Бейшара (мөлтек әңгіме)
Алматы. Жазғытұры. Бақтар гүлдеп, ағаштар бүр жарған ерке мамыр. Перзентхана. Үшінші қабат. Шарадай мұңлы көздерінен аққан моншақтай жас бетін жуып кеткен Айнұр терезенің жанында үнсіз тұр. Қолында жаңа туған нәрестесі. Ернін тістеп, қымқырып алған. Бейкүнә сәби анасының қос жанарынан төккен жасынан бейхабар… Айнұр бір байламға келді ме, әлде көзіндегі жас бітті ме, әйтеуір тоқтады. Жақындап барып, қолындағы сәбиді терезе жақтауына жанастыра далаға қаратты. Сәбиге кең дүниені тұңғыш рет көрсетті. Кенет өңі сұрланып, жаңа ғана аянышты хәлде көрінген Айнұр енді сұрапыл кейіпке енді. Қатулы қабақ, қанталаған көз, нәрестені шошытты ма, ол шыңғыра жөнелді. Бірақ сәбидің жан дауысы Айнұрдың жүзіне жылу ұялата алмады. Ол сұрланған қалпы терезенің сыртқы түбіне қарай төне түсті…
***
Былтыр жазда Сәкен мен Айнұр жүздесіп, бір-біріне ынтық бола бастаған. Екеуінің таныстығына көп болмаса да, сезім «самалына» ессіз арбалып қалған-ды. Өздері мұны «шын махаббат» деп бағалап жүрген-ді. Бір күні Сәкен күтпеген жерден:
– Айнұртай, саған деген махаббатым мені өзіңе ынтыққан сайын ынтықтыра түсуде. Сенің жаныңнан бір сәтке де кеткім келмейді. Саған еріксіз байланып қалғандаймын. Әне-міне, үйленудің алдында тұрмыз. Саған қалай жеткізсем екен?.. Менің жаным бүгінгі түнді сенің қасыңда өткізгенді қалап тұр, – деді. Сәкеннің сөзі тұрпайы көрінгенімен, Айнұрға бір жағынан ұнағандай болды. Десе де, бір рет бетінен қайтармақ болып:
– Сәкеш, мұның не? Қалай түсінуге болады? Ұят емес пе? Мені сүйетініңді білем, бірақ үйленбей жатып бірге түнеуге болмайды ғой, – деді Айнұр өңін сәл ғана бұзып. Айтарын айтып алып «қап, енді үндемей қалмаса болар еді» деп ойлады ішінен. «О заманда, бұ заман қыз атаулы бір айтқаннан ештеңеге келісім бермеген. Тағы бір айтайын, келісер, келіспесе басқасы…» деп ойлады да:
– Айым-ау, мен сенің ештеңеңді тартып алайын деген ойдан аулақпын. Неге сонша қабақ шыттың? Жәй ғана қасыңда болғанды қалап ем… Менің өтінішімді жерде қалдырмашы?! – деді ол жалынышты түр жасап. Осы сөздер Айнұрдың да ойына дөп түскендей еді… «Неде болса келісейін, бірақ түнде тиіспеймін деген уәдесін алып алайын» деген ойға бекіді. Сүйкімді жүзімен, тәтті күлкісімен бір жымиды да:
– Сәкеш? – деді сыбырлаңқырап.
– Ау, күнім!
– Қасыңда жәй ғана жатамын, саған тиіспеймін деп уәде берсең, барайын, – деді.
– Күнім-ау, мен арсыз емеспін! Сенің көңіліңе тиіп, қалауыңнан тыс еш нәрсе істемеймін ғой.
– Уәде ме?
– Уәде, күнім, уәде!
Көп ұзамай жүздерінде күлкі, еріндері түйісіп, сезімдері арбалып екеуі қонақ үйге кірді. 313 бөлме. Қонақ үйдің жатын орнына Сәкен жамбастай жатып, әңгіме бастады. Айнұр әдептілік танытып, жатын орынның бір шетіне сызылып отыра кетті. Әңгіме бірер сағатқа жалғасты. Әңгімелерінің қызықты әлде қызықсыз болғанын да олар ажыратып жатпады. Өйткені екеуінің бойын да, ойын да басқа бір әлем өзімен әкетіп қалған еді. Сәкеннің аш нәпсісі Айнұрдың аппақ жүзді, ақ тамағын, жұқа көйлек ішінен «шерткен» қос анарын кезіп кеткен еді. Қыз да жұтынып отыр. Өмірінде еркекпен оңаша қалып көрмеген Айнұрдың бойын белгісіз ойлар қаумалап алған. Ата-ана, ар-ұят деген ұғымдар айдалада қалғандай. «Ештеңеге қарамай бас салса екен» деген ой келді қызға. Бірақ артынша өз ойынан өзі шошып, дір ете түсті. Осы діріл ұятсыз істің басталуына сеп болғандай-ақ еді. Сәтті оңтайлы пайдаланып, құшақтап тұрып, «не болды, жаным?» деп ернін ерніне тигізіп күбірледі Сәкен. Күткені орындалғандай-ақ жұтынып,қыз да биязы қалып танытып, «ештеңе» деді еріндері Сәкеннің ернін жыбыр еткізіп. Ақыл тұсауланды. Ұят торға тоғытылды. Сезімнің ноқтасы сыпырылды. Екеуі ақ төсектің үстінде аймаласа кетті. Дүниені ұмытып, ләззат тұңғиығына екеуі де сүңгіп жоғала берді…
…Алматы. Перзентхана. Үшінші қабат. Моншақтай көздерінен аққан жас етегін жуып, еңкілдеген Айнұр терезенің жанында әлі тұр.Қолында жаңа туған нәресте. Ішінде күйік, күнә, ыза, өкініш. Әттең… шара жоқ. Өзінің, Сәкеннің бейшаралығына күйінеді. Санасы сан-саққа жүгіреді, бірақ ештеңеге байыз таба алар емес… Терезе жанындағы шарасыз үшінші күн. Шешім қабылдауға батылы жетпейді. Көп ойланып, ақыры бір байламға келді. Күнә үстіне күнә жамамақ ойы бар. Бейшара сәби сезді ме, жалынышты үнмен шыңғыра жөнелді. Айнұр долдана ісініп, сәбиді терезеден лақтырмақ болып бір оқталды да, жүрегі дір ете қалып, дереу ол ойынан айныды… Мүмкін, Сәкен баласына келер деген бір әлсіз үміт жылт етті көңіл түкпірінен. «Бірақ ол арсыз, опасыз адам ғой, келмеуі де мүмкін» деді күркірей күңіренген тағы бір дауысты елес.
– Саған айтқам жоқ па.., мен сені сүймейді екем, менікі ет пен терінің арасындағы бір желік екен… – алайда Айнұр бұл ойды лезде жөргегінде тұншықтырып тастағысы келді.
«Жо-жоқ, ол менің босанғанымды білсе, өзінің ұлды болғанын естісе, әлгідей қиямпұрыс пікірінен қайтады. Ол келеді, мен ойлағандай ол қаныпезер жігіт емес».
Айнұр әзірше осы ойға тоқтай тұруға бекінді. Енді баласы екеуі Сәкенді күтеді. Осылай істегендері дұрыс. «Ұлым, солай ма?!» деді ол нәрестенің құлағына ып-ыстық демімен сыбырлап. Ойында ештеңе жоқ періште сәби қол-аяғын тырбаңдатыпқойып, мұрындары пысылдап, ұйқысын жалғастырды.
Жетібай Рақымберді,
әл-Фараби атындағы
№145 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
ПІКІРЛЕР1