Ананың парызы
10.03.2017
1786
0

Қазіргі заманда ата-анасы араласпаса оқи алмайтын ұрпақ жетіліп келеді. Әрине, керемет технологияны меңгеруге қаншама уақыт, талап, қаржы бөлінетінін бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын.

Бүгінгінің баласына тумысынан зерек бол­масқа амал қалдырмай жатырмыз. Әр елдің бала тәрбиесінің негізі болып қаланатын әр­келкі дәстүрлі, яки дәстүрлі емес амал-тәсіл­дер бар. Мәселен, жапондар ба­ланы еңбекпен тәрбиелейді. Немістер жауапкер­шілікке, адалдыққа баулиды. Ағыл­шындар өзіне сенуді үйретеді. Америкалықтар білімнің бастауы ізденісте дейді. Талап әр түрлі, сон­дық­тан әр баланың жетістігі де әркел­кі. Салыс­тырудың да қажеті шамалы. Ал бұрын­ғының қазағы баласын тибеттік­тер­дің үлгісіне сай тәрбиелеген. Ол жеті жасқа дейін ханның баласындай еркелет, жеті жастан соң құлдай жұмса, он бестен соң жан до­сың­мен сырлас­қандай сырлас деп үндейді. Бүгінгі таңда бұл жүйені біреу қабылдаса, келесісі құпта­майды. Себебі, заман басқа, заманның лебі басқа. Сондықтан қазіргінің анасы сол заман талабына сай өзгерген. Ана баланың ыр­қы мен ықтиярына бастан-аяқ жауапты. Тіпті, ер­кін­дігіне де жауапты боп алған. Әке­ден гөрі анаға та­лап көп қойылады. Бала тәр­бие­сіндегі қазақ әйелі­нің ролі ерен. Әр ана­ның парызы – иманды ұрпақ тәр­биелеу. Арман-мұраты да сол. Бү­гінде баланы тәрбие­леумен қатар, оның болмысына инвестиция салу, негізгі білімнен өзге түрлі үйірмелерге баулу, қыз балаға ине ұс­татуы, ұл балаға күрек ұстатуы да тек ана­ның мойнына артылып бара жатыр. Әр­бір дарынды баланың өзіне деген сенімі ана­сының оған деген сенімінен бастау алатынын байқау қиын емес. Қазіргінің анасы он қолы, жүз басы бар қылтемірден бір кем емес. Жұ­мыс­ты да істеп, балаға да қарап, отбасына да уақыт тауып, уақыт қана емес, күш-қуатын сар­қып беру міндетін қатар алып жүр. Сірә, әйел бол­мысының өзгеріске ұшырауы да сон­дық­тан болар. Тәрбиенің тал бесігі саналатын мек­тептерде де көбіне әйел мұғалімдердің са­ны басым екені жасырын емес. Бұл қазіргі қа­зақ қоғамындағы әйел затының тек үйде емес, түздегі еңбегінің де өлшеусіз екенін көр­сете­тін­дей. Олардың еленбейтін еңбегі, ақысы төлен­бей­тін қайран уақыты – айналып кел­ген­де ұлт­тың кемел келешегін қалыптас­тыру­ға, ны­ғай­туға жұмсалып жатыр. Тек сол еңбек қан­шалықты ақталатынын дөп басып айту мүмкін емес.
Біздің балаларымыз смартфоннан бас ал­майтын ұрпақ. Балалар онда бәрін өзі жасаймын деген көзбояушылықпен байланып отыр. Егін егеді, үй салады, жауды жеңеді, кө­­­­лік­пен жарысады. Ал өмірде?.. Баланы осын­­­дай алдамшы дүниеге телміртіп отыр­ға­нына аналар қиналады, алаңдайды. Ана болған соң балаға еңбектің нанын жегізудің мә­нісін терең түсінеді. Бала деген өзі білім ала­тын бөлменің еденін өзі жуып, өзі шертетін домбыраны өзі жасап үйренетін кеңістікті аң­сайды. Бәлкім, сонда баланың санасы алдамшы нәрселерге әуес болмас па еді? Еңбектің нанын жастайынан жемеген бала, Отанын, елін, же­рін қалай жақсы көреді? Ол ертең дүниенің бәрін тек ақшамен өлшеп кетпей ме? Қазіргі ананың алаңы осы.

Шынар Әбілда,
аудармашы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір