Ұлт мерейін өсірген
Алыстағы Анкараға барғаныңда ат басын тірер екі жер бар. Екеуі де көзіңе ыстық тартып, құшағын жайып тұрар аяулы орындар. Бірі – Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі болса, енді бірі – осы елшіліктен таяқтастам жердегі Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтері.
Атағынан ат үркетін, есіміне құлағымыз әбден қанық беделді Халықаралық ұйыммен етене жақын танысуымыз 2014 жылы басталыпты. Осы жылдың көктемінде ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы мен Еуразия Жазушылар қауымдастығының шақыруымен Түркиядағы Ескішеһир қаласында өтетін ірі Халықаралық кітап көрмесіне қатысу құрметіне ие болдық.
Анадолы әуежайына табан тіреген сәттен бастап-ақ ТҮРКСОЙ ұйымы қызметкерлері құрақ ұшып күтіп алып, қызмет көрсетті. Алыс-жақын шетелдерден ағылып келіп жатқан түрік тектес туыстарды құшақ жайып қарсы алу, қонақжайлық көрсету осы бір халықаралық ұйымның айнымас міндетіне айналғанын көріп, Анкара төріндегі бұл мекемеге шынайы ризашылығымызды білдірдік.
Келесі күні ТҮРКСОЙ штаб-пәтерінде Халықаралық ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің қабылдауында болғанда, көп нәрсеге көзіміз жетті. Мұнтаздай тазалыққа бөленген ғимараттың музей іспеттес бөлмелерін толықтай аралатып, таныстырып шыққан бас хатшы шамалы уақыттың ішінде ұйым тарихынан да мол мағлұматтар беріп үлгерді. Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы атанған беделі зор Халықаралық ұйымды қазақстандық азаматтың басқарып отырғанын көріп, іштей мақтаныш сезіміне бөленгенімізді қалай жасырайын.
Енді сәл шегініс жасап Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының өткеніне қысқаша шолу жасай кеткен жөн шығар.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, табанынан нық тұра бастаған 1993 жылы түркі тілдес мемлекеттердің Мәдениет министрлері Алматыда бас қосып, соңғы ғасырда түркі елдерінің ішіндегі жалғыз тәуелсіз мемлекет болып келген Түркия Республикасымен бірігіп, түркі халықтарының арасындағы үзіліп қалған мәдени қатынастарды жақындастыру мақсатында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымын құру туралы келісім-шартқа қол қойды. Алты түрік республикасы (Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан) басшыларының батасын алып, дүниеге келген халықаралық ұйымның бас штаб-пәтері бірауыздан Анкарада болсын деп шешілді.
Өзі жұмысын бастаған алғашқы күннен-ақ ТҮРКСОЙ түркі халықтарының ортақ мәдени мұраларын әлемдік деңгейге көтеру мақсатында халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, іргелі де маңызы аса зор шаруалар атқаруға белсене кірісіп кетті. Ұйымның алғашқы басшылығын Әзірбайжан елінің атақты әншісі Полад Бұл-Бұлоғлы қоғамдық негізде атқарды. Әзірбайжандық өнер қайраткерінен кейін басшылық тізгінді қолына алған Дүйсен Қасейінов күні бүгінге дейін «қатепті қара нар керек» деуге саятын осынау қызметтің ауыр жүгін қайыспай көтеріп келеді.
Бұған, әрине, Дүйсен Қорабайұлының ұзақ жылдарғы еңбек тәжірибесі, басшылық қызметтердегі жеткен жетістіктері мен табыстары аз көмектеспеді дейсіз бе! Консерваториядағы ректорлық қызметтен басталған басқару саласындағы өсу жолдарында Дүйсекең Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет Комитетінің төрағасы, Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министрі, ТМД елдерінің мәдениет жөніндегі кеңесінің төрағасы сияқты жауапкершілігі жоғары, саяси лауазымдар баспалдақтарынан сүрінбей өтті. Бұлардың қатарына музыка саласында қол жеткізген жетістіктері мен он-сандаған қоғамдық қызметтерін, атақ-лауазымдарын, марапаттарын қоссаңыз, беделді Халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің азаматтық, қайраткерлік тұлғасының асқақтай түсері сөзсіз.
Өзі бастаған жауапты жұмысты Дүйсекеңе сеніп тапсырған, кейін де талай-талай іс-шараларды бірге атқарысқан әзербайжан досы Полад Бұл-Бұлоғлы айтқан мына бір сөз талай жәйтті аңғартса керек: «Если бы мне пришлось охарактеризовать Дюсена всего лишь одной фразой, первое, что приходит на ум – «солнечный казах». Он по самой генетической сути истинный степной тюрок, настоящий казахский жигит. Видимо, от того он так любит родной язык, так проникновенно читает стихи Абая, так глубинно знает свой национальный фольклор, особенно музыкальный. И наверное поэтому в виртуозном исполнении мастера скрипки Дюсена Касеинова традиционный кюй великого казахского музыканта Курмангазы звучит так же академично и классически, как музыка великого Паганини».
Әріптесі туралы туысқан әзербайжан халқының өкілі, ән әлеміндегі ұлы есімдер қатарындағы Полад Бұл-Бұлоғлы осылай дейді. Шынайы пікір, бүкпесіз ақиқат.
«Таких удивительных людей, как Дюсен, которые соединяли бы в себе музыканта, политика, общественного деятеля, и просто человека, который делает очень много добра, мало». Бұл Дүйсекең жайлы Ресей Федерациясының мәдениет министрі Михаил Швыдкойдың айтқаны. Әріптесінің жетістігіне, қадір-қасиетіне көзі жетіп, көңілі сенген соң берген бағасы екені сөзсіз.
Иә, айтса айтқандай, Дүйсен Қорабайұлы ерен еңбегі мен табиғи талантының арқасында үлкен белестерді бағындырған ел азаматы. Ұлт мақтанышы.
Халықаралық ұйымның мойын бұрғызбайтын қат-қабат шаруаларымен жүрген үлкен жүректі азамат Қазақстандағы руханият әлемін де бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Осы орайға бір мысал келтіре кетсек, артық болмас.
ТҮРКИЯ
(Дүйсен Қасейіновке)
Ұшайыншы аспаныңды шарлап бір,
Құшайыншы теңізіңді жалдап бір.
…Еуропаға қойып қойған Інжуім,
Адамзаттың көзін, әне, арбап тұр!
Құран менен Құдайды іздеп жүр жырым,
Мен қайтейін, біреулердің «Інжілін»?!
О, Түркия!
Азиядан арулап,
Еуропаға іліп қойған Інжуім!
Сеніменен жаным – бірге, бір – кіндік,
Қаншама рет қынадайын қырқылдық?
Төрткүл дүние арасында – Айбозым,
Төрт теңіздің жағасында –
Бір құрлық.
Өзіңді іздеп,
Желбіреп бір тұлымым,
Көкбөрімен қоса көкке ұлыдым.
Қайтып келген адасқан ұл секілді,
Құшағыма, келші, қайран, құлыным!
Мәңгі жыр!
Күнің де – ашық, гүлің-дағы алқызыл;
Төрт теңіздің жағасында Түркиям, –
Төрт Арудың арасында –
Жалғыз Ұл!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
2015 жылы көрнекті сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлы ағамыз 80 жастың сеңгіріне көтерілді. Бір жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағы атынан, баспа атынан бірнеше хат жіберсек те, ағамыздың екі томдық шығармалар жинағы министрліктің мемлекеттік тапсырыс есебінен шығарылатын әдебиеттерінің тізіміне енбей қалды… Жазушылар одағы мен «Ан-Арыс» баспасын Дүйсен Қорабайұлы тығырықтан шығарды. Өтінішімізді екі етпеген ТҮРКСОЙ басшысы Ғаббас Қабышұлы ағамыздың 80 жылдық мерейтойына орай түрік сатиригі Әзиз Несиннен жасалған аудармалары мен естелік-толғаныстарын екі том кітап етіп шығарып берді. Кітап болғанда қандай! «Жазушы, қайраткер ағамыздың 80 жылдық мерейтойына орай екі том кітабын оқырмандар назарына ұсынудағы басты мақсатымыз – түркі дүниесінде алар орны бар аяулы қаламгер ақсақалдарымыздың ел алдындағы ерен еңбегіне ұрпақ атынан ықылас жасау еді. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы атынан жасаған осынау игі талабымызды бауырлас елдер оқырмандары дұрыс қабыл алар деген ниеттеміз», – деп өзі алғы сөз жазды. Қаламгер ағамыздың да, біздің де ризашылығымызда шек жоқ. Тізе берсек, Дүйсен Қорабайұлының қазақ мәдениеті мен әдебиетіне жасаған мұндай «атымтай жомарттық» абзал жәрдемдері аз емес.
Дүйсекеңнің бастамасымен ТҮРКСОЙ ұйымы соңғы кездері татардың ұлы ақыны «Ғабдолла Тоқай жылын», әзірбайжан жазушысы «Мирза Фатали Ахунзаде жылын», қазақ композиторы «Мұқан Төлебаев жылын», қырғыз ақыны «Тоқтағұл Сатылғанов жылын», түрік жазушысы «Халдун Танер жылын», түркі дүниесінің ойшылы «Жүсіп Баласағұн жылын» жариялап, жоғары дәрежеде атап өтті. Анкара қаласында Сүйінбайға ескерткіш қойылып, Дина, Сүйінбай, Тәттімбет атындағы саябақтар ашылды. Мұстафа Шоқайдың қолжазбаларын тауып, Қазақстанның мемлекеттік мұрағатына тапсырды. Сондай-ақ, ел қамын ойлаған азамат қазақтың көрнекті тұлғалары Сүйінбайдың 200, Тәттімбеттің 200, Динаның 150, Сәкеннің 120, Қасымның 100, Күләш Байсейітованың 100, Бибігүл Төлегенованың 80, Олжас Сүлейменовтің 80, Хасен Оралтайдың 80 жылдық мерейтойларына арналған халықаралық жиындардың басы-қасында жүрді.
Соңғы жылдары Д.Қорабайұлының қолдауымен құрылтайшысы ТҮРКСОЙ болып табылатын Махмұт Қашқари атындағы әдеби конкурсты жыл сайын жүйелі өткізіп отыру дәстүрге айналды. Қазақ жазушылары Нұрғали Ораз бен Берік Шахановтардың осы конкурс жүлдегерлері атануы да еліміздің мәртебесін биіктеткені сөзсіз.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді қазақ. Дүйсен ағамыз туралы өзіміз білетін азғантай дүниелерді де, өзгелер айтқан бағаларды да ортаға салудағы мақсат – әлдебір кезекшілік деңгейдегі мақтау сөз айту емес, ел азаматының, арқа тұтар ардақты аға деуге лайық қайраткердің мәртебесін тағы бір биіктету. Мерейін өсіру.
Өз ұлтының ғана емес, әрісі он-сандаған халықаралық ұйымдардың, берісі түркі ұлыстары өкілдерінің алғаусыз алғысы мен шынайы ілтипатына бөленген марқасқа азаматымыз мерейлі жасының мәртебелі биігіне көтеріліп отыр.
Ендеше, ағамызды әрдайым осындай биіктерден көргіміз келеді.
Кәдірбек Құныпияұлы,
«Ан-арыс» баспасының директоры.