Ата жолынан адаспаған Есенқұл
Ұзынағаш Есенқұлсыз жапырағынан жел айырған, сорая сидиған шынарды елестететіні несі екен. Көкшіл көзінің қиығын қадап, болымсыз жымиған мезет мағыналы әлпетке бірден көшіп үлгірмейтін. Назарын бір нүктеге тұрақтатқанда барып дүниенің мәніне терең дендеген кісідей бір күрсініп ап әңгімесін бастайтын. Бұл ғадетіне тірі кезінде көңіл аударып, жаныңа жақын қабылдайтын едік десек, әрине, өтірікке саяды. Тіршіліктің күнделікті ағыс екпінінен ақылдың қабылдау түйсігінің шапшаңдығын ажыратып, айырып, ішкі өлшем беріктігіне илана тұра Есенқұл қадіріне жетпегендей сезініс кектеп алатынын өзге емес, өзің түсінбейсің.
Мекен тұрағы аттам жерде тұрып Алматыға жете алмаған аңсар әуселесінің түпкі сыры – жан баласы бойлай алмайтын жұмбақ күйінде қалғаны жаныңды жылатады. Абайдың «Неше түрлі жан барсың» тоқтамының келесі жолдарының бірінде төбе шашыңды тік тұрғызатын ақиқат адамды шіміріктірмей қоймайды. Есенқұлдың Алматыда өткен уақыты нешелеген мінездердің тосындығына кезіктірді. Ессіз ғашық бозбаланың үміті ақталмай, арандағанынан бөлек, ақыл сарабына сала алмайтын қатал шындықтармен бетпе-бет жүздескеннен кейінгі түңілістердің төтенше итермесі ақындық бағыттың өзгешелеу сүрлеуіне жөнелтті. «Біздер сүйсек қор болып сүюші едік». Ағынан жарылудың жолдары да, әдістері де жеткілікті. Адам сезімінің бүкіл түйінін бұлайша бір жолға сыйғызып, бір кезең шындығын қарапайым аша салу үшін дүниеге Есенқұл болып туу керек. Бір бел астындағы томаға-тұйық ауылдың шымырлаған тұп-тұнық бұлақ сезімін шайқап лайлағаннан соң ақындық қайнардың бөлекше көзін ашқан ол Алматымен қоштасудың өзгеше құбылысын жасады. Ендігінің тіліне ыңғайлағанда, ақындық кеңістіктің мүлде жаңа өрісін тапты. Пенде жаратылысының өзімшіл ниетінен бүтіндей арылып, кейбі-
реулердің рухани қарама-қарсылық дертін қоздыратын Сүйінбай, Жамбыл аталарының «бөрілі байрақ» жырларының қатарына шашағы желбіреген шуақты өлеңдерімен «құлдыраңдап» келіп қосылды.
Әлденеше жүздеген жылдар бұрын дуалы ауыздың «Тірі болдың – зор болдың, өлдің Мамай – қор болдың» деген орамы кейіпкерін өлтірместен, бүгінге тірі қалпында табыстағандай әсері әсте солғындамайтынын түйсінесің, әрине. Аз ғана жыл бұрын арамыздан кеткен Есенқұл: «Тілін ұққым келеді елестердің, шейіттердің, өлгеннің, құрбанның да», – деп алаңдауын үйреншікті сөзбен сипаттаймын деу «есерлердің» түйсіктерін түрткілер-ау… Өнерпаз жолының алуан сырына біздің қазақ Батыс пен Шығыстан тынымсыз іздеу арқылы ой Көктөбесіне қанша көтерілсе де, қариялық ата жолынан адаспаған Есенқұлды әр сәттерде естеріне алмай жүре алмайтын шығар.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ.