатады. Жарқамыстықтар жағаларын ұстады! Бұдан артық қатыгездік болмас, сірә!..
Арада біраз уақыт өткен. Қаңтар айының боранды күндерінің бірінде үш әскери адам тағы да Жарқамысқа, ауыл шетіндегі тоқал тамда отырған қос жесір Әуесек кемпір мен Зифаның үйіне келіп қонады. Жендет Усовты Зифа қапысыз таниды, таниды да кек қайтаруға бекінеді. Орайы келген сәт!.. Отағасы мен қос құлынын жер жастандырған Усоф пен үш қанішерді түн ішінде ұйықтап жатқан жерлерінде балтамен жайратып салады қайсар әйел.
Ертеңінде Омбыдан шыққан қызылдар отряды бір жетіден бері сытыла қашқан Усов пен екі әскериді тұтқындауға Жарқамысқа жетеді.
«Қараой қайғысындағы» оқиғалар тізбегі көз алдыңызға кино көргендей елестейді. Әңгімедегі автордың шұрайлы тілі, қорғансыз, момын, көнбіс, кедей қазақтар мен кеуделеріне нан піскен тәкап­пар, тасыр, жауыз казактардың, оның ішінде жирен мұрт Усовтың характерлері айрықша дараланған. Бұл жазушы шеберлігі.

 

* * *

Нұрдәулет Ақыштың «Байлар кварталында» әңгімесінің («Жас Алаш», 31, 22.04.2015) тақырыбы айтып тұрғандай, дәулетіне мастанған «Джиптегі» тоғышар әйел, күзетшілік жұмыстарынан айырылып қаламыз ба деп жағымпазданған тайғанақ жігіт­тер, пара алуға дағдыланған кейбір полицейлердің тірлігі тамаша бейнеленген.
Ұсақ-түйек сауда жасап үйелменін асырап отырған Омарбай тау жақтағы базарға бара жатқанда, «анда-санда көк түтінді бұрқ еткізіп қойып» салдырлаған ескі «Газ – 2410» маркалы машинасы кенет біреу тас төбесінен қос қолдап ұрғандай селкілдей барып, тұрды да қалды. Мотор от алмайды. Аң-таң күйде жалма-жан газды басып, кілт­ті қанша бұраса да өкпесі өшкен ескі машина міз бағар емес. Енді капот­ты ашып тексеріп, ақауын іздеу керек. Тас жол бойымен арлы-берлі зулап өтіп жатқан иномаркаларға қызыға қарайды. «Бұл не фокус? Айда, марш!» – деген зілді дауыс гүж ете қалды кенет. Кеуде тұсында «Күзетші» деген жазуы бар униформалы жігіт ағасы екен. Сөйтсе, салтанаты келіскен бірінен-бірі өткен кот­тедждер қалашығы – байлар кварталының маңында бір минут аялдауға болмайды екен. Жылдам кетуі керек. Дікеңдеп, дауыс көтерген күзетшіге машинаның бұзылғаны, мотордың от алмауы дәлел емес. Неге бұл жерге тоқтайды? Тіпті террорист болуы да мүмкін-ау Омарбайдың.
Шыр-пыры шыққан Омарбай ақталып-ақ жатыр. Сол сәт­те мигалкасы безектеп, полиция машинасы жет­ті. Кот­тедждегі байлардың біреуі шақыртыпты. Омарбайдың ескі «драндулетін» былайырақ итеріп апарып тастаған полицейлер, өзін машинаға отырғызып, қаладағы бөлімшеге алып кет­ті. Апарып тергейді, протокол толтырады. Аңқау Омарбай полицейлерге сыйлық беріп құтылмаққа әрекет жасайды. Машинасындағы бір жәшік алқорыны ұсынады. Оны місе тұтпайды аналар. Ақыры полицейлердің сөз ләмінен пара беру керектігін түсініп, бес мың теңге береді. Азырқанса да жып еткізіп қалталарына жытырып жібереді қызыл жағалылар. Жазушы шап-шағын оқиға арқылы сөз түсінбейтін, кекірейген, сірескен жағымпаз күзетшілердің, тойынған тоғышар байлардың, пара алып дағдыланған жылмақай, екіжүзді полицейлердің бет-бейнесін ғажап сурет­теген.
«Байлар кварталында» – бүгінгі күнгі, өкінішке қарай, қоғамда жиі кез­десетін кейбір екіжүзді адамдардың кескін-келбетін, адамшылықтан алыстаған, имандары әлсіреген, жүректері кірлеген, ұят­тан безген тірліктерін көрсетуімен құнды әңгіме.

 

* * *

Серік Асылбекұлының «Дүние жарты» («Қазақ әдебиеті», №10,13.03.2015) ат­ты автобиографиялық әңгімесін – кейінгі жылдары жарық көрген тамаша әңгімелердің бірі дер едім.
Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы хақында шыққан шығармалар біршама. Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерін», Мамытбек Қалдыбаевтың деректі туындыларын оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Ал «Дүние жарты» өз айтары, өз идеясы, өз ойы бар бітімі бөлек туынды.
Автор батыр Баукеңнің өзіне тән мінез-құлқын, ешкімге ұқсамайтын дара жаратылысын аса сыршылдықпен нәзік сурет­тейді. «Жалын» баспасынан шыққан «Адам қайраты» аталатын майдан тақырыптарына арналған су жаңа новеллалар мен әңгімелер, естеліктер кітабының сүйінші данасын үйіне апарғанда, Баукең қуанудың орнына мұқабадағы түрі еуропалық солдат­тың суретін көріп, үстелдің үстіне лақтырып жібереді.
« – Мынауың тап-таза еуропалық, – деді қарт батыр. – Орыс па, поляк па, молдован ба, әйтеуір қазақ емес. – Сонан соң қайтадан маған шүйлікті: – Ал осы кітапты көз майын тауысып жазған және осындағы шығармалардың басты кейіпкерлерінің бірі – гвардия полков­нигі Бауыржан Момышұлы кім?!
–Қазақ, – дедім енді-енді бірдеңелер миыма жете бастаған мен тұқшиыңқырап кеткен еңсемді қайтадан тіктеп…»
Кітап мұқабасындағы еуропалық солдат­тың суреті өз ұлтын жанындай сүйетін, намысқой, рухы биік, батыр Бау­кеңнің жанын жаралады. Тіпті алдына келген дәмді асқа да тәбеті соншалықты шапқан жоқ. Дәл сол кез­дері, екі-үш айдан бері Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылғанына 250 жыл толуына ат шаптырып ұлан-асыр той өткізуге дайындық жасап жатқан іс-шара да жүрегіне шаншу болып қадалған.
Әсілі қазақтың көрмеген құқайы аз ба? 1932 жылы айдың-күннің аманында тең жартысы қолдан қасақана жасалған аштықтан қырылды. 1937-38 жылдағы нәубет ше? Қайсыбірін айтарсың…
Жазушы С.Асылбекұлы әңгімені Баукеңмен, Жәмила апаймен қоштасып, өз үйіне қайтқан соң бірден аяқтай салмаған. Ойланған, толғанған, біреу кірпіктерінің арасына тіреу қойып кеткендей түн ортасына дейін төсегінде әрі-бері дөңбекшіп ұйықтай алмаған. Автордың мұңды көңіл күйін сол түнгі ауа райының құбылысы, үйдің қаңылтыр шатырын тырсылдатып, жаңбыр жауа бастағаны да әрлеп, аша түскен, одан әрі дамытқан, Бауыржан Момышұлының: «Беспечность, трусость нации в конце концов приводит к ее гибели. Неужели так трудно понять вот такую очень простую истину?!» деген сөзі жан дүниесін астаң-кестең еткен. Сойы бөлек, көп қазақтан оқшау, көкірегіндегі намысы алдаспандай өткір, ақылы дариядай шалқар, жаны гүлдей нәзік осы бір қарт батырдың армандары Алатаудай тым асқақ, әз наурыздың ұлпа қарындай тым-тым ап­пақ екендігін пайымдайды автор.
Неге дүние жарты? Әлде, бұл қу дүние дегеніңіздің өзі бар болғаны бір жартыкеш нәрсе ме екен? Кім болжап, білген? Хәкім Абай төртінші қара сөзінде: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш (іс-әрекет) болса керек» дейді.
Бір басына атақ-даңқы жетерлік батыр Бауыржанға не жетпейді? Жетпейтіні сол, туған елінің бодандығы, басында азат­тығы жоқтығы жанына батады. Кешегі қан-қасап майданда Ресейдің жүрегі Москваны жаудан қорғап қалған, сол үшін бойындағы қызыл қанын аямаған жауынгерді уайым-қайғы мүжіп қана қоймай, миын шаншиды, жүрегі аласұрады. Қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдау, жарасын емдеуге зәредей болса да үлес қосуды парызым деп санайды. Мұндай мақсат-мұрат­ты кешегі Алаш арыстары да, батыр бабаларымыз да көкседі, туған елінің азат­тығын аңсады, сол жолда жандарын қиды. 

 

* * *

Елеусіз Мұратовтың «Құл» әңгімесін («Жалын» журналы, №11. 2014) бей-жай отырып оқи алмайсыз. Қазіргі қоғамдағы ардан безген, ақша табудың артына шам алып түскен пенделердің кескін-келбетін айқара ашқан. Болған оқиғаны боямасыз сурет­теген, қорытындысын оқырманға қалдырған.
Он бес жыл бұрын бала-шағасына нәпақа іздеп ауылдан қалаға келген Жоламан айдың күннің аманында отбасынан тірідей айырылып, құлдыққа түсемін деп ойлады ма? Сегізіншіні әрең бітіріп, берісі өз ауылы Ақбұлақ, әрісі аудан орталығынан ұзап шықпаған, қалтасындағы құжат­тары мен азын-аулақ ақшасынан айырылып, дымсыз қалған Жоламан полиция бөліміне түседі.
« … – Сені не істесем екен? – дейді капитан шеніндегі жас жігіт. – Әгәрәки хат­тама толтырсам, көзің бозарып, он бес тәулік қамауда жатасың. Жоқ, мен саған бір жақсылық жасайын, қанша дегенмен қазақ емеспіз бе? Тауда мал бағатын ағайымның қора-қопсысы бар еді, соны салып берсең қайтеді, ақыңды жемейді. Одан кейін ауылыңа өзім шығарып саламын…»
Адам баласына сенгіш, аңқау Жоламан алданғанын қайдан білсін? Сарыбай таудың қуысындағы қыстауға алып келгенде жағдайдың мүлдем басқаша екендігін бірақ біледі. Сабырбаевтар әулетінің кішісі Сарыбайдың айтуына қарағанда полиция бұны 3 мың АҚШ долларға сатқан екен. Сөйтіп, аяушылық дегенді білмейтін ожар, еңгезердей Сарыбайдың қойшысы болып шыға келеді. Қой соңында жүрген Жоламан екі-үш мәрте қашуға оқталып еді, басқан ізін аңдып, үйдің төбесінен дүрбі салып, бәрін бақылап отыратын Сарыбай адымын аштырмай, өлімші етіп сабап тастады. Соңғы рет қашқанында қата тиген қамшы көзін зақымдады ма, зағип болып, әп-сәт­те жанын сипалап, қарманып қалады.
Әңгіме соңында отыз бес жастағы жігіт ағасы дегенге кісі сенбейтін, бойында қырым еті қалмаған, сақал шашы ағарған Жоламан туған ауылына оралды. Алғаш жолыққан Әукен шал Жоламанды құшақтап, жылап көріседі. Жерлестері бұны әлдеқашан жерлеп, жаназасын да шығарып қойыпты.
Жалғыз ұлы Ұласбек үлкен жігіт болыпты, жақында үйленіпті. Ал келіншегі Күміс күйеуінің жолына қарайлап жүріп, осыдан бірер жыл бұрын тұрмысқа шығыпты.
Бейшара Жоламан Ұласбек ұлының көз алдында, бір жылдан соң дүние салды. Тайқы тағдырына мойынсынған, ылажсыз көнген, көнбіс, момын адамның өксікті өмірі қат­ты әсер етіп, жүрегім шаншыды…

* * *

Рахымжан Отарбаевтың «Бәтидің бағы» («Егемен Қазақстан», 20.10. 2017) әңгімесін рахат­танып оқыдым. Әжуә-мысқылы сұмдық! Кеңес одағы кезіндегі «ләббай-тақсыршыл» аудан басшыларын өлтіре сынаған! Жағымпаздықтан жарыс өтсе, осы Қызылқамыс ауданының басшылары бас жүлдені қанжығалар еді!..
Сонау жер шеті – ықтасында жатқан елге Қазақстан басшысы Колбин келеді екен. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат­тыққа өтуге. Сол-ақ екен, аудандық партия комитетінде қызу қарбалас басталды. Болашақ депутат­тың кандидатурасын қолдап сөйлеуге шешен адамдар керек. Және бір өңкей қазақтар сайрап қана қоймай, бір орыс ұлтының өкілін де қосқан ләзім. Жиналыс соңында бір ақсақал бата беруі тиіс!
Райком хатшысы Есен Наушаевичта ес қалмады. Бюро мүшелерін түн ортасында қайта жинаған. Үлкен адамды қарсы алу оңай емес. Бәрі тап-тұйнақтай болуы керек. Ұлы орыс ұлтының өкілін табу қиынға соқты. Нюра есімді жеңгеміздің өмірбаяны келмейді. Бірнеше күйеуге шыққан. Калининградтан Сахалинге, одан Украинаға кеткен. Одан соң бір жігітпен тағы бас қосыпты. Ол ішіп кетіп, іссапарға барған біздің ағамыздың етегінен ұстапты. Әрі орыс­шаға шорқақ. Өз тілінде балағат сөзге жүйрік. Қасындағы қазақтарға орысша боқтауды үйреткен де сол жеңгеміз – Нюра! Енді не істеу керек? Жалғыз ғана қуаныш – Нюра Колбиннің жерлесі болып шықты!
«… – Құрып кетсін! Клубқа жолатпаңдар! Пәлесі жұғар.
– Бір қаладанбыз. Барамын, қолын аламын деп тәуір көйлегін киіп, үстіне әтір сеуіп отыр. Енді қайт­тік?
– Таңнан қалдырмай облыс орталығындағы санаторийге жолдама беріңдер де машинаға салып жіберіңдер.
– Ол путевканы әлгі қырсық Алсаевқа бер дегеніңіз қайда? Бірақ ол Есентукиге болмаса бармаймын, Колбиннің өзіне айтар құпия сырым бар деп келіп кеткен…»
Дау-дамай, ұзақ керістен соң Колбинді қарсы алуға дайындық ыңғайланған сияқты еді, қай шопанның үйіне түседі деген мәселе тағы кесе-көлденеңдеді. «Ленин» орденді шопан Жәсеннің үйі ылайық болғанымен, әйелі Бәти таңқы танау, алакөз, мінезі де шәлкем-шалыстау. Көкдолының өзі, ашуы бетіне кілкіп шығып тұрады. Бір көзі қыли. Далаға қарайды. Ылғи шыныаяқты шатастырып отырады. Әрі жәй отырмайды, жан-жағына түкіріп отырады. Үлкен кісі ұшынып кетуі мүмкін…
Райком хатшысынан бастап бәрінің бастары қат­ты. Алақай! Табылды! Аудан орталығында орыс тілінен сабақ беретін орта мектептің мұғалімі, жасы қырыққа келіп қалған кәрі қыз, отырыстың гүлі, әдеміше келген құмырсқа бел, төңкерілген қозы құйрық Әлима «уақытша» Жәсеннің әйелі болады. Әрі Әлиманың әншілігі де бар. Ал Бәти болса қазан-ошақ жақта жүрсін. Қонақтар жаққа оның аяғын қия бастырмау керек. Байлау осы болды.
Ертеңінде түс ауа екі-үш тікұшақ Қызылқамыс ауылына кеп қонған. Келісілген сценарий бойынша сыйлы қонақты қарсы алу басталып кетсін. Бәрі ойдағыдай! Пионерлер қызыл галстуктері желбіреп, қақ жарылып күлімдеп тұр. Аудандағы «Ақ жайнақ» ансамблінің әнші қыздары әр қонаққа иіліп гүл ұсынған.
Жүз саулықтан 132 қозы алған озат шопан Жәсен үйінің төріне озған сәт­тен бастап Колбин риза кейіпте. Тура қаладағыдай тұрмыс. Бәрі бар. Үй іші жып-жинақы, жайнап тұр! Озат шопанның жұбайы Әлима майысып шәй құя бастады. Өзі көрікті әйел екен! Неткен үйлесім! Биыл Әлима ханымды Еңбек Қызыл Ту орденіне ұсынсын! Колбин өзі қолдайды! Аздан соң әдемі әйел Әлима сызылтып ән салсын! «Ақ жайнақ» әні кет­ті әуелеп!
Бұл әңгімелер Бәтидің құлағына жетсін. Ызаға булығып отырған Бәти орнынан тұрып төргі бөлмеге ұмтылған. Екі жігіт жолын бөгеді. Бөтен кісіге кіруге болмайды. Протокол бойынша жұбайы үй иесінің жанында отыр.
Апырым-ай, не сұмдық бұл?! Жыл он екі ай азапты Бәти көреді де, орденді Әлима алады. Шәйді де сол құйып, атақ-абыройға бөленеді! Көрсетейін сендерге! Бәтиді білмей жүр екенсіңдер?!
«Аула ішінде қараң-құраң кісі көрінбеді. Борбайлап кеп ошақта лаулап жанып жатқан отқа жүгініп отыра қалған. Резеңке бауы босап кеткен дамбалын сыпырып жібергені сол еді… Шар еткізіп… Долылық қысқанда шыдата ма, алысқа шап­шыды. Себелеген зәр таусылып бітсе екен-ау. Тезек шоғы аз-кем күл көтерді де, сөне берді…»
Сөйтіп, ошақ оты сөнгендіктен, ас піспей, ет желінбей қалды. Тастай. Қамыр да салынбаған… Әдейі біреу су құйған сияқты… Райкомның бірінші басшысы бастаған аудан басшыларын ұятқа қалдыру үшін…
Бір қызығы, сол жер… әзіл ретінде басталса да, бара-бара «Бәти сиген» атанып кет­ті…
«Жағымпаздық жарға жықты!.. Қазақ қайда бара жатыр?.. Не істейміз?!.» – деген сұрапыл сұрақ қояды автор.

Толымбек Әбдірайым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір