Ақ жолынан таймаған
28.10.2022
106
0

«Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол » демекші, әулиеаталықтар халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығының тойынан кейін іле-шала облыстық «Ақ жол» газетінің ғасырлық тойын дүркіретіп өткізді.

1922 жылы «Кедей еркі» атымен жарыққа шыға бастаған газет аты бірнеше рет өзгеріп, бүгінде «Ақ жол» деген атпен жарыққа шығып келеді. Жайық Бектұров сынды ұлт зиялылары тізгінін ұстап, мерейін тасытқан, ел-жұрттың мұң-мұқтажын жоқтаған басылым әлі де өз биігінен түспеген. Басылымның мерейтойы қалалық «Баласағұн» мәдениет сарайының көрме залында Aq jol газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмаханның «Таспада қалған тарих» атты фотокөрмесінен басталды. Мұнан соң газеттің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы дайындаған Aq jol-дың бір ғасырлық шежіресін қамтитын «Ғасыр шежіресі» атты кітаптың тұсаукесері болды.
Салтанатты шарада ғасырлық тарихы бар басылымның ғибрат­ты жолына арналған арнайы бейнефильм көрсетілді. Басылымда ізі қалған қаламгерлердің есімдері аталып, еңбектері жайлы айтылды. Ән мен жырға, би мен күйге толы ғасырлық мерейтойды Aulieata-media жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт қорытындылады.
– Ең алдымен, біздің қуанышымызды бөлісіп келген қонақтарға алғысымды айтамын. «Aq jol»-дың тойы жылдың басынан басталып кетті. Мерейтой тек ас ішіп, аяқ босатумен шектелмесін деп біз жылдың басынан өскелең ұрпаққа өнеге боларлық іс-шаралармен ерекшеледік. Сол мақсатымыз орындалды. Және сол шараларға қолдау көрсеткен облыс басшылығына айтар алғысымыз зор. Қандай жағдай, қандай кезең болса да Aq jol өзінің ақ жолынан тайған жоқ. Қазір де басылым заманға сай болуға, оқырманның жүрегіне жол табуда. Алар асуы әлі алда, сіздерге Aqjol-дың жасын берсін, жолдарыңыз ақ болсын, – деді Оралхан Дәуіт өз сөзін түйіндей келіп.
Сондай-ақ салтанатты шарада қаламы қарымды журналистер түрлі марапаттар алды.

Жанна АҚБЕРГЕНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір