ҚҰРДАСЫ – ҚҰРДАСЫНЫҢ ЕКІНШІ «ӘКЕСІ»
13.12.2022
579
0

Одан бері де бір азаматтың ғұмырындай алпыс жыл өте шығыпты. Алайда, елдің әр қиырынан арман қуалап келіп, ҚазМУ-дің студенті атанып, бір бөлмеде табысқан біздердің – Ақселеу Сейдімбектің, Канал – Болат Бабақовтың, Жұмағали (өзін «Ақжұмаш» деп атағанды ұнататын) Жұмаділовтің, Қожабек Жақсыбаевтың және менің, алаулы-жалаулы жастық шақтың әр сәті әлі есте. Бүкіл елі болып, сексенге келгенін тойлап жатқан Ақселеу Сейдімбектің көп қасиетіне қоса, кісілік келбетін сол кезде-ақ таныта бастағаны жөніндегі көп әңгіменің біреуін айтайын. Оның ғалымдығын, жазушылығын, күйшілігін, зергер-шеберлігін, шешендігін, сазгерлігін жұртым жазып жатыр, жаза берер. Тіршілігіміздің көп кезеңін тағдыр айырғанша бірге кешкен мен де жазып бақтым. Дос соңында қалған жанның парызы – ұмытпау деп білемін.

* * *
Бір күні ертеңгілік бірге оқитын жігіттер аудиторияға жиналып, енді сабақ басталарда арпа ішіндегі бір бидай Шолпан есімді жалғыз қызымыз:
– Жігіттер, бүгін үшінші күн, Каналымыз сабаққа келмеді ғой. Бірге тұратын жігіттер, айтыңдаршы, оған не болды? – деді орнынан тұрып. – Топтағы балалардың жай-күйін алдымен сіз білуіңіз керек қой, жолдас Имашов. Бірінші курс­тан бастап, лекцияға қатыспау деген не сұмдық?! – Ол тып-тыныш қана кітапқа қарап отырған Мұқан Имашовқа шүйліккен. «Тірідей салмағы қырық килодан аспайтын арық тоқтыдай ғана осы қыз бәрімізді билеп-төстеп кетсе, мен таңғалмаймын» деп ортамыздағы әзілқойымыз Құрманбектің Манары айтатын. Шолпанның бүгінгі біраз жігіттерге кәдімгідей шүйлігуінде ешқандай қателік болмаған соң, ешкім ештеңе айта алмаған. Старостамыз Мұқанның өзі кібіртіктеп: «Бүгін сабаққа келер деп ойлап едім» деген. Қарақалпақстаннан келген Тәкен деген жігіт: «Е, төсегінен тұрмай жатқан. Ауырып қалған болар деп мазаламадық» деген.
Тәкен Канал туралы мүлде немкетті жауап берген соң, Шолпан Қажымұраттың бетіне қараған. Оның жауабы да қызық естілген.
– Неге екенін қайдам, «Билет алатын ақша табылса, елге қайтар едім» дегенін естідім.
– Неліктен қайтқысы келетінін сұрамадың ба? – деген сұраққа ол: «Сұрадым ғой, бірақ айтпады», – деді.
Сол күні соңғы қосар лекцияға қатыспай-ақ, жай-күйді деканатқа хабарлап, Ақселеу, Шолпан үшеуіміз Чайковский көшесіндегі Каналдарға берілген жатақханаға тарттық. Келсек Каналымыз теріс қарап, бүк түсіп жатыр екен. Ең алдымен Шолпан жүгіріп барып, оның атын айтып еді, Канал басын бізге бұрып жатты. Онсыз да арбиған ірі-ірі сүйегіне терісін қаптап қойғандай, тым жүдеу көрінер жүзін көргенде, қыз жүрегі шыдамай, оны құшақтап, жылап жіберген.
– Не болды, Канал? Ауырып қалғансың ба? – деп сұрап еді, ол:
– Иә, – деп сыбырлай жауап берді. – Жақсы келдіңдер ғой. Маған қарызға бес-алты сом тауып беріңдер. Елге барған соң бір айдың ішінде жіберемін.
– Жігіттер, достарың ауырған жоқ. Аштықтан бұратылып жатыр. Оның үстіне, бір қабат ішкиімдерін алдыңғы күні түнде жуып, жайып қойған жерінен біреулер ұрлап кетіпті. Мен білсем, бұл жігіт соған назаланып та жатса керек, – деді осы бөлмеде жататын, басқа курста оқитын бөтен бір жігіт.
– Аштықтан бұратылып жатса, осы үлкен бөлмеде жатқан оннан астам жігіттің біреуі бір жапырақ нан беруге жарамады ма? – деп, Шолпан оған сұрақты төтесінен қойған.
– Мен әлі ашыға қойған жоқпын, – деп Канал төсектен басып көтерген. – Ауырып қалдым.
– Біз бұл жігітті шай ішуге шақырдық, – деді жаңағы бейтаныс азамат. – Келмеген өзі…
– Қане, Канал, орныңнан тұр. Сені еліңе қайтарудың қамын жасайық, – деп, Ақселеу оған бұйыра тіл қатты.
Бірақ Каналымыз бір шарасыз адамның түрімен бетімізге қараған. Бұл жайды түсіне қойған Ақселеу маған қарап: «Шолпан екеуің мына көшеде тұрған кафеге бара беріңдер. «Аш қарынға ақыл сіңбейді», аздап тамақтанып алайық» деген.
Жатақханадан тас лақтырым жердегі кафенің жанына келіп, екеуін тостық. Көп ұзамай Каналдың шабаданын бір қолына ұстаған, екінші қолымен оны демей сүйемелдеген Ақселеу де шыққан.
– Мына Ақселеуің Каналдың шабаданын да ала шығыпты. Шынымен пойызға отырғызып жібермек пе? – деп Шолпан күдік айтып еді, осы сөзді естіп қойғандай ол қасымызға келгенде былай деді:
– Алдымен мына кафеге кіріп, тамақтанып алайық. Сонан соң біздің жатақханаға барып, асықпай ақылдасармыз.
Төртеуіміз де жақсылап тамақтандық. Канал да үлкен сабырлылық танытып, неше күн бойы аш жатқанын білдірмеуге тырысып отырғаны байқалып тұрды. Даяшы есептесуге келгенде қолындағы есеп айырысу қағазындағы бақандай үш сом сексен тиын деген цифрды көзім шалып қалды. Бірер сомды ортаға тастамақ болып, қалтама қол салып едім, Шолпан әмиянын суырып алып: «Үш жігітке бір көрініп қалайыншы», – деп еді, Ақселеу:
– Мен бұл тіршілігімде қызға ерік бермейтін кісімін. Осыны біліп қой, – деп Шолпанның әмиянын итеріп қойып, даяшымен өзі есептесті.
Трамвайға мініп, Виноградов-88-дегі біздің жатақханаға келген соң, Ақселеу Каналға өзінің төсегін көрсетіп:
– Мынау сенің төсегің. Мәселеңді шешеміз. Декан Тауман Амандосов ағамыз шешпесе, ректор Закаринге кіреміз. Сондықтан сен елге қайтамын деген ертегіңді есіңнен шығар. Бір кемеге бірге міндік, сапарымызды сол кемеде бірге жалғастырамыз.
Төсекке отыруға да батпай, орындыққа келіп отырған Каналдың қан-сөлсіз жүзінен қос мөлдір моншақ сырғып барып, иегіне тамды. Әкесі майданнан оралмай, анасы мұның екі-үш жасында ойда-жоқта өрттен мерт болыпты дегенді естігенбіз. Қаршадайынан тұл жетімдік тауқыметін тартып, жетім балалар үйінде «әрі тұр, бері отырмен» ержеткен жарым көңіл жан, бәлкім, жанашыр сөзді алғаш рет естіді ме, иегі де дірілдеп кеткен. Біздің де көңіл босады. Ал Шолпан қанша дегенмен жаны нәзік қыз емес пе, Каналды құшақтап, жылағанда үні де шығып кетті:
– Каналжан, ешқайда да кетпейсің, бірге оқитын боламыз, – дейді ол.
Сол күні-ақ Каналды бір жатақханадан екінші жатақханаға ауыстыру операциясының ресми жағы да деканның рұқсатымен шешіліп, төрт кісілік бір бөлмедегі бес жігіттің бір үйдің баласындай бес жылдық тіршілігі қалыптасқан еді.
Арық тоқтыдай ғана салмағы бар деп жүрген Шолпанымыздың «жаны рухани салмақты» болып шықты. О баста Каналдың тағдыры үшін жылап-еңіреп, аянбай кірісіп жүргені үшін: «Осы қыз Каналымызды ұнатып қалған шығар» деген де ой келген. Жоқ, қыз шіркіннің ондай ойдан ада екеніне кейіндері көз жеткен. Замандас құрбы, тағдыры ауырлау азамат үшін оның тек жақсылық жасау ниеті ғана барын білдік. «Жаны рухани салмақты» деуімізге келесі бір оқиға себеп болды.
* * *
Бұрынғы баспана деген аты болмаса, көп жігітті даладай үлкен бөлмеге әкеліп тыға салған тұрағына қарағанда, өркениетке біртабан жақын тап-таза бөлмеге көшіп келген Каналдың көңілінде бәрібір мазасыздық бар еді. Ақселеулер бір-екі рет тамақтандырар, оқуға осы жігіттер үшін түскендей қашанғы масыл болар? Тіпті төрт-бес күннен кейін шәкіртақы беріледі деген мерзімге дейін қалай шыдар?! Жалғыз-ақ бұл бөлмелестерінің: «Бір кемеге бірге міндік, сапарымызды сол кемеде бірге жалғастырамыз» деген сөзін ғана медет тұтады.
Оның осы ойын сезгендей кентаулық Қожабек наны бар, қант-майы бар дегендей, бір-екі дүркін шай ішердей жеңіл-желпі тағамды дүкеннен алып келіпті. Осы жерде өзімді толғандырып жүрген маңызды мәселені ортаға салдым. Бір бөлме тұрғындарының жасақталып болған соң, бұдан былай бөлмеде тамақтану мәселесін жедел ұйымдастыру қажеттігін, шәкіртақы алған күні оған жетерлік қаржыны бір кісіге жинап беріп отыру керек екенін айттым. «Шәкірт­ақыға дейін-ақ қолға алып, төрт-бес күнге жетерлік қаржыны бүгін жинайық, Канал дос үшін мен-ақ қоса­йын» дегенді айтып едім, Ақселеу: «Мына Сегізбайдың ұлының мырзасынуын. Әзірге мынаны ұстай беріңдер, жетпесе тағы көрерміз» деп әмиянынан бес сомдықты алып, үстелге тастады. «Жетпей жатса» деп, Қожабек пен Жұмағали үш сомнан тастады. Жұмағали:
– Жігіттер, мен бір ұсыныс айтқым келеді. Мұны жай ғана шай ішетін ұйым деп ойлап қалмас үшін «серъезный» ат қойып, «колхоз» деп атайық. Сонан соң бұрын үлкен қой фермасының есепшісі болған мына жігітімізге сол «колхозымыздың» есеп-қисабын толайымымен тапсыра­йық», – деп мені нұсқады. Мен: «Ой, жігіттер-ау…» деген сөзімді айтып үлгірмей, Ақселеу: «Дұр-р-рыс ұсыныс. Осы сөзге тоқтайық. Ал, колхозымызды «Бірлік» деп атайық», деп төрелігін айтқан.
Келесі күні кезекші болатын Жұмағалиды ертіп алып, көшенің арғы бетіндегі Никольск базарына шықтым. Ең алдымен түскі ас пісіретін үлкен кастрюль, электр плитасы бастаған ортақ және бас-басымызға қажетті арзанқол ыдыс-аяқтарды сатып алдық. Кешкілік шайға қажетті нан, қант, маргарин майын алған соң, алюминий кастрюльдің алғашқы асын тым арзандатпайық деген оймен еттің өзін алмасақ та, «көже-көлмек үшін» деп аталатын сүйек-саяқтың біразын, сонан соң макарон, тұз сияқтыларды түгендеп алып, бірден студенттердің ортақ асүйіне барып, сүйек-саяқты пісіре бастадық.
Сөйтіп, бөлмеміздегі бес азаматтың алғашқы кешкі асы аса бір түсініскен жағдайда өтті.
Көптен күткен алғашқы шәкірақыны алатын күн де келді. Бәріміз үшін топ басшысы, старостамыз Мұқан барып кассадан ақшамызды алып келді. Жатақхана үшін бір сом елу тиын, комсомол мүшелігіне жарна 2 тиын ұстағаннан, қолымызға жиырма сом қырық сегіз тиыннан тарат­ты. Канал алғашқы шәкірақысына қолы жеткен соң, ойланбастан он сомын маған ұсынып тұрып: «Әлде он бесін берейін бе?» дейді.
– Сабыр ет, кешке жиналған соң ақылдасамыз ғой, – деймін. Ол болса, дүниедегі ең бір бай адамға ұқсап: «Жүр, бүгін бір мәнті алып жейікші» дейді. Мен әрине, тиынды тиынға жалғап, бар қаржымызды келесі шәкіртақыға дейін жеткізу үшін мәнті шіркіннің дәмі сырттай болса да қанша еліктіргенмен, келісімімді бере қоймағанмын. Оның үстіне Ақселеу мен Шолпанның жеке тапсырмасы бойынша, Каналды сөзге айналдырып, жатақханаға алып кетуім міндеттелген еді.
Екеуіміз бөлмеге келсек, басқалары да оралыпты. Бүгінгі кезекші Ақжұмаш ортақ ақыл бойынша, базардан килосы 23 тиын тұратын қойдың үйітілген басынан кешегідей көже-көлмектік сүйек-саяқтан қосып, асуға даярланып жатыр. Бұл енді кешкі асымыз болмақ. Қазір дастарқанымыздың мәзіріндегі қара нан, әркімге бал қалақтың басындай маргарин және қанты бар шайымызды терлеп-тепшіп ішуге кірістік.
– Жұмағали асын даярлап, Қожабек пен Канал сабақтарын оқи берсін. Сен екеуіміздің баратын жеріміз болып тұр, – деді Ақселеу маған қарап. «Баратын жеріміздің» қандай шаруа екенін ішім сезе қойды. Бағана мен Каналды жатақханаға қарай оңашалап алып кетерде Ақаң сыбырлаған. Шәкіртақы алған жігіттерден ақша жинап, Каналға бір қабат киім алмақшы екен. Азамат намыстанып қалмас үшін бұл шаруаны оның өзі жоқ кезде ұйымдастырмақшы болатын. Мен де «шамаға қарай көсілу» үшін бес сомымды бергенмін. Тобымыздағы жиырма үшіміз осы мөлшерде берсек, жүз сомнан артық жиналады екен. Әрине, бұл ақшаға біраз дүние, тіпті бастан-аяқ бір қабат киім алуға болар деп ойлағанмын.
Ақселеудің пысықтығы, шаруаны ұйымдастырғыш қабілеті бәрімізден де көш ілгері болып шықты. Каналға курс­тастардан ақша жинап, оны торықтырған жалғыздық, жетімдік, жоқшылық дейтін маңдайына жазылған тағдыр ауыртпалығын аз уақытқа ұмыттырып, бір мысқыл болса да жеңілдету үшін ойлап тапқан бұл жақсылығы шынында да Каналдың өзін ғана емес, оған куә болған бізді де тебіренткен еді. Ол ақша жинау деген мәселе ойына оралған бетте қаланы аралап, ең арзан киім-кешекті қайдан алуға болатынын да тауып қойыпты. Екеуіміз трамвайға отырып, Алматының атақты Көкбазарын бетке алдық.
– «Кемедегінің жаны бір» деген мәтелдің мәнін енді ұқтым, – деді ол трамвайға отырған соң. – Жаның бір болатыны – кеме суға кетсе, бәріміз де өлікпіз, аман жетсек, бәріміз де тіршілік иесіміз деген сөз. Адам туғанда немесе өсе келе қандай мінездің, қандай жаратылыстың иесі болса, бір кемеге мінсе де, сол мінез – жаратылыстары бір-біріне ұқсамаған күйі кетеді екен.
– Бұлайша толғағаныңа не себеп болды? – деймін мен.
Ол бүгін бірге оқитын жігіттерге Каналдың екі-үш күн сабаққа неге келмей қалған себебін, жалғыздықтың, жетімдіктің зардабынан әлі құтыла алмай келе жатқанын, біз қолұшын созбасақ, оның алдына қойған мақсатынан бас тартуы оңай екенін айта келіп, кім қанша көмек береді деген әңгіменің тоқетеріне келгенде, ауқатты деген отбасынан шыққан-ау деп, киген киімдеріне, ішкен-жеген астары мен сусындарына қарап, бөгенайлап жүрген кейбіреулері бір-екі сомнан артық мырзалық көрсете алмапты. Ең ғажабы – ортамыздағы жалғыз қызымыз Шолпан «Мен жолдасты жолда қалдыра алмаймын! Аш қалмайтын жағдайым да бар» деп, кесектей жиырма сомын ортаға тастай бергенде, жаңағы бір-екі сомдарын әрең қиғандар бір бозарып, бір қызарды. Алайда, осы бір елеусіз оқиға кімнің кім екенін сол бір ұйымдастыру шағын жиынында әйгілеп, көрсетіп берді…
– Иә, Шолпан нағыз ер-азаматтың мінезін көрсеткен екен, – деймін мен. – Біздің бөлмедегілердің қосқандарымыз аз болып кеткен жоқ па?!
– Бұл бәсекеге түсетін шаруа емес қой. Бөлмедегі біздердің борышымыз – оның жалғыздығын сезінбеуіне көмектесу, жетім болса да басқалармен терезесі тең екеніне көзін жеткізу, – дейді Ақжұмаш.
Екеуіміз Көкбазарға жақын «Қызыл таң» дейтін шағын сауда үйінің жанындағы бір дүкенге кірдік. Маңдайшасына «Арзандатылған тауарлар» деп жазылыпты.
Дүкенге кірген соң, ең алдымен сырт киімдерді қарадық. Киімдер қатарының шетінде ілулі тұрған күздік, шақпақкөз ақсұр пальтоға көзім түскен соң, этикеткасына қарап едім, «11 сом 50 тиын» деген жазуды оқыдым. Шын ба, өтірік пе? Кемі бағасы он еседей арзандатылыпты. Киіп көрсем, құйып қойғандай екен.
– Әй, Ақселеу, мұнда кел, – деп оны шақырып алып, үстімнен шешпеген пальтоны көрсеттім.
– Қанша екен?
– Елу-ақ сом.
– Алдымен басқа киімдерді алайық. Ақшамыз жетсе, мұны соңынан алармыз.
– Қалжыңдаймын. Он бір-ақ сом.
– Не дейді-ей? – Ол мен көрсетпей тұрған бағасы жазылған қағазды көріп, былай деді: «Сонда бұл киімнің не кінәсі бар екен?»
Ол пальтоны шешіп алып қарады да, оның неліктен осынша арзандатылған себебін бірден тауып алды. Шамасы тышқан кемірсе керек, бір жақ етегі жеміріліп қалыпты.
– Тісі сынғыр, тышқанның да жүрмейтін жері жоқ. Қарашы, тәп-тәуір киімді бүлдіргенін, – деймін мен.
– Олай деме. Бізге қымбат дүниені арзандатып берген оған алғыс жаудыруға тиіспіз, – дейді Ақселеу. Сөйтіп екеуіміз әдемі пальтоны мейлінше арзандатуға септігін тигізген тышқан атты мақұлықатқа онша реніш білдірмей, пальтоны қолма-қол сатып алдық. Сол базарда шалбардың балағын қысқарту сияқты шағын шаруаларды қолма-қол орындап беретін тігіншінің кішкентай бөлмесі бар екен. Азын-аулақ тиынға пальтоның етегін сәл қысқартып, еш ақаусыз дүние ғып берді. Бір жақ тұмсығының былғарысы сәл жыртылған туфли, тағы да бір жақ қолтығы сәл сөгілген пиджак, соңғы сән үлгісіне келмейді дейтін шалбар, көйлек сияқты біраз заттар сол дүкеннен-ақ табылды. Жырылған былғарыны желімдетіп, сөгілген қолтықты тіктіріп дегендей, оларға қоса әлі біразы ұстала қоймаған қаржымызға қос-қостан ішкиімдер, байпақ-шұлықтар, қол орамалдан бастап, монша орамалына дейін, басқа да тазалық бұйымдарының керек болады-ау дегендердің ешқайсысын қалдырмай сатып алып, екеуіміз қыздың жасауын көтергендей артынып-тартынып, жатақханаға келсек, бөлмеде Ақжұман қана жүр екен. Кезекші ретінде кешкі асты әзірлеп, бөлмені тазалап дегендей, «мұрнына су жетпей» жүгіріп жүр. Біздің мол олжамен келгенімізді көрген ол бірден оқу залында отырған Қожабек пен Каналға жүгірмек болды.
– Тоқта, – дейді Ақселеу оған қарап. – Қуанғаннан ол шіркіннің жүрегі жарылып кетер. Асықпай тосынсый жасайық. Тамағың даяр болғанда бір-бірлеп ұсынайық. – Ақаңның осындай бір ерекше жасалған әрекетті жақсы көретінін кейін білдік қой. Әкелген сырт киімдерді, көйлектерді бөлмедегі жалғыз шкафтың ішіне іліп, жеңіл-желпілерді тартпаларға салдық.
– Тамағың қай кезде даяр болады? Сол кезде екеуін бір-ақ шақырайық, – деймін мен.
– Ұзаса бір сағаттан соң даяр болады. Ақшаларың мынаның бәріне жетті ме? – дейді Жұмағали маған қарап.
– Жеткенді қойып, артылып та қалды. Оны шып-шырғасын шығармай өзіне береміз, – дедім.
– Әй, екі жігіт, менің ақылы басқалардан артық жаралған басыма бір ой келіп тұр. – «Ол қандай ақылды ой?» деп екеуіміз де оның бетіне қараппыз.
– Канал маған: «Сырдың бойынан ауылды жанай канал қазып жатқанда туған екенмін. Содан ауылдағы ағайындар бастарын көп қатырмай, есімімді «Канал» деп қоя салыпты. Шынын айтсам, есімім өзіме ұнамайды. Өздерің ақылдасып, бір жақсы ат қойып берсеңдер, құжаттарымды асықпай жөндеп алар едім» дегенді айтып еді. Бүгін су жаңа ғып киіндіріп, су жаңа есім қойып, артын той ғып жібермейміз бе?!
– Өй, осының шақшадай басынан қандай ойлы сөз шығады деп күмәнданып жүрсем, шынында ақылды екенсің-ау, – деп Ақселеу қарқылдай күлген.
– Осында тұратын өзіміздің жігіттерді шақырсақ та болар еді, оған дастарқанымыздың мәні жоқ. Оларды артынан көре жатармыз. Ақылы артық туған Ақжұмаш, өзің ойлап тапқан өте өміршең, жақсы идеяң үшін дүкеннен екі жарты шарап сатып әкел, – деп Каналға деп жиналған ақшадан екі сом алып, оған ұсынды.

* * *
Езіліп піскен қойдың басының құйқасын, басқа да пышаққа ілінерін түгелдей ұсақтап турап, сүйек-саяқпен араластырып, даярлап қойдық та, оқу залында отырған екі жігітімізді шақырып келдік. Канал алғашқы күндердегідей көп жасқаншақтамай, осы топтың заңды мүшесі ретінде бөлмеге әзілдей кірген.
– Ақжұмаш, бөлмемізден ресторанның исі шығады ғой, тезірек құймасаң, шыдамым таусылып барады.
– Канал, бес-он минут кідірейік. Оған дейін алған киімдеріміз бар еді, соны көрсетіп, өздеріңе бір мақтанып алайық, – деп Ақселеу өте бір маңызды мәселені айтқалы тұрғандай қабағын шытқан. Аяңдап барып, шкафты ашты да, пиджак пен белбеуі тағылған бір шалбарды алып, Каналға ұсынды.
– Екеуіміздің бойымыз бірдей ғой. Мен шешініп, мыналарды қайта киюге ерініп тұрмын. Киіп көрші.
Канал қарсыласпай киіп көріп еді, «О, дәл екен» дестік.
– Ал мынау ше? – деп оған жалтыраған қара туфлиді ұсынып еді, аңқау шіркін: «Оны несін киемін, менің аяғым сенің аяғыңнан үлкен болар», – деп оны да киіп көрді. «О, бұл да дәл екен» дестік біздер.
– Сен өзіңе алған пальтоңды киіп көрсетші, – деп маған иек қағып еді, мен етегі ғана қайта тігілген су жаңа пальтоны кидім. Бұл спектакльдің режиссері болып жүрген Ақселеу жаныма келіп, пальтоның иығын ұстап көріп: «Жақсы екен, бірақ иығы кішкене кеңдеу ме, қалай? Канал, сен киіп көрші» деп, менің үстімнен шешіп алып, оған кигізді. Ол пальтоны киген кез­де мүлде басқа бір сері жігіт болып шыға келіп еді.
– О, жетпей тұрғаны бір әдемі ақсұр шляпі екен, – дейді Қожабек.
– Кәне, пальтоң әдемі екен. Үстіңде тозсын! – дейді Канал маған қарап.
– Жоқ, Канал, біз бұл құттықтауды саған айтуымыз керек. Бәрі де сенің үстіңде тозсын!
Ақселеудің бұл сөзінен кейін сылқ етіп, төсегіне отыра кеткен Каналдың үні шықпай қалған. Сол кезде Ақаң шкафтың тартпасындағы басқа киімдер мен әртүрлі керек-жарақты шығарып, үстелдің үстіне қойды да, сөзін сабақтады.
– Мынаның бәрі де – бұдан былай да бірге оқып, бірге жүретін достарыңның сыйлығы. Бір кемеге мінген екенбіз, жанымыз да, мақсат-мүддеміз де бір болуға тиіс.
– Әзірге қатын алып бере алмаспыз. Қолдан келгені осы болды, Кәке, – деп әлі ештеңенің байыбына бара алмай қолы дірілдеп, үнсіз отырып қалған Каналға Жұмағали-Ақжұмаш сөзін жұқалтаң әзілмен әрледі.
– Мұның бәрін мен қалай аламын, жігіттер? Қарызға деңдерші. Бәрін де кейін қайтарайын.
– Бұл – біздің сыйлығымыз. Сыйлық ешқашан қарыз болмайды. Сен өз есіміңді өзгертіп беруімізді сұрап жүр екенсің. Қазір сол тілегіңді де орындап, өмір бойы иеленіп жүретін жаңа есім береміз. Сонан соң «шілдеханаңды» өткіземіз. Ал мына киімдерді «иткөйлегім» деп есепте. – Ақселеудің бұл сөзі байлам болды да, оның ұсынысымен төртеуіміз бір-бір жапырақ қағазға қалаған есімімізді жазып, қағазды бүктедік те, бір кепкіге салып, Каналға ұсындық. Ол аса жауапты тапсырманы орындағалы тұрғандай, алдымен бәріміздің бетімізге бір қарап алып, көзін жұмып, әлдене деп күбірледі. Бәлкім, иеленгелі тұрған есімінің атақты болмаса да, ұятқа қалдырмайтын ат болуын Алладан тіледі, не ата-ананың рұқсатымен қойылған аты үшін олардың аруақтарынан кешірім сұрады? Ол ғана емес, бәріміз де толқып тұр едік.
Ол көзін жұмған күйі бүктелеген бір қағазды алып оқыды. «Болат!» деді үні жарықшақтанып. Бәріміз де дуылдата қол соқтық.
– Менің қойған атымды таңдадың. Сондықтан мен сенің өкіл әкеңмін, – деп Қожабек күшейді.
– Осының бәрін негізгі ұйымдастырушысы әрі идея ұсынушы Ақселеуді «құрдасының екінші әкесі» деп атайық, – деген пікірді Жұмағали білдірді.
Ішіне студент коньягы атанған «Портвейн-12» атты жуас жирен шарабы құйылған шөлмек ашылып, алдымызға берілген бір-бір аяқ көжемізді іше отырып, бүгіннен бастап Болат, құрметпен атағанда Бөкең дейтін жігіт сол күні өмірге қайта келгендей, аты ғана өзгеріп қоймай, заты да толайымымен өзгергендей. Жалғыздық, жетімдік дейтін зілмауыр қасіреттен біржола құтылып, жаңа отбасын тапқандай, жігіттердің құттықтау сөздерінен кейін қат­ты толқып, көз жасын іркіп алып отырды.
– Бұл шаруаны саған достық қолын алдымен созған Ақселеудің идеясымен ұйымдастырған едік. Кімнің сен үшін қандай көмек көрсеткенін айтпай-ақ қояйын, – дедім.
– Алайда жалғыз қызымыз Шолпанның бір шәкіртақысын түгелге жуық ортаға салғанын айтуым керек, – деп Ақселеу қирағаттады.
Ертеңіне «алып береміз» деген шляпасын сатып алған соң, қалған жеті сом мөлшеріндегі қаржыны оның қарсылығана қарамай «Жігіттердің ақ ниетінен бас тартқандай боласың» деп, оның қалтасына салып бердік.
Иә, қалай дегенде де біз бір кеменің сенімді жолаушылары бола білген едік.
Бұрынғыдай емес, әдемі киінген Болат Бабақов дейтін жігіт алғашқы лекцияға дейін курстастары алдына шығып, оларға алғыс жаудырып тұрды.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір