ҚАРАТАУДЫҢ КҮЙШІЛІК КЕРУЕНІ
10.07.2023
276
0

Теріскей тарланбоздары
«Созаққа барсаң, күйшімін деме»
Мұхтар ӘУЕЗОВ

Басынан талай ел көшкен Қаратаудың теріскей бетінен Созақ жері басталады. Үш Көкшенің аяғы Мойын­құмға жалғасып, одан әрі Бетпақтың қиян даласы ұласады. Ұзақ жолдың ақыры өзегі талып барып Сарыарқаға айналғанша ауаның райы да, жердің үсті де қырық құбылып, оңып өзгере береді. Табиғаттың құбылмалы райы, адамдардың айнымалы, олқылы-толқылы күйі, тұтам тіршіліктің өткінші уанышы, қайта буырқанған үміт шоғы, түз адамдарының түрлі кезеңдердегі бұлқынған алапат сезімдері, жан-жануарлардың сілкініс-серпілістері, жүрек бүлкілі, кең далаға сыймай кеткендей тебіреніс-тербелістері, тарихы мен тағдыры ғасырлар бойы домбыраның қос ішегінен қанық бояумен нөсердей төгіліп келді. Осыдан барып Қаратаудың күйшілік өнері қалыптасты.
Енді Қаратаудың күйшілік өнері дегенде ең әуелі есімізге Ықылас пен Тоқа түседі. Сүгір Ықыластың қобызда ойнаған барлық күйін домбыраға түсірсе, Тоқа – сол Сүгіріңізге бата берген адам. Бұлармен замандас арғын Дайрабай бар. Ал Созақта Сүгірден бұрын алшын Дайрабай, қыпшақ Жұмабай, қоңырат Оңдыбай, Рай, Есемберді, Иса, алшын Бөкеннің Ілиясы деген домбырашылар өткенін сарқынды шалдар айтып отырушы еді.
Созақ жерінде екі Дайрабай өмір сүрген. Үлкені – алшын Дайрабай. Ол қобызшы жөгі тама Ықыластың әкесі Дүкенмен замандас. Жоғарыдағы алшын Дайрабайдың өнерін қуушылардың алғыры Сатыбалды екен. Оның бес ұлы болған. Бесеуі де домбыраны шебер шерткен. Көшіп-қонып, мал соңында жүретін қазақ кешке шаруасын жайғап болған соң домбырасын ермек етеді. Ағайынды бесеудің қосылып шерткен күйіне төңіректегі тыңдаушылары қайран қалады екен. Сондықтан оларды білетіндер «Сатыбалдының бес жорғасы» атап кеткен. Бүгінге дейін үзілмей, мұрты бұзылмай жеткен «Бес жорға» күйі солардан қалған мұра деседі. Алшын Дайрабайдың өзі аттас «Дайрабай» атты күйі бар.
Жоғарыда «Созақта екі Дайрабай өмір сүрген» дедік қой. Соның екіншісі – арғын Дайрабай. Ол алшын Дайрабайдан бір ұрпақ кейін өмір сүріпті. Расында, алшын Дайрабай да домбыраның дарабозы ретінде кеңінен танылыпты. Көзін көргендер: «Оның домбырашылығынан ақындығы басым еді», – деп отыратын.
Сол заманда жиын, аста домбырашылар бір-бірінен күй үйреніп, өз елдеріне жеткізіп отырғаны да белгілі. Мәселен, Сарысу бойында Бұлтың қыпшақ Қожапейіс бай әкесіне ас бергенде жоғарыда аты аталған күйшілер сол жиында тоқайласады. Сарыарқаның Жетіқоңыр деген жерінде Оңдыбай Қожақ баласы әкесіне ас бергенде ақындар, жыршылар, домбырашылар жиналып, өнер сайысына түскенін, жарыста Сүгір Әліұлының суырылып алға шыққанын теріскейлік көнекөздер жыр қылып айтып отырушы еді. Осы сайыста Асан, Шубай, Өскенбай, Қошқарбай сияқты жас домбырашылар ел ықыласына бөленеді. Бұлардың қатарын Бапыш, Ақтай, Жайыл, Кәрібоз, Рәсіл, Қилыбек толықтырады. 1928 жылы Қоңыр құмында алшын Қонарбайға ас берілгенде жоғарыда аты аталғандардың домбырашылық өнері төрткүл тарапқа тарайды.
Бапыш деп қалдық. Бапыш Қожамжарұлы алшын Көпірбайдың асынан соң көз тиді ме, кім білсін, көп ұзамай өмірден өтеді. Ол 1860 жылы өмірге келген. Бапыштың күйлерін біз Төлеген Момбековтің орындауында білеміз. Төлеген оған шөбере болып келеді. Төлеген оның «Қарқара», «Қаражорға», «Ыңғайтөкпе» күйлерін күйтабаққа жаздырған. Бапыштың бұлардан бөлек «Қаратау», «Қарлығаш» деген күйлері болған. Бірақ белгісіз себептермен күйтабаққа жазылмай қалған. Бапышпен аталас Сейітхан Әлімбеков, Әліп Тәшенов, Жақсыберген Саңғылбаев деген кісілер де күйшілігімен ерекшеленген. Белгілі ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбеков «Қазақтың күй өнері» (Астана. 2002. 786-бет) атты монографиясында: «Бапыш жас кезінде Тоқа Шоңманұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты дәулескер күйшілердің алдын көріп, жанына еріп, күйшілік-домбырашылық өнерін шыңдаған», – деп жазуы әрине, тектен-тек емес.
1941 жылы басталған соғыс Созақтың талай саңлағын топшысынан қиды. Құлыншақ ақынның немересі Көбей Исаханұлы, Жаппас Қаламбаевтың туған інісі Жарылқасын Қаламбаев, сондай-ақ Қаратай Сыздықұлы, Жақсылық Сапиев, Білісбек Шолақов, Дінісбек Әбдірахманұлы, Ершебек Базарбаев, Ибрагим Таласбаев соғысқа домбырасын құшақтап кеткен. Сол күйі бәрі де оралмады. Солардың арасында шайқаста миы шайқалып оралған – Төлеген Момбеков қана. Миы шайқалмай келгенде тарлан талант Төлеген талай күй тудырар ма еді, кім білсін. Жоғарыдағы домбырашы-күйшілер өз мектептерін қалыптастырып кетер еді-ау деп бармақ тістейміз бүгінде.
Жалпы Қаратау шертпелері Арқа мектебінен бастау алады дегенімізбен, Тоқаның тұсында ол жаңа реңк-бояуға ауысты. Ал Қаратау шертпелерінің шың басында Сүгір Әліұлы тұр. Ол өзіне дейінгі күйшілердің мұраларын барынша меңгерумен қатар өз жанынан күй шығаратын өнерімен де дараланды. Ол басқаның тартқан күйін бір тартқанда-ақ айна-қатесіз, дәлме-дәл қайталап тарта білді. Суырылып салып күй шығаратын дарыны да белгілі. Мұны Мафуза қызбен күй сайысынан жақсы білеміз. Ұлытаудағы Есенбектің кіші қызы Мафуза домбыраны Тәттімбет үлгісінде шертіп, Орта жүз Арғын-Найман елінің арасында өзіне теңдес күйші таппай жүргенде Сүгірдің атын естіп қалатыны бар ғой. Шікәмшіл, шәркез сезімді қыз: «Домбырада күй сайысында кім мені жеңсе, қойшы-қолаң, жарлы-жақыбай демей, шал болса да жатсынбай жар етіп алар едім», – деп жар салатыны бар емес пе? Сонда Сүгір әкесінің жаратпағанына қарамай жолға шығады. Күй-сайыста домбыраның қос ішегін астын-үстін бірдей басып, тебірене өрнектеп шерткенде жалындаған жас қыз бойын алдырып қояды. Қарлығаштай қағылез, сәмбі талдай талдырмаш Мафузаны жеңіп, онымен сөз байласып қайтқан Сүгірдің «Кертолғауы», Тоғыз тарауы», «Тоғыз тараудың жолы» атты күйлері – осы сырлы сәттердің жемісі.
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Мұхтар Әуезовтің 1961 жылдың сәуір айында қазақ халқының қалыптасу кезеңінде тірек қамал болған Созақ тарихымен танысу үшін келген сапарында Сүгірдің шаңырағында болып: «Созақтан бір Тәттімбетті таптым. Пай-пай, шіркін, қарт Қаратаудың бөктері күйге кенде болуы мүмкін емес қой деуші едім. Міне, сол өнер қайнарының кені табылды. Керемет емес пе?» – деп, Тәкен Әлімқұловқа елжірей қарағаны ұмытылар ма? Сол күйлерін Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзулла Үрмізов, Ергентай Борсабаев, Назбек Байтуаров, Жанғали Жүзбаев (Әлімхан Жүзбаевтан тараған ұрпақ жөнінде бөлек тарау жазбасақ бір мақала аясына олар туралы сыйғыза алмаймыз) жалғастырады. Өкініштісі сол, бүгінде жоғарыдағылардың Жанғалидан басқасы арамызда жоқ.
Сүгірмен қатарлас ғұмыр кешкен Арқадағы Сейфолла (Сәкеннің әкесі) да күйші болған. Оның күйлерін Арқаға барғанда үйреніп келген Мәлік төре (атақты Қажымұқан палуанмен кездескен адам) Теріскей өңіріне кеңінен таратыпты. Сейфолланың күйлерін Файзулла Үрмізов атақты палуан әрі домбырашы Мәлік төреден үйренген. Дүниеден өткенше сол күйлерді насихаттап жүрді. Файзулла Сүгір, Төлеген күйлерін насихаттап қана қойған жоқ, өз жанынан да бірнеше күй шығарды.
Теберікті Теріскей төскейіне күй өнерінің сіңіп кеткені соншалық, домбырашылықпен әуестенгендер легі арада қаншама ғасыр өтсе де үзілген емес. Тіпті мамандықтары, кәсібі басқа адамдар да күй өнерінің өгейлік көрмеуі үшін үйлерінің керегесіне үкілі домбыра іліп, оны өмірлік серігі етіп келді. Созақ сахарасында Атабек Асылбеков, ағайынды Сейітхан және Әлімхан Әлімбековтер, Бексейіт Тұрсынбеков, ағайынды Сәтбай, Бекберген Ізбалаевтар, ағайынды Қияқбай, Тоқсанбай, Сексенбай Тұрсынбековтер, Сатан Мақанов, Нұржан Жұбанов сынды дарындылар Қаратаулық дәстүрдің жарасымды жалғастырушылары болды.
Теріскей тарландарының табыстары Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов тәрізді сөз өнері шеңберін де бей-жай қалдырмады. Бір ғана Тәкеннің өзі Сүгірдің, Төлегеннің, Генералдың, Файзулланың күйшілік өнері туралы талай туындылар жазды. Тәкендей қазақ күйшілерінің сырын ұққан жазушы сирек. Жазушы күй тіліне тым шебер. Ол әрбір ырғақ пен әуезді жақсы түсінеді. Күмбір күйдің не сөйлеп, нендей гәпті шертіп жатқанын бар жанымен, шын тінімен түсінеді. Суретке, сезімге суарылған сыршыл әңгімелер бойыңызға балдай сіңеді.
Қабырғалы Қаратаудың Теріскейі­не табан тіреген сайын құлағыма алапат сезімді, салқынқандылығымен, сабырлылығымен, тұңғиық философиясымен, терең толғамдарымен, тәтті иірімдерімен, шымыр қайырымдарымен тұла бойымызды бусандыра балқытқан күй келеді. Қазақтың қаны мен жаны – домбыра десек, бұл күйдің мәңгі үзілмейтініне, тоқсан толғаулы, сан сырлы өнеріміздің көсегесі көгеріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне шүбәсіз сенеміз.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Шымкент қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір