«Су мәселесінің ғасыры» келе жатыр!..
Әлемде қазір 2 миллиардтан астам адам су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Бұл жағдай халық санының көбеюі, жаһандық жылыну, атмосфералық жауын-шашын көлемінің өзгеруі мен мұздықтардың деградациялануы барысында жылдан-жылға күрделене түсуде. Су табиғаттың ең тапшы ресурсына айналып бара жатқанын ескерер болсақ, алдағы жүзжылдықты «Су мәселесінің ғасыры» деп еш күмәнсіз атауымызға әбден болады.
Еліміздегі шектеулі су ресурстарының аумақтарға әр алуан деңгейде таралуы, уақыт ағымындағы климаттық өзгерістер, мемлекетаралық су қатынастары келісімінің ала-құлалығы және суды реттеу мен суды үлестіретін техникалық құрылғылардың жеткіліксіздігі, сонымен қоса су ресурстарының мөлшерден тыс ластануға ұшырауы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін жылдан-жылға шиеленістіре түсуде.
Бұл түйткілдерді ертерек ескерген Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылдың көктемінде берген тапсырмасына сәйкес География институтында «Климаттық және антропогендік өзгерістер әсері жағдайында Қазақстанның табиғи су ресурстарын бағалау және болжау» тақырыбында арнайы ғылыми-техникалық бағдарлама дайындалып, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша ТМД аумағында кең ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізілген.
Су шаруашылығының жетекші ғалымдары мен арнаулы мамандары халықты сумен қамтамасыз ету туралы Қазақстан тарихында тұңғыш рет тұжырымдамалық негіздеме дайындады, сонымен қатар Қазақстанның су ресурстары бағаланып, болжанып, оны басқару саласы жетілдіріліп, енді мемлекетаралық су бөлісуді жүйелеп, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға, табиғи су нысандарын сақтау жобаларын жүзеге асыруға қатысты ұзақ мерзімді бағдарламалар ұсынылған.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері Елбасының қатысуымен өткізілген Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында талқыланып, мақұлданды. Әрі осы зерттеу нәтижелері су ресурстарын тұрақты түрде бақылай отырып, басқару ісін мемлекеттік бағдарламаға бағындыруға жол ашқан болатын.
Сондағы басты жетістік – жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау және басқару» атты 30 томдық монографияның жарыққа шығуын айтуға болады. Бұл ғылыми еңбектер топтамасы – көз алдымызда жасалған тәжірибенің жемісі. Және бұл еңбек 500-ден аса су қауіпсіздігі мәселелерінің жеке-жеке аспектілері бойынша жасалған зерттеулермен, халықаралық рейтингі жоғары басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалармен барынша толықтырылған.
Ел Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 12 маусымында ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде алдағы шешілетін өзекті мәселелер қатарына қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі мен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі енгізілгенін шегелеп айтты.
Алға койған осы мақсаттарды шешу барысында Қазақстанмен қатар әлемдегі трансшекаралық су мәселелерінің өзектілігі айғақтала түсті. Себебі, аймақтық және ғаламдық гидрологиялық циклдарды құрайтын өзен жүйелерінде шекара болмайды: әлемде 261 су алабы – трансшекаралық өзендері, олар халықтың 40 %-ы өмір сүретін жер бетінің 45 %-ын алып жатыр. Соңғы 50 жыл ішінде трансшекаралық алаптарда 500-ден аса еларалық қақтығыстар орын алып, оның кейбіреулері әскери іс-қимылдар арқылы шешілгенін тілге тиек ету артықтық жасай қоймас.
Болашақта іргелес мемлекеттерден келетін өзен ағындыларының азаюына, климаттық өзгерістер әсерінен жергілікті су ресурстарының кемуіне байланысты республика өңірінде ауыз сумен қамтамасыз ету жайы қиындай түсетінін де жасыруға болмайды.
Халықты сумен толықтай қамтамасыз ету қауіпсіздігі еліміздегі ұлт қауіпсіздігін, сондай-ақ экологиялық және азық-түліктік қауіпсіздікті сақтау факторларының бірі екені рас. Себебі, тұщы су – көпфункционалды табиғи ресурс, ол қоршаған ортаны әр алуан зардаптағы апаттарға да ұрындыруы мүмкін. Республиканың түкпір-түкпіріндегі климаттық ерекшеліктер мен өзгерістер нәтижесінде қоғам дамуына да кері ықпалын тигізетін тұстар кездесуі ықтимал.
Су қауіпсіздігі (су шаруашылығы қауіпсіздігі) ұғымы – қоғамдағы басты мүдделерді (адамдар денсаулығы, тіршілік ортасы, өндіріс) гидрологиялық қауіп-қатерден, яғни су салдарынан болатын табиғи және антропогендік құбылыстардан, сонымен қатар су нысандарының белгілі бір жағдайларда қоғамға тигізетін зиянынан дер кезінде қорғауға түрткі болады.
Су шаруашылығы – (ауа, нан) өмір сүрудің басты нысаны. Бұлардан келетін қатерден қаншама жылдар бұрын қорғану жайын ертерек ескеруді ұмытпауымыз керек.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гидрологиялық қауіптерді сәйкестендіру, гирологиялық қатерлерден қорғау мен профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру сияқты үштіктен тұратын міндеттерді шешу қажет.
Республикадағы тұщы су ресурстары тапшылығын жою және су ресурстарына деген жүктемені азайтудың қазіргі таңда екі жолы анықталған. Бірінші жолы – суды үнемдеу; экономикалық тұрғыдан суды ысырапсыз пайдалану нәтижесін арттыру барысында өзен ағындыларының экологиялық шығындарын жеке адамдардан бастап, өндіріс, өнеркәсіптің барлық буындарында орнықтыру. Екінші жолы – балама су көздерін игеру, яғни өзен суларын түрлі әдіс-тәсілдермен тазарту іргелес мемлекеттерден су ресурстарын тарту арқылы қолда бар су ресурстарын ұлғайту.
Қазақстанның бүкіл табиғи-шаруашылық жүйелерін сумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік, мемлекетаралық көптеген стратегиялық іс-шараларды жүзеге асыру қажет болады. Ол үшін ұзақ уақыт ымырашылдықта тер төгу, келісім жасау мәселелері талап етіледі. Жобалау, құрылыс және жүйелі нысандардың эксплуатацияға берілуі 10-15 жылға дейін уақыт алады. Яғни, стратегиялық іс-шараларды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін кемінде 25 жыл уақыт керек екенін ұмытпауға тиіспіз. Бұл жайларды алдын-ала ескермеу – қоғамды экономикалық залалға ұрындырып қана қоймай, ұлт болашағына, ұрпақтар өсіміне кері әсер етуі әбден мүмкін. Осы жайларды ертерек тиянақтаған Елбасы «2050 жылға қарай Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселелерін біржолата шешу» мәселесін басты міндеттердің бірі ретінде алға қойды.
Қазақстан Республикасы су қауіпсіздігінің аса маңызды мәселесі – таза ауыз судың тапшылығын шешу жолында География институтының бастамасымен бірқатар ғалымдардың (авторлар ұжымы: А.Р.Медеу – ғылыми жетекші, Т.И. Есполов, С.Қ. Әлімқұлов, Ж.Д. Достай, И.М. Мальковский, И.В.Северский, Л.С. Төлеубаева, А.А. Тұрсынова) «Қазақстан Республикасы табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклы» әл-Фараби атындағы ғылым және техника ғылымдары саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына лайық деп санауға болады.
Еркiн Жаппасұлы