ТОП ЖАРАР СӘТ ЖАҚЫН
27.01.2017
1372
0

«Қандай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», – деген Мұхтар Әуезов. Елімізде алғаш рет өткелі отырған дүниежүзілік Универсиаданың жоғары деңгейде өту үшін барлық жағдай жасалынған. Байрақты бәсеке «Универсиада-2017» кезінде өтетін 12 спорт түрінің ішіндегі халықтың тақымын қысып, тамсана жанкүйер болатын тартысты спорттың бірі – шаңғы. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен артынып-тартынып келе жатқан шаңғышыларды қарт Алатау бауырынан бастау алған «Алатау» шаңғы және биатлон спорт кешені тағатсыз күтетіндей. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш аңғарындағы су жаңа спорт кешені Әлемдік стандартқа толықтай сай. Бүгіндері жарыс өтетін жолдарды тазарту үшін түрлі техника жұмылдырылған. Бірі жасанды қар төсеу үшін субұрқақ, енді бірі шаңғышылардың жүгіру жолын тазартып әлек. Шаңғы трассасының жалпы ұзындығы – 10, ал биатлон өтетін жарыс жолы – 4 шақырым. Стадионға 3000 адам сыяды. Сонымен қатар, кешен аймағында бірнеше көлік тұрағы, тікұшақ алаңы бар. Мамандар бұл спорт кешенінің Американың әлемге аты әйгілі Солт-Лейк-Сити спорт кешенінен еш кем еместігін айтады. Тіпті, кейбір жаңашылдығымен басып озатын көрінеді.

Қаладан бері бірталай шақырымды артқа тастап, «Алатау» спорт кешеніне келіп жеткен бір топ жасөспірімдер айтулы  спорт сарайы­ның ішін аралап көріп, шаңғы жарысынан жақын арада ел намысын қорғауға дайындалып жат­қан құрама қыздарымен кездесті. Талапты өрендер талантты әпкелерінен шаңғы спортының қыр-сырын үйреніп, тау аясында өткен тамаша бір шарадан үлкен әсер алды. «Алатау» спорт кешенінде ерекше шара өтуде. Бұл шараны еліміздің Шаңғы спорт федерациясына демеуші болып келіп отырған, еліміздегі ең ірі «Global» құрылыс компаниясы ұйымдастырған екен. Аталмыш компания­ның президенті Мұхит Әзірбаев: «Біз осындай ел намысы сынға түсер кезде шаңғы спортынан әйелдер құрамасына қолдау көрсетіп, жағдай жасап беруді парыз санадық. Жан-жақты қолдау көрсетілген жағдайда ғана біз  спортшылардан жарқын жеңістер күте аламыз. Ал жастар – біздің болашағымыз. Ендеше, ел құрамасының тізгінін ұстаған іргелі спорт­шылардың  ізін басар жасөспірім­дердің қысқы спортқа деген қызығушылығын оятуға аз  да болса себепкер болып жатсақ, одан ар­тық бақыт бар ма?!», – деп өз ойын ортаға сал­ды. Расымен де, қандай спортты алып қара­сақ  ­та, демеу-жебеу жасаған жағ­дайд­а ғана міндетті түрде нәтиже болады. Спортшыларды үлкен жарысқа дайындау үшін қомақты қаржы қажет. Айталық, бір кәсі­би шаңғы­шының барлық саймандары 1,7 млн. теңгенің шамасында көрінеді. Әрине, мемлекет қолынан келген көмегін жасап-ақ жатыр. Дегенмен, қолдауын аямай көрсетіп жүрген Мұхит Әзірбаев секілді атымтай жомарт жандардың сын сағатта сүйеу болған қайы­рымды ісіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
«Елім деген ер туса, ерім дейтін ел табылар» дегендей, еліміздің көк туын көтеріп шығар спортшы қыздарымызға қамқорлық жасап отырған «Global» құрылыс компания­сының президенті Мұхит Әзірбаевтың елжандылығына Федерация ұжымы мен шаңғышылар құрамасы дән риза. Өйткені, Қазақстан спорт тарихында шаңғы жарысы федерациясына бұрын-соңды демеуші болмаған екен. Міне, енді Ұлттық шаңғы жарысы федерациясы 2006 жылы жеке отау болып шаңырақ көтергелі бері тұңғыш рет өз демеушісін тауып отыр. Үміт артқан қызда­рымыз тек қана жерге қаратпай, жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуантар деген сенімдеміз. Жуырда шаңғы жарысынан дәл осы бір жаңадан салынған шаңғы жолында әйелдер арасында ҚР Кубогі сарапқа салынған еді. Сол байрақты жарыста еліміздің айтулы спорт түрінен өз күшін сынаған шаңғы­шыларының ішінде Қазақстан құра­масы­ның 8 спортшысы бәсекелерін сәтті аяқтады. Олардың арасында Анна Шевченко мен Ирина Быковалар құрама қоржынына
1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль салды. Міне, енді, аламан алдындағы жарысын табыспен аяқтаған аруларымыз алдағы жауапты сында сүрінбеу үшін жаттығуда аянбай тер төгуде. Бұл жерде шаңғы жарысынан бөлек, биатлоннан жүзден жүйрік шыққан, құралайды көзге атар мергендер сайысы қатар өтпек. Жер жаннаты Жетісу төсіндегі ақбас Алатаудың етегінен орын алған «Алатау» шаңғы және биатлон спорт кешеніне жиналатын жанкүйер санаулы күннен соң шаңғы жарысы мен биатлоннан топ жарған саңлақтар жасаған жаңа рекордтарының куәсі болмақ. Олай болса, жерлестеріміз сын сағатта сүрінбей, бәрімізді жеңіспен қуантады деп ойлаймыз!..

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір