КҮШТІЛЕРДІҢ КҮШІ (Әңгіме)
07.06.2023
2627
0

Алаш қайраткері, біртуар жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы Джек Лодонның 1910 жылы «Хэмптон» журналында жарық көрген «The strange of the strong» ат­ты шығармаcын «Күштілердің күші» деген атпен аударыпты. Алаш ардақтысы: «Көркем әдебиет­тің көркеюі үшін Еуропаның таңдаулы өнерпаздарынан үлгі алуымыз қажет. Бөгде әдебиет­тен қорқуға болмайды. Ең болмаса өз бойымыздың өскенін өзгеге теңестірсек байқаймыз, артқыға қарап шүкір, алдыңғыға қарап пікір етеміз…» дейді. Сондықтан көркем аудармаға әр әдебиет­танушы, оқырманынан бастап, ғалымына дейін зер салу қажет. Себебі көркем аударма мәдениет­тер арасындағы ерекшелік пен қатар адам жанының ең түпкі көзге көріне бермейтін хал-ахуалынан хабар беретін, рухани таным жолындағы индикатор. Кешегі Америкада қырылып қалған үндіс тайпаларының тағдыр тарихында үлгі боларлық һәм ескерерлік түрлі мәселелер болуы мүмкін. Әсіресе көркем аудармадағы «Біз есер халық болдық, біз күштілік сырын білмедік…» – деп, насихат сөзін немерелеріне баяндайтын Теке сақалдың әр сөзінде, әрекетінде сөз зергері Жүсіпбек Аймауытұлының қазақ баласына қарата айт­қан жан сыры, өсиет сөзі жатқандай. Ал түпнұсқа мәтінде қолданылған «tribe», «тайпа, ру» сөзінің «ел, халық, жұрт» деген сөзбен алмастырылуы осы ойымыздың дәлеліндей.

Джек Лондон

Теке сақал әңгімесін бөліп, майлы бармақтарын жалап, аюдың сабалақ терісі жабылған жалаңаш бүйі­ріне қолдарын сүрт­ті. Оны шырайын ала үш жас немерелері: Бұғықуғыш, Сарбас, Түндеүркек жүрелерінен отыр. Үшеуі үйелмелі-сүйелмелі, біріне-бірі сойып қаптағандай бейнелес. Олардың кигені борбайына әрең жеткен тағы аңның терісі. Бұлар – ашаң келген, қырыққан серке борбайлы, имек аяқты, денесі сымбат­ты, таза кеуделі, алып білекті, бақан бармақты көк өрімдер еді. Олардың білек, қол, аяқтың сырты көдедей түк басқан. Туғалы ұстара тимеген шаштары жөпшенді бүркіт­тей қоқиып, кейбір шашыранды кекілдері құстың көзіндей жылтыраған, моншақтай тосырайған қара көздерін жапқан. Көздерінің арасы тар, бет сүйектері талпақ, сом темірдей жақ сүйектері алдына қарай итінген.
Судай тұнық жұлдызды түн еді. Төменде жота, оның ар жағы тізбектелген нулы адыр. Көкжиекте елі тауы қызыл таңдақтай нұр шашып, түу сыртында абжыландай аузын ашқан қара үңгір оқта-текте ызғарлы желін жіберіп қояды. Қарсы алдарында от маздайды: Анадай жерде жарым-жартылап жеген аюдың жемтігі, оның төңірегінде кейін-кейін шегініп қасқыр сынды алпамсадай барақ төбет­тер жатыр. Ер бас сайын жатқан садағы мен оқтары, кісінің басындай шоқпарлары жатыр. Үңгірдің аузында тысқа сүйеулі бірнеше солапат сүңгілер тұр.
Әлден уақта теке сақал сақалын теңсеп:
– Біздің үңгірден көшіп, ағашты мекендеген себебіміз сол, – деді.
Өткендегі әңгіме естеріне түсіп, немерелері де естияр балаларша, қарқылдап күлді. Теке сақал өзі де күліп жіберді. Күлгеннен танауына өткізген жіңішке ұзын зересі селкілдеп, билеп, түрін бұрынғыдан бетер сұмпайы қып жіберді. Шынын айт­қанда, жоғарыдағы сөзді ол сөйлеп білдірген жоқ, бірнеше аңдай ыңыранып, ұлыған дыбыспен сездіріп еді.
– Дария жағасы жайынан менің бірінші есімде қалған нәрсе осы, – деп Теке сақал әңгімесін аяқтамақ болды. – Біз есер халық болдық, біз күштілік сырын білмедік. Өздерің ойлаңдаршы, әр үй өз алдына өз қамын жеп күнелт­ті. Біз отыз қара үй іші едік, бірақ бірімізге біріміз қонаққа бармаймыз. Ағаштың басына сабаннан үйшік істедік, астыңғы жағына сөре жасап, оған тас үйіп қоямыз. Кімде кім бізге келсе, басына тасты жаудыруға әзірлеп қойғамыз. Және садағымыз, оғымыз да бар. Басқа үйлерден ағашының астына әсте аяқ салған емеспіз. Бір күні менің інім Буық дейтін қарт­тың ағашы астына барып қалып, қарт басын жарып өлтірген.
Шал Буық ересен күшті еді. Жұрт оны үлкен кісінің басын кеудесінен жұлып алады деп аңыз қылушы еді. Мен оның соншалық қайратын көргем жоқ, өйткені оны сондай ашуландырған адам да болған жоқ. Әкем де одан сақтанып жүруші еді. Бір күні әкем дарияның ар жағына кетіп, Буық біздің шешемізбен байланысты. Шешем тез қашып құтыла алмады, өйткені соның алдында ғана таудан жеміс теріп жүргенде, аяғын ай қиратып кетіп еді. Буық шешемді ұстап алып, ағашының басына әкет­ті. Шешемді әкем қайтып ала алған жоқ, Буық шалдан қорықты. Әкемді көрсе, түсін суытатын еді.
Оған әкем онша ренжіген де жоқ. Біздің арамызда Дырауқол деген бір алып болды. Ол барып тұрған балықшы еді. Бір кез­де шағаланың жұмыртқасын алам деп жүріп, жартастан құлап, мертікті. Содан қайтып оңа алмады. Қат­ты жөтеліп, жауырыны доғаша бүкірейіп кет­ті. Сонсоң Дырауқолдың қатынын әкем тартып алды. Соңынан бізге келіп, біздің ағаштың астында жөтеліп тұрар еді. Әкем ашуланып таспен атар еді. О кез­дегі біздің салтымыз солай болушы еді. Күштерімізді біріктіріп, күшті болуды білмеген едік. Сонда Бұғықуғыш отырып:
– Ағайынды екі жігіт біреуінің қатының бірі алатын ба еді? – деп сұрады.
– Басқа ағашты барып мекендесе, әрине, алатын еді.
– Біз өтпейміз ғой, – деп мына жақтан Түндеүркек қоя берді.
– Өйтпейтініміз – сендердің аяларыңа мен ақыл үйреткемін.
Теке сақал түкті қолын аюдың жемтігіне сұғып бір уыс май алып, томсарып сора бастады.
Қолдарын жалаңаш бүйіріне сүртіп болып, әңгімесін тағы қозғады:
– Менің сендерге айтып отырғаным, алдақашанғы ақымақ кезіміздегі болған істер ғой, – дегенде:
– Иә, сендер ақымақ болыпсыңдар,– деп Бұғықуғыш жүктеді. Сарбас «оның рас» дегендей қорс ет­ті.
– Солай болғаны рас. Біздің ақымақтығымыз, тыңдай берсеңдер, одан да өткен болды. Бірақ аяқтап келгенде, есіміз кіріп еді. Оның мәнісі былай: біз балық жеушілер күшіміз бәрімізге бірдей жеткендей қылып, қосылмадық. Таудың ар жағындағы кең алқапты мекен еткен ет жеушілер аңды, балықты бірігіп аулайтын еді. Жаумен бірігіп соғысатын еді. Бір кез­де олар біздің өлкеге келді. Біздер әрқайсымыз өзді-өзіміздің ағашымызға шығып өз үңгірімізге кіріп тығылдық. Олар он шақты-ақ кісі еді. Бірақ олар бәрі бір кісідей соғысады, біз бет-бетімізбен соғысамыз.
Теке сақал көпке дейін саусағымен бірдемені сипағандай, түйіліп отырды.
– Біз алпыс кісі едік,– деді әлден уақыт­та. Оны сөзбен емес, саусақтарымен, ернімен нобайлап көрсет­ті.
– Біз рабайсыз күшті едік, бірақ оны өзіміз сезбеппіз. Сырт­тан келген он келімсек шал Буықтың ағашына өрмелеп шыға бергенде, Буық таспен атқалы үйшігінен шықты. Сол кез­де қалған жау садақтың оғын Буықтың басына жаудырды. Буық жер жастанды.
Оның артынан ет жегіштер жалғыз көздің үңгірдегі қатын-баласына тап берді. Үңгірдің аузына от жағып, өзіміздің аюдың етін қандай істейміз, олар да сондай істеп, тұншықтырып өлтірді. Оны жайлаған соң Алтыбармақтың ағашына өрмелесті. Оның өзін, ересек ұлын өлтіргенше, біз тырым-тырай болып қаштық. Жау біздің бірталай қатындарымызды ұстап қалды. Жылдам жүгіре алмаған бір екі шалды, бірнеше балаларды өлтіріп кет­ті. Әйелдерді өз жеріне, кең алқабына алып кет­ті.
Аман қалғандарымыз мекенімізге қайт­тық. Әлде зәреміз ұшқаннан ба, әлде әлсіздігімізді сезгеннен бе, болған іс туралы кеңес құрдық. Бұл біздің ең алғашқы, нағыз тұңғыш аузымызға кірді – ел болдық. Өйткені таңдайымызға татығанын бәріміз де білдік.
Ет жегіштердің барлығы – он кісі. Бір-бірінің күші он кісіге төтеп бергендей. Неге десең, олар бір кісідей қимылдайды. Олар күшін бір шұқырға жинады. Біздің алпыс жанды отыз үйіміздің күші бір кісінің күшіндей. Неге десең, әркім жеке-жеке соғысады. Біз көп дауластық. Біздің кеңесіміз қиын болды, өйткені онда бүгінгідей кеңесерлік тіл жоқ еді. Күндерден күн өткенде, Шіркей жырау жаңа сөздер ойлап шығарды. Әрқайсымыз да анда-санда жаңа сөз табатын болдық. Ақырында кеңесе келе келістік. Қатынымызды ұрлауға ар жатқан ет жегіштер келсе, күшімізді қосып, бір кісідей соғысалық деп әу дестік. Біз сөйтіп, ел болдық.

Жүсіпбек Аймауытұлы

Екі судың астасқан жеріне екі кісі қарауыл қойдық. Бұлар бірі күндіз, бірі түнде ет жегіштерді қарауылдап тұратын болды. Бұлар – елдің көзі еді. Олардан басқа он кісі қолдарына шоқпар, найза, садақ алып, күні-түні күзет­те жүрді. Ат­тан шықса-ақ олар соғысқа әзір еді. Бұрын балық аулауға, тана беруге, жұмыртқа қарауға барғанда, қару-жарақпен жүретін еді. Қай жағымнан жау келіп қалады деп, тамақ табатын күннің кебін күзетпен өткізуші еді. Енді оның бәрі өзгерді, жұрт қарусыз жүріп, бар уақытын тамақ іздеуге салатын болды. Таудан жуа, бәйшешек, жеміс теруге шықса, оларды қорғауға қастарына бес еркек қосып берілетін болды. Елдің көздері күні-түні шекарадағы торғының басында қарауылдан үзілмеді.
Бірақ тыныштық дәурен көп тұрмады: өз арамыздан бәлекет шықты. Бүліктің қара басы қашан болса да, әйелден болмақ қой, әңгіме басталды. Қатынсыз еркектер біреудің қатынына сұғанақтық қылуға айналды. Еркектер арасында төбелес бола берді. Кейде бас жарылып, кейде біріне-бірі найза сұғып өлтіріп жүрді. Қарауылда жүрген күзетшінің қатынын біреулер қарақтап қойса, қарауылды тастап, күзетші төбелеске шапты. Кейде қарауыл жігіт­тер қолынан қару түспегенге буланып, өзді-өзі жақ-жақ болып, төбелесіп, жеңілген жағы қашып, жеңген жақ дарияның жиегіне ше­йін қуатынды шығарды. Сонымен ел көзсіз, күзетсіз, иесіз қалуға айналды. Алпыс кісінің күші бірікпеді. Бізде түк күш болмады. Сол кез­де біз тағы да жиналып, кеңес құрдық. Сол кеңесте тұңғыш заңымызды шығардық. Онда мен жап-жас баламын, бірақ есімді білемін. Сондағының бәрі бұ күнгідей көкірегімде сайрап тұр. Біз күшті болу үшін бірімізбен біріміз төбелеспеуіміз керек деп ұйғарыстық. Кімде-кім кісі өлтірсе, оны ел жабылып өлтірсін деп заң шығардық. Кімде-кім асқан күшті болып, күшіне сеніп, өз елінің бір азаматын өлтірсе, не зиян келтірсе, ол адамды күші зиянды деп тауып, ел өз қолымен өлтірсін деп ұйғардық. Неге десеңіз, елдің күшіне зиян келтірсек, ел ыдырап, тоз-тоз болар еді.
Ет жегіштер бізді алғаш шауып кеткендегідей, бәріміз де әлсіз болар едік.
Қусүйек еркектің күштісі еді, заңға бағынбады. Ол өз күшіне ғана сенді. Ол Үштананың қатынын тартып әкет­ті. Үштана төбелесем дегенде, Қусүйек басын мылжа-мылжа қып кет­ті. Заңмен жүреміз деп, күшімізді біріктіргенімізді Қусүйек ұмыт­ты. Біз жиылып барып, Қусүйекті өз ағашының түбінде өлтіріп, денесін бұтаққа іліп қойдық. Неге? Жеке адамнан заң күшті екенін еліміз көрсін дедік. Өйткені заңды шығарған өзіміз ғой, ел болып жасадық қой. Сондықтан заңнан күшті ешкім болмады.
Одан басқа да талай ұрыс-жанжал, талай кептер болып еді-ау! Ай, қарақтарым, Бұғықуғышым, Сарбасым, Түндеүркегім-ай! Ел болу оңай емес қой. Ел болу қиын екен. Ұлы дау да, уақ жұмыс та өте көп болды. Соның бәрін бірдей жиылып кеңесуге елдің қолы да тимеді, қиын да тиді. Таңертең де, түсте де, кешке де, түн ортасында да жиналып, кеңес құрдық. Тамақ аулауға сөзден қолымыз тимеді. Өйткені қашан да болса, бір ұсақ жұмыс кез келмей тұрмайды. Мәселен, ескі қараушылардың орнына тыңнан екі қарауылшы қою керек боп қалады. Әйтпесе, дәйім қару асынып, тамақ табуға мұршасы келмей жүрген жігіт­терге қанша тамақ беру керек деген мәселе туып қалады.
Осының бәрін рет­теп отыратын басшы керек болды. Сол кісі кеңестің көзі болып, еткен ісінен кеңеске есеп-қисап беріп отыратын болса екен дедік. Сонымен Пыс-пысты бастық сыйладық. Ол әрі айлакер еркек еді. Ашуланғанда түз мысығындай пыс-пыс етіп, долданып ысылдаушы еді. Сонсоң, оның атын жұрт Пыс-пыс қойып еді.
Ел қорғайтын он еркекке тар өзекте тастан қорған соққыздық. Әйелдер, ересек балалар, қолы бос еркектер оларға қолқабыс қылды. Сонымен мықты тас қорған жасалды. Содан кейін ағаш басындағы, үңгірдегі үйлер қорғанның ішіне кіріп, сабаннан лашық істесіп алды. Бұл лашықтар ағаштағы үйшіктен, тастың үңгірінен әлдеқайда кең, жайлы болды. Әркімнің-ақ тұрмысы түзеле бастады. Өйткені кісі біткен күштерін бір жерге қосып, ел болды ғой. Тас қорған, күзетші, бақылаушы, басшы болған соң, аң, балық аулауға, бәйшешек, жеміс теруге жұрт­тың қолы да көбірек тиетін болды. Тамақ молайды, түзелді, ешкім ашыққан жоқ.
Жасында бір аяғы жаншылып қалып, таяқпен жүретін Үшаяқ қара бидайдың ұрығын тауып алып, үйінің қасындағы өзекке егіпті, майлы бәйшешек жемістерді де ол егіп байқапты.
Дария жағасындағы өлкені жайладық, қорған салдырдық, күзетші қойдық, тамақ-аста төк, тамаққа бола бұрынғыдай қырқысу жоқ. Біздің бұл жайымызды көрген соң, маңайымыздағы көрші өлкелердің, биік таулардың тұрғындары ағыл-тегіл бізге келе бастады. Олар сиқы адам болғанмен, тұрмысы түздегі аңдардікінен бетер қайда болса сонда қаңғырып өмір шегуші еді. Аз күнде-ақ дария өлкесі бықырлаған елге толды. Одан бұрын өзімізге қараған жерді өзді-өзіміз үлесіп алғамыз. Жер бөлуді, қара бидай егуді баста сол Үшаяқ шығарып еді. Жерді тас оматамен бөліп алу бізге бір түрлі жат көрінді. Тамақ көзден шоласыз – одан артық бізге не керек еді? Есімде бар, әкем екеуміз Үшаяқтың жерін қоршап, тастан кереге соғып беріп, ақымызға қара бидай алып едік.
Сонымен жер аз-ақ кісінің сыбағасына тиді. Бәрінен көп алған Үшаяқ болды. Өзге жер алғандар жерлерін қара бидайға, мәуелі жеміске, аюдың терісіне, балыққа сатып, диқаншыларға берді. Бұл зат­тарды диқаншылар балықшылардан тұқымға айырбастап алушы еді. Жер қалайша қолдан қолға өтіп, тарап кеткенін білмей де қалдық.
Со кез­де Пыс-пыс өліп, орнына оның ұлы Ит­тіс бастық болды. Әкем бастық болған, менің оның мұрасын басуым керек деп, Ит­тіс елге өзін еріксіз сайлат­ты. Сайланып алған соң ол әкесінен де зор ұлық болды. Әуелде ол жақсы басшы болды, қызмет­ті ынтасымен істеді. Кеңесінің арқасын күн сайын көбірек босата берді. Содан кейін дария өлкесінде тың дабыс шықты. Бұл дабыс – Түркістан еді. О баста Түркістан кім екенін де ескерген жан болған жоқ, басқа өлген адамдардың аруақтарымен сөйлесіп жүріпті. Соңғы кез­де біз оған «Месқарын» деп ат қойдық. Өйткені ол өте мешкей еді, асты көп ішуші еді. Жұмыс қылмаушы еді. Одан жаман семіріп жұмырлана беруші еді. Бір күні Месқарын: «Мен аруақтардың сырын білем, мен құдайдың екіншісімін», – деп жариялады. Ол Ит­тіспен ауыз жаласқан дос болды. Ит­тіс Месқарынға сабаннан үй салып беріңдер деп бұйырды. Месқарын үйінің төңірегіндегі нәрсенің бәріне таңба соғып, ешкімді жолатпай қойды. Үйдің ішіне құдайды орнат­ты.
Ит­тіс күннен күнге кеңестің билігін өз қолына ала бастады. «Бүйтетін болсаң, сенің орныңа басқа кісі сайлаймыз» деп кеңес адамдары күңкілдеп, кіжініп еді, Месқарын «оларыңды құдай қаламайды», – деп, істетпеді. Үшаяқ, тағы өзге жер иемденгендер Ит­тісті қолдап, жұрт­тың аузын аштырмады.
Содан кейін кеңестегі ең күшті адам – Теңізарыстаны болды. Диқаншылар оған астыртын жер берді. Тоғыздап аюдың терісін, қораптап астық берді.
Міне, сонда теңіз арыстаны Месқарынды құдайдың пайғамбары деп, оған бағыну керек деп елге жар шашты. Сондай былай Теңізарыстаны Ит­тістің оң көзі болып, оның сойылын соғып, соны жақтаушы, қолшоқпары болды.
Одан соң бізде өмірі нәр татпаған адамдай жадау, ергежейлідей тапал Қозықарын деген болды. Ол құмды өткелдің ар жағындағы өзен сағасына балық ұстайтын үлкен қақпан орнат­ты. Ондай қақпанды бұрын ешқайсымыз көрген де, болады деп ойлаған да емеспіз. Ол қақпанды Қозықарын қатын-баласымен жабылып неше күндей істеді, біз оны келемеждеп күліп едік. Ауын бітіріп алғаш суға салған күні алған балықтың көптігі сонша, оншама балықты бүкіл ел жиналып, бір жетіде де ала алмас еді. Жұрт мәз-мәйрам болды. Өзенде ау құратын тағы бір оңтайлы жер барды. Соған біз де ау салайық деп, әкем екеуміз үлкен ау тоқып едік, өзіміз соғып берген үлкен сабан үйден Ит­тіс бізге жасақ жіберді. Жасақ келіп, бізді найзамен сұққылап, «кет бұ жерден!» деп қуа бастады. «Неге?» десек, «бұ жерге Теңізарыстанның әмірі бойынша Қозықарын ау салады, Теңізарыстаны – Ит­тістің өкілі» деді.
Көп заман өзара шүңкілдесіп, ақырында әкем кеңесті шақырды. Топ ішінде әкем сөйлегелі орнынан тұра бергенде, Теңіз арыстаны садақтың оғымен әкемді өндіршектен атып өлтірді. Ит­тісі, Қозықарыны, Үшаяғы, өзге диқаншылары Теңізарыстанын мақұлдап, әкемді табалады. Месқарын «Алланың әмірі солай» деп жариялады. Содан кейін кеңестегі адамдар аузын ашуға қорықты, кеңесте тоқтады.
Доңызтұмсық деген ешкі бағып өсіре бастады. Ешкі ұстауды етжегіштер кәсіп қылады деп естіген екен. Аз күнде Доңызтұмсықтың ешкісі бір қотан болды. Егін салуға жері жоқ, балық аулауға ауы жоқ. Аштан өлуге арнаулы адамдар Доңызтұмсыққа алақайлап жалданатын болды. Оның ешкісін күзетіп, ит-құстан сақтап, таудың шиманды саласына жайып жүрді. Доңызтұмсық ешкі баққан ақысына оларға ешкінің сүтін, киім қылуға терісін, тамаққа етін берді. Ол нәрселерін бақташылар балыққа, тұқымға, дәнді жеміске айырбастайтын болды.
…Сол кез­де ақша шықты. Ақшаны Теңізарыстаны ойлап шығарып, ол туралы Ит­тіспен, Месқарынмен ақылдасыпты. Теңіз өлкесінде осы үшеуінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болуға айналды. Үш қорап­ша жеміс терсең, бірі олардікі. Үш балық алсаң, бірі олардікі. Үш ешкінің бірін оларға бересің. Сөйтіп, ел сол үшеуіне салғырт төледі. Ол салғыртпен олар күзетшілерін, әскерлерін асырады. Қалғанын өздері алып жүрді. Ел балықты көп алып, кәні болғанда, ол үшеуі де алған салғыртын сиғыза алмады. Сол кез­де Теңізарыстаны әйелдерге танадан ақша жасатқызды, ортасы тесік, дөңгелек, жып-жылтыр бірдеме. Сондай таналарды жіпке тізіп, оған «ақша» деп ат қойды.
Сондай ақшаның бір тізбегі отыз балық, қырық балықтың құнына тұрар еді. Күніне бір тізбек ақша істеп шығарған әйел екі-ақ балық алар еді.
Әйелдер балықты Ит­тістің, Месқарынның, Теңізарыстанының сыбағасынан алушы еді. Өйткені олар бәрібір өз сыбағасын жеп тауыса алмайды ғой. Сонымен бар ақша олардың қолында болды. Содан кейін олар Үшаяқ сияқты диқаншыларға тұқым, жемі орнына ақша төлейсіңдер деп әмір шығарды. Қозықарын өзіне тиесі балықты ақшадай алатын болды. Доңызтұмсық өзіне тиесі ешкі, ірімшікті о да ақшаға айналдырды.
Сонымен, пұлы жоқ, малы жоқ, жері жоқ жарлылар балалардан ақыны ақшадай алды. Ол ақшаға олар тұқым, балық, ет, ірімшік сатып алып, күн көрді. Үшаяқ сияқты бар кісілер Ит­тіске, Теңізарыстанына, Месқарынға салғырт­ты ақшадай төлейтін болды. Бұрынғыдай емес, күзетшілердің, әскер адамдарының ақысы да ақшадай берілді. Соңғылар ақшаға азық-түлік сатып алатын болды. Ақша арзан болған соң, Ит­тіс күннен-күнге күзетші, күтуші, нөгерлерін көбейтіп жалдай берді. Ақша істеу онша қиын болмаған соң, әркім-ақ ақша жасауды кәсіп қып алды. Бірақ ондай ақша жасаушыларды Ит­тістің күзетшілері найзамен оқтың астына алушы еді. Өйткені бас-басыңа сай өрлеп «елді тоздырасың» деуші еді. Елді тоздыру – үлкен қылмыс. Себебі жеті қырдың астындағы етжегіш жаулар келіп, ол шауып, қырып кетеді.
Құдайдың пайғамбары болған Месқарын Мертікбұғананы шақырып, өзіне абыз қылып сайлады. Сөйтіп, Мертікбұғана Месқарынның өкілі болды. Соның не дегенін қылды. Екеуі де өзге жұрт­ты өзіне қызмет қылдырды.

Дәл со сияқтанып Қозықарын да, Үшаяқ та, Доңызтұмсық та өздеріне малай жалдап алды. Малайлар байларының сабан үйлерінің жанында күнге қақтанып, тыраңдап жатар еді, қожаларының тапсырған жұмысын орындап, бұйрығын жеткізер еді. Байы­ғандардың бәрі малай, негер жалдау­ға айналған соң, жұмыс қылатын адамдар азая берді. Әр кісі жұмысты көп істеу керек болды. Жұмысшылар жұмыстан безер болып, өздері үшін жұмыс қылатын кісілерге іздеуге, өз арқасын босатуға тырысты. Сондай амалды бірінші тапқан кісі Қыликөз еді: астықтан ең алғаш уыт­ты ашытқы жасауды шығарған сол еді. Сонсоң ол жұмыс қылуды қойып алды. Өйткені ол Ит­тіспен, Месқарынмен, өзі дырау­лармен астыртын сөйлесіп, жұмысын бітірді. Ел билеушілер Қыликөзден басқа кісі арақ істемесін деп қаулы шығарды. Қыликөз өзі жұмыс қылған жоқ, арақты жалдаған кісілер істеді. Өзі оларға ақша төлеп тұрды. Арақты ақшаға сат­ты. Арақты алмайтын адам болмады. Талай-талай тізбек ақшаны Қыликөз Ит­тіске, Месқарынға, тағы солардың нөгерлеріне беріп жүрді.
Бір кез­де Ит­тіс тоқал қатын алды. Кешікпей үшінші қатынды және алды. Жұрт түк айта алмады, не десін? Месқарын мен Мертікбұғана шариғатын айтып қолдап тұр. Олар не деді десейші? «Ит­тіс қарапайым жай пендедей емес, құдайдан соңғы күшті адам сол» құдай болса. Месқарынның үйінде кәрі қыздай сақтаулы, аузыңа төңкеріп қойғандай аузы-мұрны қисаймастан осы сөзді Ит­тістің өзі де айт­ты, «Менің неше қатын алғанымды сөз қылатын қайсың?» деп ақырды.
Ит­тіс өзіне апандай бат қайық жасат­ты, жұрт­тың қолын өз жұмысына тигізбеуге айналды. Оған жалданғандар күншуақтап, жамбасынан жатып ішкеннен басқа, анда-санда Ит­тіс сейілге шыққанда, соның қайығын ескеннен басқа түк істемейтін болды. Ит­тіс Жолбарысжүздіні сақшыларына бастық қып алды. Ит­тістің қолайына жақпаған кісіні Жолбарыс жүзді мүрдем кетіріп жүрді. Аздан соң Жолбарысжүзді өзіне көмекші жендет сайлап алып, кімді өлтіру керек болса, соған бұйырып өлтірт­ті.
Ол бір сұм заман еді: күндерден күн өтеді, қалғанымыз күн өткен сайын жұмысты көп етеді, ішерге тамақ түкі-жақы жетеді.
Соны айтқан кез­де, Түндеүркек отырып:
– Ешкілер ше, астықтар ше, миуалы жемістер ше, балық ұстайтын аулар ше? Олардың бәрі қайда кет­ті? Әлде адам жұмысты көп еткен сайын еңбек жанбады ма? – деп сұрады.
– Олардың бар екені рас қой,– деп Текесақал басын изеп қойды. Бүкіл ел жабылып аусыз ұстаған балықтан аумен ұстаған үш кісінің балығы көп болар еді. Біз ақымақ болып­пыз деп мен сендерге мана айт­тым ғой! Тамақты не құрлы көп тапсақ, со құрлы аз алатын күйге ұшырадық!
– Түк жұмыс қылмаған еріккендер бәрін жеп отырғаны ап-айқын көрініп тұр ғой. Соны көрмедіңдер ме? – деп Сарбас сұрады.
Текесақал мұңайып, басын изеді. Ит­тістің төбет­тері ет­ті жеп-жеп шошқадай семірді. Қолын ештеңеге тигізбеген, қарнын сипалап дөңбекшіген адамдар бордақы қошқардай жайқалғанда, өзгелердің болдырғандай балпаңдары ішерге тамақ таба алмай, күн сайын зарлап, әбден жағы талып, сілесі қатқанда көзі ілінетін болды.
Ашаршылық дегенде, Бұғышы сілекейін шұбыртып, аюдың етінен бір жапырақ үзіп алып, отқа қыздырып, аузына қылғытып салды. Ол емешесі құрып, ет­ті сорпылдатып, жалтаңдап шайнап отырғанда, Текесақал әңгімесін шерте берді:
– Біз наразылық білдіріп, үнімізді шығарайық деп едік, Месқарын шоқшиып шариғатын тағы соқты: құдайтағала дана адамдарды жер-соға, ешкілерге, ауларға, араққа қожа болсын деп жарат­тым дейді. Ондай даналар болмаса, сендер баяғы ағаш басындағы күніңдей, мал сияқты бассыз болар едіңдер,– деді.
Сол кез­де біздің арамыздан «патшаның жырауы» деген бір адам шықты. Оны жұрт Шіркей деп атап кет­ті. Өйткені түрі де тым ажарсыз, бойы да кенедей, жұмысқа да, жорыққа да түк қауқары жоқ еді. Өзі майлы ет­ті, таңдана балықты, жаңа сауған сүт­ті, жаңа піскен жемісті, от басындағы жылы орынды жақсы көруші еді.
Патшаға жырау болып, әлгі Шіркей түк істемей, семіретін айла тапты. Жұрт патшаға көңілі қат­ты қарайып, кейбіреулер патшаның сабан сарайына тас ата бастағанда – Шіркей «бүйткеннен де балық жеген қандай жақсы» – деп өлең жырлайтын болды. Өлеңнің ішіне «балық жеушілер – құдайдың сүйген құлы, олардан алапат­ты адамды құдай жаратқан жоқ», – деп қыстырды. Етжеушілер ол шошқа, құзғын деп жерледі. Балық жеушілерге құдай жолында соғысып, шейіт болғаннан қадірлі нәрсе жоқ деп жырлады. Құдай жолы дегені – Етжеушілерді өлтіру еді. Оның жыры біздің жүрегімізді өртеді, қанымызды қыздырды. Біз етжегіштермен соғысамыз деп айқайлап ұран салдық. Ашыққанымызды, патшаға өкпемізді – бәрін ұмытып Жолбарысжүздің соңына еріп, құлшынып жорыққа жөнелдік. Жеті қырдың астындағы етжегіштерді қырып, шауып, шат­танып, елге қайт­тық.
Түзден есіріп қайтсақ та, Дария өлкесінде ісіміз оңға баспады. Күн көрерлік бір ғана лаж – Үшаяққа, не Қозықарынға, не Доңызтұмсыққа жалданып жұмыс қылу да қалды: өйткені өзге бізде жер болмады. Жер болмаған соң, астықты қайда шығарарсың?
Үшаяқ сияқтылардың берген жұмысынан көбінесе аш адамдар артық болып кет­ті. Ашқа тамақ таба алмай сандалып, тентіреді. Олардың соңынан қатын-баласы, кәрі анасы шұбырды. Сонда Жолбарысжүзді «өздерің көнсең мен сендерді күзетші қып алайын», – деді. Жұрт­тың көбі-ақ күзетші болып жалданды. Олар қолдарына найза алып «осындай еріккен арамтамақтарды біз қалай тойдырамыз», – деп патшаның сыртынан күңкіл қылған өкпешілерді найзалағаннан басқа түк істемеді. Біз өкпешілерді өрекпіген сайын Шіркей жаңа жерін аңдат­ты. Ол Үшаяқты, Доңызтұмсықты, тағы сондай ауқат­ты адамдарды күшті, айбат­ты, ақылды деп мақтады. Сондықтан олар табысты көп табады деп мақтады: бізге орталарында сондай күшті адамдар болғанға сендер қуаныш қылуларың керек. Олар болмаса етжегіштер сендерді әлдеқашан жоқ қылар еді деп жырлады. Оның жырына қарағанда, күшті адамдар бәрін тартып алып, бауырына басқанына біз қуансақ керек. Месқарын, Доңызтұмсық, Жолбарысжүзді сияқтылар жыраудың сөзінің бәрі шын деп жүптеді.
– Жарайды, әше мен де күшті болайын! – деп Итазу ақырды. Ол астық тауып алып, арақ істеп, ақшаға сата бастады. Қыликөз оның үстінен шағым қыламын деп еді, Итазу: «Өзім де күштімін. Сен дыбысыңды шығарсаң, басыңды мұжимын», – деді. Қыликөз қорқып, Үшаяқ пен Доңызтұмсыққа барып шақты. Үшеуі қосылып Ит­тіске барды: Ит­тіс Теңізарыстанымен ақылдасып, Жолбарысжүздіге жарлық етуге шапқыншы жіберді. Жолбарысжүзді әскерлерін жіберіп, Итазудың үйін арақ-шарабымен өртет­ті. Өзін қатын-баласымен өлтірт­ті. Месқарын бұл жақсы болған екен деп қарнын сипады. Шіркей жаңа жырын жырлады:
– Жақсы ғой заңға бағынған,
Жаман болар қағынған.
Дария өлкесі – үлгілі ел:
Ел билеуші табылған,

Елін сүйген азамат,
Елін күшті қылуға,
Етжегіштей жауларын
Мұқатуды сағынған… –
деп жырлады.
Оның жыры тағы да бізді жандырды. Өкпемізді ұмытып, тағы да жауға бет алдық.
Бір жат іс мынау. Қозықарын балықты мейлінше көп алып, көп балықты аз ақшаға сатуға душар болғанда, қалғанын қымбатқа сатқалы ұстаған балықтарын қайта дарияға тастайтын айла тауып алды. Үшаяқ алған астығына көп ақша алу үшін жерінің деніне егін салмайтынды шығарды. Не аз, не қат болса, сол қымбат болады екен. Жұрт­тың аштан қырылғанын неғысын? Оларға қымбат сатып, ақшаны молайтса болғаны. Әйелдер ақшаны көп істей берген соң, оны сатып алатын нәрсе болмаған соң, ақшаның нарқы да түсті. Сонсоң Ит­тіс ақша істеуді доғарт­ты. Жұмыссыз қалған әйелдер еркектің орнын басуға айналды. «Мен балық аулап кәсіп қылам, бес күн аулағанда табатыным бір тізбек ақша. Енді менің жұмысымда он күнде бір тізбек ақша алуға көніп, қарындасым істейтін болды. Әйелдің еңбегі арзан бағаланды, азық-түлік бұрынғыдан да кеміді. Сонда Жолбарысжүзді бізге әскер бол деп сөз салды. Мен бола алмадым. Өйткені бір аяғым ақсақ еді. Мені Жолбарысжүзді алғысы да келмеді. Мен тәрізді мертік-шортықтар көп еді. Біз оңай жұмысқа ғана жарайтын, не анасы түзде жұмыста жүргенде баласын үйде қарайтын дімкәрлар едік.
Сарбас қарны ашты білем, шоққа аюдың бір үзім етін пісіріп, аузына салды.
– Сонда бәрің бірігіп сыйып, Үшаяқты, Доңызтұмсықты, Месқарын сықылды арам тамақтарды неге өлтірмедіңдер? Тамақты тойғандарыңша неге алмадыңдар?
Мұны айтқан Түндеүркек су жүрек еді: қорқақ кісінің жайда ерсінетіні қалған ба?
– Неге десең, біз ештемені білмедік қой, – деп Текесақал мойнына алды. – Ойландырарлық іс көп болды. Онымен қойды ма, қыбыр етсең, найзалап көзінді жояды. Месқарын құдай жайынан әңгіме-дүкен құрады. Шіркей жаңадан жаңа жырға бұрады. Жолбарысжүздіге зәуде біреу шынды айтайын десе, оның баскесер жендет­тері жалаңдап даяр тұрады. Тасқа байлап, толқын қайтқанда дарияның жағасына тастайды, су тасығанда олар су түбінде тұншығып өледі.
Ақша деген бір пәле болды! Шіркейдің жыры қандай құбылса, ақша да сондай құбылды. Сырт­тан қараған кісіге ол бейбіт, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұрған тәрізді, ішінара келсек, бәрінің күні қараң, не сиқыры барын ұқпадық. Алдымен ақша жинаған – Ит­тіс болды. Сабан сарайына ақшаны төбедей қылып үйдіріп, күні-түні кірпік қақпай күзететін сақшы қойды. Ол ақшаны көп жинаған сайын ақша қымбат­тай берді. Бір тізбек ақша табуға әркім-ақ жұмысты көбірек істеуге тура келді. Қашан да болса, етжегіштермен соғыс болады деген сөз дүңкілдеді.
Ит­тіс пен Жолбарысжүзді үйлерін астыққа сықады, сарайларына балық, ешкі етін кептіріп, қақтап, сүт­тен ірімшік істеп жат­ты. Оларда азық тау-тау болып тұрады. Халыққа нәр қыларлық тамақ болмайды. Халықтың аштан қырылғанын олар неғысын? Жұрт жанына батқан соң ашынып, ащы дау­сын шығарайын десе, Шіркей тыңнан бір өлең шығарады. Месқарын:
– Құдай етжегіштермен соғыссын деп әмір қылды! – деп жариялайды. Жолбарысжүзді бізді дөндерден дөң асырып, соғысқа апарып, қырғын тапқызды. Мен әскерге жазылып, күншуақта жатып семіруге жарамадым. Бірақ соғыс болса, Жолбарысжүзді мені де іске жаратып ала кететін болды. Үйлерде сақталған азықты жеп бітіргенде, соғысты доғарып, тағы да жұмыс қып, тамақ табуға елге қайтатын болдық.
– Ендеше, бәрің де ақымақ болған екенсіңдер,– деп Бұғышы сөзге тиек салды.
– Оның шын, біз нағыз ақымақ болдық, – деп Текесақал оған да көнді. – Соның бәрін ойлап отырсаң, балалық тәрізді көрінеді.
Мәселен, бізде Мылжамұрын дейтін болды. Ол тәртіптің бәрін өзгерту керек, жаңа тәртіп керек деп қақсады. Бәріміз күшімізді қоссақ, біз де күшті боламыз деді. Біз әуелде ел болғанда, қаулы қылып едік: кімде-кім күшін сілет қылып, елінің азаматын өлтіріп, не біреудің қатынын тартып алып, елдікке зиян келтірсе, ондай зиянды адамды жоқ қылу керек десіп ек, сол қаулымыз дұрыс еді. Енді қарасақ, ел күшейіп келе жатқан жоқ, әлсіреп келеді. Неге десеңдер елге зиян келтіретін жаңа күштілер шықты. Жер күшін меншіктеген Үшаяқ дегендер, ешкі етінің күшін меңгерген Доңызтұмсық дегендер пайда болды. Осы адамдарды жаман күшінен жұда қылсақ, жұмыс қылдырсақ, жұмыс қылмағандарға тамақ бермесек, сонда бәріміз де сорлы болмаймыз, – деп зарлады Мылжамұрын.
Сондай сөз шыға бастап еді, Шіркей жырау жаңа өлеңге басты: «Мылжамұрын сияқтылар өткен дәуренді көксеп жүр, олар – кекшілдер, олар ағаш басында аңға ұсап жүргісі келеді», – деп жырлады. Мылжамұрын егесті: «біз кері кеткелі жүргеніміз жоқ, жұрт­ты алға сүйрегелі жүрміз», – деп айтысты. Адамдар бірімен-бірі күшін қосқанда ғана күшті болады. Балықжеу­шілер етжеушілермен келісіп, бірігуге көнсе, онда соғыс та болмас еді. Әскер де, күзетші де керек болмас еді дегенді айт­ты. Кісілердің бәрі жұмыс қылса, тамақ сондай молшылық болар еді. Әр адам күніне екі сағат­тан артық жұмыс қылмас еді.
Сонда Шіркей жырау тағы әндет­ті. «Мылжамұрын – жалқау» деп толғады. Мысалға араларды әкелді. Оның жыры ел таңғалғандай еді. Оның жырын естіген адам, арақ ішкендей есірді. Ол жырда бір топ ара мен аламан сона туралы әңгіме сөйленеді: аламан сона араның ұясында жатып бал ұрлай беріпті. Сона жалқау болыпты. Араларға жұмыс қылма деп насихат айтыпты. Жұмыс қылу орнына аюлармен дос болыңдар деп ақыл үйретіпті. Аюлар бал ұрламайды, олар – жақсы жігіт­тер депті. Шіркей бет ашпаса да, қалытқылап айтқанына есіткен жанның бәрі түсінді; бір топ ара дегені – Дария өлкесіндегі ел боп, аюлар дегені – етжегіштер ғой, жалқау сона дегені – Мылжамұрын ғой. «Аралар сонаның тіліне нанамын деп арандап қала жаздады» деген жеріне келгенде, халық көтеріліп долданды ақыры. Шіркей айта берді. Ақырында аралар көтеріліс жасап, азғырғыш сонаға тұмсықты салды деген кез­де, жұрт тас алып Мылжамұрынды атқылай бастады. Сөйтіп, Мылжамұрын қардай жауған тастың астында өлді. Өмір бойы ауыр жұмыста арып-ашып күнелткен кедейлер көп еді, солардың бәрі Мылжамұрынды өлтіруге кемектес болды.
Мылжамұрын өлген соң, тек бір-ақ кісі басын көтеріп, пікірін айтуға жарады. Ол – Түктібет еді. Ол: «Күштілердің күші қайда?» – деп зарланды. – Біз бәріміз де күштіміз, Ит­тістен де, Жолбарысжүздіден де, Үшаяқтан да, Доңызтұмсықтан да, тағы солардай жұмыс қылмай, жатып семірген, жауыз күшімен бізді әлсірететін жауыздардан да күштіміз. Құлдарда ғана күш болмайды. Оның пайда-қасиетін алғаш тапқан адам күшімен бізге қия­нат қылса, біз оның құлы болар едік. Біз осы күнде балық аулаудың, ешкі өсірудің, арақ ішудің көзін тапқан Қозықарын сияқтылардың құлы болып жүрміз. Бұрын ағаш басында жүргенде, қауіп-қатерден ешқайсымыз сау болмаушы ек. Енді біз өзді-өзіміз жақ-жақ боп төбелеспейміз, күшімізді бір жерге қостық. Енді етжегіштермен төбелесе беретін неміз бар? Одан да олармен күш біріктірейік. Сонда нағыз күшті біз боламыз. Балықжегіштер етжегіштермен біріксек, жолбарыс, арыстан, қасқырларды, түрлі зиянды аңдарды қырып, тау-таудың саласына емін-еркін ешкілерімізді бағып, егін жемістерімізді егіп, тату-тәт­ті күнелтер едік. Сондай күнге жетсек, біздің айбарымыз сондай зораяр еді. Маңайымызға ұлы түздің аңы жоламас еді. Қарамызды көрсе қорқар еді. Сонда бізге ешкім қарсы тұра алмас еді. Әрқайсымыздың күшіміз бәріміздің күшіне пара-пар болар еді».
Түктібек осыны сөйлеуші еді. Оны да табалап өлтірді. Олардың айтатыны: «Түктібек – бір қиялы адам. Ол өткен дәуренді, ағаш басында жүретін заманды орнатам деп көкседі. Ол – жындылық», – дейді.
Ғажап іс: әр адам оянып, ілгері қарай қадам басайын десе, өңкей жалқау ондай адамды «кері кетіргелі жүр, өлтіру керек» деп, ду ете түседі. Кедейлер ондай адамды тас атып өлтіріп, ақырында өздері ақымақ боп қалады. Жұмыс қылмай жатып семіргендерден өзгеміздің бәрі ақымақ болдық. Ақымақтарды ақылды деп атадық. Ақылдыларды таспен ұрып өлтірдік. Еңбекшілер өзіне жеткендей тамақ таба алмады. Түк істемегендер күпті болып, кеңірдегі сасыды.
Сөйте-сөйте ел күшінен айрыла берді: балалар ауру, шала болып туды, ашаршылықтан әрі жаман, әрі аз қоректен не түрлі ауру пайда болды. Біз қара шыбындай қырылдық. Аздан бізді келіп етжегіштер шапты. Жолбарысжүздіге еріп, оларды талай қырғамыз. Енді сол кегін қанмен алуға олар да бет қойды. Бір кез­де ел жабылып соққан тас қорғанды бермеуге осынша жан таластық. Не керек, тым әлсіз, тым дерті жеңіп кеткен екен, алып қала алмадық. Олар бізді тып-типыл қылып қырды. Тек бірнеше әйелдерді тірідей алып кет­ті. Шіркей екеуміз қашып құтылдық. Мен адамның аяғы баспаған жыныс ағаш ішіне тығылып, аң аулап, ет жеп күн кешірдім. Қайтып қарным ашқан жоқ. Аздан соң етжегіштерден бір қатын ұрлап алып, биік таудың үңгіріне барып мекен ет­тім, ешкім таба алмады. Екеумізден үш ұл туды, олардың әрқайсысы Етжегіштерден әйел ұрлап, қатын алды. Қалғанын өздерің де білсең керек. Өйткені сендер де менің ұлдарымның ұлысындар ғой.
Сонда Бұғышы отырып:
– Шіркей қайда жатыр?– деп сұрады.
– Ол етжегіштерге кет­ті. Онда барып ханның жырауы болды. Бүгінде ол – шал. Шал болса да, әлі баяғы өлеңі. Ілгері бастық деген адам шықса, «бұл өткен күнді сағынып, ақ болайық деп жүр», – деп, баяғы өлеңін әлі айтады.
Текесақал жұдырығын аюдың … соғып жіберіп, бір уыс май алып, қызыл иегімен езіп соруға айналды. Майды сорып болып, қолын жамбасына сүртіп, мына сөзді айт­ты:
– Күндердің күні ақымақ біткен өліп таусылар. Қалғандары өре басар. Күштілердің күшін солар малданды. Олар бәрі жиылып, күштерін бір жерге қосар. Дүниежүзінде бір адам өзгелермен төбелесуге бата алмайтын сақ болар. Содан ел билеуші де, сақшы да керек болмас. Азулы, тырнақты аң біткен өлтірілер. Түктібет айтқандай, біткен таудың салалары ешкіге өріс, диқаншыға егін болар. Жұрт­тың бәрі бір адамнан туғандай бір бауыр болып, кісінің еңбегін жеп, күншуаққа қақтанып семіретіндердің қарашығы батар. Ақымақ біткен өліп таусылған соң, бір ұстағанынан айырылмай, бірі жерден табан аудармай ескі гөй-гөйін жырлап, араларды өлеңге қосатын жыраулар да болмас. Адам мен ара бір емес!

Джек Лондоннан.
Аударған
Жүсіпбек АймауытҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір