ҚАРАТАУДЫҢ КҮЙШІЛІК КЕРУЕНІ
24.07.2023
107
0

«Жалпы музыка атаулы нәрсе
елдің сезім байлығы мен
ішкі жаратылыс қалпын
білдіретін болса,
солардың ішіндегі ең толғаулы,
ең терең сырлысы – күй»
Мұхтар ӘУЕЗОВ.


Үміт шырағы

Қазыналы Қаратау, сырлы Созаққа сапарымызда тұлпарлардың тұяғын, сарқынды қарт­тардың әңгімелерін іздеп шыққанымыздың бар сыры осы. «Қазақтың біртуар шаңқанбоздары, Теріскей тарланбоздары таратқан күй арқауы жалғасын қалай тапты?» деген сауал көңіл арпалысын ширықтырып келеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке еліктеп «Пай-пай, шіркін, тағы бір Тәт­тімет­ті таптым» деп шат­танғымыз келеді.
Айт­ты-айтпады, қазір Созақ сахарасында кешегі Ықылас, Тоқа, Бапыш, Сүгір, Төлеген, Генерал, Файзулла, Ергентай, Сейітхан, Ботабағар, Атабек жоқ. Солардың сарқындылары бар. Қаз-үйректен айрылған көл қалай жетім болса, дәулескер күйшілерсіз Теріскей де – тұл жетім. Біз күмбір күйді ғана емес, соңғы сүлейлердің аға буынның мақам-сарыны мен үлгі-мәнерін қаншалықты жалғастырып келеді деген күрделі де қиындау сауалға да жауап іздеп келеміз. Жоғарыда айтылған дәулескер күйшілердің біразын көрдік, аз-кем араластық, сырластық. Олардың күй шертістерінің ерекшеліктеріне үңілдік. Талғампаз суреткерлердің орындауларында күй алуан бояу реңкке оранып шыға келуші еді. Ішкі сезімдерінің сыртқа тепкен тұстарында ділмар қазақтың делебесі қозбайтыны сирек-ті. Құрманғазының, Тәт­тімбет­тің, Дәулеткерейдің туындыларында құлаққа үнемі дала сарыны, мыңдаған тұлпардың дүбірі келіп тұратыны – шүбәсіз шындық. Сол сияқты Сүгірдің, Төлегеннің күйлерінде де тұлпарлардың дүбірі ұрандап тұрды. Осы рет­те домбыраны шерту бар да, Қаратаудың күйшілік мектебінің мәністі мәнерін, күй тілінің алуан айшықты бояуын бұзбай жалғастыру бар.
Осы рет­те күйтану саласында 7 күйшілік-орындаушылық дәстүр бар екенін еске сала кетейік. Олар – Алтай-Тарбағатай, Сарыарқа, Жетісу, Қаратау, Сыр бойы, Батыс және Маңғыстау мектептері. Бұлардың ішінде жекелеген күйшілік мектептер де бар. Осы мектептерді біріне бірін қоспай дара алып шығу үлкен шеберлікті қажет етеді.
Теріскейде шаңқобыздардың шалымды шәкірт­тері сирек те болса жоқ емес. Соның бірі – Сызған ауданында тұратын Төлегеннің туысы Сатан Мақанов. Кезінде кеңшарда электр шебері болып жұмыс істеген ол – бүгінде зейнеткер. Төлегеннің қолына су құя жүріп, ағасының барлық күйін құлағына құйып алған. Алайда зейнет жасындағы Сәкең алысқа ұзай алмайды, бүгінде қолына домбыраны сирек алады.
Ендігі бір үміт – А.Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебі. Оның директоры Бекберген Ізбалаев – айтары жоқ өнердің өз адамы. Ағасы Сәтбай да мықты домбырашы болғанын айт­тық. Бүгінде Бекберген Қаратау шертпелерін насихат­таумен қатар, шәкірт­терінің домбыра қағыстарын қадағалап жүр. Қазақ ұлт­тық өнер университетінің түлегі Ниязбай Әбішбеков – облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері. Ал Генерал Асқаровтың немересі Назерке Асқарованың есімі бүгінде көпшілікке танымал. Назерке шертпе күйді де, төкпе күйді де шебер шертеді. Қаратау күй мектебінің белгілі өкілдерінің бірі – Мақсат Жүзбаев. Оның орындауындағы күйлер айшықты бояуларымен тыңдармандарын тәнті етеді.
А.Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебінің мұғалімі Сымбат Қайырбекова да – облыстық байқауларда топ жарған өнер иесі. Сымбат – Жаппас атасы сияқты қобызшы. Қара қобызды күңіренткенде жүрек шымырлайды, сом-сом соқталы бейнелер, тереңнен бұрқырап шығып жатқан қайнар көзіндей сезім серпілістері мен тербеліс-тебіреністерге түсіреді. Бүгінде нотариус болып қызмет істеп жүрген Қанат Тұрысбековтің жөні тіпті бөлек. Ол – жоғарыдағы тарауда айтқан Қиясбай Тұрысбековтің ұлы. Қанатқа да өнер қонған, бақ дарыған, 2002 жылы облыстық күй сайысында екінші орынды иеленсе, 2004 жылы «Қазақ­стан-1» телеарнасы ұйымдастырған «Ұлы дала сазы» фестивалінде Бас жүлдені қанжығасына байлап қайт­ты. Осы фестивальде ол екі-үш күй орындады. Бүгінде Қанат – Қаратау шертпелерінің мығым майталмандарының бірі. «Әкем Қияқбай Сүгірдің көзін көрген, күйлерін тыңдаған. Сүгірдің қызы Ұлбала апаны Айтбай деген кісі алған ғой. Сол Айтбай – әкемнің туған нағашысы. Осы туыстық байланыстың арқасында әкем Сүгірмен де табақтас болады, күйлерін үйренеді. Әкемнің өз жанынан да күй шығаратын өнері болған. Оның «Қияқбайдың шертпесі» ат­ты күйі менің орындауымда Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы», – деген Қанат Сүгірдің «Бозінген», Төлегеннің «Салтанат» күйлерін тартып өт­ті. Шымыр дыбыстар шерлі жүректі әлдилеп, булыға бедеулеп, боздап, арманшыл ызыңдар төкті.
Кезек Ерғалиға келді. Тоқтаңыз. Бұл – белгілі Жүзбаевтар әулетінің бел баласы. Ол әңгімені бастамас бұрын Жарқын Шәкәрімов пен Шәкір Әбеновтің үш ішекті домбырада күй ойнағанын айта келіп, өзінің де соңғы кез­де осыған ықыласы ауып жүргеніне тоқтады. Шертпе күйде «қосбасар», «толғау», «қоңыр» деп аталатын форма қалыптасқанын әңгімеледі. Мұны ағасы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, қазақ ұлт­тық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбаевтың «Шертпе күйдің төрт мектебі» ат­ты кітабынан білетінін құлаққағыс ет­ті.
Ендігі кезек күйде еді. 2007 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Сүгірдің мерейтойына арналған «Күй керуені» фестивалінде «Алтын домбыра» аталымы бойынша жүлдегер болған Ерғали машықты шертісіне басты. Күйдің әсем буын, бунақтары бөлмені желпіді. Серігін көптен бері қолға алмай сағынып қалғандай ұзақ шерт­ті. Тәт­ті ызыңдарға, тұңғиық иірімдерге елтіп отырдық. Осы орындаулардан соң Ерғали шешілді. «Оңтүстіктің 100 күйі» ат­ты жинаққа екі күйі енгенін айтып қалды. Біз елең ет­тік. Сөйтсек, Ерғалидың «Сағыныш», «Иман-қосбасар», «Қоңырқаз», «Әлди күйі», «Аңыз қала – Түркістан» сияқты бірқыдыру күйі бар екен. «Е, бәсе!» – дестік. Күй елінен тағы бір гүл өсіп шығыпты ғой деп қуандық.
Есімізге Жанғали түсті. Оның Жезқазғанда жүргенде режиссер Мұрат Ахмановтың «Кетбұға» ат­ты спектакліне арнап күй жазғаны белгілі. «Кетбұға» күйін «Отырар сазы» оркестрі де орындаған. Күй өнері туралы бірнеше антология, хрестоматия, оқулықтар, жинақтар, зерт­теулер жазған Жанғалидың біз білмейтін әлі талай күйлері болуы мүмкін. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласында. Өнер көгінде сол жақтан тіл қатады. Жүзбаевтардың және бір жұрнағы Сәрсенғали – Құрманғазы атындағы мемлекет­тік консерваторияның түлегі. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық еткен ол бүгінде Қазақ радиосында «Нар идірген» бағдарламасын жүргізеді. Сәрсенғали қобыз бен домбырада қатар ойнайды. Жанғали сияқты Сәрсенғали да – енді Нұр-Сұлтандық. Сонда Созақта даңқты домбырашылар ізбасарлары едәуір болғанымен, өз жанынан күй шығаратын – Ерғали ғана болып тұр ғой. Иә, күй шығару екінің біріне бұйыра бермейді. Бүгінде екінің бірі – композитор. Дүмбілез дүниелерін дабырайтып көрсеткенде алдарына жан салмайды. Әлжуаз әнсымақтар қаптаған әпербақандау уақыт­та құдірет­ті де мың өрімді тылсым күйдің қадіріне жетер түйсік қайдан табылсын деп кеудемізге күдік ұялайтыны да жасырын емес.
Көрмегендіктің күпірлігіне бағып, тым шікәмшіл де шәркез сезімнен арылып айтсақ, Созақ сахарасы әлі де талант­тылар мекеніне айналарына қылаусыз сенгіміз келеді. Осы сапарда Ерғали бізге жол құрылысы инженері Әріпбек Сөлтановтың немересі Дарын туралы толғана айт­ты. Ерғали Дарынмен осыдан үш жыл бұрын кез­дескен. «Сонда ол 6 жасар бала еді. Домбырада бір тартқанда екінші қайталатпай ешбір қайырым, бунағын қалдырмай қайтара тартып берді. Бүгінде тоғызға келді. Нағыз тарландар солардан шығады», – деген. Иә, ілгері үміт сол құймақұлақ Дарындардан дәмелі.
Созақта 2004 жылдан «Күй құдіреті» ат­ты байқау өтіп келеді. Алайда осы бір игі дәстүр ізімен 2017 жылы Сүгірдің 135 жылдығына орай республикалық, 2018 жылы Т.Момбековтің туғанына 100 жыл толуына орай облыстық байқау өткізгені болмаса, былайғы уақыт­та тарландарды насихат­тауды үзіліп қалған сыңайлы. «Созақ күй сүлейлерінің құт­ты қонысы ғой. Сондықтан ауданда жыл сайын «Қаратау шертпесі» ат­ты байқау өткізіп тұрса, әлі талай талант­тар табылар еді», – деген Ерғали бастаған күйшілердің тілегі орынды деп есептейміз. Содан кейінгі бір өкініш, кезінде Созақта Сүгір атындағы саз мектебі ашылған еді, белгісіз себептермен осы білім ұясы жабылып қалды. Күй елінде Сүгір атындағы мектептің болмауы қисынсыз-ау, тегі. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылы Ұлт­тық домбыра күні мерекесінде: «Өнер – ұлт келбеті» дейді халқымыз. Баршаңызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихат­тап, жас ұрпақтың санасына сіңіру аса маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажет­ті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет», – дегені созақтықтарға қарата айтылғандай көрінеді маған. Өйткені кешегі күнге дейін әр шаңырақтың төрінде қасиет­ті домбыра ілініп тұрушы еді. Көп ағайынның үйіне бас сұқтық, қымбат жиһазы мен сән-салтанаты келіскен бөлмелер көрдім. Кітап пен домбыра көзімізге сирек түсті.
Бір үміт, бір күдік өн бойымды құрсаулап, көңіл толқыны асау ат­тай ала қашып екіұдай сезімнің арпалысында тоңазығандай күйде Теріскейден қайтып келемін. «Тұлпарлар мен тектілер дүбірі Теріскейді қайта оятпай тыныш қояр деймісің. Әлі талай Сүгір, Төлеген, Генерал, Ергентай, Файзулла өмірге келер. Ерғали, Дарын сол бұлақтың бастауы емес пе?» деген ой мені ширықтырып, шашырап кеткен ойымды шиырып әкеп сенім ат­ты алтын сарайға қаумалап қуып тығады. Соңымызда – Созақтың самаладай жанған шамы. Үміт оты!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір