«ТАҒДЫР ТОЛҚЫНЫ» — АРҚАУЫ БЕРІК РОМАН
26.08.2022
942
0

Дос, құрдас, әріптес Кәдірбек Сегізбайұлының еліміздің Мемлекеттік сыйлығына «ат қосқанын» естіп, оның шығармашылығы туралы бірнеше сөз айтпақпын. Кітап туралы көл-көсір әңгіме айтқанша, тоқетерін қысқа қайырғанды жөн көрдім.

1. Автор сексеннің сеңгірінен асып кетсе де, қаламына «тыным» берер түрі көрінбейді. Жуырда ғана бесінші романының соңғы нүктесін қойғанын білемін. Бір қаламгер 20-дан астам прозалық кітабын жарыққа шығарса, ол аз табыс емес. Демек – ол еңбекқор.
2. Кез келген кітабына айтағасын ескерту айтылмай, белгілі әдебиетші-сыншылар, оқырмандар негізінен «бәре­келді» деп жатса, онда автордың танымал қаламгер болғаны.
3. К. Сегізбайұлының ірілі-ұсақты қай шығармасы болсын, болған оқиға­ның негізінде жазылған. Кейіпкерлері түгелге жуық өмірде болған жандар, сондықтан олар туралы қалам тербеу – көп ізденудің нәтижесі. «Тағдыр толқы­нын» он-он бес жылдан бері зерттеп жүргенінен хабардармын.
4. Айтулы бәйге тек бір шығарма үшін ғана емес, толайым еңбегін де бағалау деп білемін. Бұл авторда жұрт жақсы бағалаған шығармалар баршылық.
5. Кейіпкерлер характерлерін айқын­дап, саралап ұсыну «Тағдыр толқыны» романына да тән ерекшелік.
6. Біз білетін Торғай, Нарынқол, Жетісу, Созақ көтерілістері сияқты ­­ Қ.Сегізбайұлының «Тағдыр толқыны» романы еліміздің Шығыс өңіріндегі шекаралық аудандарда да, 1916–28 жылдар аралығында бірде жеңіп, бірде жеңілген көтерілістердің, қантөгістердің болғанын барша жұртқа әйгілеп берді. Әлібай, Күркебай, Мүрсәлім сынды атақты батырлардың, мергендердің ерліктері ел аузында айтылып жүргені болмаса, көпшілікке белгісіз күйінде ұмыт бола бастаған. Бұл роман соларды қайта тірілткендей.
7. Осынау романның бүгінгі жастар­ға беретін тәлімдік, адамгершілік, Ота­н­сүй­гіштік, патриоттық тәрбие берудегі рөлінің ерекшелігін айтқан жөн.
8. Автордың тілі қазақы құнды ұғымдармен әрленіп, жатық баяндалады (өткен жылғы «Егемен Қазақстан» газе­тінің 2-санында автор ұмытылған, ұмытыла жаздаған, алайда тілдік қа­зына­мыздың алтын қорындай болып жатқан біраз көнерген сөздердің бүгінгі мағынасын еске салады).
9. Халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, былайша айтқанда, этнографиялық құндылықтары әр шығарма­сында білгірлікпен баяндалып отырады.
10. Қазіргі қолданыста көп кездесе бермейтін мақал-мәтелдер, әдемі тұрақты тіркестер, шешендік сөздер бұл романда да жиі ұшырасады.
11. Жазушының «Тағдыр толқыны» романы оқиғаларының қоюлығымен, композициялық құрылымының сәт­тілігімен оқырманын жетелеп отырады.
Мен әріптес, қаламдас, замандас ретінде К. Сегізбайұлының бұл романы аталған сыйлыққа әбден лайық деп ойлаймын.

Бексұлтан
НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір