Ақындық сүйегіне біткен
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институты, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор
Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтына оқытушы болып 1957 жылы ауыстым. Бұл институтта қазақ бөлімі 1953–1954 оқу жылында ашылып, Өзбекстанның әр облысынан тұңғыш абитуриенттер қабылданған еді.
Олардың ішінде Қарақалпақстанның Нөкіс қаласынан келген бозбала Төлеген Айбергенов те бар. 1959 жылы бұл студенттер ең соңғы курстағы мемлекеттік емтиханға даярланып, оларға қазақ әдебиеті тарихынан шолу дәрістерін өту маған тапсырылды. Мен алғаш рет аудиторияға кіргенімде «Ауданнан келген мұғалім не тындырар екен» дегендей, студенттер маған сын көзімен қарады. Өзім қобалжып тұрсам да, сыр бермей дәрісті бастап кеп жібердім. Дәрісті «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті – отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп қорыттым. Студенттер тарапынан сұрақ түсе бастады. Бір студент қол көтеріп:
– Ағай, отаршылдық дәуірдегі әдебиет дегенді бірінші рет естіп отырмыз, оны қалай ұғынамыз? – деп, әдеппен орнына қайта отырды.
Сол тұстағы Ресей империясының отаршылдық саясатынан туындаған жан-жақты зар заман ақындарының (140 ақын) идеялық ортақ сарыны – Отаршылдыққа қарсылықтан туындаған құбылыс екенін талдап түсіндірдім. Сонда Төлеген қол көтеріп, орнынан тұрды да:
– Ағай, бұл ақындарды жаңалыққа жаны қас Қазақстанның Ресейге қосылуына теріс қарайтын ақындар деп бағалауын қалай ұғынамыз? – деп өте күрделі сұрақ қойды. Студенттер іштей тынып қалған.
Бұл сұраққа жауап ретінде қазақтарды қонысынан айырып және шоқындырып жүргізген орыстандыру саясатының тарихын нақты дәлелдермен түсіндірдім. Мұндай саяси астары бар мәселені студенттерім бұрын-соңды естімегенін, маған деген риза кейіптерінен байқадым. Сол кезде сыртқа шығуға қоңырау соғылды. Мен Төлегенге:
– Сен қала тұр, әңгіме бар, – деп едім, Төлеген таңырқап тұрды да, студенттерден бөлектене берді.
– Төлеген, сабақ үстінде өлең жазып отырғаныңа жол болсын, бұл қай қылығың, – деп ренішімді білдірдім.
– Ағай, өлең жазуға құштарлығым оянып кеткен соң қағазға түсіре салайын дегенім ғой, – деп ұялып қызарақтай бастады.
– Өлеңің қай жанрмен жазылды?– деп едім:
– Ой, ағай, кәдімгі лирика ғой, – деді.
– Оқышы, лирикаңды, – деп едім, өзіндік мәнеріне салып, ықыластана оқи жөнелді.
– Төлеген, өлеңің өте ұзақ әрі сюжетті желіге құрылған. Мұндай өлең лирикаға жатпайды. Лирика деген адам жандүниесінің өлеңдегі бір сәттік көрінісі. Ол үш-төрт шумақтан аспауы керек, – деп ұғындырдым да: Мәселен, Төлеген, сенің жақсы көретін қызың бар ма, – дедім.
– Бар…– деп ұяла қызарып, ыңғайсызданып қалды.
– Онда сен Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» деген лирикалық өлеңін оқы да, Қасыммен іштей ақындық жарысқа түс. Сенің ақындық өнерің сонда белгі береді деп едім, қуанып кетті.
– Ағай, оған менің ақындық қуатым жете қояр ма екен, – деп сасқалақтап қалды да, – Ағай, нар тәуекел, ертең жазып келейін, – деп уәдесін берді.
Ертесіне асыға келіп, менімен амандасқанда арқасы қозып, өңі құбылып тұрды. Сезімі алаулап төрт шумақ өлеңін өзіндік өлең оқу мәнерімен оқи жөнелгенде, нәзік бір сезімге бөленгендей тебіреніп тұрды.
– Міне, бұл өлеңің нағыз лириканың өзі болып шығыпты, керемет соны теңеу, сөз образдарың төгіліп түсіпті. Мұны сен ойланып, ізденіп жүріп жаздың ба, әлде тілге өзі оралды ма? – деп сұрадым.
– Аға қиналдым, намысқа тырыстым, бірақ жаза алмай орнымнан тұрып кетіп, саябақта біраз қыдырып, аққайыңдар жапырағының сыбдырымен сырласқандай сезімге бөлендім. Орындыққа отыра бергенімде өлеңнің бірінші жолы аузыма түсе кетті де, қалған өлең жолдарын бірденнен жазып тастадым. Өлеңіме өзім де іштей разы болып, тамаша бір сезімге бөлендім, – деп өлеңін оқи жөнелді.
– Төлеген, өлеңің Қасым ақынмен өнер жарыстырғандай екен, сөз образдарың мүлде тың, саған ақындық өнер тыз етіп, ет пен терінің арасынан шықпай, сүйегіңе біткен ақындық өнер екен, соған көзім жетті, екінші ескертуім, сен өлеңді оқыма, жатқа айтатын бол, бұл орыс ақындарында дәстүрге айналып тұр. Оқыған өлеңнен, жатқа айтылатын өлең тыңдаушының көкейіне тез қонады.
– Топта сенен өзге Ілияс, Айтбай да өлең жазады екен. Үшеуіңнің өлеңдеріңді «Алға» газетіне жариялатайын, жазғандарыңды алып келіңдер деп едім, үшеуі де өлеңдерін сол күні әкеліп тапсырды.
Ол өлеңдер «Алға» газетінің 1959 жылғы жиырма бірінші мамырдағы №41 санында жарияланды. «Алға» газетінде Төлегеннің өлеңдері тұңғыш рет басылым көрді. Осындағы бозбала Төлегеннің тұңғыш рет баспасөзде жарияланған өлеңдеріндегі теңеу, кейіптеу, метафоралық сөз образдары мүлде бұрын-соңды еш ақында ұшыраспайтын жаңа, соны тыңнан табылған ақындық бейнелі сөз, образдар мен көркемдік қуатымен баурап алатын ақындық қуатына таңырқанасың.
«Далада» деген өлең жолында:
Ұялшақ сәби талдың жағадағы.
Етегін гулеп, ойнап жел түреді, –
деген өлең жолындағы кейіптеулер, өлі дүниені тірілтіп, көркем қимылға келтірген бейнелі, қарапайым сөз образдары бозбала ақынның қаламынан туған сирек ұшырайтын құбылыстай, маржанша тізілген өлең жолдарынан асып түспесе, кем түспейтін ақындық қуатты сезгендей болдым. Ал осы өлеңдегі:
Толқыны жардан құлап аунап тұрып,
Сұңқылдап жатыр бұлақ сыр ақтарып, –
деген өлең жолындағы табиғи қарапайым кейіптеулерді ақын табиғат бойындағы көріністі көркемдікпен көмкерген құбылысты тұшынғанда, ұлы сыншы Белинский айтқандай: «Ақын образбен сөйлейді, философ силлогизммен сөйлейді» деген пікірге кез келгендей сезініп, кірленген жанымыз таң шығына малынып, тазарғандай пәк сезімге бөленіп, көңілдің шаттық құшағында шомылғандай арқаландым.
Осы іспеттес көріністі Төлегеннің бас-аяғы жұп-жұмыр келген «Қойлы ауылда» деген өлең жолындағы:
Бетті аймалап самал леп
Жұртты ұйқыдан оятты.
Домбырадай күмбірлеп,
Қойлы ауылдың таңы атты, –
деген нағыз кейіптеудің, яғни «самал лептің» құдіреті тіріліп кеткендей «домбырадай күмбірлеп» қойлы ауылды оятуы – ақындығы сүйегіне біткен бозбала ақынның ақындық жолдағы тұңғыш қадамының өзі келешекте қайталанбас дарабоз, ақиық ақындықтың тұлғасын айшықтап тұрғандай.
Төлегенді соңғы рет Төле би көшесіндегі Үкімет үйі маңында көрдім. «Еліме барып, мауқымды бір басып, көрген-білгенімді өлеңмен жырлап, оқырмандарымды қуанышқа бөлермін деген үкілі үмітпен ауылға ұшып баруға қанатым болмай сағыныш сезіміне бөленіп жүрмін, Қош аға», – деп ықыластана қол алысқанда, мен оны соңғы рет көруім екенін сезбеппін де. Тағдыр өз айтқанын қылды. Амал нешік? Халық санасында мәңгі қалатын рухани құбылыстай заңғар биікке көтерілген, ешкімді де қайталамайтын, ақындықтың дарабоз тұлпары болып туған Төлеген мәңгі халық санасында қалмақ. Төлегендей ақындық өнердегі дара тұлғаға айналған шәкіртім барына мақтанамын!
Сен менің өзімді көрсең…
Төлеген Айбергеновтің жалын жырлары оны тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік етеді, жанам деген жүрекке от берер асау арман лықсыған Төлеген поэзиясы, біздің дәуіріміздің шындығындай, арыны асау армандарға бастап, болашақпен жалғаса береді. Оған ақынның жырлары куә. Жыр бағасын жүрегімен салмақтар талғамды оқырман куә.
…Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.Төлеген Айбергеновтің жалын жырлары оны тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік етеді, жанам деген жүрекке от берер асау арман лықсыған Төлеген поэзиясы, біздің дәуіріміздің шындығындай, арыны асау армандарға бастап, болашақпен жалғаса береді. Оған ақынның жырлары куә. Жыр бағасын жүрегімен салмақтар талғамды оқырман куә.
…Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.
ПІКІРЛЕР1