«…сөзді Адыл Якубов айтады экан да…»
03.03.2017
1772
0

1989 жыл-ау деймін. Курортта демалып жүрген, сол кездегі Келес ауданындағы кеңшардың директоры жарияланған жазбалары үшін «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты атанған Беркін Қалмаханов кабинетке кіріп: «Ташкенге, өзбек ағайындарға жолығып қайтатын шаруа шықты. Шоша­йып жалғыз өзім барғанша… бірге жүрсең бо­лар еді» деп қолқа салды. Бұрыннан сыйлас Бекеңе жоқ дей алмадым. Шаруасы – Арал теңізінің мәселесі жөніндегі ха­лықаралық ұйымға Өзбекстаннан төраға Мұхамед Әлиге шапан жауып қайту екен. Мұнысын онша қостай қоймасам да, әйтеуір, көрші екі елдің арасын жақындата берейік деген ниеттен туындаған игі шара ғой деп ойладым.

Ертегінде сәскеде жолға шықтық. Ол кезде шекарадан өту қазіргідей машақатты емес. «Өзбек өз ағам» деп ал­шаң басып бара беруді, кейде отанасы әл­денені себеп қылып, қазан көтермей, бәл­сіне қалса, жалынып-жалбарынбай, тәуел­сіз кейіпте үйден шығып кетіп, асымызды «нанды шаһардан» іше салуды әдетке айналдырған кез. Жарты сағаттың ояқ-бұяғында көлігіміз Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратының алдында тұрды. «Одақ төрағасы – Адыл Якубов өзімізден… Түркістанның тумасы. Бірден сол кісінің алдына кірсек, «миссиямызды» тез бітіруге көмектесер…» деп жолда Бер­кін айтып келе жатқан. Солай еттік. Қа­был­дау бөлмесіне енгесін: «Қазақстан­нанбыз» деп едік, хатшы қыз лып етіп төрағаға кіріп кетті. Артынша есік қайта ашылғанда, ар жағынан: «Кірсін… Кірсін» деген кабинет егесінің ықыласты үні естіліп жатты. Бекең кіріп кетті. Мен шапандар салған сөмкеге егелік етіп, қалып қойдым. Бес минуттай уақыт өткенде шықты. «Жақсы қабылдады. Тіпті қуанғандай болды. Мұхамед Әлиді телефонмен тауып, шақырып қойды. Жүр, жиын залына барайық… Жарты сағаттан соң бас­талады» деді риза кейіпте. Жиын залында келісіп алдық. Мен президиумға шықпай, шапандарды дайындап, төменде отыратын болдым. Біртіндеп қаламгерлер келіп жайғаса бастады. Келушілердің саны елушақтыға жеткенде, төр жақтағы есіктен үш кісі кіріп келе жатты. Алдыңғы, реңі қа­зақ­қа ұқсаңқырайтын, орта бойлы, ша­шы ағарыңқысы: «Беке, мұнда келіңіз», – деп Беркінді шақырып, өзінің оң жағына отыр­ғызды. Бұл өзбектің ірі жазушы-ро­ма­нисі Адыл Якубов еді. Ал жанындағы сұң­ғақ бойлы, иман жүздісі – поэзиядағы мық­тыларының бірі Мұхамед Әли екен. Оларға ере кірген жас жігіт референт болса керек, қағазға бірнәрселерді түртуге кірісті. Кездесу тізгінін бірден өз қолына алған Адыл аға: «Қазақ бауырларымыз келіп қап­ты…», – деді сергек үнмен. Біршама біздің ел, халық жөнінде әзілге бұра айтқан жылы сөздері, «шапан жабудағы» міндетімді ойластырып, томсырайып отырған менің «ішімді жылытып» жіберді. Шіркін, сөз ғой, адамды табыстыратын да, адастыратын да. «Қалай қабылдар екен?..» деп секемденген күйімнен арылып, еркінси қалдым. Сөз Беркінге берілді. Жақсы сөйледі. «Ортақ те­ңіз» мә­селе­лерін ортаға салды. Енші бө­ліс­пеген елдер екенімізді еске алды. Қаты­су­шылар шапалақ ұрып, қостады. Алдын ала ақыл­дасқанда: «үш минуттан аспаға­ны­ңыз жөн…» дегенмін. Сол межеде қысқа қайыр­ды. «Аралды құтқаруға аянбай еңбек­теніп жүрген Мұхамед Әлиге құрмет көрсе­тіп, қазақтың шапанын иығына жапсақ деп келген едік», – деді. Мен шапан мен бөрікті, десте гүлмен қоса алып, сахнаға атып шық­тым. Бекең шапанды жауып, бөрікті кигіз­генде, керемет жарасып, ша­йыр­дың жүзі шырайлана қалды. Ол кісі де риза­шы­лығын білдіріп жатыр. Ісімізді бітірген соң мен төмен түсіп кеттім. Содан Бекең шаңы­рақ иесіне бұрылып: «Енді сөз өзіңізде Адыл аға», – деді. Сонда ол кісі орнынан көтеріліп, әзілмен әдіптеп бірер сөз айта келе, қуа­қылана: «Оу, шапанды… Мұхамед Әли киеді де… сөзді Адыл Якубов айтады экан да!» деп залдағыларды ду күл­дірді. Шапан екеу еді. Екіншісі, шатаспасам, филология ғылы­мының докторы Шер­мұха­медовке арналған. Ол кісі қалада жоқ екен. Бекең ымдаған соң сол шапанды алып шығып, Адыл ағаға жап­тық. Жиын аяқ­талған соң кабинетіне кіре кетуге ша­қыр­ды. Оған жапсарлас шағын бөлмеде дастархан жайылып қойыпты. Үстіндегі зерлі шапанды шешіп жатып, хатшы қызға: «Осында іліп қой. Қазақ­станнан «төркін­дерім» келгенде киіп тұрармын», – деді көңілді үнмен. Шәй ішіп, жарты сағаттай әңгі­ме­лестік. Бекең кеңшарының жүзім­мен айналысатынын айтты. Ме­ні таныстырып, «Сарыағаш са­наторийінде ем жұмысын бас­қарады», – деді. Әлгінде ай­тылған ен­шісі бөлінбеген ел еке­німізді меңзеп: – Қазақ – өз­бекке тек Жер бетіндегі теңіз ғана ортақ емес, оның астындағы шекара сызығы жоқ теңіз де ортақ қой. Сіздер­ден шығып жатқан Ташкент минералды суы, бізден Са­рыа­ғаш арасаны болып шы­ғып, саулықты жақ­сар­туға кө­мегін тигізіп жатыр, – де­дім.
– Айтбай інім! Санаторийіңде болған­мын. Көп рет. Демалу үшін емес, Алматыдан келген үл­кен ағаларға сәлем беруге… – деді ай­тарын асықпай, байыппен бастап. – Әсіресе, Сәбит Мұқанов демалған сайын баратынмын. Ағамыз жетпісінші жылдарға дейін келіп жүрді… Соның ішін­де алпыс бесінші жылғысы ерекше бол­ды. Сәбит аға айтатын: «Өзбектің тәтті палауын» сол жер­де қазан асып дайын­дағанбыз. Ғафур Гулям ағамыз да барған. «Қазақтың бес­бар­мағын» жейміз деп Шардара асып кеткеніміз де үлкен әңгіме. Талай қызық болған… Енді ол кісі жоқ. Сағыныш қалды…», – деп бәсең үнмен аяқтады. «Қуыс үйден құры шық­паңыздар», – деп екеумізге сыртында Жазо­дақтың белгісі бар блокнот пен қалам­сап сыйлады. Ардақты Адыл ағамен қайыр­ласып, ат шаптырым жердегі елімізге қайт­тық. Міне, одан бері де үш он жылдыққа жуық уақыт дөңгеленіп өте шығыпты. Сол жалқы жүздесуден қа­зақ­қа жанашыр жандай әсер қалдырған Адыл аға да, екі елдің арасына дә­не­кер болу­ға тырысқан Беркін дос та дүниеден озған. «…сөзді Адыл Якубов айтады экан да…» дегенін өз жайыма орай мақалға айналдыра ауызға алғанмен, енді, жазылып, жария етілмей, ішімде кетпесе екен деп жүретінмін. Соны сыртқа шығару­дың реті осы жылдың ақпан айында келе қалды. Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың зайыбы Мәрияммен Сарыағаш демалушыла­рының арасында түскен сарғайған суреті үйімдегі қағаздардың арасынан кездойсоқ көзге түсе кетті. Ескіріп, шеті жыртылып, жұлма-жұл­масы шыққан суретті өткен ғасыр аяғында, санаторий ардагері Сейітқа­сым ақсақалдан ат пен түйедей сұрап алған­мын. Суреттің жоғарғы жағындағы: «Каз.мин.воды. Курорт «Сары-Агач», 1965 г.», деген жазуды оқы­ғанда, Адыл ағаның: «…алпыс бесінші жылғысы ерекше болды» дегені еске оралды.

Айтбай Тәсілов.
Сарыағаш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір