ҚР Президентінің Оңтүстік Кореяға сапары
20.08.2021
331
0

«Алтын шаңырақта шырқалған ән» және еліне оралған генерал туралы бірер сөз

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің шақыруымен Сеул қаласына мемлекеттік сапармен барды. Жүздесу Көк үйдегі ресми рәсімнен басталды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев – пандемия басталғалы бері Оңтүстік Кореяға сапармен келген әлемдік деңгейдегі бірінші көшбасшы.

Қос Президент Сеулде Абай Құнанбайұлына қойылған бюсттің ашылу рәсіміне қатысты. «Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Абай шығармалары әлемнің бірқатар тілдеріне аударылды. Соның ішінде, корей тілінде «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітабы жарыққа шықты. Кореяда ұлы ойшылға арналған маркалар әзірленді. Мұның бәрі екі елдің рухани ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев жиынның ашылу салтанатында.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Кореяның ұлттық батыры, өмірінің соңғы жылдарында Қазақстанда тұрған генерал Хон Бом Доны еске алуға арналған іс-шараға қатысып, Отан үшін құрбан болғандардың Монументіне гүл шоғын қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Хон Бом До туралы: «Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, шынайы отансүйгіш. Генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі», – дей келіп екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас мәселесіне тоқталды.

         Президенттің айтуынша, бүгінге дейін Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылыпты.

         –  Инвестиция тарту ісін былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Мен  осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotte, Posko және тағы басқалары бар. Қазақстан Кореямен серіктестікті жан-жақты дамытуға баса мән береді. Біз өзара тиімді әріптестікті жоғары бағалаймыз. Ынтымақтастықты тың қарқынмен жалғастыруға мүдделіміз. Бүгін қабылданған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме – соның айқын дәлелі. Бұл құжат қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, қарым-қатынасымызды жаңа белеске көтеруге септігін тигізеді деп сенемін, – деді Корея Президентімен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Енді бірер сөз Хон Бом До жайында болсын.

Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін жапон басқыншыларымен күрескен батыр. Кедей шаруаның отбасында дүниеге келген ол  ата-анасынан ерте айрылып, жоқшылықты да, түрмені де, жойқын соғысты да көреді. Жапондармен ұрыста партизандар жасағын басқарып, ұлт батырына айналды. Сол кезде Ленинимен де жүздесіп, корей елінің тәуелсіздігі турасында пікір алмасқан көрінеді. Сондай ер өз елінде саяси репрессияға ұшырап, Қиыр Шығыстан 1937 жылы Қазақстанға, оның ішінде Қызылордаға жер аударылады.

Қызылордада Хон Бом До корей театрында күзетші болып жұмыс істеп, жан бағыпты. Қарапайым күзетшінің батыр екенін, генерал болғанын көпке дейін жан баласы білмеген, ол ерліктерті туралы ешкімге тіс жарып айтпаған. Кейін келе сол өнер ордасы ұлт қаһарманы туралы арнайы спектакль қойып, көрерменге корей батырының есімін паш етті.

Хон Бом Доннан ұрпақ қалмаған. Күрделі тағдыр иесі 1943 жылы 25 қазанда көз жұмған.

Уақыт оза Сыр өңірінде Хон Бом До мемориалы бой көтерді. Корей батырының есімі көшеге де берілді. Енді міне, Хон Бом Доның сүйегі қайта қазылып, екі елдің келісімімен 15 тамыз күні өз Отанына оралды.

Еске сала кетейік, осыған дейін Корея мемлекеті азаттық үшін күрескен батырлары Хван Ун Ден мен Ге Бон Удың мүрдесін Қазақстаннан алып кеткен болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір