Зиялы
Уақыттан қатал, уақыттан ымырасыз, сөйте тұра сол уақыттан әділ және одан қымбат не бар екен бұл жалғанда. Жазылмастай жараны жазып, құтылмастай құрдымның өзін жұтып жіберетін, ертелі-кеш жақсы мен жаманның парқын ажыратып, түптің түбінде әрқайсысына лайықты бағасын беретін де сол уақыт емес пе.
Заманалар өте келе белгілі бір дәуірдің демі, қалыптасып қалған түрлі қасаң қағидалары сол уақыттың шаңына көміліп, келмеске кетіп жатады. Кейінгіге аманат болып тек атқарылған нақтылы еңбек, құнын жоймайтын рухани мұра мен соны тудырған жандардың ғана есімдері сақталып қалады, мәңгілікке шеру тартады. Ретті-ретсіз атақтар, марапаттар, жөнді-жөнсіз мақтау сөздер сынды Фараби айтатын «жалған дүниенің атрибуттары» тек өз заманында ғана өзекті. Уақыттың тегершігі айналып түскенде, кешегі «аузымен құс тістейді» деп тамсанғанымыздың біразы тарих көшінде шаң қауып, ұмыт болып жатады…
Осы жылдың ақпан айында талантты жамбылтанушы, аса көрнекті әуезовтанушы ғалым Рафат Әбдіғұлов дүние салды. Ғылыми атағы, басқа да марапат-сыйлықтары болмаса да, ол кісі қазақ руханияты үшін аянбай тер төгіп, артына мол мұра қалдырған нағыз білімдар жан еді. 66 жыл саналы ғұмырының ең соңғы сәтіне дейін ізденумен, еңбектенумен өткен шын зиялы адам болатын.
Рекеңмен таныстық-білістігіміз 90 жылдардың орта шенінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында басталды. Институтқа қарасты М.Әуезовтің музей-үйінде басталған таныстығымыз, кейін ерекше сыйластыққа, бауырдай жақындыққа ұласқан еді. Ол кісінің мезгілсіз дүниеден озғанын естіген танып-білетін жандардың барлығы бірдей қатты қайғырып, ерекше бір күйге түсті. «Дүние – жалған» десті…
Алғаш көргенде қырықтың қырқасына шыққан ағамыз отызға жетер-жетпес жігіт секілді сергек көрінетін. Ұзын бойлы, артық еті жоқ денесі тіп-тік болатын. Кейін алпыстан асып, одан зейнет жасына жетсе де ол кісі сол қалпын, жігіттік табиғатын сақтап қалды. Оны шал деуге ауыз бармайтын, сол жігіт күйінде дүниеден озды.
Рекеңнің бүкіл ғұмыры өзгелердің бақыты үшін, айналасындағы жандардың жайлы, жақсы өмір сүруіне арналғандай болады да тұрады. Өзінің өмір жолын ол кісі өте қызықты етіп айтатын. «Институттан кейін Балқаш ауданының Желтораңғы ауылына мұғалім етіп жіберді. Ол жерде жақсы еңбек еттім. Бірақ жатсам-тұрсам Жамбыл музейіне қызметке тұрсам, Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын зерттесем деген ой көкейімнен кетпей қойды. Аудандық деңгейде сол кезең үшін бірнеше лауазымды қызметтерді ұсынды, соның бірде-біріне көнбей, ақыры дегеніме жеттім ғой», – дейтін. Есте сақтау қабілеті ерекше болатын, өмірдегі көріп-білгенін бүге-шігесіне дейін жіліктеп, тәптіштеп айтатын.
Өзінің ауылына, туған ортасы мен адамдарына деген ықыласы айрықша болатын. Жайшылықта көнбіс, мінезі ауыр көрінетін ағамыз өз ауылына, еліне қатысты әңгіме бола қалғанда, арқаланып шыға келуші еді. Әдетте ол кісі кез келген мәселеге қатысты әңгімесін «Біздің ауылда…» деп орағытып әріден бастар еді. Бір оқиғаға немесе әлдебір кісіге қатысты сол ауылдағы тақырыптан өрбіген әңгімеге біртіндеп Л.Толстойдың,
А.Чехов пен И.Буниннің, басқа да әлем әдебиетінің кейіпкерлері қосыла бастайды. Әңгіме барысындағы теңеулері, салыстырулары өте дәл әрі қызықты болатын. Өзіне жақын құбылыстар мен кейіпкерлерді сипаттай келе, соңында философиялық ой түйілетін. Екі тілге де өте жетік еді. Бірде жұмыс бабымен академик М.Қаратаевтың үйіне барғанын жиі есіне алатын, ол кісі қандай кітаптар оқығанын сұраса керек. Содан Рекең өзі оқыған барлық орыс-қазақтың классикалық әдебиетін, теориялық еңбектерді тізе жөнелсе керек. Сонда М.Қаратаев: «О, қалың-қалың кітаптар оқыпсың ғой, бала!», – депті. Соны әзілдеп жиі айтып отыратын.
Ойлы, ешқашан жеңіл-желпі сөз айтпайтын салмақты жан болатын. Әңгіме айта қалса, жүйе-жүйесімен, дәлелдерімен сөйлейтін. Қандай ортада болмасын, әлдебіреулердің ретсіз сөзі немесе жөнсіз қылығына сырттай отырып ыңғайсыз күйге түсіп, ұялып-қысылып отыратын. Бірде ғылыми конференцияның материалдары жарияланып, бір жас аспирант Рафат ағаның ертеректе жарық көрген мақаласын сол күйінде көшіріп, өз атынан жариялап жіберіпті. Әлгіні көріп Рекең өзі ұрлық істегендей қарадай қысылып: «Ойпырмай, мынау ұят болды-ау! Енді не істеймін!?», – деп шарасыз күйге түскені бар. Ешқашан өзінің лауазымды жандармен таныстық-білістігін, туыстығын жариялаған, бұлдаған жан емес. Қайта сондай әңгімелерден аулақ жүргенді қалайтындай көрінетін. Тіпті бір тұзы жеңілдеу жігіттердің «сенің орныңда болсақ біз өйтер едік, бүйтер едік» дегенін талай естідік. Сонда да селт етпей жымиятын да қоятын. Достыққа мейлінше адал болатын және достарын әрдайым мақтанышпен айтып отыратын.
Өмірінде шылым шегіп, ішімдік ішпейтін, басы артық дырдуға жаны қас Рекеңнің негізгі уақыты еңбекке, үздіксіз ізденуге арналды. Мерзімді баспасөзден бастап, көркем шығармаларды, түрлі танымдық кітаптарды тұрақты оқып жүретін. Кез келген мәселеге қатысты өзіндік ой-пікірін, ғылыми тұжырымын білдіріп отыратын. Келіспейтін мәселесін ашық айтып, конструктивті пікірталасқа әрдайым дайын тұратын. Жанында үнемі ақшасы болатын. Бірақ соны асқан үнемшілдікпен жұмсар еді. Әңгіме арасында, 90-шы жылдардағы дүрбелеңде біршама жинаған қаражатының түкке алғысыз болып күйіп кеткенін айтатын. Онда да бір реніш-өкпемен емес, солай болуы керек дегендей. Ол кісі жиырма жылдай Алматыға өзінің туған ауылы Музей Жамбылдан қатынап жұмыс істеді. Қос-қостан көлігі бола тұра, қалаға үнемі автобуспен қатынайтын.
Машина демекші, ертеректе ол кісі журналдан француздың «ситроен» атты көлігін көріпті. «Содан әлгі машинаға қатты көңілім кетті» деп жүретін. Күндердің күнінде ол кісі ақыры сол өзі көксеген «ситроенді» сатып алды. Сөйтсе, ол жерден ауамен көтерілетін, жайшылықта жерге жатып қалатын, қосалқы бөлшегі аз өте сирек кездесетін машина екен. Не сүйреуге көнбейтін, кез келген жерде жөндеуге келмейтін сол көлікпен Рекең біраз әуре болды. Бір үйдің адамдарындай болып кеткен бүкіл музей ұжымы көліктің қиыншылығына ол кісімен бірдей қиналып жүрдік. «Қап, мынау бір сау басына сақина болды-ау» деп үлкенді-кішіміз бір-бірімізге айтып қоямыз. Басқа көлікке салып алып бірде анда, бірде мұнда тасыған сол машина бәрібір дұрыс жүрмеді, құр бейнет болды. Күндердің күнінде Рекең әлгі машинаны қайта сатып жібергенін айтқанда, барлығымыз «уһ» деп бірге қуандық. Содан бірнеше күннен кейін жұмысқа келген Рекең жымиып күліп: «Ұят болды!», – дейді. Бәріміз «Не боп қалды!?», – десіп жатырмыз. «Ыңғайсыз болды, тағы алып қойдым!», – деп күледі. «Нені!?». «Ситроенді», – дейді Рекең. Сөйтсек, тура сол өткендегідей, бірақ түсі басқа сол маркалы машинаны тағы да сатып алыпты… Әріптестерді қинамайын деді ме, кейін ол туралы айтпайтын болды. Бірақ оны мінгенін ешкім көрген емес…
Ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттегендіктен, ол Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын өте терең білетін. Әсіресе, Сұраншы мен Саурық батырларға қатысты, Кенесарының Жетісу мен Қырғыздағы жорықтары туралы жиі әңгімелеп отыратын. Қырғыздың Жаманқара атты батырын Саурықтың «ақүйлі» етіп ұстағанын, оны Наурызбайдың қалай өлтіргенін тарихи деректерге сүйене отырып жүйелі баяндайтын. Рекең жамбылтану саласында өнімді еңбек етті. Әйтсе де, өзі жинаған, ауызша жиі айтып жүретін көптеген тарихи деректері әлі де ғылыми айналымға енбеген күйі қалды ма деген ой келеді. Себебі, сол ортаның өткен тарихы мен бүгінгісін, адамдардың қарым-қатынасын жетік білетін Рекең Жамбыл шығармашылығына терең бойлай алды. Сырт көз байқай бермейтін, жалпылама топшылайтын жерлерді бұл кісі тап басып, аңызы мен ақиқатын тарқатып айтатын.
Р.Әбдіғұлов еңбектерінің ең бір өнімді де маңызды тұсы – М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналды. 90 жылдардың ортасында музей-үйге ғылыми қызметкер болып келген ғалым осы жерде табан аудармай жиырма жылдай өнімді еңбек етті. Бір кездері М.Бөжеев, Б.Сахариев, К.Сыздықов, З.Серікқалиев сынды талантты ғалымдар еңбек еткен, рухани орта қалыптастырған музей жұмысына ол кісі белсене атсалысты. Т.Әкім, Т.Жұртбай, Б.Майтанов, Д.Қонаев, А.Қуанышбаев сынды ғалымдармен тізе қосып бірге өнімді жұмыс істеді. Бұл М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресін, артынан энциклопедиясын, 50 томдық академиялық басылымын дайындайтын айрықша кезеңге сәйкес келді. Р.Әбдіғұловтың ең үлкен тарихи еңбегі – осы энциклопедияны дайындауы болатын.Мыңдаған мақалаларды тақырыбына сәйкес жазады деген мамандарға таратып беріп, соларды жинап, жалықпай жүйеледі. Сол мақалалардың жартысына жуығын өзі жазды. Осы еңбекті дайындауға 3-4 жыл өмірін арнады.
Сондай-ақ, 50 томның ішіне енген М.Әуезовтің жүздеген көркем шығармалары мен мақалаларына ғылыми түсініктемелер жазды. Ертеден кешке дейін жалықпастан кітапханаларда, музейдің қолжазба қорында отыратын. Соның нәтижесінде М.Әуезовтің бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген көптеген еңбектерін тауып, соларды ғылыми айналымға енгізді. Олардың барлығын бірдей тізіп жату шарт емес, әйтеуір әуезовтанудағы ең соңғы жаңалықтардың негізгі бөлігін тауып, соларға ғылыми сипаттама берген Р.Әбдіғұлов болатын.
Құндылықтар өзгеріп, заманалар алмасып жатар. Уақыттың тезіне тек қана асылдың асылы, жақсының ғибратты сөзі ғана төтеп берер. Мыңдаған жылдар өтсе де халықпен бірге мәңгі жасай беретін сондай ең басты құндылықтардың бірі болып М.Әуезов шығармаларының сақталып қалары айдан анық. Әрбір дәуірдің адамы өзінің өткені туралы немесе өз ортасын танып, келешегіне көз жібергісі келсе, жүгінер киелісі де сол М.Әуезовтің туындылары болар. Адамның өзі дүниеден озса да оның артынан барып тұратын сауапты істері қиямет-қайымға дейін жалғаса береді дейді молдалар. Сол қасиетті томдардың ішіндегі М.Әуезов шығармашылығының ұңғыл-шұңғылын тереңінен зерттеп, олардың жарық көруіне тікелей ықпал еткен Р.Әбдіғұловтың да есімі келешекке шеру тартып, ұрпақтың қажетін өтей бермек.
Мамай АХЕТ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.