Қарқынды өзгерістер қарсаңында
Бұрынғылардың жатса да, тұрса да заманның тыныштығын, елінің берекесін тілеп, Жаратқан Иеге жалбарынатыны тегін емес-ау. Басынан небір зобалаңды өткерген қазақ жүрегіне ұя салған күдік пен үрейді сейілту оңайға соқпағаны мәлім. Сол бабаларымыз бастан кешкен қасіретті тағдырдың өтеуі – бүгінгі бейбіт күніміз. «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп», әлемнің әр түкпірінде болып жатқан алуан оқиғалар бізден тысқары, оларға еш қатысымыз жоқтай бейқам жүруіміз де тыныштықтың арқасы. Осы орайда тыныштық жөніндегі ұлттық түсінігіміз қандай, ұлттық тұрғыдан қарағанда саяси сергектігіміз, сауатымыз қай шамада? Біз егер көп жағдайға терең үңіліп, себептерін біліп, хабардар болып отырсақ неден ұтамыз? Жақсылық пен қатар жамандық нышанын сезіп, сақтанып отырудың шарты қандай?
Материалдық игіліктердің құлына айналу адам психологиясына қалай әсер етеді? Жалпы, материалдық байлықтан басқа құндылықтарды жарыққа қалай шығаруға болады деген сауалдар төңірегінде көп болып толғанған дұрыс та шығар.
Қалас ЖАМАЛОВ,
философия ғылымының докторы
Ғаламдық қарқынды өзгерістер және Қазақ Елі
Тыныштыққа қатысты ұлттық түсінік туралы айту қиын, өйткені әр түрлі ғылым салаларындағы оқымыстылардың ой-пікірлеріне, ұжымдық шешімдер мен жалпыұлттық сауалнамалар нәтижесіне сүйенуіміз керек. Ал менің ойымша, бүгінгі бұл тыныштық қазақ халқы мен өзге ұлттар күшінің теңдігімен сақталып тұр. Ресей басшысы В.Путиннің «біз қайда болса да орыс тілді тұрғындардың мақсат-мүддесін қорғаймыз» деп әлемге жар салғанын білесіздер. Осы сөз орыс тілді қазақтар мен қазақ тілді қазақтарды бір-біріне айдап салғандай әсер қалдырады. Не десе де ауыз өзінікі. Дегенмен, елде пайда болуы мүмкін қақтығыстың өзімізге, онсыз да саны аз халыққа қатерлі екені түсінікті.
«Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бекер айтылмаса керек. Өз жерінде бұрыннан саны жағынан халықтың басым бөлігі болатын қырғыздар, өзбектер, әзірбайжандар өз-өздеріне деген сеніммен өмір сүруде. Олармен салыстырғанда, қазақтар 1970 жылдары Қазақстан халқының 30 пайызын ғана құрады. Тағдырдың талай теперішін бастан кешкен ұлтымыз өз жерінде азшылыққа айналды. (Кеңес үкіметінің қолдан жасаған ашаршылығында қырылып, шет мемлекеттерге жер ауып, саяси қуғын-сүргін көріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, атом сынақтарының зардабын тартып)… Сондықтан дөңайбат, дөкір мінезден жасқаншақ боп қалғанбыз. Кешегі Кеңес Одағының шеңгелінен шыққан елдердің қайсысында барлық деңгейдегі басқосулар мен ресми жиындар орыс тілінде басталып, орыс тілінде аяқталуда?! Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да, қазақша сөйлеуге басқалардан жасқанып, орыс тілділердің қас-қабағына қарап, жалтақтап отырмыз.
Кезінде Мұса пайғамбардың еврей халқын құлдықтан құтқару үшін Мысырдан алып шыққанымен, бірден Құдайдың уәде еткен жеріне алып бармай, қырық жыл бойы шөл далада сандалтып, аштық пен азапты өмірге душар қылғанын білесіздер. Неге олай істеді? Себебі, біреу таяқ көтерсе бұға қоятын, құлдықтан енді шыққан адамдарға сенбейді. Қырық жылдан соң, құлдық көрген ең соңғы адам өледі. Өмірге кейін келген, құлдықтың не екенін білмей өскен ұрпақты ол Құдайдың уәде еткен жеріне, сол жерді қоныстанып отырған халықтан тартып алуға жібереді. Еркін өскен, ешкімге кіріптар болып көрмеген, қорқынышты білмейтін, санасы азат жаңа ұрпақ шөл даладағы жыңғыл, сексеуіл томарларын қолдарына ұстап, мұздай қаруланған адамдармен соғысып, жерлерінен қуып шыққан екен… Біз де әлі құлдық санадан толық құтылмаған сияқтымыз.
«Елдің тыныштығы» деген ұғымды абсолютті түсінуге болмайды, өйткені Жаңаөзен оқиғасы қоғамда шешімін таппаған проблеманың барын айғақтайды. Жастардың әр түрлі діни радикалдық ағымдарға беріліп, шет ел асып, жиһадқа аттануы да бізді жақсы жағымыздан көрсетпейді. Елдегі жастардың жұмыссыз жүруі, өмірден өз орындарын таба алмауы, баспана мәселесінің қиындығы оларды әр түрлі келеңсіз әрекеттерге итермелеуде. Қазақша айтқанда, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар».
Біздің саяси сауатымыз да, сергектігіміз де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Өйткені, әлемдік дамудың бағытын анықтап, соған сай шара қолданып жатқанымыз шамалы.
Адамзат қауымдастығы ғаламдық қарқынды өзгерістер алдында тұр. Осы әлемдік өзгерістер көшіне Қазақ Елі қалай қосылады? Қосыла алмаса, өзгелерге мәңгі жалтақтап өтетіндей шарасыздыққа кезігері сөзсіз емес пе? 2010 жылдар шамасында Қазақстан ғылымы тиімділігі жағынан әлемде 64 орында тұрған. Енді мектептердегі тарих пен географияны, тіл мен әдебиетті қосып бір пән жасалуда. Ал әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану пәндері жоғары оқу орындарынан мүлде аластанбаса да, мүшкіл халге жетті.
ХХ ғасыр басында Алаш азаматтары айтқан «Оян, қазақ!» ұраны әлі де күн тәртібінен түспегендей. Өйткені, біз күтпеген әлемдік алапат қарқынды өзгерістер ұйқыдағы қазақ қоғамын жанай өтіп жатыр. Осыдан бүгін «Қазақстанның болашағы қандай, қалай болады?» деген сұрақ әрбір санасында саңылауы бар адамды толғандырары сөзсіз.
Ресейдің ғылыми журналдарында оншақты жылдан бері «парасатты саясат», «парасатты экономика», «парасатты өндіріс» туралы мәліметтер жарияланып келеді. Әлемдік қарқынды дамудың алғашқы қарлығашы, белгісі деп Германияның «Индустрия 4.0» бойынша жоспарды жүзеге асыра бастағанын, Жапонияның министрлер кабинеті деңгейінде жасанды интеллект, «парасатты өнеркәсіп», «парасатты ауыл шаруашылығы», үздіксіз білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау орталықтары, қоғамның әлеуметтік дамуы концепциясын ұсынуын айтуға болады. Демек, көкжиектен жаңа цифрлық индустрия, жаңа цифрлық қоғам, жаңа цифрлық мемлекет, жаңа цифрлық ақиқат көрініс берді. Өмірде орын алып отырған мұндай шындықпен санаспасақ, қарқынды дамуға ілесе алмасақ, адамзат қауымдастығы көшінің соңында мәңгі қалатынымыз түсінікті.
Қарқынды даму бағытына түскен, тез тұрмыстық, технологиялық өзгерістерге ұшыраған әлем біздің елімізден экономикалық дамудың жаңа үлгідегі жолына түсуді талап етеді. 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлік қызмет көрсету индустриялары дамыған елдердің экономикалық құрылымын түбегейлі өзгертіп, дәстүрлі салаларды жаңа сапалық деңгейге көтеруде.
Елбасының республика жұртшылығына арнаған биылғы Жолдауында ел дамуының басым бағыты Қазақстан экономикасының қарқынды технологиялық жаңаруымен байланысты болатынына, заманауи технологиялар негізінде жаңа, келешегі бар салаларды дамыту қажеттігіне назар аудартуы бекер емес.
Қай заманда да қоғамның, әлеуметтік ортаның дамуы тарихи дәуір тұлғаларын толғандырмай қойған жоқ. Жалпы, әлеуметтік проблема өз шешімін оңайлықпен таптырмайтын, ең күрделі құбылыс. Өйткені, мұнда әлеуметтік орта құбылыстарымен санасып, соған тез бейімделіп, өз жұмыстарын жалғастыратын, әр түрлі мақсат-мүдде көздеген қоғамдық күштер мен топтар өмір сүреді. Өз мақсат-мүддесіне сай қызмет жасайтын әлеуметтік күштер әрдайым қоғамдық қайшылықтар бастауында тұрады. Қайшылықтар әрқашан өзінің объективті зерттелуін, объективті қорытындылар шығарылуын талап етеді. Қайшылықтар болмаған жерде тоқырау, қоғамдық өмір келеңсіздіктері, қақтығыс-соқтығыстар ауылы алыс емес. Кешегі Кеңестер Одағы соның нақты дәлелі. Кезінде В.И.Лениннің өзі де: «Құдайақы, өмір қайшылықтар арқылы алға жылжиды, деп қарт Гегель дұрыс айтады» деген екен.
Қоғам өзінен-өзі дами ма? Жоқ. Ол яғни қоғам өмірінің шыңдалуы прогресс те, кері кетуі, регресс те саяси күштердің әлеуметтік қызметі арқылы көрінісін табады.
ХХ ғасыр басында социалистік қоғам алдына қойылған бес міндеттің бірі – болашақ қоғам табиғатына сай келетін «жаңа ұрпақты тәрбиелеу» еді. Ақыры не болды? Кеңес үкіметінің тәрбиелеген «жаңа ұрпағы» сол қоғамның түбіне жетті. Өйткені, қоғам өмірінде объективті заңдар болатынын, сол заңдарды қызмет барысында басшылыққа алу қажеттігін білмейтіндер билік басына келді. Олар өздерінің тар ниетті мақсат-мүдделері шеңберінен шыға алмады.
1980 жылдардың басында экономист А.П.Бутенко билік иелерінің мақсат-мүддесі мен халық арасында алшақтық барын, егер ол ұлғая берсе, өліспей беріспейтін антагонистік қайшылық пайда болатынын мәлімдеді.
Өткеннің бәрін мансұқтамай, ел басқару жүйесінің үлгісін
В.И.Лениннен алса болады деп ойлаймын. (Әрине, қазір оған деген көзқарас жақсы емес, бірақ оның өз мақсатына жеткен үлкен тұлға екенін мойындаймын.) Кезінде сол кісінің нұсқауымен, экономист Н.Кондратьев «жаңа экономикалық саясатты» теориялық жағынан негіздеп, НЭП өмірге енгізілгеннен кейін, Кеңестер Одағы ХХ ғасыр басында пайда болған экономикалық дағдарыстан шықты, біршама жетістіктерге қол жеткізді.
Ресей ғалымдары әлемде 270-ке тарта мемлекет барын, соның тек 50-інің ғана таңдаулылар қатарына қосылатынын, қазір барлық елдің мүмкіндіктері қарайлас екенін айтып, дұрыс ұстаным негізінде үлкен жетістікке жетуге болады деп болжам жасауда. Ал қатарға қосыла алмаған елдердің қарапайым тұрғындары кедейлік қамытын киіп, озық ойлы, білімді тұлғалары дамыған басқа мемлекеттерде жұмыс істейтіні айтпаса да түсінікті. Мұның біздің елімізге де қатысы бар.
Әрқашан шикізат қорымыздың көптігін мақтан етеміз. Бірақ көкжиектен көрініп тұрған жаңа технологиялық дамулар келешекте оны жылдам құнсыздандырып тастайтыны, шикізат көздерінің керек болмайтыны ащы да болса ақиқат.
Рамазан Саттарұлы, социология ғылымының кандидаты, Еуразия Ұлттық университетінің доценті
КӨҢІЛІҢ ДҮНИЕГЕ АУСА…
Қазақ халқы ерекше қадір тұтатын жағдай – ол ел-жұрттың тыныштығы. Амандасып, жөн-жосығыңды біліскенде, «ел-жұртың тыныш па?» деп сұраған. Бейбіт заманды бағалау адамзаттың көне тарихынан келе жатқан ерекше ұстаным. Мысалы, ежелгі Рим философы Марк Туллий Цицерон (лат. Marcus Tullius Cicerо), «Жаман бейбіт өмір – жақсы соғыстан артық», – деген екен. Тарихшылардың айтуынша, қазіргі адамзат өркениетінің соңғы бес мың жылында, тек елу жылда соғыс болмапты. Бұл дегеніңіз, адамзат тарихы – соғыстар тарихы деуге болады. Қазақ даласы да ежелден соғыс аренасы болғаны мәлім. Қыршыннан қиылған жастардың асқақ арманы, аяусыз төгілген қарапайым халықтың қаны мен айтылған, айтылмаған мұң-зары, сонымен қатар жауынгерлердің батырлығы ұлт тарихында, әдебиетте орын алған. Сондықтан болар, бейбіт өмір қазақ үшін баға жетпес құндылық. Өйткені, бейбіт өмірде ғана қоғамның даму үрдісін көре аламыз. Ұлт өсіп өнсе, ол тек тыныштықтың арқасында. Соғыс, өз кезегінде әлеуметтік және саяси шиеленістердің шешім таппай тығырыққа тіреліп, дау-дамайдың ушығып, ашық текетірес, ұрыс-майданға ұласуы. Демек, ұлттың ұстанымы ел-жұрт тыныш болсын, бейбіт заман болсын дегені даму мен өркендеуді тілеуі, жақсылықты жақтағаны.
Заманауи ақпарат көздері бүгінгі медиакеңістікті ұдайы саяси және басқа да жаңалықтармен үздіксіз толықтыруда. Демек, кез келген саяси ақпараттар халықтың талдауынан, сараптауынан өтіп, ой елегінен сұрыпталып жатыр десек, қателеспейміз. Өйткені, ел-жұрт алыпқашпа әңгімелердің жетегіне еріп, аяқ асты дүрлігіп, көше бойлап жүрген жоқ қой. Демек, ұжымдық санада сабырлық пен салиқалық басым. Халықтың саяси сергектігі мен сауаттылығынан нағыз демократиялық билік пен азаматтық қоғам қорықпауы керек, керісінше, соның арқасында жат қылықтан, жабайы дәстүрден құтылуды ойлағанымыз жөн. Нәтижесінде халыққа жаны ашитын билік пен сауатты ел азаматтары өзара әріптес болып, жетістіктерге жететіні сөзсіз. Қоғам мен тұлға ұдайы өз тіршілігін талдап, есеп беріп отыру керек. Былай қарасаңыз, аморфты, пафосты индикатор, бірақ басшының да қосшының да, қағанның да, қараның да тіршілігінің, барлық әрекет қамының мән-мағынасы осы формулада. Саналы адам жамандықты ажырата алады. Біледі, көреді. Ал жамандық нышанын дәл табу, түп-тамырынан қиып, оны болдырмау тек ой талдау мүмкіншілігінде.
Қоғам мүшелері бәрі тең болуы мүмкін емес. Сол теңсіздік ертең де жалғасын табады. Бірақ әр адамның өмір жолы траекториясы оның жеке қасиет пен іскерлік қабілетіне сай болатынын ұмытпау керек. Шынайы демократиялық қоғам ондай адамға жол ашып, адамның тегі мен нәсіліне қарамай, табиғи және адами қасиеттеріне сай материалдық және рухани байлық береді. Егер де қоғамда барлық жетістік сыбайлас арқылы, таныс-тамыр демеуімен, көзбояушылықтың пәрменімен болса көпшіліктің наразы болуына, халықтың қалыптасқан жүйеден, соны тудырып, жақтап отырған биліктен жеруіне әкеледі. Нәтижесінде біреулер шіріген бай, жалғанды жалпағынан басып дүние жинауда, ал басқалардың жеке басының ұстанымдары дүнеқоңыздықтан жоғары болып, шын мәнінде еркін, егемен өмір сүруде.
Осы тұрғыдан шын бай кім, шын кедей кім деп сұрақ қояйық. Ұйқың тыныш, тілеушің халық болса байсың. Көңілің балаға емес, дүниеге алаңдаса, миың ел үшін емес, өз қарның үшін ашыса, онда азаппен күн көрудесің.
Дайындаған Гүлім СЫДЫҚОВА.