Ақиқаты – өлеңінде
Ақын Әлия Дәулетбаеваның «Жан дауыс» атты кітабы ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару» бағдарламасы аясында 5000 дана таралыммен жарық көрді.
Кітаптың алғысөзін жазған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы: «Қазір ақын аталып жүрген жастар жетіп-артылады. Жақсы-ақ! Жаманы әр шумақтан ұшқыр қиял, қиюын тапқан қисынның сезіміңді серпілтіп, түйсігіңді түлетіп қоя беретін сәулесі көбінде байқала қоймайды. Осыдан барып техникасы мықты, бірақ сырты жылтыр, ішкі бояуы мен мазмұны босаң өлеңдер өріп жатыр. Ал Әлия Дәулетбаеваның поэзиясы іңкәр дүниеге ынтызар, ынта-ықыласы асып-төгіліп тұратын, қоғалы көлден құбылаға қарай қуалай соғатын соқыр желдей әсерлі болып келді.
Өлең мен өмірдің шындығы бетпе-бет келгенде, өзекті жарып шығатын азуы алты қарыс ақиқат айтылмай тұра алмайды. Ақынның айдарынан жел есетін айбынды сәт. Әлия сияқтыларда кездесетін тепсе темір үзетін текті мінездің тебініп шығатын тегеуріні. Махамбет, Фаризалардан қалған аманат желісі, сірә», – деп ақын шығармашылығына «Ақиқаты – өлеңінде» деп баға берген екен. Ендеше, Әлия ақынның ақиқатын білуге асығыңыздар!