Оңаша қап өзімен, Сенген сәті – жалғыздық…
10.02.2017
1569
0

Өмір неткен
Кеңес келіп…
Ел көшкенде,
Бабам ауған, бәрі ауған…
Аяз еріп, жер кепкенде,
Қайтқан құстай оралған.

Хан Тәңірдің балағында,
Сүйіндікке соқпаған.
Суықтөбе қабағында
Қар тұрса да, тоқтаған.

Топ ішінде ұл бар еді,
Ұл бар еді қарғадай.
Тиын тағып, тыңдап еді,
Қойшы қауым, жалған-ай.

Қойшы қауым арасында,
Айтылған ән – нәресте.
Аңырақай даласында,
Балалық шақ – бәрі есте.

Аққайнарда аунап тұрғам,
Айта алмаймын назымды.
Ағайынға мал бақтырған,
Көрсеттім бе аз үлгі.

Суықтөбе бауырынан,
Қой шуатып көктем, күз.
Айнымайтын қалыбынан,
Ағайындар көшкенбіз.

Көшпендінің баласы едім,
Шаңырағына құс қонған.
Жүрегімнің жарасы емін,
Жырдан тауып, құшты арман.

Есенқұлдар кешке жақын,
Бір шишаны ортаға ап.
Елу бақсы, сексен ақын,
Бірін-бірі қолқалап.

Жыр қазаны қайнап еді,
Қайнап еді құйылып.
Күнде сауық-сайран еді,
Қыз-қырқыны жиылып.

Ұлы таулар жүзін көріп,
Ұран салған біз едік.
Қастек батыр қызын беріп,
Қазақы қан түзедік.

Сүйінбайға сыйынып ап,
Жыр додаға түскенде.
Сөз келетін құйылып ақ,
Сар желіске түскенде.

Баз кештім де барлығынан,
Бала-шаға қасында.
Тынып іштен, қалды жыр-ән…
Қалды мұрам расында.

Арман қамал алынбай қап,
Қамымды ойлап бір заман.
Тұлпар жырдың бағын байлап,
Қай бетіммен жыр жазам.

Он бес жылға сотталғандай,
Көрінбедім ешкімге.
Болып тұрмын шоқтанғандай,
Емес пе екен кеш мүлде?..

Жазды ма екен Тәңір баста,
Өмір неткен күрделі.
Шапты-дағы қаным басқа,
«Ақын ғұмыр сүр», – деді.

Қанша көктем алдымда әлі,
Қанша күз бар, Тәңірім?
Бір сағыныш қол бұлғады,
Сақта мені, сабырым.

Ақындар
Қарсы жүзіп ағымға,
Қалт-құлт күн кешкен.
Буырқанған шағында,
Бұлттарымен тілдескен.

Теңіздердің толқыны,
Тобығынан келмеген.
Сөгілгенде қолтығы,
Шаңын ешкім көрмеген.

Түгенделмей тұрманы,
Топқа кірмес міні бар.
Жүрегінің жұрнағы,
Қалса да оны кім ұғар?

Қыспаққа алған нарық бар,
Тастаса деп қаламды.
Ойдым-ойдым арықтан,
Таймайтұғын табанды.

Екі қолға бір күрек,
Ала алмайтын заты бар.
Шыға келер дүркіреп,
Ақын деген аты бар.
Ел-жұртының тағдырын,
Байлар қолға алғанда.
Ойлап әр сәт, әр күнін,
Өтуде ол арманда.

Оңаша қап өзімен,
Сенген сәті – жалғыздық.
Өткізеді тезінен,
Миындағы бар мұздық.

Бассаң әрбір қадамды,
Бағасы жоқ, тегінсің.
Ойланатын адамды,
Мына қоғам не қылсын?
Еткен еңбек өтелмей,
Қайдағыны қозғайды, ә.
Сабадан бас көтермей,
Салауатты сөз қайда?

Менің жүрегім
Жүрегім бар – жас жігіт,
Жау көрінсе сал қайрап.
Танытады мас қылық,
Қыз-қырқынға бал қаймақ.

Алаяққа – ала көз,
Төгілмеген айраны.
Өз әлінше дарабоз,
Бұлқынғанда бойдағы.

Нәсіпке жұрт кезекте,
Кейде ұмыт қаласың.
Өртенесің өзекте,
Өрекпіп бір соғасың.

Түскен заман тезіне,
Өтуде күн абайлап.
Шыға келер өзіңе,
Кіріп шыққан қан ойнап.

Ниетіңе жараса,
Кездескенде сөз ұғар.
Алақайлап балаша,
Асыр салар кезі бар.

Кексе тартып келемін,
Өмір жақын сақалы ақ.
Толқынданып кемерің,
Тұла бойың махаббат.

Соғасың кеп бөлекше,
Айналамен келіспей.
Жаралғасың ерекше,
Беріспейсің өліспей.

Қара ағаш
Қар жамылған қара ағаш,
Сілкіне алмай тұрсың-ау.
Қам көңілмен шала мас,
Тұла бойым мың сұрау.

Бұтағыңмен жалаңаш,
Батып тұрсың бір мұңға.
Қадірі жоқ қара ағаш,
Саған ұқсап тұрмын ба?..

Жасың ұзақ қара ағаш,
Сонша ғұмыр керек пе?
Бұл тұрысың жарамас,
Оранбасаң желекке.

Төзіміңмен таң қылған,
Тамырыңыз тарамыс.
Шөлде шөлін қандырған
Тұла бойың қара күш.

Қайсар мінез қара ағаш,
Қасиетке негіз деп.
Құпияңды маған аш,
Келіп тұрмын ем іздеп.

Сұр күндер
Аузы батыр ақын деп,
Айта алмаймын өзімді.
Азулыға мақұл боп,
Шектен шыққан төзімді.

Арасында тірі өлік,
Мен де бармын талансыз.
Үзеңгіге шіреніп,
Тізгін тартам амалсыз.

Құбылғанда түрге еніп,
Заман сайқал қылықты.
Жүрегімді жүз бөліп,
Сезімімді суытты.

Білінбейтін бұдырсыз,
Табылмайтын табансыз.
Топ ішінде жүр үнсіз,
Таң қалмаңыз маған сіз.

Қалғанынша құр сүлдер,
Қарманып ем бір сағым.
Күндер, күндер, сұр күндер
Енді мен де сұршамын.

Өлең деген
Өлең деген бозбала
Тебіндеген мұрты бар.
Жыл он екі ай қоздана,
Жүрегімен жыртылар.

Таңғы шықтай мөлдіреп,
Қызыл-жасыл құбылыс.
Жаны жалау желбіреп,
Желге қарсы жүгіріс.

Өлең деген бой жеткен,
Қыз бір екен кекілді.
Сезімдерін сөйлеткен,
Қылығы көп не түрлі.

Өзегі оның өртенер,
Құпиясы көзінде.
Алабұртып бөрте бер,
Өз әлемің өзіңде.

Солқылдаған тал шыбық.
Сылқылдаған тас бұлақ.
Жасыл дүние малшынып,
Былқылдаған жас құрақ.

Маңайында тірлікпен,
Мылтықтасып өтетін.
Дүниесі дүрліккен,
Миы қайнап кететін.

Бұл ауылдың жыр кені,
Бөлек келген болмысы.
Жұрт ішінде жүлделі,
Сорлысы екен ол кісі.

Тамыр тартып әріден,
Тың жол салып беріден.
Баз кешкенде бәрінен,
Сырласатын тегімен.

Бүйрек тұсы бүлкілдеп,
Кеуде тұсы ыңқылдап.
Көздің асты кілкілдеп.
Жас баладай қыңқылдап.

Айналаға – ала көз,
Сүйкімсіздеу сол кісі.
Өз әлінше дарабоз,
Сүлейлердің соңғысы.

Құлмамбетке
Мен сені болдым жиі ойлайтұғын,
Бабаның заманына бойлайтұғын.
Замандас құрбы-құрдас арасында,
Сені айтып,
желдей есіп… тойлайтұғын.
Секілді тірі пенде мәңгі өлмейтін,
Қызығы бұл дүниенің тоймайтұғын.

Мен сенің аруағыңа сыйынғанда,
Бір ғажайып тылсым
күш бұйырғанда.
Тұлпар мінген жігіттер дүбірлетіп,
Төбеден кеп жыр-нөсер құйылғанда.
Құдайменен тілдесіп, патша болып,
Жан-жағыма жұлдыздар жиылғанда.

Көне қорған күңіреніп боздайтұғын,
Тас қорымдар тың
тыңдап тозбайтұғын,
Қыран даусын шаңқ
етіп, созбайтұғын.
Айдаһарлар аспаннан ұшып келіп,
Аузынан от жалындап арбайтұғын.
Балбал тастар таң
қалып қарайтұғын,
Жазмыштан барлығы озбайтұғын.

Теңіздерде өкіріп, дауыл борап,
Аласапыран аспаннан жауын жауад.
Желкенменен алысып жатқанымда,
Тұратындай жағада қауым қарап.
Бір сәт сосын жүрегім дамылдамақ,
Жайлап жылжып
тұп-тұнық ағындамақ.
Балбыраймын бұл күйді жаным қалап.

Мен сені ойлағанда,
Айырмай дүниенің ақ-қарасын,
Өрекписің, өрлейсің, өрт боласың.
Бірде ұшып шығасың қияға өрлеп,
Бір күні табандарда тапталасың.
Ақыры түйінделіп сап боласың,
Бір күні өзің құсап жоқ боласың,
Ақ түйеге мініп ап аттанасың.

Бұл өлке
Кемпірқосақ бұл өлке нұр себілген,
Арулары армансыз, күнше күлген.
Тіл үйірген ішінде жеміс бәрі,
Тұрғындары тәкаппар жүр сеніммен.
Сол аймаққа сенің де барғың келед,
Жете алмайсың
қиғандай тірсегіңнен.
Есігінен бір күш бар кіргізбейтін,
Қоршап қойған көрінбес
сым темірмен.
Сан құбылған жауһар көз бұл әлемге,
Телміресің тиед деп күлше кімнен,
Ол деген өзгеше әлем, өз заңы бар,
Сендегі бұл хабарсыз мұң, шеріңнен.
Иілген бас, созған қол көріп тұрып,
Назар салмас мырзалар тым семірген.
Жақын барсаң бірақ та бір иіс бар,
Сол аймақтан шығады гүл төгілген.
Шыбын-шіркей құрт
жеген секілді бір,
Күлімсіген иісін кім сезінген?..

Нұрлан Әбдібек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір