Алыптар тобының ақберені
23.08.2022
717
0

Еліне ақ адал еңбек етіп, саналы ғұмырын ұстаздық пен ғылымға арнаған ақберен тұлғаларға деген ұлт сүйіспеншілігі қашан да болсын алабөтен. Кесек мінезіндегі турашылдығы мен ірілігі, сөзі мен ісінің үйлесіміндегі ұстанымы тоғысып жатқан ұлт перзенті – Тұрсынбек Кәкішұлына сан мыңдаған шәкірттері, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қадыр-қасиетін бағалайтын қалың қауымның құрметі еш толастаған емес.

Қазақтың сөзін ту қылып ұстаған қайраткер, әдебиетші-ғалым, ұстаз Тұрсынбек Кәкішұлы өткен ғасырдың 1920 – 30 жылдары өмірге келіп, өртеңге өскен алыптар тобынан. Балалық әрі жастық шақтары – қазақ тарихындағы небір қасірет пен зобалаң, нәубет пен зұлмат кезеңдерге тұспа-тұс келген бұл толқын өздеріне жүктелген зіл батпан міндеттерді абыроймен атқарды. Кеңестік саясат тарапынан аяусыз оталып отырған рухани және мәдени өркендеудегі ұрпақтар сабақтастығын барынша жаңғыртуға күш салған олар – қазақ рухымен біте қайнасқан, мамандықтарына деген кәсіби біліктілік пен адалдықты сақтай білген ақ адал еңбек торылары еді.
«Ұстазы мықтының – ұстамы мықты». Бүгіндері туғандарына тоқсан, 95 жыл толып отырған қазақ ғылымы мен руханиятының қара нарлары Тұрсынбек Кәкішұлы, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібай, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Нығымет Ғабдуллин, Қалжан Нұрмақанов, Қажықұмар Қуандықов, Үшкілтай Субханбердина, Шаһмардан Есенұлы, Болат Сарыбаев, Қанафия Телжанов, Мағауия Хамзин, Зейнолла Шүкіров, Кенжебек Күмісбеков, Дүнгенбей Ботбаевтар Алаш арыстарының тағылымын бойына сіңірген тұлғалардан тәлім-тәрбие алды. Олар алдынғы толқынның елдік қасиеттерден суарылған игі істерін жаңа заман биігінде жаңғыртып отыруда аянып қалмады.
Шаһмардан Есенұлы қазақ жерінің тұтастығына, Фараби мұрасының мың жылдан соң атажұртында жариялануына тер төксе, Болат Сарыбаев қазақтың екі жүз елуден астам музыка аспаптарын жинап, ұрпаққа аманаттады. Қанафия Телжанов, Шыңғыс Бейсембайұлы Кенжебаевтар қазақ монументі кескіндеме өнерінің негізін салды.
Тұрсынбек Кәкішұлының әдебиеттанудағы қамқоршылары Есмағанбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаевтардың ғылымдағы жолын ашқан аяулы ұстаздары Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы болатын. Есағаңмен замандас Қажым Жұмалиевтің сөз өнерін саралаудағы дарынын танып, филология ғылымына бағыт-бағдар берген Алаш қайраткері Әлімхан Ермекұлы еді.
Ойранды отызыншы жылдары аман қалған бірлі-жарым қазақ зиялылары тоталитарлық жүйенің кезекті саяси зобалаңын өткерді. Есмағанбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұхаметханов, Ермахан Бекмахановтар нақақтан-нақақ тұтқындалып, 25 жылға бас бостандықтарынан айырылып, ГУЛАГ-қа тоғытылды. Б.Кенжебаев, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Т.Нұртазин, Ә.Мәметовалар азапты қуғынға ұшырады.
Толассыз қуғын-сүргіннің қара бұлты сәл ғана сейілген тұманды жылдары «Өтелмеген парыз (қаза тапқан ақын, жазушылар жайында)» деп жанайқайын жеткізген Бейсембай Кенжебаевтың азаматтық өрлігі табанды әріптестері мен қайсар мінезді ізбасар шәкірттерінің тарапынан қолдау тапты. Әуелбек Қоңыратбаев «Әдебиетіміздің қамы үшін» деген көркемдік-эстетикалық ұстанымын ашық жеткізсе, Рахманқұл Бердібай «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері», «Ең үлкен мәдени байлық», Әбдіхамит Нарымбетов «Ана тілін ардақтайық» мақалаларымен әдеби мұра, ана тілі мәселелерін батыл көтерді.
Ұстаздарының елдік мінездегі қасиеттерін бойына сіңіріп өскен Тұрсынбек Кәкішұлы да ұлт тағдыры талқыға салынып жатқан тұстары тізгін тартып, осалдық танытқаны жоқ. Қазақ жеріне соқаның тісі ерекше өктем тиген өлкеде туған ғалымның ұлттық тілге төнген қауіпті ескертіп, шыр-пыр болуы тегін емес. Т.Кәкішұлы, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлішеров, А.Байшин, Ә.Мұхтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаровтардың «Тіл мәдениеті» (Қазақ әдебиеті.1956.24.08) мақаласының өзегі де қазақ тілінің мүшкіл халі еді.
Елдікті сақтау мен еселеуге серпін беретін ұлттық мұраттағы әлеуметтік мақсаты айқын мұндай арнадағы азат ой кеңестік идеология тарапынан тежеліп отырды. ҚКП ОК «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасырын қаулы қабылдады (1956.10.12).
«1927 жылдың» тумалары қазақ әдебиеттануын өрге сүйреп, тың тақырыптарды зерттеуге құлаш ұрды. Үшкілтай Субханбердинаның «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар. Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар. Мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. І-бөлім» (1961), «Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар. Мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. 2-бөлім» (1963), «Әдеби мұра. Революциядан бұрынғы мерзімді баспасөз бетіндегі жарияланған көркем шығармалар» іргелі (1970) еңбектері ұлт­тық әдебиеттанудың соны табысын айғақтады. Рахманқұл Бердібай 1965-1995 жылдар аралығында Алматы қаласындағы М.Әуезовтің мұражай-үйінде қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін құрып, оған жетекшілік етіп, ұлт мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен өнерінің аса маңызды тақырыптарына қатысты бес жүздей дәріс өткізген болатын. Кеңестік кезеңнің ұлтсыздандыру саясатына интеллектуалдық ұлтшылдықпен қарсы күрес ашты. «Ұлт­тық ойымызды оятуға, мәдени мұраны таныстыруға зор құрмет атқарған жалғыз университет» (Р.Бердібай) халқымыздың тарихи жадын қалпына келтіру, рухани кемелдену жолында ерен істер атқаруымен өшпес ізін қалдырды!
Қарап отырсаңыз, осы 1927 жылғылардың қай-қайсысы болмасын қазақтың өзіне де, сөзіне де адал қызмет еткен перзенттері еді. Олардың еңбектері мен өнегелі істерін айрықшалап айтып отырғанымыз, бүгінгі жастар мен өскелең ұрпаққа үлгі, тағылым болсын деген ниеттен туындайды.
1927 жылғы талантты шоғырдың бірегейі – Тұрсынбек Кәкішұлы да қазақ руханияты мен әдебиеттануына зор үлес қосып, өзіндік сүрлеуін салды. Архив материалдары мен құжаттарын зерттеудегі табанды еңбектері – рухани әлеміміздің өрісін кеңейтіп, жаңа леп әкелді. Жиенғали Тілепбергенов, Сабыр Шәріпов, Елжас Бекенов, Саттар Ерубаев сынды дарындардың әдеби мұраларының алғаш жариялануы, ХХ ғасырдың бас кезінде Қазан, Уфа баспаларында жарияланған, қазақтың небір асыл үлгілері санатындағы 700-ден астам ояну дәуірі әдебиетінің өртеуге шығарылған кітаптарын елге жеткізуі – үлкен ғалымның қайраткерлік ерлігін даралайды.
Қазақ зиялы қауымының алғашқы толқыны білім алған «Ғалия» медресесі мен медресе шәкірттері шығарып тұрған қолжазба «Садақ» журналының тұңғыш зерттелуі академик Тұрсынбек Кәкішұлы есімімен сабақтас. ХХ ғасыр басындағы рухани өрлеудің айқын үлгісі саналатын журналға әдебиеттанушы ғалым «Қолжазба «Садақ» журналы» (Қазақ әдебиеті.1958.1.08) мақаласында алғаш назар аударып, тынымсыз ізденістерін «Садақ» (1986), «Сандалтқан «Садақ» (2002) кітаптарымен түйіндеді.
Отандық гуманитарлық ғылым саласын сол кездегі Одақ елдерінің озық даму бағытында болуын діттеген әдебиетші қазақ әдебиет сынының тарихын тұңғыш зерттеп, ұлттық көркемдік-эстетикалық таным қайнарларына бойлады. «Сын сапары», «Оңаша отау», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» еңбектерімен ұлттық әдеби сынның халықтық эстетикадан бастау алатын асыл арналарын айқындады. Ғалым ыждахатымен «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» курсы филология факультеттерінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқытылатын міндетті пәндердің қатарынан ойып тұрып орын алды.
Ғылымдағы біржақты үстемдік еткен әдіснамалық қасаңдықтан арылуда ғалым жаңашыл ізденістердің көшбасынан табыла білді. «Кер заманның кереғар ойларын» тереңнен қозғап, «Санадағы жаралардан» айығудағы зиялы қауымның міндеттеріне ар биігінен келді. Сәкентанудағы сан жылғы ізденістеріне жаңаша танымда оралып, «Сәкеннің соты», «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметпен бірге), «Сәкен сүйген сұлулар», «Мағжан-Сәкен» еңбектерін жазды. Алаш арыстарының асыл мұрасын ақтау, рухани жаңғыру өзегіне айналдыру мәселелерін өткір көтерді. Қалам қайраткерлерінің тағылымды ғұмырын, іргелі ғылыми еңбектері мен классикалық туындыларын бағалау мен байыптауда аға буынның, соның ішінде өзінің де тарапынан жіберілген қателіктері мен кемшіліктерін айтудан тайсақтаған жоқ. Ұлт зиялылары басынан өткерген қилы кезең шындығына сәуле түсіруде «Саяси зобалаң толқындары», «Е.Ысмайылов не үшін сотталды?», «Ғалым Есмағамбет көрген қиямет-қайым», т.б. мақалаларының маңызы орасан зор. Ізденімпаз ғалым Е.Ысмайыловтың 1952 жылы қазан айында СССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы К.Ворошиловқа, 1953 жылы 5 желтоқсанда СССР Жазушылар одағының басшысы А.Фадеевке жазған хаттарын ғылыми айналымға қосып, қазақ тіліне аударды.
Ел мен жер тарихын, халқымыздың рухани әлемін зерттеп зерделеудегі кеңестік қасаңдықтан арылуға ой салған «Қағидаға айналған қателер түзелсе» (Жұлдыз.1988.№11), «Ойланар, сілкінер кез жетті» (Жалын.1988.№5), «Ақыл-парасатқа азаттық» (Лениншіл жас.1989.13.12), «Қазақ зиялыларының тағдыр-талайы» (Қазақ әдебиеті. 1989. 19. 26. 05), «Әділет жеңбей қоймайды» (Қазақстан коммунисі.1990.№2), «Шындықты бұрмаламай, жұлмаламай айтайықшы» (Қазақстан коммунисі.1990.№5), «Қазақ зиялылары хақында» (Қазақстан коммунисі.1991.№7), «Тарих дәйектілікті ұнатады» (Қазақ әдебиеті.1999.25.03), «Алыптардың адасқаны қайсы, араздасқаны қайсы» (Егемен Қазақстан.1999.25.06), т.б. проблемалық және полемикалық мақалаларына өткірлік пен батылдық, дәйектілік пен дәлелділік тән.
«Қазақ зиялылары хақында» мақаласында ғалым: «Революцияға дейінгі шындықты енді жаба салуға, желе-жорта әңгімелеуге болмайды. Қазақ зиялыларының тағдыр-талайын зерттеу дегеніміз, сайып келгенде, бір халықтың ақыл парасатына, әлеуметтік санасына тығыз байланысты, сондықтан осы өңірдегі «ақтаңдақтарды» ашып, жалғандықтарды әшкерелеп, қазақ халқының адамгершілік биік өресін, мөлдір моральдық бейнесін толық көрсетуге күш салайық», – деп тұтас зиялы қауымға дәуір талабы алға тартқан маңызды мәселелерді жұмыла атқарудағы парыз бен қарызды санада жаңғыртты.
«Қағидаға айналған қателер түзелсе» мақаласында қазақ тарихы мен әдебиеттану ғылымында орын алған қасаң қағидалардың тууы мен өрістеуіне негіз болған мәселелерге кеңінен тоқталды. «Бір кезде бір халықтың, яғни қазақ елінің қосымша аты болған «Алаш» этнонимі бұл күндері үгіт-насихаттың күштілігінен дүниедегі ең қорқынышты сөзге айналды. Ғалым, жазушы, зиялыларды ғана емес, бүкіл әлеу­метті, елді үркітетін сөз болып алды» деп Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, оның қайраткерлері туралы тарихи құжаттар негізінде әлеуметтік шындықты қалпына келтіруде атқарылатын келелі істердің бағыт-бағдарын нұсқады. Ахмет Байтұрсынұлының «Еңбекші қазақ» (1922.8.07) басылымында шыққан «Қалам қайраткерлері жайынан» мақаласын архивтен тауып, «Егемен Қазақстан» (2000.5.02) газетінде жариялады. Қайсар мінезді ғалым Алаштың айтылмаған ақиқатын жеткізуде тар заманның шырмауына маталып қалмады. Ғалым 1974 жылы 25 шілдеде суреткер Ғабит Мүсіреповтен магнитофон таспасына жазып алынған үш жарым сағаттық сұхбатында Алаш арыстарын ақтау ұстанымында болды.
«Ана тіліміз рухани азаматтығымыз бен мемлекетіміздің, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналсын» деген руханият жанашырын үнемі толғандырған қазақ тарихы мен мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне қатысты өзекжарды толғамдары әлі де өзекті. Қазақ хандары мен тарихи тұлғаларды ұлықтау, мемлекеттік тілді өз деңгейінде дамытудағы басы ашық кем-кетіктерді дер кезінде қолға алу тұрғысындағы өткір сыны, жанайқайы текке кеткені жоқ. Ана бір жылдары әліпбиге қатысты айтылған «Латынға көшу керек. Біз қатарымыздан кешігудеміз. Әзербайжандар бірден көшіп, техника тіліне үйреніп қалды. Ал қасымыздағы Өзбекстан осыдан он жыл бұрын мектептерін латыншаға көшірген. Балалардың оқуын латыншаға көшіру арқылы олардың ата-аналарының да сауатын ашып алды. Оларға енді онша қиындық келмейді… Сондықтан латыншаға көшкен жөн. Енді тартыншақтай берсек, көш соңында қалып қою оңайдың оңайы», – деген қазақ намысын қамшылау­дағы аталы сөзі мейлінше көкейкесті емес пе!
Кең байтақ елімізде ақжүрек ғалымның ұстаздық шапағатын, әкелік қамқорлығын көрмеген дарынды жастар, атпал азамат­тар кемде-кем. Қазақ тілі мен әдебиетінің бір топ жас өскін талантты мамандарын 1970 жылдары Ұлттық Ғылым академиясына жұмысқа орналастырудағы табандылығы мен қажыр-қайратының өзі неге тұрады?!
Ұлағатты ұстаз – аталы сөздерімен жастар бойына рух дарытып, көшелі ойларымен өрге сүйрейтін. Бойынан кісілік пен ғылымға деген ынта ұшқындаған қандастарының жолын ашып, адамгершілік қамқорлығын аямайтын. «Адал еңбек, маңдай термен табылған дүниеден артық ештеңе жоқ» деген ұлағатын санамызға сіңіретін.
Тұла бойынан қазақи рух, далалық кеңдік самалы есетін әдебиетшінің әрбір сөзінің тәлімдік астары, тәрбиелік мағынасы терең еді. Ғылыми мектебінің қазығын қадаған Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультеті студенттерімен әрбір жылдары өткізіліп отырған тағылымды емен-жарқын кездесулеріндегі ойлы да шынайы жауаптары ғажайып әсерлі болатын. «Білім алған студенттік шағыңыздағы ерекше бір ұмытылмас сәтті айтып берсеңіз?» деген шәкірттер сұрағына: «Басты мақсатым – барынша дұрыс білім игеріп, көбіміздің қолымыз жете бермейтін стипендия алу болатын. Бірге оқып жүрген замандас құрдастарыммен алғашқы стипендиямызға нан сатып алуға бәс тіктік. Сол стипендияға да ілігіп, тойып тұрып қара нан жегенімді қалайша ұмытармын?! Сол нанның дәмі мен құнары студенттік кезеңдегі ұмытылмас сәт болып қалуда», – деп жауап берген еді. Өмірдің қиын белестерінен өткен асыл ағамыз барды бағалауға, қадірлеуге ой салатын. Жастарға жоқшылық пен таршылық заманда ғылымға ұмтылған замандастарының қайтпас қайсар мінезін, табандылығын үлгі етіп, ақжарма тілектері мен уәлі сөздерінің нұрын төгетін-ді.
«Қайда жүрсеңдер де ана тілін ардақтап, ата тарихын қастерлеңдер!» – деген ұлағатын шәкірттерінің санасына сіңіріп отыратын. Өмірден алынған қызықты деректерімен тыңдаушыларын ұйытып, шешендік шеберлігімен көпті сүйсіндертін. Ана бір жылдары Франция астанасы Париж қаласындағы университетте қазақ әдебиетінен дәріс оқып, елге қайтып келе жатқанда ұшақ Германияның Майндағы Франкфурт қаласына аялдайды. Әуежайда ұстазымыздың қыр соңынан екі-үш неміс азаматы қалмай қояды. Тұрсекең: «Әй, айналайындар, мен де не шаруаларың бар? Айтарларың болса, тыңдауға әзірмін», – деп әлгілермен ақжарма көңілдегі мінезімен шүйіркелесе кетеді. Әлгі бейбақтар Қазақстаннан тарихи Отаны – Германияға қоныс аударған немістер екен. Олар кей-кейде әуежайда апталап әрі айлап жүріп ұшырасқан қазақтармен қазақ тілінде әңгіме сұхбат құрып, шемен шерлерін тарқатады. Тұрсекеңді барынша құрметтеп, қошеметтеген немістер қадірменді қонақпен айырылысар сәттегі көңіл толқындарын: «Уф, әйтеуір қазақша сөйлесіп, шерімізді бір тарқаттық қой! Сізге мың мәрте алғыс!» – деп білдірген екен.
Ұлтын шексіз сүйген арда тұлға шеттегі қандастарымыздың рухани әлемін зерттеп, зерделеудің көшбасынан табылып, елдік істерге ұйытқы болды. 1968 жылдан еңбек еткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 1990 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы және сыны» кафедрасының жанынан «Қазақ фольклоры және әдебиет тарихы» ғылыми тобын құрды.
«Ата жұрт сағындырады» («Егемен Қазақстан».1994.13.07), «Атажұртынан айырылған адам – жетім» («Қазақ елі». 1995.29.12), «Көш қонысты болсын десек» («Қазақ әдебиеті». 1995.1.08), т.б. мақалаларының әлемнің түкпір- түкпіріндегі қазақтардың тарихи Отанына оралуына ой салғаны анық.
Қытай, Моңғолия, Ирандағы қазақ диаспорасымен алтын көпір орнату мақсатында ұйымдастырылған экспедицияларды басқарды. Қытай, Моңғолия қазақтары әдебиетінің туып, қалыптасу жолдары, Омбы қазақтарының әдеби мұрасын зерттеудегі ұстаздық ақыл-кеңестері өз жемісін берді.
Қазақ әдебиеттануын, әдеби сын негіздерін кешенді зерттеудің бағытын нұсқап, ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым өз шәкірттерін Жүсіп Баласағұн, Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Есмағанбет Ысмайылов, Жиенғали Тілепбергенов, Мәжит Дәулетбаев, Жақан Сыздықов сынды әдеби мұрасы өз деңгейінде қарастырылмай келген тұлғалар шығармашылығын жүйелі зерттеуге жұмылдырды.
Иә, бойына кісілік пен адамгершілік парасат дарыған Тұрсынбек Кәкішұлының ғылымдағы қажыр-қайратқа толы ерен еңбегі, ұзақ жылғы ұстаздық қызметіндегі шапағаты, елдік мүддедегі қайраткерлігі – тау тұлғаның ұлт руханиятындағы тұғырын асқақтата бермек.

 

 

Сағымбай Жұмағұл
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ
әдебиеті кафедрасының профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір