Сапалы білім-саналы ұрпақ
20.01.2023
1868
0

Жаңа ғасыр асуында Жаңа Қазақстанды құру үшін ең алдымен білімде де саналы ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Өз ұлтына құрметпен, ұлттық салт-дәстүрлерімізге асқан сүйіспеншілікпен қарайтын өскелең ұрпақ – кемел келешегіміз. Жастар Қазақ елінің келер күнгі үміті, сенімі. Ал сол Қазақ елін әлемге танытар ақылды, парасатты, мәдениетті жас ұрпақтың тәрбиесі ең алдымен мектеп қабырғасынан басталады. Хакім Абайдың 32 қара сөзінде: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі», – дейді. Ендеше, жас ұрпақтың біліммен сусындап, айналасына сыйлы, қоғамға пайдалы, білімді адам болып өсіп шығуы үшін, хакім Абай айтқандай, білім-ғылымға үлкен махаббатпен мейірленіп қараса, білімнің берері шексіз. Қазіргі таңда республикамыздың өңір-аймақтарындағы орта мектептерде білім беру сапасын арттыру арқылы білікті де білімді ұрпақты өсіріп шығару қазақ қоғамы үшін ең маңызды мәселе деп білеміз. Бір қуантары, жасөспірімдеріміз жаңа заман ағымына қарай ел игілігіне қажетті жаңа технологияларды жылдам меңгеріп, жаңашыл идеялармен жаңа Қазақстанды құруға мүдделі екендіктерін көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда елімізде қазақ орта мектептері көптеп ашылып, ана тіліміздің мерейі асқақтай түсуде. Қазақ мектептерінің көбейіп, аралас мектептердің қатары сиреп келеді. Ол деген ана тілімізге басымдық беріле бастады деген сөз. Кейбір ата-аналар әлі де болса орыс мектептеріне балаларын беріп, туған тілге құрмет көрсетпей отырғаны да жоқ емес. Өйткені олар қазақ мектебінде білім сапасы нашар деген негізсіз ұғымды желеу етеді. Ал шын мәнінде, қазақ мектептеріндегі оқу сапасы әлдеқайда жоғарылап, ұлттық құндылықтарға айырықша көзбен қарайтын жас ұрпақ өсіп келеді. «Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды. Ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» – демекші, тілге, білімге, өнерге, ұлттық құндылықтарға ерекше мән беріп, оқушылармен үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан бір қазақ мектебі туралы әңгіме қозғасақ.
Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданына қарасты, Өтеген кентінде орналасқан М.Мақатаев атындағы №13 орта мектептің тынысы мен тіршілігі туралы сөз еткенде балалардың оқуға, білімге, өнерге, спортқа деген құлшынысын, құштарлығын көріп, ерекше сүйсініп қарайсың. Аты айтып тұрғандай, қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың есімі де тегін берілмесе керек. Бұл мектепте екі баланың бірін тоқтатып ақтаңгер ақын туралы сұрасаң, Мұқаңның лирикалық жан тебірентер өлеңдерін төгілтіп айта жөнеледі. Содан-ақ, мектепте рухани тәрбие жұмысы дұрыс жолға қойылғандығының куәсі боламыз.
Мектептің құрылу тарихы да өз алдына қызықты. Айтулы білім шаңырағының алғашқы тасы 1960 жылы қаланған екен. Ол жылдары қазақ мектептері саусақпен санарлық болған. Мектептің алғашқы атауы Фрунзе болған екен. “А” блогы және “В” блогы болып екі жақтан оқытылыпты. “А” блогында Фрунзе атындағы орыс мектебі оқысы, “В” блогында қазақ балалары дәріс алған екен. Еліміз егемендігін алған 1990 жылдары мектепте балалар саны 350-ге жетіп, қазақтың біртуар ақыны Мұқағалидың есімі беріліпті. Содан бастап бұл мектеп іргелі оқу ордасына айналып, қазақ балаларының саны көбейген.

Қазіргі таңда мектептегі оқушылар саны 2500-ге жеткен. Мектептегі дәріс берітін 193 ұстаздың барлығы жоғары білімді, өз ісінің мүлтіксіз маманы. Оқу кабинеттері жаңа заман талабына сай жабдықталған. Информатика, мультимедиялық, кітапхана, оқу залы, спорт залы, акт залы, асхана, Стем кабинеттеріне бас сұқсаңыз оқушылардың білім алуына бар жағдай қарастырылған. Материалдық-техникалық базасы да көңіл қуантады. Балалардың өз бетінше жұмыс жасауына лабораториялық, информатикалық, интерактивтік тақталар жұмыс істеп, компьютерлердің барлығы интернет жүйесіне қосылған. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық тіпті республикалық түрлі олимпиадалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып жүр екен.
Айталық, 9-шы «Ақберен» республикалық өнер байқауында Зәуре Аққасова мен Лиза Қосаеваның шәкірттері Анара Тұрсынәлі мен Айым Санат жүлделі 2-орындарды жеңіп алса, республикалық «Әбіш оқулары» көркемсөз сайысында С.Жұмамұратова шәкірті Айзере Ибраим 1-орынды иеленіп, мектептің абыройын арттырған. Сондай-ақ оқушылар арасында облыстық «Мибатл» турнирінде Мизамбек Думан 1-орын кубокті иеленсе, ұстаздар арасында республикалық «Менің Отаным» байқауының құрмет грамотасы Бағлан Мұстафярова және республикалық «Дарын» орталығының Құрмет грамотасы, «Үздік автор-2022» байқауының 1 дәрежелі дипломымен Гүлнар Қазербаева марапатталған екен. Ұстаздар демекші, облыстық дүбірлі өткен жарыстардың барлығына М.Мақатаев атындағы мектептің мұғалімдері қалыс қалмай қатысып келеді. Мысалы, футболдан мұғалімдер арасында өткен облыстық спартакиадада Н.Базарбаев 1-орынды жеңіп алса, волейболдан өткен жарыста А.Рысболова мен З.Рахметова бас кубокты жеңіп алуға зор үлестерін қосыпты. Мектеп оқушыларының спорт саласындағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының күштік гимнастика және жеңіл атлетика жарыстарында С.Сайлаубай, Ж.Қыдырбаев, А.Айдаболов, А.Сайранғазы топ жарып жеңіске жетсе, қазақ күресінен Мекебаев Аманның шәкірті Ахметбай Арнұр облыстық жарыста күміс жүлдегер атаныпты. Сонымен қатар Қ.Азантай мен А.Ғалымов қанжығалары майланып, 2-3 орындарға қол жеткізген. Сол сияқты шахматтан, үстел теннисінен, футболдан өткен аудандық жарыстарда айтулы мектептің талантты жасөспірімдерінің алмаған жүлдесі жоқ.
Жеңімпаз оқушылардың жеңіп алған бар жүлделері мектеп қабырғасындағы мұржайда қойылған. Баланың жақсы жетістіктерге жетуіне ұстазының еңбегі зор екенін жақсы білеміз. «Атпаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр» деген екен дана халқымыз. Жақсы ұстаздың білімін бойына сіңіріп өскен бала қалайда жетістікке жетері сөзсіз. Әрине, бойында таланттың титтей ұшқыны болса, оған талапты әкеліп қосса жалын болып шыға келері анық. М.Мақатаев атындағы мектеп оқушыларының үлкен жетістіктерге жетіп отыруына әрине, жаңашыл, білікті де білгір басшылық пен ұлағатты ұстаздар ұжымының еңбегі зор деуге болады. Мектеп директоры Керімқұлова Аяулым Жақашбайқызының жас та болса бас болып, ұжымды ұйытып, сапалы білім беруге жасаған өрелі жұмыстарын көріп тәнті болдық. Инновциялық жұмыстар, мен жаңа технологияларды меңгеру мәселесінде озық тұрған секілді.

Мысалы, осы мектепте информатика пәнінің мұғалімі Гүлдана Көпееваның еңбегі ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен Цифрлық сауаттылық және Информатика оқу-әдістемелік кешендерінің Ekitap.Kz электронды платформаларының авторы болып, қазіргі таңда Қазақстан оқушылары дәріс алып, ұстаздары жасап қолданып жүрген цифрлық сауаттылық оқулығы республикада оқушылардың білімін шыңдауға зор ықпалын беріп жатса, Биғайша Медеуова сында зейнетке шыққан тәжірбиелі ұстаздың көптеген бастамаларымен жаңа буын мұғалімдер жұмыстарын жасап келеді екен. Оқушылардың сабақ үстінде пайдаланған оқуды өмірде де пайдалануға көп мүмкіндік туғызу ерекше қарастырылғандығы балаларға білім мен тәжірбиені ұштастырудың үлкен жолы болса керек. Мектеп цифрлық жүйеге толықтай болмаса да барынша көшкен. Электрондық оқыту арқылы электрондық бұрыш кітаптары ашылған. Сол жерден QR код арқылы ата-аналар келіп балалары қандай кітап оқып жатқандығын біліп отырады. Бұл да заманауи жаңашылдықтың бір белгісі деп білеміз. Сонымен қатар, А.Байтұрсыновтың 150 жылдығына, М.Әуезовтің 125 жылдығына орай өткізіліп жатқан айтулы даталар мен дүрмекті іс-шаралардың барлығына мектеп оқушылары белсенді қатысып отырады. Мұқағалидай арқалы ақынның атын арқалап жүргендіктен мектеп оқушылары Абай, Шәкәрім, Ясауи оқуларынан облыстық көлемде өткен көркемсөз оқу жарыстарында жүлделі орындарды жеңіп алып жүр. Мысалы, домбыра, ән, билерден республикалық байқауларға қатысып жүрген өнерлі оқушылардың қарасы қалың екенін байқадық. Мектептің тағы бір алға тартар тың жаңалығы ол – кадет сыныбы. Бұл кадет сыныбы жас қазақ балаларын отансүйгіштікке, патриотизмге, жүректілікке, білектілікке тәрбиелеуде бағасы зор деп білеміз. Иә, қазір Отан қорғайтын жастарымыздың әлсіз, сылбыр болып өсуіне жол бермеуіміз керек. Осы бағытта мектеп қабырғасынан-ақ әскери-патриоттық сабақтың үзбей беріліп отыруына мән берген жөн. Мектеп директоры Аяулым Керімқұлованың негізгі алға қойған мақсаты тұрақтылық пен біліктілікті арттырып, жаңашыл ұстаздарды жанына ұйыстыра білу екен. Ендеше, қазақы салт-дәстүрге жақын білім шаңырағының алар асуы әлі алда деп ойлаймыз.
Өзгеге үлгі болар бір жайт, бұл мектеп тіпті қайырымдылықпен де айналысады. Айталық, осы Өтеген кенті ауылында тұрып жатқан жағдайы төмен отбасыларға мектеп ұжымы мал сойып құрбан шалып, азық-түлігін таратып баталарын алып тұруды дәстүрге айналдырыпты. Бұл да бір көпке үлгі-өнеге боларлық сауапты шара деп білеміз. Сондықтан да білімді ұрпақты тәрбиелеу мектептің қабырғасында ғана емес, үйдегі ата-анаға, қоршаған ортаға тікелей байланысты. Қазақ баласына қазақы тәрбиенің озық үлгісі ол – әрине, мектеп. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» демекші, баланың балғын шағында алған білімі тасқа жазылған жазудай сақталып қалары сөзсіз. Ендеше, жаңа Қазақстанды құрсақ деген арманымыздың түп тамыры саналы ұрпаққа сапалы білім бере отырып, ұлттық бағыттағы құндылықтарымызды бойларына құя білу арқылы асқаралы мақсаттарға жетеміз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір