ФИЛОСОФИЯ ЖАЙЫНАН
03.02.2017
4792
0

Мұхтар Әуезовтің 1918 жылы жазған
«Философия жайынан» мақаласы хабарламалық
сипатынан гөрі ойшылдығы басым дүние. Небәрі 21 жастағы болашақ жазушының ой тереңдігі, философияның мәні мен мақсатын нақты түсінуі таңғалдырмай қоймайды. Философия ғылымын осыншама дәл сипаттаған басқа қазақ зиялысы сол кезде (мүмкін, қазір де) болмады десек, артық айтқандық емес. Баға жетпес құнды дүние! Философиялық ойлау – интеллектуалдылықтың, руханилық пен адамшылықтың бірден-бір белгісі. Яғни дамудың осы биік сатысына жетуде мақсат еткен әрбір жеке тұлға үшін де, жалпы қоғам үшін де философия аса қажет ғылым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қазақ философиясы» деген ұғымның өзіне қарсы шығушылар философияны Батыстың ізімен тар мағынада түсіну салдарынан пікірлерінің жаңсақтығын уақыттың өзі көрсетіп берді. Қазір қазақтың философ халық екендігіне, әсіресе оның ауыз әдебиетінің адам, табиғат, қоғам мәселелері бойынша философиялық пайымдауларға толы
мазмұнына ешкім күмән келтіре алмайды.
«Қазақ әдебиеті» газеті даналық ғылымын халықтың арасында кеңінен насихаттау ісіне айрықша назар аударатыны бұл орайда құптарлық.

Гүлжиһан Нұрышева,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия кафедрасының меңгерушісі


 

Адам баласы тұтынып келе жат­қан ғылым екі түрлі. Бірі – күн­дік керек, мұқтаждық шығарған, адам баласының тіршілігіне нық бай­ланысқан ғылымдар. Бірі – кең ақыл, терең қиял шығарған, адам­ның жанын тәрбиелейтін ғылым. Ал­ғашқы айтқан ғылымдар да, соң­ғы айтқан түрдегі ғылым да әр та­рауға бөлінген. Бірақ соңғы айт­қан ғылымның тарауының бәрінің түйіскендегі түп негізі философия бо­лады. Философия грек тілінде ха­қиқатқа, даналыққа құмарлық деген сөз. Бар ғылымның да құмары — хақиқат. Бірақ бұлардың айырылатын жолы – іздеген жолында. Өз­ге ғылымдар мақсұтына жеткізе­тін басқыштаған дәлелді адамның көз алдындағы дүниеден алады. Жә­не сол көз алдымыздағы дүние­нің жеке-жеке өзгеріс сырын іздей­ді. Философияның құралы – тол­ғау­­лы терең ой. Іздейтіні – бүткіл дү­­­­ниенің ең әуелгі сыры, негізгі ха­­қиқаты.
«Философияның басы — таң­дану», – дейді Аристотель. Таң­дану­­дан барып адам бір нәрсені тек­сере ойлайды. Тексерген соң шы­нынан бұлдырды айырады. Бұ­лай болғанда философия – бір нәр­сені тереңдеп ойлау болады. Біз­дің күндегі көріп жүрген өмі­рі­міз­де шын тереңдеп ойлап, таза ақыл­мен шешеміз дерлік жасырын те­рең сыр жоқ. Және бұлардың кө­бі­нің соңына алғы түскен бірбеткей ғылымдар бар. Философияның кі­рісетін жері – қолға ұстанып, көз­ге көрсетерлік дәлелдер табылмайтын, таза ақыл ғана шешетін сауал­дар. Философия адамның ба­сынан шыққан бар ғылымның та­мырын бір араға жиып, сол шы­ғарған қорытындысын адамның ақылына, жанына азық қылып береді. Философияның жолымен ха­қиқатты іздеуге адам құлаштаған кең ақылдың ғана нұсқаған жолын­да болып, «терең ойдың түбіне тел­міре» қарауына керек. Мұндай те­реңдеп ойлаған ой бірден адам­ның көкірегін оятып, ақыл көзін дүнияға жайнатып ашқызады. Екінші, адамды ұсақтықтан, басқа әр түрлі мінезсіздіктен құтқарады. Қай уақытта болса да, адам ақы­лы­ның аймағы шынды, ақтықты із­деумен кеңейген болса, ол адамның адам­шылығының жүзі жарқын бол­мақ. Және оның жүрегіне нық бекіген хақиқы жолдың беті ездік­пен толқымайды. Бұл терең ойдың, ойшылдың өз басына келтіретін пайдасы. Адам баласы өзінің, өзге­нің дәрежесін ұғып, шын адамның мағыналы өмір қалпына жетуі – терең ойға қожа болуына байланыс­ты. Дүнияға таза адамшылық си­паты, таза мінездердің күші жет­­­­пейді. Олардың әлі аз, өрісі жоқ. Дүниеде мәңгілікке орнап қа­лар­лық адамшылық хақиқат жеке ғана мі­незге сүйеніп тұра алмайды. Бұ­ған ең бір күшті діңгек – бар адам­ның көкірегіне сіңген толғаулы терең ой. Сол себепті философия адам баласының жан тәрбиесінің, адамшылығының бірінші – өрлей­тін басқышы, екінші – көркі. Бұл те­рең ойдың адам баласына жол­бас­шылық істей бастағанына үш мың жылдай болды. Адамның әуел­гі аясы аз ақылының туғызған қа­раңғы танымын, меңіреу на­дан­ды­ғын философия кетірген. Бұрын­­ғы уақыттағы халықтың на­дандығы қандай болған, бұл на­дан­дықтан туған соқыр таным қан­дай болған, мұның бәрі тарих жү­зіне қарасақ белгілі. Бірақ ол за­манда да оқығандар, ойшылдар бол­май қалмаған. Бұлардың көбі ха­лыққа шешен тілімен кемші­лік­терін суреттеп үгіттеген. Көбі соң­да­­рынан шәкірттер ерткен. Бұлар­дың артынан ерген шәкірттері ғы­лым үйреніп, дүниеге соқыр на­ным­нан құтылып, өздері жұртқа ға­­лым болатын болған. Сол ой­шыл­дардың бәрінің сондағы тұты­нып жүрген жолдары, айтып жүр­ген сөздері философия ғылымы бо­латын. Терең ой сондағы істеген бас­шылығынан әлі жаңылған жоқ. Фи­лософия заманның жәй қоз­ға­лы­­сының артынан еріп, бақылап оты­­рып, бір жол ескіруге айналса, я теріс болса, оң, жаңа жол нұсқа­май қойған жоқ. Адамның өмірін кө­­­кірегіндегі ақылдың идеясы би­лей­­ді дейді. Ақылдың жолы би­лей­тін болса, ол идеяны философия би­лей­ді. Осымен адам баласының ақыл жолындағы тарақиетін, бұған жал­ғасатын адамшы­лық жолында­ғы тарақиятын философия билей­ді.
…Философияның керектігін басқа дүнияуи ғылымдармен са­лыс­тырғанда бұрынғы уақытта да, осы уақытта да бір дәрежеде. Бұрын ғылым көп тарауға бөлінбей тұрған уақыттағы айтылған шын деген жолдар философияның шын, шын емес деуіне байланушы еді. Себебі: тапқан жолын қолға ұстатып, көзге көрсетіп, дәлелге сүйей қоярлық дәл­шіл ғылым жоқ болатын; ол күн­де философия бар ғылымның қа­зысы болып тұрды. Бұл уақытта ғы­лым көп тарауға бөлінді. Әрқай­сысы өз ізденген жолындағы хақи­қа­тын өзі таппақ. Бұлардың тап­қа­нын дәл болмайды деуге бол­майды. Ендігі табатынының бәрі де шын болмақ. Бірақ сонда да филосо­фия­ның керегі мол. Себебі, өзге ғы­­­лымдардың бәрі де бірбеткей бо­лып өзді-өз жағына кеткенде, әр қай­сысы өз алдын ғана көретін ау­дансыз, тар соқпақтың үстіндегі ғы­лымдар болып табылмақ. Бұ­лар­дың тапқанының бәрін жиып, қорытып жаңадан жөн тауып, жол салып адамның ақылын тәрбие­лей­тін бір ғылым тағы керек. Ол ғы­­лым – философия. Философия ғы­­лымның тарау-тарауларының бә­­рінің мақсатын қорытып, қыс­қар­­тып әкелгендегі жетпегі екі түр­лі ғана мақсұд. Бірінші мақсұды адам­ның ішкі қалпын анықтап бі­ліп, ақыл ауданын кеңейту (поз­на­ние), екінші мақсұды дүниедегі шын барлықты білу (бытие). Бі­рін­ші бөлікке кіретін философияның тараулары: 1) адам жанының си­паттарын, мінезін оқитын ғы­лым – психология; 2) көңілдегі ой­ла­ған ойдың қалпын, мүсінін сы­нап отыратын ғылым – логика; 3) философияның тарихы. Адам ба­ласы ақылының қай заманда тереңдігі қандай болды. Қа­лай­ша өсті. Бұл күйге қалайша жетті. Қыс­қасы, адам ақылының өс­кен жолын оқиды; 4) әлгі айтқан ғылымдардан шығады (гносеология). Адамның білімі қайдан туды. Білімнің қандай түрлері бар, дәл­дігі қандай, шегі қандай екенін айы­рады. Екінші бөлікке кіретін дүниедегі барлықты әр жағынан қарастырып айыратын ең кең, ең ауыр ғылым – метафизика. Бұл өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мұның біріншісі негізгі дәлелдерге сүйеп мүтіл дүниядағы барлықты айыр­мақ (онтология), екінші – дүниенің түп иесін құдай жолын (ан) іздейді (рациональная теология), үшіншісі – дүниедегі тәннің (көзге көрініп, қол­ға ұсталатын нәрселердің) бар­лы­ғын тексереді – (рациональная космология); төртіншісі – адамның дене тірлігін қойып, жан бағасын ға­на алып, жан суретін де тексереді (ра­циональная психология).
Философияның тарихы екі дәуір­ге бөлінеді. Бірі – ескі философия, бірі – жаңа философия деп ата­лады. Ескі философияның басы Ғай­са пайғамбар тумастан мың жыл бұрын басталған. Бұл ғылым­ның алғашқы буынын бекітіп, ілгері қадам басуына себепші бол­ған грек жұрты. Оның ішіндегі фи­­­лософия дүкенінің іргесін кө­теру­шілер белгілі тарихтағы грек­тің жеті данышпаны. Сол жетеуінің ішіндегі философияның ең жақын атасы деп саналатын кісі – Фалес. Ескі философияның дәуірі 15-16 ға­сырлардың ішіне шейін жүріп келген. Бұл уақытта тарих жүзінде бол­ған белгілі үлкен өзгерістер (ғы­лымның кіндігі болып тұрған Стам­болдың түрік қолына түсуі се­кілді) философияның бетінің толқуына себеп болып, жаңа фило­со­фия дәуірі өрлеп кетті. Жаңа философия Декарт, Бэкон деген кісілерден бері қарай басталады. Жаңа философияның ең гүлденіп, көркейіп, өрісінің кеңейген уақыты XVIII ғасырдың орта шенінде шық­қан Германияның философы Кант­тың заманында болды. Тарих­тың ұзақ жолында әрбір ғасырда ан­дыздап, үздік-создық шыққан кемеңгерлер әр ғылымды көтер­ме­леп, тартып бірталай жерге ұзатып апарып тастап отырды. Фило­со­фияның сондай көтермеушілерінің ең белдісі – Кант еді. Қай ғылым болсын әр уақытта ескіріп қалып, жаңартуды керек қылып отырады. Философия да сол жолмен барып Канттан біраз кейін әр түрлі жол­дар­ға түсті. Мұның аяғы көп керіс, та­лас болып, ақырында осы жаңа­рақ уақыттарға философия қайта айналып, сол Канттың пікіріне бір иығын сүйейтін болды. Ақыры Кант­тан бергі философия көзге тү­сер­лік жол тауып кете алған жоқ, әр ғылымның тапқанын қорытам деп, философия өзінің жеке ғы­лым­дығынан айырылып, бірбеткей бір-ақ ғылымның жетегіне ғана кетіп қала жаздаған уақыты болды. Ондағы ерген ғылымы жаратылыс (естественная наука). Осы күнгі уақытта да философия жаңа жол тауып, ескірек философтардың пі­кі­рінен ұзап кете алып тұрған жоқ. Философияның тарихын тек­серушілер бұл уақытты үлкен адым істеуінің алдындағы мезгілі деп есептейді. Мұның анығын келешек за­ман көрсетер.
Енді философия мақсат қылған жо­лында ұсағырақ мақсаттарын қоя тұрғанда, жасырын, алыстағы әрі сырдың қайсысын айқын қы­лып көрсете алды деген сауал болу­ға болады. Рас, бұл турада философия пәлендей мақсатына жетіп болды деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ философияның көздеген мақсатына жетерлік басқышы – өзге дүниауи ғылымдар. Сол ғы­лым­дар бұл уақытта тереңдеп бола алған жоқ. Сол себепті философия да шарықтап шығып кете алмай тұр. Бірақ философия көркейеді. Көркейгендегі жемісін адамның жаны қорек қылады. Және ол қо­рек­тің алдын философия бұрынғы заманда да, бұл күнде де бермей тұр­ған жоқ. Адам баласының кө­кі­регіне адамшылықтың таза нұры кіруіне үлгілі тәрбие шарт. Тәрбие­нің мақсатын орындау үшін тәр­бие­шінің көкірегінде терең ойы болуына керек. Тәрбиенің жолымен өскен уақытта да адам баласын бауыр тұтып, бақытын ойлап, қа­мын жейтін болуға да терең ой керек. Адамның бойындағы қандай таза мінез болсын жалғыз ғана өзі бол­са, берік болуына болмайды. Би­леп отырып, нығайтып, әуелгі та­за қалпында сақтайтын қарауыл­шысы – таза ақыл. Сол себепті ән­шейін жәй адамның адамшы­лы­ғын сақтауына терең ой керек бол­ғанда, көпшіл, қамқордың терең ойсыз болуына тіпті болмайды. Бұл адамдағы терең ойды тәрбиелеп жетілтетін – философия. Сол се­беп­ті философия – адамшылық жо­­­лындағы қараңғы қалтарыстарда қол­ға ұстайтын шамшырақ. Адам ба­ласы жан жемісін татпай, өмірдің те­рең мағына, шын мақсатына түсіне алмайды. Дүниауи ғылымдар күн­дік керекті жеңілдетіп беріп, дене тілегін күшейтпек. Бұл ғы­лым­­дардың бетінен мағына шы­ға­рып, жанға азық жиып беретін терең ой. Адамның жүрегіне бақыт, ма­хаббат ұрығын орнататын да кө­кірекке сіңген сол толғаулы терең ой. Сол себепті философияның өр­кендеуін ғана тілек қылу керек.

Мұхтар Әуезов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір