Тіл жөнінде
Құрметті «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы!
Мен сіздердің газеттеріңізге көп жылдан бері жазылып жүрген тұрақты оқырмандарыңыздың бірімін.
Газеттеріңіздің №2 санында жарияланған «Дөңгелек үстел» айдарындағы «Қазақпен де орысша, орыспен де орысша» атты Маржан Әбіш дайындаған және Айнара Ашан дайындаған Зиябек Қабылдиновпен сұхбат мақалалары қолыма қалам алуға себеп болды.
Жалпы, газеттеріңізде тіл мәселесі, келешек ұрпақтың рухани ұлттық тәрбиесі жайында үзбей айтылып жүр. Сол үшін де редакция ұжымына алғысым шексіз.
Сіздердің газеттеріңіз арқылы Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мазалаған жан айғайымды оқырман қауымға жеткізсем деймін. Менің осы жан айғайым жоғарыдағы басшылардың ең болмаса біреуін селт еткізсе, ең болмаса бір қазақ баласының көкірегінде қазақ ұлтына, қазақ тіліне, қазақтың болашағына деген ұлттық сезімін оятса деймін.
Өткен жазда Алматы қаласында оншақты күн болдым. Бұрындары Алматыға бұлайша ұзақ тоқтамайтын едім. Аз күнге қалаға қыдырыстағанымда театрларға барып, түрлі қойылымдар көріп, марқайып қайтатынмын. Осы жолы оның сәті түспеді. Есесіне, Алматы көшелерінде жүргенімде атауы шет тілінде көрсетілген түрлі мекемені көп байқадым. Көше бойы өзге тілде сауатты, қазақ тілінде қате жазылған жарнамалар, қоғамдық көліктерде орыс тілінде сауатты, ал қазақ тілінде қате оқылған хабарламаларды көріп жаным түршікті. Тіпті, жер-су аттарының өзі де халық арасында: «Каменька», «Есентайка», «Бутаковка», «Табакан», т.т. деп айтылады екен. Неге?!
Қайда барсаң да балаларына, немерелеріне орысша сөйлеп жатқан өзім қатарлас замандастарымды көріп, жаным күйзелді.
Мен таза қазақ ауылында өстім. Қазақша оқыдым. Ол кезде «орыс тілін білмесең, нан сұрап жей алмайсың» деген саясат жүрді. Дүкенге барып қажетіңді шала орыс тілінде түсіндірсең, дүкенші орыс апайлар бізге жауап та бермейтін. Жоғары оқу орнына түсу үшін жазған орысша өтініш арызымды хатшы қыз «қате жазғансың» деп он қайтара қайтарып берген еді. Тіпті, оныншы өтінішімді бетіме лақтырды. Сонда мені намыс қысып, он бірінші өтінішті қатесіз жазып апарып едім.
Міне, қазақ тілін үйретуде бізде осындай мәжбүрлеу жоқ. Қоғамымызда қазақ тіліне деген мұқтаждық жоқ. Тағы бір айтарым, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы байқасаңыз, Кеңес Одағының құрамына кірген он бес республиканың он төртінің мәжілістік отырыстары мен мемлекеттік іс-шаралары өздерінің тілінде жүргізіледі. Ал бізде министрлер баяндамаларын орыс тілінде жасайды. Ел басқарып отырған шенеуніктердің өзі қазақ тілін үйренгісі келмейді. Қазақ тілінде сөйлегісі келмейді. Сондықтан да өзге тіл сыналап емес, бұзып-жарып төрімізге шығуда.
Негізгі мамандығым – физика-математика пәнінің мұғалімі. Өзім кәсіпкермін. Өзім ұстаз болмасам да, мектепте сабақ беретін курстас достарым бар. Олар мектептегі жағдайды айтқанда безіп кеткің келеді.
Оқу, білім саласындағы түсініксіз реформалар бүтіндей бір ұрпақтың болашағына, ана тіліміз – қазақ тілінің болашағына түп-тамырымен балта шабумен тең. Менің курстастарым зейнет жасына жақындаған ұстаздар. Оларды тоғыз айлық ағылшын курсына жіберуде. Кейбіреулер 25 жыл ішінде қазақ тілін үйрене алмай жүргенде, тоғыз айдың ішінде қалай ағылшын тілін үйренбек? Ал үйренсін делік. Физика, математика пәнін қазақтың жалпақ тілімен түсіндіргенде дұрыс қабылдай алмайтың оқушылар бар. Олар ағылшын тілінде бұл пәндерді қалай қабылдамақ? Қазақ тіліндегі әріптерді қалай жазылуын, қалай дыбысталуын енді үйреніп жатқан балаға қатарластары басқа тіл әріптері мен жазуларын қосанжарлата кірістіріп, баланың миы ботқа болып, мұғалімнің өмірі тозаққа айналмай ма? Бұл тілге ғана қиянат емес, болашақ бір буын жастардың санасын сансырату емес пе?
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым.
Одан да шықты жаңғырық, –
демеп пе еді Абай.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайында айтудай-ақ айтылуда. Біздің басшылар жартас құрлы болмағаны ма?! Тас екеш тас та айғайыңа жауап қайтарады ғой.
Жоғарыда айтып кеттім, менің курстастарым зейнет жасына жақындаған жандар. Жаңа реформа бойынша олар зейнетке алпыс жастан бастап шығады. Олар зейнетке шыққанша мектепке келген жас буын ұстаздарға орын жоқ деген сөз. Олар ата-анасына көмектескісі келеді, кейбір отбасылы жастар мектептегі талабы көп, жалақысы аз жұмысты істегілері келмейді. Сондықтан жақсы жас мамандар даяшы болып, үй қызметкері болып, өз кәсіптерін ашып кетіп жатыр. Бұл да болашақ ұрпақтың келешегіне зор нұқсан келтіреді-ау деп қауіптенемін.
Мен қарапайым қазақ әйелімін, қарапайым анамын, әжемін. Мүмкін осы жазған хатымда әдеби, көркемдік жағынан, саяси жағынан қателіктер бар шығар. Бірақ бұл менің ішкі жан күйзелісім, жан айғайым.
Құрметті замандастарым! Келешек ұрпақ! Аға буын ағалар! Біздің қазақ ұлты болып сақталып қалуымыз Қазақстанда тұрып жатқан әрбір қазақ азаматының қолында ғой. Ол үшін тіліңді ұмытпа, ата-дәстүріңді дәріпте, ұлттық құндылықтарыңды сақта. Жаратушы бізге қазақ деген ұлттың ұлы мен қызы болу бақытын берді. Басымыздағы бақытымызды теппейік, ағайын!
Ұлжан НҰРҒАЛЫМҚЫЗЫ.
Сарқан қаласы,
Алматы облысы.