«KOBYZBOOK» – электронды оқу құралы
17.03.2017
1657
0

«KOBYZBOOK» – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының аға оқытушысы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының оқытушысы, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры» грантының иегері Мақсат Медеубектің авторлық жобасы. Ұлттық музыканы оқытудағы тұңғыш екі тілдегі (қазақша, ағылшынша) электронды оқу құралы. 15 наурыз күні «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорының» концерт залында жаңа заман оқу құралының тұсауы кесілген болатын.


Мақсат Медеубек,
қобызшы

Бұл еңбекті жазудағы негізі мақсат – қылқобызды насихаттау, оқу жүйесін жеңілдету. Студенттер сабақ үстінде таспаға түсіріп алуларын өтініп жатады. Өйткені, қобыз тартқанда ысқышты дұрыс басу өте маңызды. Дәріс үстінде көргендерін үйде қайта пысықтау үшін видео маңызды екенін сезіндім. Оның үстіне аймақтағы студент қобызшылар «сіздің интернеттегі видеоларыңызға қарап үйрендік» деп те көп айтты. Бұл осы сұраныстан туған еңбек. Әрі заманға лайықты. Әр студент тегін ұялы телефонына жүктеп алуға болатын қондырғыны электронды оқу құралы мазмұнында жасауды ойлас­тырдым. Біздің студент кезімізде таспаға басылған күйлерді табу тым қиын болатын. «Мәңгілік сарын», «Мың күй, мың ән» жобалары арқылы көп мұрамыз бір арнаға жиналғанымен, көпшіліктің қолына түсе қоймады. «KOBYZBOOK-та» Қорқыт, Ықылас, Әбікей, Нышан,
Ж.Қаламбаев, Д.Мықтыбаев және т.б. қобыз өнерінің ірі өкілдері мен қазіргі заман қобызшы­ларының шығармашылығы туралы тың деректер, жүз сексенге жуық қобыз және жиырмадан астам қобызға лайықталған домбыра күйлері ноталарымен қосылды; әр туындыға қатысты бейнезатындар мен аудионұсқалары, орындаушылық-әдістемелік нұсқаулар қоса жасалды. Бұрын-соңды қобызда орындалмаған халық және халық композиторларының әндері және күйлердің тарихы жазылды. Қобыз аспабының шығу тарихы, «қобыз» атауының мән-мағынасы, жасалуы, зерттелуі, қобызды ұстау, тарту, қолдардың дұрыс қойылуы жайында мол мағлұмат беріліп отыр.
Қазақ және ағылшын тіліндегі еңбекті болашақта орыс тіліне де аударсақ деген ниетіміз бар. Білім беру жүйесіндегі «Мамандық», «Қылқобызшылар ансамблі», «Орындаушылық шеберлік», «Туыстас аспаптарды меңгеру» сияқты пәндерді жаңа әдістемелік затындармен толықтырып, оқу үдерісін жақсартуға ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ғылыми-шығармашылық ізденістің себебімен туған бұл еңбектің артықшылығы алдағы уақыттарда осы қалпымен тоқтап қалмайды. Жаңа күй, нота, ақпарат, видео, аудио сабақтармен, оқу құралдарымен толықтырылып отырады.


Әбдіманап Жұмабекұлы:

– Мақсат Медеубек – менің талантты шәкірт­те­рім­нің бірі. Электронды оқу құра­лын көріп, қобыз аспа­бының жаңа заманда тағы бір белеске шыққанына куә болғандаймын. Ғылыми түрде қобыз тарихы мен күйлерінің құрылымы мен күрделілігін зерттеп жүрген шәкіртімнің ізденісі мобильді заманда атамұрамызды әлемдік кеңістікке алып шығып отыр. Екі тілдегі оқу құралының электронды болуы студенттердің бәріне қолжетімді. Қазір басқа ұлт өкілдері де осы аспапқа қызығушылық танытып жүр. Бұл еңбек сол қызығушылыққа тағы бір серпін береді деп ойлаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір