Айша Абдуллина 100 жаста
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Қазақстан Театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» белгісі, «Парасат» ордендерінің иегері Айша Абдуллинаның өнердегі өмірі мен шығармашылығына арналған «Айша Абдуллина 100 жаста» атты мерейтойлық кеш өтті.
Театр сахнасының шымылдығы ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы әнмен ашылды. Аталған кешке Қазақстан Театрлары ассоциациясының құрамындағы барлық театр ұжымдары қатысып, мерейтой иесінің құрметіне өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, корей театрының музыкалық сәлемі мен ұйғыр театрының тарту еткен биін ерекше атап өтпесімізге болмас. Шара соңында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі Алмас Шаяхметов «Қыз Жібек» спектакліндегі Төлегеннің ариясын орындады. Театр өнеріне өлшеусіз еңбегі сіңген, қазақтың руханияты мен мәдениеті жолында аянбай қызмет еткен Айша Абдуллинаның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болары хақ.