«Ән-Әміре» драмасы
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» атты драмасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов қойды. Премьерасы Астана төрінде Бейбітшілік пен Келісім сарайында өтті. Шымылдық ашылмас бұрын Қаллеки театрының премьералары осынау кең сахнада қойылатынын театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Халық артисі Талғат Теменов залға қуана жеткізді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған премьераға өнерсүйер жұрт, 1974 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік Орталық архивтен Әміренің фонографқа жазылған даусын тауып, ұлттық руханиятқа олжа салған өнертанушы, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкерім қатысып, сәтті драма туғанына сүйініш білдірді; оның жас меценат Алинұр Өтемұратовтың қолдауымен «Әміре» атты кітабы орыс тілінде жарық көрді. Пьесаның суретшісі Берік Бөрібаев, музыкамен көркемдеген жас актер, композитор Олжас Жақыпбек. Спектакльдің музыкасын қоюшы театрдың бас хормейстрі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтың кәсіби шеберлігі анық танылды. Жеке дауыс пен хордың үндесуі тамаша. «Әміре» – драматургия, музыкалық деңгейі, актерлік ансамбль тұрғысынан біртұтас биік шыққаны дау тудырмайды.Бұл спектакль халқымыздың дегдар өнеріне сағынышты оятып, қазақ әуендері әннің төресі екенін көрсетті. Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде талғампаз Еуропаға қазақ өнерінің абыройын асырған тұлға болса, тәуелсіз Қазақстан жазда өтетін «EXPO-2017» көрмесіне қызу даярлық үстінде.
Көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева драмада шырқалған әндер композицияға дәл таңдалғанын байқап, оң пікір айтты: «Әміре – тұнған қазақ болмысы. Бұл біздің тарих. Әміренің аруағы бір аунап түсті-ау! Қазақ әйелін жанымен берген. Адам жанымен жұмысы жоқтарға не істеуге болады?!». Ақын басты рөлді ойнаған артист Қасымхан Бұғыбайға: «Сен мені тебірентіп жібердің. Бәріңе де ризамын. «Айнамкөз» әнінің авторы, халық композиторы Мұхиттың басында жаман бір ескерткіш тұр. Құдіретті өнер қалады, әрқайсыңның орның бөлек», – деп актерлердің баршасына ақ батасын берді. Әміре рөліне бекітілген, мықты әншіге лайық даусы бар Асылбек Қапаев екінші құрамда шығуы керек болатын, артист тарапынан бөгеліс болуы өкінішті-ақ. Бұл спектакль көрерменнен ешқашан кенде болмайды.
Қос тергеуші қинағанда әншінің жан даусы шығады: «Жанбота, осы ма еді өлген жерім». Ақан сері, Біржан сал – таңдаулы болудың шерлі жазмышын Қасымхан Бұғыбай арқалап аңыраса, бүтін қазақ халқының қайғысын қозғап жібергендей көрінді. Кіл жақсысы, атадан асып туған тектісі, өнерпазы кер заманға қор бола берген қайран дала баласы!
Әміренің алғаны Оразке рөлінде жас актриса, ҚР «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева. Парижден оралған ғажап әншіні қос тыңшы дедектетіп ұстап әкетерде «Көкек» әні арқылы Оразке құрбандыққа көнгенін сезбейді. Бұл керім әннің хорға ұласу градациясы қандай көркем! Дала композиторы Біржан сал тудырған әндегі сүйіспеншілік сезімін ораған асқақ құса сарынның Моцарттың әуен-сазынан еш кемі жоқ сиқырлы әсеріне ерен қайран қалдым. Оразкенің жанына махаббат пен сағыныш, алаң мен шер қатар байланды. Драма қоюланғанда Оразке күйеуін қызғанып жылайды. Күйеуі Франц Кафканың «Қамал», «Процесс» атауымен қос романдағы иррациональды тұтқын күйге тұтылған соң жан күйзелістен тентіреп, өлімші халде құлазып жүргенін келіншегі қайдан білсін. Тергеушілер жауап алған сайын «тыңшы, сатқынсың» деп әншіні азаптайды, еденде құлап жатқан Әміреден қызыл комиссар аттап өтеді. Бұл нышан. Уақытқа бағынбайтын өнер бағын тоталитарлық жүйе аяққа таптады, репрессия ірі тұлғаларды күйретіп тынды. Комиссар Әмірені «Тұмсығыңа тұмылдырық тағып ал», – деп мазақтап қағытады: «Бұл артист қой, артиске сенуге болмайды». Драма авторы Рахымжан Отарбаевтың Әміре образын сомдау үстінде ширығып, өз кейіпкерімен рухани астаса, тұтаса жазғаны сезілмей қалмайды. Жазушы-драматург Әміренің жеке басының трагедиясын ғана емес, өнерді шектеу, сирек туатын ерен дарынның обалына қалу арқылы тұтас бір ұлттың қазынасын қорлау, өнер иелерінің қайғысын астыртын иіріммен көрсете алған. Автор тарихи деректермен нақты жұмыс істеген. Көрермен қауым қазақ театрының тұңғыш актері Әміре Қашаубаев екенін білді.
«Қайран Әлекем-ай, қайда жүрсе де ойлағаны қазақтың қамы екен ғой!», – алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлымен елдік мұраты бір Мұстафа Шоқай Парижде Әмірені тыңдап, елін аңсап тебіренді. Шоқай рөлінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев, комиссар – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев, Тамара ханым – Таңсұлу Баталова, шолақ белсенді комсомол –
ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері Ботагөз Мақсұтова, жас артистер Алтынгүл Серкебаева, Шахмұрат Ордабаев, Жанат Оспан, Нұрсұлтан Есен; Сорбонна профессоры, француз келіншек рөлін жас актриса Жанар Қасымова, баршасы шебер алып шықты. «Дарын» сыйлығының лауреаты, жас актер Жасұлан Ерболат ақын Иса Байзақовтың сырт кейпін, мінез-құлқын, суырыпсалма екпінін дәл берген. «Жазалы кім, жазасызды күйдірген кім? / Тексерші өткендердің әрбір ізін», – деген Исаның жырын Қайырбек Шағыров «Ұлы тенор» атты поэмасына эпиграф етіп алған.
Ән патшасы Әміре бейнесін әдебиет бауырына басқаны Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» атты әңгімесінен білінді. Кәмен Оразалин жазған дерек: «Сапарғали Бегалин: «Әміренің ұстазы – Абайдың Әлмағамбет сияқты ерен жүйрігі әншісі болған» дейді» («Абай ауылына саяхат»); «Мынау жұрт Мольерден, Шекспирден, / Вольтерден бастап бәрін тегіс білген. /Ал бүгін жалғыз қазақ ән жалғыз ән сап, / Тымақпен ұрып алды-ау келіп бірден», – «Көңілі Әміренің тұрды аспанда» деп Әміре атасына поэма арнаған Қайырбек Шағыровқа дейін жалғасумен келеді. 3-4 жыл бұрын Әміре туралы драма жазуды жазушы Медеу аға Сәрсеке маған тапсырды. Мөрі басылған «Әнші Әміре» атты Якуда Амандықов құрастырған естеліктер кітабын кітапханасынан берді. Әміре тұлғасына авторлық қызығушылығым содан бері оянғанын несін жасырайын. Медеу аға жақында: «Әміре туралы жинақты саған біржолата бердім. Мен сол кітаптың тағы біреуін таптым», – деп айтты. Әміре тақырыбы өнер мен әдебиеттің еншісінде қала береді.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.