Абай Базарбаев
Базарбаев Абай Қашағанұлы – экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысының және Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы. Отан соғысының отты 1944 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шошанай ауылында қаңтардың сақылдаған сары аязында қарапайым колхозшы, өнегелі отбасында дүниеге келген.
1950 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, Шошанай бастауыш мектебін, одан кейін Сүмбе ауылындағы Ленин атындағы орта мектепті 1960 жылы бітіріп шығады.
1960-1963 жылдары Сүмбе ауылында жүргізуші болып істейді.
1963 жылы Қазақтың Ауыл шаруашылығы институтының Механика факультетіне оқуға түсті.
1968 жылы осы оқу орнын Инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Жас маман өзінің еңбек жолын Ұйғыр ауданы ХХІІІ партсъезд атындағы колхозда бас инженер болып бастап, төрт жыл өткенде аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің бастығы қызметіне бекітіліп, онда алты жыл жұмыс істеді.
1978 жылдың басында Алматы облыстық Ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметіне бекітіледі де, алты жылдан астам уақыт облыстың механизация саласын басқарды.
1984-1989 жылдар аралығында облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық партия комитетінде екінші хатшы, облыстық халық бақылау комитетінде төрағасының орынбасары;
1989-2001 жылдары «Облсельхозтехника» бірлестігінің төрағасы;
2001 жылдың басынан облыстық Ауыл шаруашылығы департаментінде директордың орынбасары болды.
Базарбаев Абай Қашағанұлы көпжылдық еңбектері жоғары бағаланып, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған.
Еңбекті сүйген ер еді…
Абай Қашағанұлы Алматы облысы, Қарадала өңіріндегі Шошанай ауылында дүниеге келді. Бастауыш сыныпты осы ауылда аяқтап, әрі қарай оқуын Сүмбе ауылында жалғады. Шошанай мен Сүмбенің арасы 10-15 шақырым жер, екі ауылдың арасында қатынап жүріп онжылдық мектепті бітірді.
Жоғары оқу орнынан инженер-механик мамандығын алып шыққан соң, осы аудандағы Сұңқар ауылына бас инженер-механик қызметін атқарды, сосын «Казсельхозтехника» бірлестігінің бастығы қызметіне бекітіліп, онда алты жыл жұмыс істеді.
Өзінің еңбек жолында Абай Қашағанұлы ауданның экономикасын көтеруге үлкен үлес қосты. Одан кейін Алматы облысының Балқаш аудандық компартиясының екінші хатшысы болды. Алматы облыстық ауылшаруашылық саласында басшы қызметте жүріп зейнетке шықты.
Ақырын жүріп, анық басып талмай еңбек етті. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, тәуелсіздікке дейінгі жылдары да, тәуелсіздікке қол жеткен жылдары да елдің ауылшаруашылық саласының дамуына көп еңбек сіңірді.
Өскен-өнген мәуелі бәйтеректей ұрпағына сая бола білді. Бар ғұмырын ауылшаруашылығына арнады, қолына қалам алып өлең де жазды. Өлеңдері өзінің мінезіндей жұмсақ, жүрекке жылы тиетін. Ағайын арасына сыйлы, дос жаранның арасында беделді болды. Өмірінің соңғы жылдарында Райымбек бабамыздың кесенесінің абаттануына үлес қосып жүрді.
Өмірін өнегелі іске арнаған арда азамат қас пен көздің арасында кенеттен жүріп кетті. Амал бар ма, әлі де арамызда жүрсе кейінгі ұрпаққа үлгі болар еді. Жақсы азаматтан айырылып қалдық. Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Ел жұрт, Қарадаладағы көзкөрген қауым аза тұтып отыр. Оларға қайғырып, көңіл айтамын.
Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ.
Жақсы аға
Осыдан біраз бұрын ғана телефон арқылы 20 минуттай тілдескен едік. Рухы мықты ағам еді. Жанына батқан дертті елеместен еркін көсіліп еді-ау…
Ауыл жайлы сұрады. Өзім жайлы, отбасым жайлы сұрады. Нағашы-жиен боп жеңіл әзілдердің де басын шалғандай едік. Жастық шағында қасиетті Қарадала өңірінде өткен біраз естеліктерімен де бөлісіп еді-ау. Өзі басшылық қызметте болған ауыл өміріне қатысты өлеңін де оқып, туған топырағы Шошанайға жете алмай жүргенін де айтып қалып еді.
Қарлығыңқы даусыңызда жылылық бар еді, Абай аға. «Айналайын» деген сөзіңізге жылынып, аяғымызды алшаң басатын едік. Сіз екеумізге ортақ «етегі кең» (өзіңіздің сөзіңіз) Сүмбе ауылының әнұранына айналған Тұрарбек аға екеуіңіздің әніңізді көлігіңізге отырғызып алып, Алматыны шыр айнала жүріп тыңдатушы едіңіз. Қосыла шырқайтын едік.
«Сыр іздеп жүрем Сүмбеден,
Жыр іздеп жүрем Сүмбеден», –
дейтін едіңіз.
«Күн жылынсын, тастаяққа апарамын» деп едім соңғы рет телефонда тілдескенде. Күн енді ғана жылынып еді ғой, Абай аға. Көктем енді ғана келіп еді ғой…
Жаныңыз жәннатта, иманыңыз саламат болсын! Бізбен бірге жасай бересіз, бақұл болыңыз, жақсы аға.
Жарас СӘРСЕК.