Сын керуені, ой серуені
Тіршілік пайда болғалы адам баласы алғашқы сөзін айтып, тасқа, папирусқа, ағаш қабығына тұңғыш ойын жазғаннан бері өткенге сыни көзбен қарау пайда болыпты. Ежелгі Эллада, Рим дәуірлерінен бұрын, сол заманды қабат алған кезден бүгінге дейін қаншама қайшылықты көзқарас, бір-бірінен уақыт талабына сәйкес асып-түсіп жатқан пікірлер өмір сүрді. Солардың бәрі жаңа ұрпақтың ұстанымы мен көзқарасын айқындап келе жатыр. Адам сафи зәузатының күллі өркениетін тұтас алғанда дәуір мен дәуірдің, ғасыр мен ғасырдың түсінісуін диалог концепциясы арқылы біріктіруге тырысқан Бахтин теориясына дейін де пенде атаулы жеткен жетістігін күллі әлемге ортақ деп түсінуге тырысты. Бүгінгі мобильді заманда да әр жаңалық – ортақ игілік. Солай бола тұра, әр ұлт өз жаңалығы арқылы дүние алдында жеке-дара келбетін жасауға тырысады. Әдебиет те ұлт дидарын айқындайтын маңызды компонент. Халық үшін ең әуелі әдебиет керек деп, онысын жазуымен де дәлелдеген қаламгерлер бар. Әлем әдебиетінің тарихын парақтай қалсаңыз, кешкен сор, тапқан бақ, жеткен олжаның бәрі сөзде тұрғандай көрінеді. Бодандықтан шыққан кез келген халық бостандық алғаны үшін әдебиетіне де қарыздар. Ел болмысындағы артықшылықтар мен кемшіліктер де басқасынан емес, тап сөз өнерінен байқалыпты. Ендеше, сөзге деген сынның өзі құрметтен туған деп айтуға болады. Әрине, формация негізінде саясатқа шырмалған сын болды. Бірақ оны бүгін «шын сын» деп айта аламыз ба?

Қазақ сыни ойының, сынының тарихи поэтикасын бағамдау бүгін тым қиын. Әдеби сынның тарихын тап-тұйнақтай етіп жинап, жүйелеп берген Тұрсынбек Кәкішев пен Жандос Смағұловтың еңбектері сынның поэтикасына негізделмегендіктен де осы тақырыпты қаузау алдымызға міндет болып тұрғандай. Мұхаметжан Қаратаев, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшімбаевтар қазақ әдеби сыны туралы үлкен мақалалар жазған. «Уақыт және қаламгер» жинағы негізінде жазылған мақалалар сыншылардың еңбегін тізіп, тарқатып, талдағандарымен,тұтас сыни ойдың қай межеде тұрғанын ашып айтпады. Қазақ әдебиеті кәсібилікке бет бұрғаннан бастап, оның сыны да қатар етек-жеңін жинаған тұста, нақты сынмен айналысатын маманға зәру болды.
«Роман бәйгесі» мақаласында Әлихан Бөкейхан: «…сыншы болмақ оңай жұмыс емес… Әр шебер өз орнында іс атқарса, іс орнына келеді. Маған өлең айтқызса, мұнан түк файдалы нәрсе шықпайды…» деп өзінің әдеби сынға икемі жоғын, бірақ маман аз болғандықтан жазуға мәжбүр екенін айтыпты. Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», Жүсіпбек Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы», Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» мақалаларының эстетикасы қазақ сыни ойының ғажап үлгілеріне айналды. Сол деңгейге жиырмасыншы ғасыр басынан басқа ешкімді қатар қоя алмаймыз. Жалғыз Мұхтар Әуезов көзқарасы, танымы, талғамы жағынан сол ағаларынан бөліп қарай алмайтын тұтастыққа ие.
«Жеңіл жарақаттанғыш, сын алдында орынсыз сынғақ болғыштарға» алғаш Әуезов басу айтып, сын көтеру мәдениетін үйреткендей. Сыншыға да, ақын мен жазушыға да әдебиеттің шарттарын түсіндіріп, сөз майданына қосылмас бұрын талант қана емес, мінездің де керек екенін айтты. Бұл мінез тек болмыстағы, әйтпесе, жиі айтылатын жазудағы мінез емес, әдеби қарым-қатынастағы ерекше мәдениетті, сыпайы мінез болса керек. Серік Қирабаевтың естелігінде: «Ең қатты айтқаны (өзінің бір қарсыласы боқтағанда): «Өзіңнің барлық боқтық сөздеріңді өзіңе қайтардым» дегені есте» деп жазыпты. Сын түгілі жеке басына артық ауыз сөз айтып жатқандардың өзіне ішкі мәдениетінен аспай, байыпты жауап қатқан жазушының мінезі көпке ортақ болмаса да, үлгі алуға тұрарлық қасиет болса керек.
«Ең үлкен шарт саяз қалқымау, шала қарпымау! Болмаса шала шалағайдан не тумақ? Көрік те, бөрік те жоқ, ши-шырпы ғана туады» дейді тағы бірде. Сынның өз алдына бөлек жанр екенін меңзейді. Төлеген Тоқбергенов: «Әсілі, сынның өзін өнер деп ұқпайынша, өнерге айналдырмайынша сынды ешкім де мойындамайды» десе, Сағат Әшімбаев та сынның өнер екенін айтқан. Осыған ұқсас пікірді Тұрсынжан Шапай да айтты. «Әлдеқандай шығармаға сын айтылса, оған автор түк ренжімеуі керек. Өйткені, сын өз алдына әдеби жанр, шығарма өз алдына бөлек. Екеуі де өмір сүре береді» депті. Қазақ сыншыларының қай кезде де мұраты сынды өнер дәрежесіне көтеру болыпты. Енді соған жете алдық па, жоқ па?
Бердібек Соқпақбаев әдебиеттанушыларға қаратып: «біздің жазған-сызғанымызды мазмұндап беруді ғылым деп жүргендер» деген сөзін күліп еске алғанымызбен, олай емес екенін жақсы түсінеміз. Автордың бәрі сыншыға зәру. Ол бір мақтау, я даттау есту үшін емес, өзінің жазғанына деген өзгенің көзқарасын, кәсіби маманның пікірін білу. Төлеген Тоқбергенов айтпақшы, сыншылар ұстанымы: «Өзім деп өзеуремей, өзгенің құзырына бағыштап сөз айтудың әсер-құдіретін былай қойғанда, онда зейіл-зерденің тереңдігі, сезім-сезіктің, түйін-түйсіктің нәзіктігі жатыр. Біз сол өзгелер туралы айтқымыз келеді».
***
Абайдан кейінгі қазақ зиялыларының ішінде, әсіресе, ақын, сыншыларында хәкімді үлгі қылмағандары сирек. Жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлтшылдар да, пролетариаттар да бас ақынға арнайы сөз бағыштап, мақала, кітап жазды. Келісті жақсыны, кейіпсіз жаманды Абай өлшемімен қарайтын болды. Өнерге, өмірге, өлеңге көзқарастарын да Абайға қарап түзеді. «Абай былай айтушы еді» деп, еңбекке қатысты сөздерін таптық идеяға бұрып материалистер сөйлесе, дүние, білім, ұлт туралы сөздерін идеалистер өз керегіне пайдаланды. Абай сөзіне сын айтқандар да болды. Бірақ хәкім мызғыған жоқ. Қайта керісінше Абай сөзі сынаушыға айналды. Мені кім қалай түсінер екен деп, кейінгі қазақтың бәрін «айналасындағы бар құбылысты қалт жібермейтін сақ көзімен» бағып тұрғандай. (Бұрынғы құбылыс әлі өзгерген жоқ. Діни таластың бәріне Абай сөзі ортақтасып келеді. Абай кең ғой, шіркін. Қартайған шағында «кеңіппін» деп еді. Өзін ел қатарына қосқан Абайға түйесін қимаған жаман Есіркеп сияқты сол кеңдігін әлі пайдаланып келеміз).
Абайдың өлеңге қатысты өлшемдері мен сындары одан кейінгі қаламгерлерге түгел үлгі болды. Жиырмасыншы ғасыр басындағы ақындардың ішінен өлеңді Абайша жазбағандары сирек. Абай қазақтың бас ақыны ғана емес, қазақ эстетикасын қалыптастырған, бағыт-бағдарын көрсетіп, жөнін сілтеген сыншы. Ол ешкімге үкім айтқан жоқ. Өзіне дейінгі ақындарды сынады, өзінен кейінгілерге шарт қойды. Бұқар мен Шортанбайды айтқанда, Әсет, Шәкәрім, Көкбайларға ұстаздық еткенде де өлеңге жүгінді. Неге қара сөзбен айтпады? Бұнысымен ақын өзі де үлгі болуға тырысқандай. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп Абай айтты. Сол кейінгілердің кредосына айналды. Өзіңнің жақсы көретін дүниең қасыңда болмаса да ылғи сол жаныңда жүрген сияқты бар асыл қасиетін сезіне алуды – махаббатты үйретті. Өмірде жоқ нәрсені емес, бар нәрсені өнер дәржесінде жырлай алғанды ақын деп тануға шақырды. Сонда сын ең алдымен – өз өнеріңе деген махаббат.
Бізде бір жас сынмен шұғылданып, алғашқы мақалаларын жариялай бастағанда бірден әспеттеп, қуанамыз. Ал енді сол сыншы өзіңді сынаса әуелгі симпатиямыздан жеріп, жек көріп шыға келеміз. Тіпті жаулыққа дейін барып қаламыз. Әуезов айтқан «жеңіл жарақаттанғыштық» осы.
Кеңес үкіметі орнағаннан бастап қазақ сыны материализм тұрғысынан жазылды. Оларға идеалистердің пікірі жат саналды. «Дүниені рух билейді; тарихты әлеумет емес, жеке адамдар, данышпандар туғызады, әуелі – рух, идея жүру керек; материя – рух мен идеяның құлы» дейтін идеализм жолы бар. Бұл – Гегельдің жолы. Гегельдің жолын қолдансақ, жеке адамды өлгенше дәріптейміз, әлеуметтен де басшыға артық мағына береміз; ақын, әлім, өнерпаз тілесе не шығарсын, не жазсын, әлеуметті теріс жолға бастасын, олай жазбадың, бұлай жазбадың деп мін таға алмайтын боламыз; ендеше ол жолды біз тұтына алмаймыз», – деп жазды Жүсіпбек Аймауытов. Өз заманының, билігінің ырқынан шыға алмайтынын мойындай тұра, соған шын жүрегін беріп сене тұра, Мағжанның ақындығын барынша ашуға тырысқан қаламгердің сөзін бақсақ, өзі де соны білген сияқты. Біле тұра айыптамайды, сынайды. Ақтамайды, сөзін ақтарады.
«Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуға мүмкін. Біз де сол көптің біріміз» деуінде үлкен мағына, мойындау жатқан жоқ па? Мағжанды алдымен тап, саяси көзқарас тұрғысынан айтып, сосын ақындық қуатын сөз етуінің өзі ақын алдындағы адалдық, әдебиет алдындағы парыз деп ұққандай. Абайдан кейінгі ақындар туралы жазғанда жеке ақындарға тоқталып қана қоймай, сол тұстағы қазақ поэзиясына баға бере сөйлейді. Алғаш газет-журналдар шығып жатқан тұста жарыққа шығарар ақындар аз болғандықтан редакцияға келген өлеңдерді баса берушілікті де сынап, талғам таразысына шақ өлеңдерді жариялауды ғана сөз етеді. Қазақ өлеңін Абай айтқан өлшеммен қарау Жүсіпбекте де бар.
Мағжанның Ақанның портретін өмірі мен шығармашылығын қатар алып жазуындағы мәдениеті оған дейін кездеспеген құбылыс болатын. «Ақанның барлық кемшіліктерінің үстіне бір сұлу сипаты – елдің сол дәуірдегі өмірін өлеңдерімен, әсіресе, өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білуі ірі жанды адамның ғана қолынан келмек» деген пікіріне ұқсас сөзді Орхан Памук суретшілер туралы романында айтқан кезде жалпы өнерге деген адамзаттың көзқарасы, парасатты, білімді адамдардың пікірі ұқсас келетінін түсінгендей едік. Талғам, көркем ойлау қашанда білімді, эстет адамдардың еншісіне бұйырыпты.
Жайдақ, құрғақ сындарға алаштықтар кеткеннен кейін тап болдық. Енді бұрынғыдай көркемдік әлем, сазды сөз, сұлу сурет әңгіме болмауға көшті. Тек қып-қызыл түсі көзге оттай басылып, көңілге еш қонбай, жатырқап оқитын сындар айдынға бір-ақ шықты. Оны бергі тәуелсіздік алған уақытқа дейін тоқтату мүмкін болмады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ғана жаңа леп сезілгенде қазақ сыны да жадырап шыққанын байқаймыз. Кеңес үкіметі кезіндегі сыншылық ой ең алдымен саясатқа байланысты болды. Әуелі таптық, ескілік, феодалдық тұрғыдан сыналса, одан кейін тың игеру науқаны басталғанда өндірістік жақтан, сосын ғылыми-техникалық революцияны негізге алып сынады. Өндірістік шығармалардың біршамасы өз заманында оқшау шығармалар қатарына қосылған.
Абай туралы алғаш монография жазған Ғаббас Тоғжанов ақынның өзіне икемді ғана сөздерін жазды. Оның ұлт, дін туралы айтқандары есепке алынбады. Кезінде Әуезовке шабуыл жасаған С.Бәйішев сияқты сыншыларда қазақ әдеби сынының салқар көшіне қосыла алмады.
Мұхаметжан Қаратаевтың сыншылығы туралы көп жазылды. Төлеген Тоқбергенов: «…Мұқаң тізімге соққанда тізгін тежемейді, сосын, әдебиеттің күллі жанрын қамтып қалуға тырысатын мінезі анық көрінеді. …Белгілі бір жанр, белгілі бір кезең, белгілі бір тақырыпты ғана көздемеген жағдайда, танымға соғар талдау жасалмайтынын, сын деп отырғанымыз шолғын-шолу сөз болып жеңілейіп, қызыл сөзге айналып кететінін Мұқаң өзі бізден кем білмесе керек» деп сынын айтса; Сағат Әшімбаев аға сыншының еңбегін бағалай келе: «М.Қаратаев есіміне қазақ сынының жетістігінің ғана емес, кемшілігінің де едәуір қатысы бар деп ойлаймыз. Қазақ сынының көрнекті өкілі М.Қаратаев сындарындағы өткір полемикалық сипаттың кей тұстардағы аздығы оқушысын бір сәт қынжылтады», – деп пікір айтты. Тоқбергенов айтып отырған «тізімге соққанда тежелмеу» бүгінде кездеседі. Аты аталмай қалса, ренжитіндей көрінетіні де рас. Көрінбек түгілі шынымен өз қатарластарының ішінде аты жүрмесе қаламгерлеріміздің көңіліне алып қалатын әдеті әлі де бар.
М.Қаратаевтың естелік мақалалары сол дәуірдегі әдеби ахуалды анағұрлым кең, жақсы түсіндерді. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы санын шығарған кездерін жазғанының өзі тұтас бір дәуір басталар алдындағы мерейлі сәттей әсер береді. Алғаш жазған сын мақалаларының біріне Ғабит Мүсіреповтің: «Оқыдым, дұрыс қой. Бірақ қанты көп екен» деуінің өзі сыншылықтың қандай болу керектігін ишаралап тұрғандай. Бүгінгі күні біз
М.Қаратаев еңбегіне сүйенеміз бе деген сауал туындайтыны хақ. Өз заманындағы ақын-жазушылардың еңбектерін талдауға көп еңбек сіңірген сыншының шынын айтқанда бүгін еңбегі сүйенуге жарамай қалды. Эстетика түгел өзгеріп, поэзия мен прозаға да көзқарастардың жаңаша қалыптасуына ғана байланысты емес, сыншы мақалаларының Тоқбергенов айтқаны сияқты көпті қамтуға тырысып, ақырында жүйелі сөз айта алмағандығында. Неге екені қазір осы сыншыларымыз ескіріп қалғандай көрінеді. Қайта жазушыларымыздың әдебиет туралы мақалалары әлі де өз дегенінен танбай, таза көркемдікке байланысты өз позицияларын айқын сақтап келеді. Оның бір мысалы Ғабит Мүсіреповтың «Суреткер парызы» мен Сағат Әшімбаевтың «Ғабит Мүсірепов туралы триптихі». Триптихтағы жазушының көп ойы, өз заманындағы әдебиетке деген сыны да бүгінгі көзбен қарағанда әділетті айтылған. «Меніңше, біздің әдебиетте сападан гөрі сандық көрсеткішке мәз болушылық әлі де басым сияқты» дегені көптің ойындағы, сыншылардың аузындағы сөз. Жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ Жүсіпбек Аймауытов «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында ақын-жазушыларды көбейту мақсатында олардың шығармаларының көркемдік жағына мән бермеушіліктің етек алып бара жатқанын айтқан. Ғабиттің: «әлі де басым сияқты» деуінің себебі осы. Төлеген Тоқбергенов та «Қазіргі қазақ романында» өндірістік романдардың шектен тыс көп жазылып кетуін сөгіп, осыған ұқсас пікір айтқан. Арада алпыс жылдай уақыт өтсе де сол қалып. Абайдың «кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау» деге-ніндей қазақ әдебиетінде көркемдік ойдың кемшілігі айқын білініп, талғамды тәрбиелеудің қиындығын меңзейді.
Әуезовтің: «Айқын мен Серіктің басқа жанрға жалтақтамай, таза сынмен айналысқаны маған ұнайды. Өскен әдебиетте әр жанрдың өз маман кадрлары болуы керек. Есмағамбет, Қажым, Бейсембайлар сыннан алыстап, жоғары мектепке, ғылымға кеткен кезде мұндай кадрлар бізге қажет» деп қуана лебіз білдіргенін естіген едік. Айқын Нұрқатовтың Шоқан, Абай, Мұхтар Әуезов туралы жазған монографиялары қазақ сынының бір белесіндей болды. Абайға қатысты еңбегі ақын өлеңдеріндегі маңызды ойларды ерекше байқағанымен тәшін қалдырады. Өз заманының шеңберінен шықпай, реалист, орыс демократтарының ықпалын баса көрсеткен еңбектің абайтанудағы орны өз алдына.
Ғылымға кеткен әдебиеттанушы ғалымдарымыз З.Қабдолов, Р.Бердібай, М.Базарбаев, Н.Ғабдуллин, М.Дүйсенов, Ә.Жәмішев, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, Х.Әбдібаев, Б.Майтанов сияқты ғалымдар әдебиет тарихы, теориясымен айналысты. Белгілі бір шығармаларды өз тақырыптарына байланысты талдап жазғандарымен, олар ғалым ретінде объективті көзқараста болды. Өздерінің жеке бағаларын беріп, сыншылыққа біржола бет бұрған жоқ.
Темір саясат тұсында әр ұлт деген сөзің үшін айдалып кету қаупі тұрған заманда ғылыммен айналысу анағұрлым оңтайлы әрі пайдалы болған шығар. Темірғали Нұртазин Әбділда Тәжібаевтың бір кітабына қатысты қатал сын айтыпты. Кейін өзі қауіпті элемент ретінде ұсталып, жиналысқа түскенде ақын: «Әдебиетімізді жаудың қолына бермеу керек» деген. Енді осындай қарым-қатынастан кейін қалай бел шеше сынмен айналысуға болады. Кейде мықты сыншы ағаларымыздың сирек жазып кеткенін ойлағанда, әдеби ортаның осындай мінезінен, бықсыған күншіл сөзінен шаршағаннан кейін барған қадамдары шығар деп те ойлайсың.
Негізінен Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбаевтардың сындарына дейін сыншыларымыз Орталық комитеттің қызметкерлеріне ұқсас саяси тұрғыдан көп жазған сияқты әсер қалдыра береді.
Т.Тоқбергеновтің роман, сын жайындағы, Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығына баса назар аударған еңбектері сын тарихындағы маңызды, жемісті жұмыстардың бірі. Кей мәселелерде қаламгердің атын айтып, анонимді жазуды сөксе де, Төлегеннің өзі де өз ескертпесіне өзі қарсы келіп қалады. Бұл сыншылардың бәріне ортақ қасиет сияқты. Кейде жалпы ортақ тенденцияны айтып, оны нақты кімдердің шығармаларынан, я мінездерінен екенін айтудан қашып, жалпылама тоқталып өтеді. Бұл қорыққандықтан емес, онсыз да көпті сынап, неше түрлі сөз естіп жүрген сыншы жалпы тенденция болғаннан кейін сондай қадамға баратын сияқты.
Көңіл тоғайтып, ой марқайтатын шығармаларға тап келген кезде сыншы ерекше ашылады. «Сынап қарағаннан, сыйлап қараған көп болды» дейтініндей, кейде сыншыларымыз көп жазушының романдарын, әңгімелерін мақтағанда «кейіпкердің образын ашқан, детальді жақсы пайдаланған, бояуы қанық, тақырыпты жақсы таңдаған» деген сияқты кез келген шығармаға қолданып кете беруге болатынжалпылама сөздерді де пайдаланады. Тоқбергеновтің сындарында партия саясатынан алшақтамау анық сезілсе де, өзіне дейінгі сыншылардан едәуір биіктеп, талғам жағынан да, әдеби таным тұрғысынан да ерекшеленеді.
Сыншыларымыздың еңбектерінде өндірістік шығармалар жақсы бағаланып, талданды. Бүгін біз тіпті атын есту былай тұрсын, мүлде құлағымыз шалмаған ақын-жазушылардың еңбектері әспеттелді. Сексенінші жылдардың өзінде мақталған қаншама шығарма бүгін жоқ. Неге? Қазақ сыни ойының нашарлығынан ба? Әлде басқалай да себептері бар ма? Тек өндірістік шығарма болғандықтан ғана ұмыт қалды десек қателесер едік. Онда көркемдіктің де кілтипаны бар. Сыншының да талғамында кінәрат болғаны. Сексенінші жылдан бері жарты ғасыр да өткен жоқ. Сонда бүгін мақталып жүрген ақын-жазушыларымыз отыз демей-ақ қоялық, елу жылдан кейін қай межеде тұрады деген сауал туындайды. Бұл, әрине, сыншыларға да қатысты. Болашақ ұрпаққа қызмет ете аламыз ба, жоқ па (жазғандарымызбен)? Сондықтан бүгін мақталсаң да, мемлекеттік сыйлық алсаң да, театрларда қойылсаң да ол ештеңенің өлшемі емес екен. Бір кездері көп сахналанған Әбділда Тәжібаевтың пьесалары бүгін қай театрдың репертуарында бар екен? Болса, әрине, жақсы.
Серік Қирабаевтың қойын дәптерінде сақталған «мезгіл сынайды, тарих таразылайды, сын саралайды» деген Әуезов сөзі қандай қысылтаяң шақта айтылған болса, тура сондай көңіл-күйде өзімізді жұбататын жалғыз сөзіміз осы-ақ.
***
Жанр табиғатына байланысты алғаш сөз қозғаған Әбіш, Төлеген, Тәкен. Қаламгерлер үшін ең өзекті тақырып, әдебиетіміз үшін ең маңызды мәселе. Бұған дейін идеологияға келеді, я келмейді, болмаса ұйқасына байланысты сын айтылып келсе, енді таза теориялық мәселелер қозғала бастады. Жанрды дұрыс таңдау туралы Әбіш Кекілбаевтың «Өлі жандарды» Пушкин неге өзі жазбады?» деген мақаласы өте түсінікті, нақты жазылған. Сонда тақырыптың өзі жанрға икемделіп, сұранып тұратындығын айтқан қаламгер оны тек қаламгерлік түйсікпен ғана сезуге болатынын айтады. Жазушылық интуиция. Ол болмаса тақырып жақсы болғанымен, шығарма нашар шығуы мүмкін. Осы мақалалардан кейін қазақ сынында теориялық мәсе-лелер кеңінен жазыла бастады. Ғалымдардан Б.Майтанов психологизм тақырыбына бір кітап арнаса, Тұрсынжан Шапай лирикалық кейіпкерге байланысты көлемді мақала жазды. Қазақ сыншыларында, ғалымдарында белгілі бір жанрды қаузап, соның теориялық негіздерін жинақтап айтқандар көп емес. Көбі әдебиет тарихын, бір шығармашылық иесінің өмірі мен жазғандарын зерттеді. Драматургия тарихын Рымғали Нұрғали кең зерттеп жазды.
Әр сыншының міндеті қаламгердің жан әлемін, өлеңдегі, шығармашылығындағы сырын тану болуға керек. Бұл жағынан келгенде Кекілбаев ашқан ақындар бар. Жазушылар жайлы мақаласын оқығанда жаңа бір әлемнің есігін ашқандай қуанасыз. Бір тақырыпқа байланысты тұтастыққа Кекілбаевқа дейін сыншылардан өзге ешкім ие болмаған сияқты. Төлеген Тоқбергенов айтқан шашыраңқылық бәрінде кездеседі. Ал Әбіш ол жағынан келгенде терең, жинақы. «Қасым Аманжолов жырларының дауылдай екпіні мен нәзік сырын,
Төлеген Айбергенов өлеңдеріндегі зор сағыныш пен ұлы махаббатын, Жұмекен Нәжімеденов поэзиясының тереңдігі мен биіктігін алғаш сараптап, талдап түсіндірген болатын. Ілияс Жансүгіров поэмаларының табиғатын, оның адам жанына үңілгіштігін, психологияны поэманың өзінде жазушы сияқты бере алатындығын да жазған Кекілбаев еді.
Толстой, Чехов, Әуезов, Мүсірепов, Ахтанов, Әлімқұлов, Нұрпейісов сияқты жазушылардың әлеміне үңілер сәтте де Әбіш мақалаларын аттап кете алмайсың. Өткен ғасырлардағы әлем әдебиетінің классиктері қай деңгейде болғанын, олардың жазушылық, ақындық қабілеттері адамзат ақыл-ойына қаншалықты үлес қосқанын білу үшін австриялық Стефан Цвейгтің жазғандары қаншалықты бағалы болса, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын тану үшін Кекілбаев сындары соншалықты құнды».
«Қысқаша әдеби энцклопедиясының» өзі – жан-жақта шашырап жатқан әдеби түсініктерді бір арнаға жиып берген құнды еңбек.
***
«Большинство наших критиков изо всех сил стараются затемнить смысл ясных вещей; под их пером четко выраженные а произведениях идеи смягчаются, приглушаются, приглаживаются, затушевываются…», – дейді Элиот. «Талғамға талас жоқ» деп өзімізді қанша ақтауға тырыссақ та, әдеби норманың бары сияқты талғамның да өз деңгейі бар. Сіздің талғамыңыз ортақ талғам деген кірпияз дүниеге сәйкес келмесе, «талғамға талас жоғыңыз» өзіңіздің емес, өзге талғамды айтып тұрғаныңыз. Өйткені, шынымен талғаммен таласатындай да талғам болуға керек. Айқын ойдан астар іздеп, ол шығармадан көмескі, күңгірт әлем жасап, жалпақ жұртқа жария салу ең алдымен объектіге обал. Схоластикалық ойлау жүйенің шығарма талдауға тигізер кесірі көп. «Шешендіктен гөрі сөзуарлыққа, ділмәрлікке емес, ділмәрсуға бейімділік» тек ақын-жазушы мен сыншыға ғана тән нәрсе. Тым астаршыл болудың зияндығын қазақ сыны да біршама тартты. Таласбек Әсемқұлов «қазақтың бас сыншысы» деп бағалаған Зейнолла Серікқалиевтің сын мұрасы зерттеуді, жаңа көзқарасты талап етеді. Серікқалиевтің мақалаларын бірнеше буын оқып, талғамын сыншыға қарап түзеді. Әдебиеттің қай жанры болсын, әрқилы авторлардың болғаны жақсы. Әдеби санамыздың өсу жолында солардың бәрі өзіне тиесілі қызметті атқарады.
Сын – көзқарас. Сыншы – тура би. Кезінде Жарасқанның трибунасын бүгін сағынып еске алады үлкендер. Ал Жарасқанның өзі сол сын жазамын деп көп теперіш көргенін айтты. Кітабы шықпай қойды. Уақыт өткен сайын сынның қажет екенін түсіне түссек те, сынды ұнатпайтынымыз осыдан белгілі. «Сын жоқ» деп те айту сол өзіңе көп мән берілмегендіктен айтылатын сөз. Әйтпесе қай уақытта да сыншыларымыз болды.
Сыни ой туралы айтудың қиындығын біле тұра жазған мақаламызда да тұтастыққа ие бола алмай барамыз. Уақыт, білім, тәжірбиемен келетін дүние болса да, оған зор тыныс та қажет. Сынға құрмет те бар, қысастық та бар. Сол екіұдай күн кешумен қазақ сыны да өсе бермек.
Бағашар Тұрсынбайұлы