Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – ұлттық сананың көрінісі
05.04.2023
236
0

Мемлекетшілдік сана, елдік сана, ұлттық сана, бір сөзбен қайырғанда ұлтты сүю қалпы Отанды қадірлеу ісінен көрінеді. Мемлекеттік санасы жоғары жұрттар елінің қадірін біліп, елдік санаға қызмет қылуға барын салады. Мемлекетшілдіктің бір көрінісі мемлекеттік рәміздерді құрметтеу ісінен де байқалады. Себебі мемлекеттік рәміздер мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі болғандықтан, ұлттық идея, ұлттық рух түсініктерімен сабақтаса байланысып жатыр.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны еліміздің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Ту мен Елтаңбаға қараған немесе Әнұранды тыңдаған, айтқан адамның бойында азаттық үшін арпалысып, жандарын пида еткен ерлер бейнесі, сырлы да шерлі тарихымыз, тарихтағы даналығымыз, ерлік пен елдігіміз туралы пайым болуы керек. Отан түсінігі туралы кең пайымдаулар болуы қажет. Бұл үшін адам тарих тағылымына қанық болуға тиіс. Әріден қайырмай, өткен ғасыр басындағы ұлттық сананы дүр сілкіндіріп, еңсесі езілуге шақ қалған елін тіктей білгендіктен де, тарихта Алаш ардақтылары деген атаумен мәңгілік қалған зиялыларымыздың Алаш ұранына, Алаш туына деген адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткені туралы оқып та, естіп те жүрміз. Ал Алаштың «Қазақ» газетіне деген халықтың ықыласы, құрметі – өз алдына бөлек әңгіме. Аласапыран уақыттағы азаттық үшін жанталас кеңестік құжаттар негізінде «жазылып», ұзақ уақыт бойы халық санасына «сіңірілгендіктен» әлі күнге дейін Алашты өз биігінен бір адамдай көрсете алмай келеміз.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң жұртшылыққа жақсы таныс. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мерекелену мен халықтың жүрегімен сезініп құрметтеуі – екі түрлі мәселе. Мемлекеттік рәміздерімізді жүрекпен сезініп, ақылмен пайымдай білгенде ғана шын құрметтеуге жол ашылады. Бұл үшін өрімтал жас тарих тағылымына қанық болуы керек.
Мемлекет те адамдарға мемлекеттік рәміздерді қадірлеуді парыз етеді. Сол үшін де оларды қолдану тәртібі, ережесі Конституция немесе конституциялық заңда белгіленеді. Жастарды мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге дағдыландыру олардың бойында Отанды сүю, ұлтты сүю сезімін қалыптастастыруға жол ашады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау және пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқын жазылған. Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру мәселесі де заңда көрсетілген. Осыған орай, еліміздің азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Бұл үшін де заңда көрсетілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын, Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібін әрбір азамат жетік білуге тиіс. Мемлекеттік Туымыз үйлерде үй иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін. Алайда оған да ерекше құрметпен қарау қажет. Мемлекеттік рәміз бейнеленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталары аяқ астында жатпауы қажет. Елі мен жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында мемлекеттік рәміздердің мәні мен мақсаты түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізіліп, оқытылады. Оқытылып қана қоймай, осы аталған оқу орындарында Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады. Олар арнайы оқшау­ланған көрнекті орында тұрғаны жөн.
Өкінішке қарай, кей-кейде елімізде Туға құрметтің ала-құла екендігі де байқалып қалады. Туды бақшасына пайдаланған өскемендік әйел, Шымкенттегі көк байрақпен қоқыс шығарған жұмысшылар, туды қап орнына пайдаланған Атыраудағы жастар немесе кір болған, иә болмаса тесілген туды іліп қою құбылысы мемлекеттік рәміздерге құрмет тәрбиесін күшейту қажеттігін көрсетеді. Мәселен, өткен 2022 жылдың басынан бері Алматы бойынша Мемлекеттік рәміздерге қатысты ережені өрескел бұзған 18 мекеме анықталған. Оның кейбірінде байрағымыз тұғырда кірлеген немесе жыртық күйінде желбіресе, мемлекеттік 3 мекемеде Ту мен Елтаңба болмаған (Azattyq Rýhy, 02.06.2022). Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінде Отансүйгіштік қасиет дамымаса, қарапайым халықтан не талап ете аламыз?
Өзге жұрттардың мемлекеттік рәміздерін қастерлеуі ерекше. Мәселен, АҚШ туы жерге, еденге, суға тимеуі шарт. Америка туы қатарлас тұрған басқа тудан әрдайым бір табан биік тұруы шарт. Тудың өз келбетін сақтауына ерекше мән беріледі. Ал бізде қақ айырылып, шұрқ тесіліп жатса да, кір-қожалақ болып тұрса да жүрегіміз ауырмай, міз бақпай, қашан тексергенше жүре береміз. Немесе заңды белінен басып кейде мемлекеттік рәміздерді талапқа сай даярламай да жатамыз. Бұның себебі, тарих тағылымын жетік білмеу деп ойлаймыз.
Швеция, Ресей, Литва елдері сынды «Ұлттық ту күнін» мерекелемесек те, ұлттық рухымыздың бір қайнары – мемлекеттік рәміздерімізді қадірлеп, аяқ асты етпей, биікте ұстап жүрсек, ата-баба аманатына да адалдық танытамыз. Біздің жұртымыз, жеріміз – өмір сүретін орта ғана емес, ол – бабалардың бізге қалдырған аманаты. Аманатқа қиянат жасауға болмайтынын күллі қазақ баласы жақсы біледі. Тәуелсіз ел-жұрт екеніміздің басты нышаны, осы – мемлекеттік рәміздеріміз.

Құралай СӘРСЕМБИНА,
тарих ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір