ҚАРА ЖЕСІР
13.09.2022
4591
0

Кейде нөсерден кейінгі Алматыны көз жасын бір сығып алған аруға ұқсатар еді. Қатар өскен қалың шырша мен биік қара ағаш шаң-тозаңнан арылып жұтына түсетіні өз алдына, алып шаһар бір сәт торғын мұңға оранып, ерекше ажарланып алады.
Қала оттары тұс-тұстан жарқылдап, қоңыр күз тынысына сән қосқан қызыл іңір мезгілі-тін. Алқаракөк аспаннан қарауыта төнген қою бұлттар жиегі де күреңқошқыл тартып, буырқанып тұр. Ерсілі-қарсылы өршелене жүйткіп, тасып аққан дариядай сырылдаған көлік нөпірінің дыбысынан құлақ тұнады. Жауын лебі кернеген ылғал ауа ызғарлы-ақ.
Жаңбыр сап тыйылғанымен, шашыраған төрт-бес тамшы бетке тиді.
Ойлы-қырлы тротуарға іркілген су да жылтылдап, мың құбылады. Әрі-бері асыққан кей жүргінші қаракөлеңкеде көгілдір, сарғыш, қызғылт, жасыл бояу кілкіген сол ойықты шалпылдатып басып өткенін аңдамай да жатыр. Жауын астында қалып дірдектеген екі қанден қосарласа бұта айналып, көзден таса болды. Осы кезде тура шеке тұсынан зу етіп ұшқан бір шымшық маңдайына соғылуға шақ қалады.
Бейуақта неғып сандалған құс?! Ойы­на еріксізден белгілі ән әуені оралды: «Суықтарда-а-а тоңбайсың ба, бозтор­ғайым-м-м?!»…
Қораш өзінен сырттап, сонадай жерде қабақ түйіп, состиып тұрған әйелі Шәйбүбіге қарайды. Үйден шығарда оның да жылап алғанын аңдаған-ды. Анда-санда өз-өзінен бұрқ етіп долдататын дағдысы. Бұл да аққұба жүзі шам жарығына шағылысып, сұстана, сұлулана түскендей екен.
Екеуінің үй іргесіндегі аялдама тұсында такси күтуге шыққан беттері еді.
Бір кезде шақыртқан көліктері де жетті. Шәйбүбі автомобильге артқы есіктен күйеуіне күңкілдеп ұрыса кіреді:
– Бағана автобуспен-ақ шығатын адам едік, бес сағат сәнденіп жүріп алдың… Қартайғанда кімге ұнамақшысың? Эстет тоже мне…
Қораш зайыбына аңыра бұрылады. «Айна алдында ұзақ сипаланатын мен бе, сен бе?! Онымен қоймай сәнқой деп мұқатасың… Кезінде осы әдетіме тамсанатының қайда?! – деп жауап қатқысы келді. Бірақ тіс жармайды. – Осылар қызық-ей! Және түн қараңғысында тау арасына апаратын қайдағы автобус? Ешқандай қисын жоқ айтқан сөзінде»…
Таксистер де өзіндік психолог. Күніне саналуан мінез иесімен жолығып әккіленген жүргізуші жігіт тапсырыс беруші әйелдің ашулы екенін аңдап, саңқылдаған радиосының даусын дереу баса қойды. Зекіп тастауы ғажап емес. Аяқ астынан долырып, ит терімді басыма қаптап жүре ме деп сақтанғаны.
Ерлі-әйелді екеу біртіндеп «от алып», боқтасып, төбелесіп тынар ма екен деген үрей билемей қалмайды. Ондайдың да талайын көрген.
Әйткенмен, күйеуі тым-тырыс. Үндемей құтылуға үйренген секілді. Негізі, дұрыс тактика…
Өзі өте ұстамды жан болды-ау дегендей, отағасына айнадан қарап қояды. Елулер шамасындағы қараторының көркемі дерлік кісі. Аппақ шатырдай қатырма жағалы жейдесі қызғыл-қоңыр былғары пиджагына сәнді рең қосып, иесінің талғампаздығын аңғартады. Орта бойлының сыры тайса да сыны таймаған сымбаттысы. Шашы қалың. Самайына аздап ақ кіріпті. Жұқалтаң бітімінде бекзаттық жоқ еместей. Мамандығы кім болды екен? Әйелінің де хас сұлу саналмағанмен, талдырмаш қана келген қиғаш қас, бәденді жан екенін байқап үлгереді. Жолдасынан екі-үш жастай кіші шығар.
Табиғат та ғажап; кейбіреу жасы ұлғая өңі кіріп, құлпыра түсетіндей әсер қалады. Мына ханым да сол топтың адамы екені даусыз. Осының мәні неде екен деп ойлады. Жалпы, сұлулық деген де салыстырмалы нәрсе ғой…
Жеңгейдің жаңбыр тиген беті мен самайына жабысқан кекілін сүйріктей сау­сақтарымен сүрткені де сүйкімді көрінді. Жаны нәзік-ау. Сонда қалайша шайпау болып жүр? Өзі күйеуіне ерегісіп жүріп, қолшатыр да ұстамай шыққандай.
Шүйдеден жоғары тастай қылып буып алған сүмбіл шашы қап-қара. Бояйтын болуы керек… Қабаттаса жарқылдаған аяулы көздері мен шеке тұсындағы бармақ басындай лағыл тасты шаш қыстырғышы жинақы, сергек адам екенін аңғартты. Су жаңа қою күлгін түсті жәкеті мен алқымына тартқан алабажақ жібек орамалы сәйкесіп, салтанатын арттырғандай. Әйтеуір, не кисе де жараса кететін мүсінді жандар қатарынан.
Ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісі әдетте тұрмыс ауыртпалығынан, жетіспеу­шіліктен туындамаушы ма еді. Мыналарда олай емес-ау. Әшейін еркеліктен бе… Өзінің жұбайына аса дауыс көтермей, күбірлеп ұрсатыны қызық екен. Қайткенмен де, жарасымды жұп деп түйді…
«Біреудің әйелі біреуге қыздай көрінер» демекші, осыған әлдекімнің сырттай ынтығатынын Қораштың өзі де білетін. Рас, көпшілік ортасында жап-жақсы отырады-ей. Елдің алдында ұрсу деген қайда; жұрт көзі жәудіреп, монтиып, майысқан түріне қарап, үлбіреген неткен жуас әйел, шіркін, менің де жарым осындай болса деп сүйсінеді-ау. Ал мынандай оңашалау орындарда байының қанын теспей соратынын қайдан білсін!
Таныстарының көбі екеуіңнің түріңде ұқсастық бар дейді. Қайдам. Бірақ бастары бір жастықта ұзақ түйіскендіктен, әлде жан әлемінің ақырындап сәйкесе түсуінен бе, белгілі бір үйлесім болатын да шығар.
Шәйбүбі әлден уақытта:
– Гүл де алмадық! ­– деді аузын бұртитып.
Қораш қабақ кіржитіп едәуір отырған соң ғана барып көзінен от шаша:
– Қазақта гүл беру салты жоқ қой! ­– деп шалт қайырған. Бірақ: «Гүл құшақтап жүрем бе… Саған да өмірі гүл сыйлаған емес едім… Ішінде екі жүз доллары бар конвертін береміз. Гүл де сол, пұл да сол!» деген уәжін тағы да іркіп қалды.
Үйлену тойын бетке алған-ды. Діттеген мейрамхана Алатау бөктеріндегі нулы шатқалдар арасында. Қызметтес құрдасының кіші баласы отау құрып жатыр. Сол қызық-думанға жұмыстан кейін бірталай кешігіп шыққандары да рас-тын.
Зайыбының арагідік, тіпті жоқ жерден ұрыс шығаратын, әсіресе осындай қонаққа жиналған кездерде қырсығатын әдетін әлі күнге дейін онша түсіне алған емес. Күйеуінің кей тірлігіне көңілі толмайтын шығар алайда, сол кірбелең реніш аяғын бітпес дауға ұластырмаса болмай ма?!
Қорекең жарының баз-бірдегі әлгіндей қолайсыз мінезін бәлендей қорлыққа баламаса да, ызыңнан ығыр болғанда кикілжің сырын іздеп, талай толғанған. Сонда түйгені – жолдасының қызғаншақтығы ұстаса өз әрекетіне есеп бере алмайтын сияқтанады. Және қыңқылды бір бастап алса қоймай, ұзаққа сілтейді-ау.
Ең жақсысы, есейген екі ұл өз беттерінше үй болып кеткен. Шешелерінің мұндай қылығынан хабардар олар күледі де қояды.
Пенде баласының ойына не келмеген Қораштың осыған бекер қосылдым ба деп қиялданған кездері де жоқ емес-ті. Шынында да, өне бойы ер-азаматымен арпалысатын әйел қалай жалықтырмасын. Одан соң сонша өктем, адуын әйелді құлай сүю мүмкін бе өзі? «Жүрмес ат, өтпес пышақ, жаман қатын – қартайтар осы үшеуі ер жігітті» дегендей, ақ жаулықтының озбыры мен сестісі сезім оята алмас-ау. Мұндайлар жан сырыңды қайдан ұқсын. Ал өзіңді аялап күтетін, дәрменсіз, сезімтал жаратылыс болса соның қасынан шықпай, қорғап, мәпелеп, жәрдемдесуге ұмтыларың сөзсіз…
Көлікке салқын ауа мен аласапыран ойлары мұздай қарып, іші-бауыры да қалтырап мініп еді. Салон жылы екен.
Тойда тост көтеретін кейбір жолдастарының әдеттегіше бір-бірін өтірік мақтап, аузы көпіретінін елестетті. Ал өзіне кезек тисе қайтер еді? Бұл да сол төңіректен ұзай алмай, жаттанды бірдеңені көпсітер. – ­«Қой, өйтпейік. Екі ауыз сөз айтсам да қалайда шынайы тілегімді жеткізуім керек шығар!» – деп ұйғарды.
Жүргізуші алакөлеңкеде айнадан қабақ тұсы ғана көрініп, заулаған бойда қос қолдап рульге құнжиып, сигналын аңырата жан-жағынан ағылған көліктерге елеңдеп қояды. Одан жарық сәуле жыпылықтап кезек алмасы, жүзін қылаңытқан Шәйбүбіге қарады.
Көз жанары қызарып мұңға батып, тынши қалған әйелін бір сәт сонша аяп та кетеді. ­Қаншама жылдан бері ыстық-суығын көтерісіп келе жатқан қосағы ғой. Мұның да жан күйзелісін түсінбесе болмас-ау!
Қаншалықты адалмын дегенімен, өзінің де періште емесін жақсы білетін. Егер құдайшылығына келсе, Шәйбүбінің қызғанышқа бой алдыруы әбден қисынды еді…
Болашақ жарымен алғаш сонау әскер қатарынан оралған жылы Алматыға оқуға келе жатып пойызда жолыққан. Бұл да оныншыны енді аяқтап, астанадағы институттардың бірін көздеп келе жатқан талапкер көрінеді. Қалай екенін, екеуі тез табысқандай. Әйтеуір, вокзалдан түскен бойда елпелектеп, қызды ауыр шамаданын көтерісіп, ескі қала жақта тұратын туыстарының үйіне жеткізіп тастаған жолда ананы-мынаны айтып ұзақ сөйлегенін ұмытпапты. Алып-ұшып, соншалықты неге аптыққанын өзі де білмейді. Баурағаны сонша, жүрегі өрекпіп, жаңа танысқан құрбыға талай сырын ақтарды. Бойжеткеннің не әсер алғаны белгісіз, айтқанын күлімсіреген күйі, көзі жайнап тыңдай берген. Ал сонда қанша ағынан жарылғанымен, сүйіспеншілік сезіміне қатысты, тіпті бір ауыз емеуірін білдірмепті-ей. «Ғашықтың тілі ­­– тілсіз тіл» демекші, іштей серттесу құдіреті осындайда ма, кім білсін? Бұдан кейін жиірек жолығып тұруға уағдаласып, екі өкпесін қолына алып, солай қарай күнара дедектеп бара жататын.
Әйтсе де, сабақ басталатын алғашқы кезеңде кездесуге үш-төрт күндей бара алмай жүрген кездері де болды. Сондай шақта факультетке қатар құжат тапсырған Әйния есімді бойжеткенге ілесіп, емтиханға әзірлену ниетімен орталық кітапханаға соққаны бар еді.
Құдай ұрғанда, әлгі жолы Шәйбүбі оқырман залында кітапқа шұқшиып, бас түйістіріп отырған Қораш пен Әйнияның үстінен шыққаны.
Жолыға бастаған қызы да бір топ досымен сабаққа дайындалуға келіпті. Кездейсоқтық па, миы жетпейді…
Мұндай да сәтсіздік болады екен. Ұрлық үстінде ұсталғандай қатты абыржыды. Не деп ақталарын білмеген. Сол кездегі Шәйбүбінің де екі көзі тас төбесіне шығып аңтарылған кескінін көрсеңіз…
Әйнияны ойласа, әйгілі Джек Лондонның «Әйел жанының құпиясы» аталатын хикаяты есіне түседі. Қайталап көп оқығандықтан ба, осы шығарманың: «Солтүстік шұғылаға көз салшы, – деп сөзін жалғады Тайпақ. – Құбылған бір дүние! Тура әйелдер секілді: бірде олай, бірде бұлай; көңілі нені қалайтынын өзі де білмейді. Шектен асқан ақымақ демесең, ең керемет саналатын әйелдің өзі қияли. Үлкені мен кішісі, сұлуы мен сұмпайысы – түгелдей мысық тектес. Ал егер солардың бірі соңыңа түссе, онда сені аш арыстан немесе гиена қуып келеді деп есептей бер» – деген жолдары көкейінде жатталып қалыпты.
Сол күндерде Қорашқа осы «жыртқыш» Әйния кейпінде жолыққаны рас-ты. Ол бұған алғаш көрген бетте жармаса кеткен.
Иә, тура мағынасында дәл солай болды. Әйнияның бірдеңе айтса, сөйлесіп тұрған адамы қашып кететіндей білегінен тастай қылып бүріп ұстап, бетіне ажырайған жанарын тіктеп, тесірейе қарап алатын мәнері бар екен. Біртүрлі сескенесің, тіпті.
Кешкісін жатақханаға кіргені сол еді, алдынан кездесе қалып айт-ұйт жоқ: ­
– Жүр! Бізде торт бар. Шай ішеміз, – деп қолынан жетектеп, өз бөлмесіне бір-ақ апарды. Бұл аң-таң.
Білектей бұрымы тірсегін қағады. Үстіне киген жеңіл көкала халаты Қораштың иығынан сәл ғана асатын тығыншықтай бойына қона қалған. Жалаң аяғына жасыл шәркей іліпті. Іште Үрзия есімді құрбысы отыр екен. Қысқа шашын шошайтып желкесінен буған, еліктің асығындай ғана ақсары қыз. Оны да, өзін де таныстырып, екі-үш ауыз сөзбен қайдан келіп қайдан тұрғаны жөніндегі мән-жайды баяндап берді. Бір қызығы, екеуі де мектепті жаңа бітірген он жетідегі жастар болғанымен, көршісі бұл мөлшерден біршама кіші және тым ұяң көрінсе, Әйния өз қатарынан ерте есейген кексе, әжептәуір ысылған жандай әсер берген. Өте ширақ та екен. Тоқ балтыры жалтылдап зыр жүгіре жүріп, дастарханды лезде жайнатып жіберді.
Бірақ Қорашқа Әйнияның үстел басында асты-үстіне түсіп, мұның аузына дейін салфеткамен сүртіп беріп қызмет көрсеткені де сонша сөлекет көрінген-ді.
Ешбір ерекшелігі жоқ, келісті келген қатардағы әп-әйбат дейтіндей-ақ жан. Әйткенмен, немене сиқыры бар екенін қайдан білсін, оның алдында бір уақ абдырап, арбалып қалғандай, дәрменсіз халге түскенін сезінді. Әскер қатарынан оралған сақа жігіт саналса да, өмірдің қым-қуыт иірімдеріне қатысты таным-түсінік тұрғысында мешеулеу қалғандығынан ба, әлде әшейін аңғалдығынан, бостығынан шығар, сыртқы ыңғайға бейімделе бергендей. (Жер орта жасқа келгенше сол аңғырттық мінез әлі қалған жоқ-ау)…
Әйнияның шайы шынында керемет дәмді болды. Қалбаңдап есі шығып, рахметін айтып кетіп бара жатқанында:
– Енді бөлмеге ешбір қысылмай әрдайым келіп тұруыңды сұраймыз. Саған Үрзия екеуміздің есігіміз әрдайым ашық, – деп есік аузына дейін ұзатып салған.
Айтпақшы, сол күндері Әйния Қорашты арасында бір мәрте кинотеатрға да апарып үлгерген еді.
«Қырсыққанда қымыранға да тіс сынады» дегендей, Шәйбүбі көшеде құрбыларымен кетіп бара жатып бұларды сыртынан тағы да көріп қалыпты.
Осы жағдайлар адал, ақкөңіл жанның жүрегіне қанжардай қадалған болып тұр. Қораштың армияға дейін де ай қарап жүрмегені түсінікті; тіпті, күні бүгінге дейін қимайтын біреулердің кездесуі ықтимал. Шәйбүбі мұны сезінбей қалсын ба. Бұларды қазбалап тексеріп, ештеңені бетіне баспағанымен, сеніміне селкеу түсіру үшін анау Әйния «тарихының» өзі жеткілікті болған сияқты.
Алғашқыда бәрін көп қиналып кешіргендей болса да, сол «опасыздық» миына шегеленіп, ұмыта алмай қойғандай. Дүркін-дүркін есіне түсіп, дегбірі кететіні осыдан.
Әйнияны кейбір тісқаққан сұңғыла жігіттер: «е, ол әлдеқашан беті ашылған сайқал ғой» деп күлуші еді. Кезінде бұл сөзге де мән бермепті.
Қайсыбір курстас достары Әйнияның Қорашқа деген ниетін аңдап, осының артынан бірталай жүгіргенін білетін. Бұл әйтеуір, қашқалақтап жүріп, одан ертерек құтылғанына қуанған.
Әдетте көп жәйттің уақыт оза, белгілі құбылыстан кішкене жырақтап, ес жиғанда айқындала түсетіні мәлім. Бұл да Әйнияның кейбір түсініксіздеу қылығына біртіндеп көз жеткізгендей-ді. Мәселен, оның кез келген жерде үлестен құр қалмауға жанын салатындар қатарынан екенін білді. Ондайда сұғанақ итше жемтігін лезде қылғытып алып, жылмиып отыратын кеспірін көріп таңырқаған. Әлбетте, қу дүниені кім қумасын, алайда жас басымен құлқынын күйттеп, қай жерде өзіне пайдасы тиетіндей жиын болса, соны күнібұрын тіміскіленіп біліп, жетіп барып, сөз сөйлемей қайтпайтынын да байқап тіксінгені есінде.
Үшінші курста ма екен, тағы бірде оның таңертең:
– Ойбай, айырылып қалдық Үрзиядан! Айырылып қалдық! – деп жатақхананы басына көтергенін ұмытпайды.
Бес қабатты үлкен ғимарат іші түгел түршікті. Үлкен өмірге жаңа беттеп келе жатқан албырт жас қапияда мерт болған екен деп зәрең кетпей ме. Сөйтсе, әлдебір найсап қасына түнеп, қыздың абыройын төгіпті.
Үрзияның өзі де кейінде «өнер» шығарып, шайқап, шарап ішіп, шылым шегіп, кілт «есейгенін» байқата бастап еді. «Ойнақтаған от басар» дегендей, ақыры бармақ шайнап тынған екен. Ойлап көрсе, оған күні-түні қасында жүрген құрбысының «жас кезде қалайда ойнап-күліп қалған жөн» деген «идеологиясының» ықпалы тигені де күмәнсіз.
Сол секілді бес жыл ішінде Әйнияның талай бейкүнә құрбысының обалына қалғанын естіп жаға ұстағаны бар.
Қай-қайдағы малғұндармен өзара келісіп, түн ортасында бөлме есігін ашып қоятын көрінеді. Солар алаңсыз тәтті ұйқы құшағында жатқан қыздарды «оятып» кетеді.
Қалған әбүйірді ойлаған байғұстардың жұлқынып жер тепкілеп, жылап-еңіреуден өзге амалы жоқ.
Кейін ел жағына аттанған Әйнияны арада жылдар алмасқанда әбден байып алған, тірлікке өте икемді деп еститін.
Бұл суреттер бірер минуттің ішінде ғана көз алдынан зуылдап өтті. Қарсы соққан жел лебінен таксистің өз жа­ғын­дағы терезесін сәл ашқанын аңдап, жағасын қаусырынған. Шатқал арасындағы тар жолдың қос қапталынан төнген зәулім сарайлар алып терезелері жарқырап, біртіндеп сырғып, артта қалып жатыр.
Саксофон үніне елтіген ну тоғайлы биік құз-жартас арасы да тәтті мұң бүркеніп тұрғандай көрінді. Мұнда саяжайдан гөрі ресторан көп пе деп қалады. Ұзыннан ұзақ созылған мейрамханалар қалашығы десе болатынай.
Ымырт жабылған шақ еді. Алайда ана тұс, мына тұстан алабұрта атойлап, көкке шапшыған қызыл-жасыл шам нұры тылсым әсерге бөлейді. Асқар таулар қойнауының сыңғырлаған саф ауасы тынысты кеңейтеді.
Осы кезде кенет қалта телефоны шырыл­дап селк ете түскен. Нөмір белгісіз. Тұтқаны көтергенінде:
– Әй, Қораш-ш… Қорабай-й! Қорабай! ­– деді біреу самбырлап.
– Иә, иә…
Тез таныды. Шалғай облыста тұратын Қадырғали досы. Бүкіл курстың ішінде кейде мұның шын есімін атайтын жалғыз осы-тын.
– Қорашпысың-ей?
– Иә, иә. Менмін.
– Әй, ит-ай, зорға таптым ғой!..
Даусы да онша өзгермепті. Аңқылдақ досы курстасының үнін естігенде қуанып кеткендей.
Бұл да лезде серпіліп, қозғалақтап, еміне түсті. Тілдеспегелі ширек ғасырға жуықтапты. Оқу бітірген соң бес жыл өткенде Алматыда бір кездескендері бар. Одан кейін сөйлескені осы.
– Ой, хабарласқаның жақсы болды ғой. Өзім де көптен сұрастырып, іздегелі жүр едім. Иә, ден сау, бала-шаға аман шығар? Не өзгерісің бар?
Қадырғали салған беттен дәудірлеп, бес минут ішінде талай әңгіменің басын қайырды.
Шәйбүбі де селт етіп қарай қалады. Одан көлік орындығына шалқая сүйеніп, өз әлеміне қайта еніп кетті.
Сәлден соң Қадырғали Әйния тақырыбына көшеді. Сонымен жерлес еді. Екеуі бір аймақтан. Диплом қолға тигеннен кейін ел жақтарына аттанған. Досы да сақ. Қасында әйелі отыруы мүмкін дегенді ескеретін секілді. Арасында сыбырлап, Әйнияның атын атамай, «сонау сұлу» деп астарлайды:
– Өзі… сонымен хабарласушы ма едің?
– Е, жоға да… Қайдағыны айтқаның не?
– Ә, солай ма. Ғафу ет онда. Оның тұрмыс-жағдайы қашаннан жаман емес қой. Тек таяуда жолдасы бақилық болды. Мүмкін, естіген де шығарсың.
– Жоқ, ойбай. Қайдан естиін… Иманы саламат болсын. Бала-шағасына ғұмыр берсін.
– Иә, періштенің құлағына шалынсын. Бірақ білуші ме едің, бұл оның о дүниелік болған үшінші күйеуі ғой.
– Не дейд?!
– Иә, рас! Бір өтірігі жоқ. Үшінші қосағы. Бәрі де әр жылдарда бірінен кейін бірі кетті бейшаралар.
– Қой-ей!
Қайран қалды. Мұндай да ғажаптар бар, ә деп ойран-асыр болады:
– Астапыралла!..
Әйелі бұған тағы да бір мезет күдіктене бұрылды. Әйтеуір, тұтқаның арғы бетіндегі адамның күйеуінің досы екенін аңдаған сияқты.
Бір жақсысы, сөзін естіп отырған жоқ. Әңгіменің Әйния туралы екенін білсе, таксиді дереу тоқтатып үйге қарай кері жүргізетіні айдан анық.
Қораш та абайсызда Әйнияның атын атап қалмауға тырысып, «Қара жесір» деген бүйі туралы ойлады. Шағылысып болған соң еркегін жеп қойып отыратын улы өрмекші түрін құлағы шалғаны бар еді. «Әйния сол жұтымыр қарақұрттың тура өзі екен ғой! Иә, әлгі қара жесірдің дәл өзі!».
Ол кенет нешеқилы қауіп-қатерден қақпайлап аман сақтап келе жатқан жал­ғыз осы екенін енді ғана сезінгендей қасында отырған әйелін аялай елбіреп, бос қолымен құшағына қысады. Шәйбүбі де тоңғаннан ба, баладай үрпиіп бері ыңғайланып, жұбайының бауырына тығыла түсті.
Қораштың маңдайын шып-шып тер жуған. – «Құдай сақтаған екен! – деді іштей. – Әйниясы бар босын! Онымен тағдыр жалғастырғанда мен де баяғыда бір жерде тырапай асып жатқандай екем-ау!».
Жаны тітіреп, студенттік шақта сорлаған сонау қыздардың обалы туралы ойлайды. Жүрегі аузына тығылып, зайы­бының суық бетінен, көзінен өпкен.
Осынау құбылыстан хабарсыз Қайыр­ғалидың даусы жалғаса береді:
– Өзі әр күйеуден бір-бір перзенттен сүйіпті. Үш қызы бар. Екеуі тұрмыста-ау деймін. Кенже қызы жасырақ қой әлі.
– Е-е, жөн екен…
– Шешелерінің тағдырын қайталамаса болды ғой. Алла жар болып, бақтары жансын. Иә, өз бәйбішеңнің халі қалай?
– Жақсы жақсы. Бізде бәрі ойдағыдай.
– Е, дұрыс. Тілектеспін, достым. Әй, сен, қалт еткенде бала-шағаңды алып біздер жаққа келіп қайтпайсың ба? Сөйтсейші!
– Иә, көреміз амандық болса. Біздің де жұмысымыз ылғи қаурыт қой. Ең абзалы, осында өзіңнің қонақ болып кеткенің қисынды емес пе? Біз қазір тойға бара жатыр едік. Көлікте келемін. Саған ертең өзім хабарласайын, жарай ма?!
– Мәйлі-хоп! Мақұл. Таптым ғой өзіңді, әйтеуір. Енді асықпай сөйлесе берерміз.
Таксист те аяқ астынан құшақтасып, бір-біріне еміне қалған екеуге айнадан қарап, аң-таң болды.
Тегінде, еміренудің де шкаласы бар. Кернеуден асып-төгілген сол мейірім әйел жанын да тебіренткен секілді. Күйеуінің өзін шексіз бағалайтынын сол сәт қатты ұғынғандай. Әйелден сезімтал жан бола ма!
Мейірім ­– кейде тұла бойды егілтіп, алпыс екі тамырды иітетін әлемет күш.
Жүргізуші енді әйелдің жүзінде жылтылдаған жасты аңдаған. Әуелде манадан қалған жаңбыр тамшысы ма деп қалып еді. Жоқ, көз жасына ерік беріпті. Зулап өткен жылдарын аяды ма екен. Алыс жағалауда қалған жастығын қимады ма?
О, құдірет! Енді бір мезет ханымның қарақат көзі жақұт тастай жарқырап шыға келді. Осылар дәл қазір өзгенің емес, өз тойларына бара жатқанын білер ме екен өзі.
Мұндай шаттық маған да жұғысты болсыншы дегендей, өз жағындағы сәл ашық тұрған терезені мықтап жапты. Одан не болса о болсын деп, радиосын қосқан.
– Суықтарда-а-а тоңбайсың ба-а, бозторғайым-м-м,
Жылы ұяңа-а-а қонбайсың ба, бозторғайым…
Шырқаған үн ағылған машиналар арасынан төңірекке көз салған Қораштың да көңілін тербетті. Бұл кезде қалың бұлт та тарқап, аспан шайдай ашылыпты. Алыстағы жұлдыздар қуанышына ортақтасып, күлім қағып тұр. Тау қойнауындағы тіршілік бұрқылдап қайнап, ойнақшып, ыршып ұшқындаған оттар мейрамы да қыза түскендей.
Қораш көздеген межеге келіп қалғандарын аңдап, зайыбының қолынан тартып, көліктен түсуге ыңғайлана берді.

 

Құлтөлеу МҰҚАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір