АРААҒАЙЫН – АСТАНА – АРААҒАЙЫН
ҚАЗАҚСТАН ҰСТАНЫМЫ
Бүгінгі Сирия бұрынғы Сирия емес. Сан ғасырлық тарихы бар ежелгі Шам бүгінде бұрынғыдай қызығушылық емес, аяушылық тудырады. Бүгінгі Сирияның көрінісі, қорғансыз бала, қираған қала, жерінен жеріген босқын. Сол себепті де Сирия қасіреті – адамзаттың ортақ қасіретіне айналған. Құрбандар саны 500 мыңға жеткен Бағдат соғысын бейбіт жолмен шешу мақсатында ұйымдастырылған Астанадағы Сирия келіссөзі әлем елдерінен жаппай қолдау тапқаны сондықтан болса керек. Дамаскідегі дүмпудің дау-дамайсыз ретке келуіне жасалған бұл қадам қазақ жеріне әлем назарын аударуы да тегін емес. Еліміз бұл жиында тек ашық алаңқай ұсынушы ролін атқарса да, көзқарастар қақтығысы қанды қырғынға ұласқан тараптарды бір ортаға тоғыстыра алуымен және олардың қауіпсіздігін жоғары дәрежеде сақтай алуымен дараланды. Келіссөзге жиналған қонақтар мен әлемдік БАҚ өкілдері мұны байқамай қалған жоқ. Ғаламдық маңызы бар бұл басқосудың бұдан өзге қырлары мен сырлары жөнінде мамандардан сұрап көрген едік.
– Астанада өткен Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі келіссөз әлем назарын қазақ жеріне аударды. Бұл басқосудың маңызы неде?
Шәріпбек ӘМІРБЕК, саясаттанушы:
– Түркия мен Ресейдің арасындағы жанжалдың тез арада шешілуіне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бітімгерлік саясаты әсер еткені әлемге белгілі. Сириядағы Азамат соғысының басты себептерінің бірі – елдегі діни ағымдардың билікке таласуы. Сириядағы басым діни ағымдар шииттер мен сунниттер болғанымен, билік елдегі азшылықты құрайтын алавиттердің қолында. Сириядағы Азамат соғысында Иран шииттерге және алавиттерге, араб елдерінің басым бөлігі және Түркия – сунниттерге, ал алавиттердің өкілі – Сирия Президенті Башар Асадқа Ресей көмектесіп отыр. Иранмен көршіміз, Түркия бауырлас ел, Ресей одақтас мемлекет. Сондықтан да осы үш елдің тіл табысуына Түркия мен Ресей арасындағы жанжалдың ушықпай тез шешілуі әсер еткендіктен, Қазақстан үш мемлекет мойындаған бітімгер ретінде қабылданып отыр. Басқосудың маңызы – қарсы тараптардың барлығын соғыс қимылдарын тоқтатуға және келіссөздерді бастауға көндіру. Бұл басты мақсат – Азамат соғысын тоқтатудың бірінші қадамы ғана. Соған қарамастан 5 жылдан астам соғыс жүріп жатқан елдегі атыстың тоқтауы және келіссөздердің басталуы Түркия, Иран және Ресейдің сыртқы саясатындағы үлкен жетістік деп айтуға болады. Ал осы елдердің арасындағы жанжалдың шешілуіне Қазақстан үлесінің мол болуы оны жаңа келіссөздер алаңы ретінде таңдалуына әсер етті.
Сейілбек МҰСАТАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымының докторы:
– Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі ретінде тек келіссөз өтетін бейтарап орынды ұсынумен ғана шектелді. Келіссөзге жеті тарап: Ресей, Түркия және Иран келіссөздің гаранттары ретінде, Сирия ресми билігінің делегациясы, 15-ке тарта топтан тұратын Сирия қарулы оппозициясының өкілдері, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол қатысты. Келіссөздің ерекшелігі – дауласушы тараптар бетпе-бет емес, делдалдар арқылы пікір алмасуы. Сирияның ресми билігі мен қарулы оппозициясының бір-бірінен көңілдері қалғаны соншалық, тек келіссөздің салтанатты ашылуы мен жабылуы рәсімдерінде ғана бір жерге тоғысты. Ал келіссөз кезінде бөлек-бөлек бөлмелерге орналастырылып, олардың арасындағы әңгімені ара ағайындық жасаушы тараптар жүзеге асырған.
Келіссөз кезінде дау туғызған мәселелер де орын алды. Мысалы, оппозициялық қарулы топтардан құралған делегация өкілдері Иран әскери күш қолданып, сириялық қарапайым халыққа қауіп төндіреді деп сенімсіздік білдірсе, Сирия ресми билігінің өкілдері Түркияға наразылықтары барын жасырмады. Ал келіссөзге қатыстырылмаған сириялық күрділердің қарулы топтары «Астана келіссөзінің шешімдерін мойындамаймыз» деп Сирия жерінен мәлімдеме таратып жатты. Дегенмен, Астана келіссөзі бейбітшілікке жеткізетін ұзақ та ауыр жолдың бастамасы бола алды. Жабық есік жағдайында өткен Астана келіссөзі алты жылғы атыс-шабыстың бейбіт жолмен шешілуіне, жылдар бойы жинақталған ашу-ызаның тарқауына игі ықпал етті.
23 қаңтарда Қазақстан СІМ басшысы Кайрат Абдрахманов екі күнге созылған келіссөз барысында жасалған қорытынды мәлімдемені ресми жариялады. Ресми мәлімдемеде «Оқ атуды толық тоқтату туралы режимге толық сәйкестікті, арандатудың болмауын және барлық мәселелер бойынша қадағалап отыратын үш тарапты механизм жасау жайлы шешім қабылданды. Біз тыйым салынған ДАИШ-ке (ИЛИМ) қарсы күрестегі ұстанымымыз анық екенін растаймыз және оны қарулы оппозицияның өзге бөліктерінен ажырату қажет. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254 қарарына сәйкес келіссөздер процесін бастауға деген өткір қажеттілік туындап отырғанына сенімдіміз», – делінген. Сонымен қатар, Ресей, Иран және Түркия бірігіп жасаған үшжақты қорытынды мәлімдемеде «Біз 2017 жылы 8 ақпанда БҰҰ құзіретімен Женева қаласында өтетін Сирия билігі мен оппозициясы арасындағы келесі келіссөздер раундына оппозициялық қарулы топтардың қатысу ниетін қолдаймыз. Біз халықаралық қауымдастықтың барлық мүшелерін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254 қарарына сәйкес жүзеге асырылатын барлық іс-шараларға қолдау көрсетуін сұраймыз. Біз БҰҰ ара ағайындық етуімен сириялық саяси процесті қамтамасыз ету, ғаламдық процестерге үлес қосу үшін астаналық платформада белсенді ынтымақтасуға шешім қабылдадық» деп тұжырымдалған.
– Кейбіреулер бұл басқосуды еліміздегі «әлемге танылу» комплексінің бір көрінісіне балайды. Шындығында, әлемдік БАҚ-тың қазақ даласындағы ара ағайындық әрекет туралы жарыса жариялауы қай қазақтың да құлағына жағары сөзсіз ғой. Ресей мен Түркия, Иран мемлекеттерінің бастамасымен келiссөз өткiзуге алаңқай ұсынған Қазақстанның бұл процестегі ролі туралы айтсаңыз?
Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Әрине, әлем көз тігіп отырған жанжалдарды шешуге Қазақстанның белсенді араласуы оның халықаралық беделіне әсер ететіні белгілі. Алайда Түркия мен Ресей арасындағы жанжалдың шешілуінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың екі мемлекет Президенттерінің алдындағы беделі екендігі даусыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, келіссөзге шақырылған саяси топтардың барлығы да өздеріне көмектесіп отырған елдер ұсынған Қазақстан территориясын келіссөздер алаңы ретінде мойындады және келіссөздерге қатысты.
Сейілбек МҰСАТАЕВ:
– Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі ретінде тек келіссөз өтетін бейтарап орынды ұсынумен ғана шектелгенімен, мұндай қадамның жауапкершілігі ауыр, өзіндік тәуекелдері де бар екенін ұмытпайық. Қазақ елі, Елбасы осының барлығын елеп-екшеп, байыппен шешім қабылдады. Келіссөзге дайындық кезеңі ауыр әрі ұзақ жүрді. Алты жыл бойы келісімге келе алмай, бір-бірін жаудай көретін, қырық пышақ болып жүрген тараптардың басын қосып, келіссөзге жинау дегеніңіз оңай шаруа емес. Астана келіссөзінің басты миссиялары Сириядағы дау-жанжалды реттеу жолдарын іздестіру, оқ атуды тоқтату режимін орнататын тетіктерді табу, бейбітшілік орнатуға негіз қалыптастыру еді. Бұл тұрғыда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев келіссөзге қатысушыларға арнаған үндеуінде «Қазақстан Сириядағы жағдайды шешудің бірден-бір жолы – өзара сенім мен өзара түсіністікке негізделген келіссөздер деп есептейді», – деп атап көрсетті. Астана процесі өз миссиясын атқарды деп айта аламыз.
– Келіссөз нендей нәтижемен аяқталды, оның елімізге тигізер әсері қандай болмақ?
Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Астанадағы басқосу қарсылас тараптардың келіссөздерді жалғастыруға мүдделі екендігін көрсетті. Бұл келіссөздердің басты жетістігі деп айтуға болады. Әлемдік басылымдар «Астана процесі Женеваға бастар жол» деп жапа-тармағай жазып жатуы келіссөздердің нәтижелі болғанын көрсетеді және Сириядағы Азамат соғысының аяқталуына мүдделі болып отырған Ресей, Түркия және Иран үшін де жаңа келіссөздерге негіз болмақ.
Сейілбек МҰСАТАЕВ:
– Сириялық ресми биліктің делегациясын бастап келген БҰҰ-дағы Сирия өкілі Башар әл-Жәфари «Астана кездесуіндегі ең маңызды нәрсе — келіссөзге қатысушы тараптар бірауыздан қорытынды декларация қабылдай алды» деп ризашылығын білдірді. Әлемдік қауымдастық Астана келіссөзіне Сирия билігі мен оппозициясының арасындағы тікелей диалог орнатудың, гибридті соғысты бейбіт жолмен тоқтатудың тиімді тұғыры бола алды деген баға берді. Сонымен, басы Астанада басталған Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөз 2017 жылғы 8 ақпанда Женева қаласында жалғасын таппақ. Ал Қазақстан болса, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі ретінде ғаламдық маңызы зор Сирия дағдарысын шешу миссиясы бастау алған, Астана процесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, ойдағыдай өткізе алған бейбітшілік сүйгіш ел ретінде дүниежүзілік тарихта мәңгі қалатын болды.
– Шындығында, бүгінгі күні әлемді алаңдатып отырған Сирия тақырыбының оңтайлы шешімін табуына себепші бола алсақ, біз үшін абырой екені рас. Алайда, осы Сирия қасіретінен сабақ алу жағын ескере бермейтініміз неліктен?
Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Сирия жанжалының саяси, діни және экономикалық себептері терең талдауды қажет етеді. Бірақ басты мәселе – діни бөлшектелу. Ливан, Сирия, Ирак тарихы діни бөлшектелудің ел тәуелсіздігіне үлкен нұқсан келтіретінін көрсетеді. Екінші бір мәселе – халықты демократиялық басқаруға үйрету. Халықтың билікке араласуы сауаттылыққа тәуелді нәрсе. Үшінші мәселе – елдегі саяси күштердің билікке араласу процесін реттеп отыру қажет. Толық шектеуге де болмайды және барлығын бір топтың қолына да беруге болмайды.
Сейілбек МҰСАТАЕВ:
– Адамзат тарихының кез келген кезеңіндегі қоғамдық қатынастар мен әлеуметтік жіктелудің (стратификация) негізінде жатқан «біздікі» және «бөтендікі» дейтін әмбебап психологиялық айқындауыштар бар. Ұлтымыз, дініміз, тіліміз, еліміз, жынысымыз, жасымыз, кәсібіміз, т.с.с. толып жатыр. «Біз-бөтен» болып жіктелу қоғамның дамуына ғана емес, түрлі соғыстарға да, қуанышпен қатар қайғы-қасіретке де, өрлеу мен құлдырауға да, жалпы адамның бүкіл өміріне өзінің әсерін тигізіп келеді. Алғашқы қауымдық құрылыстағы ру-тайпалық тәртіптің де, одан кейінгі дәуірлердегі діни, мәдени, ұлттық ерекшеліктердің де астарында «біздікі-бөтендікі» дихотомиясы (грекше «ди» – екі, «томия» бөліну, жарылу) жатыр. Адам баласының психологиялық тұрғыда «біздер» және «бөтендер» болып жіктелуі түрлі соғыстармен қатар, геноцид (грекше «ген» – тек, ұрпақ, «цид» – өлтіру, қырып-жою), нәсілшілдік, апартеид (африкаанс тілінде «шеттету, бөлу»), дискриминация (латынша «бөлу», «түртпектеу»), ксенофобия (ксено – бөтен, фобия – қорқыныш), исламофобия (мұсылмандардан қорқу), синофобия (қытай атаулыдан қорқу), шовинизм (француз солдаты Николя Шовеннің есімімен байланысты туындаған ұлттық астамшылықты, өзге ұлттарды дискриминациялау мен қанауды білдіретін ұғым), антисемитизм (семит тіл тобындағы еврейлерге қарсылық), экстремизм, терроризм сияқты толып жатқан жағымсыз «фобиялар» мен «измдер» адамзатқа қарсы жасалатын қылмыстардың да бірден-бір себебі.
Ғалым ЖҮСІПБЕК, АҚШ, Вашингтон «Қайта өрлеу» институтының сарапшысы:
– Астанада өткен Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі келіссөздің маңызы зор деп ойлаймын. Ең алдымен бұның адами гуманитарлық жағы өте маңызды. Себебі, Сириядағы қантөгісті адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған азаматтық соғыстың ең асқынған формасы деп сипаттауға әбден болады. Бұл діни (дін аралық, дін іші), этникалық, саяси, гео саяси қайшылықтар билеген және алпауыт сыртқы күштер араласып отырған қақтығыс болып тұр. Бұған АҚШ та, Ресей де, Түркия да, Иран да, Сауд Арабиясы да тікелей араласуда. Тәуелсіз деректерге қарағанда жарты миллионға жақын халық қырылған, соның ішінде көптеген бала бар. Соғысушы жақтар тарапынан химиялық қару да қолданылған, тұтқындар азғындықпен азапталған. Миллиондаған босқын шетелге қашқан. Жалпы, бұл дағдарыс бүкіл адамзат үшін ғасырлар бойы ұятты қара дақ болып қалатын сияқты. Сондықтан Қазақстанның бұндай дағдарысты шешуге мұрындық болуы өте маңызды.
Екіншіден, Астанаға Ресей, Түркия, Иран сияқты ел өкілдерінің келуі және АҚШ-тың да қарсы шықпауы, осынау күштердің Қазақстанға деген сенімділігінің айғағы. Бұл сенімділік еліміздің көп векторлық сыртқы саясатының бір жемісі. Осы саяси стратегияны көп сынағандар болды. Алайда, ешқандай алпауыт күшпен жанжалдаспай, оның ықпалында да қалмай, өзіндік саясатын жүргізе білу ғана осындай сенімділікті туғызса керек. Астана келіссөзі сияқты бастаманы басқа жерлерде өткізу оңайға соқпас еді.
Астана келіссөздері Қазақстанның Ресейден де, Түркиядан да бөлек, өзіндік мүддесі мен ұстанымы бар екенін көрсетті десе де болады. Біздің дипломатиямыздың одан ары дамуына оң әсерін тигізетіні анық. Алайда, бұл практикалық жағы. Ал Сириядағы қырғын неге басталды? Бұл басқа сұрақ. Орта Шығыстағы елдер (әуел баста Сирия, Ирак, Мысыр) қазіргі аянышты жағдайға қалай жетті? Иран мен Түркиядағы кейбір исламшыл саяси топтардың Сириядағы жағдайдың асқынуына қандай әсері болды? АҚШ пен Ресей неліктен осы жанжалға белсенді араласты? Елімізде осындай сұрақтарға байыпты және ғылыми тұрғыдан жауап беретін күшті теориялық аналитикалық негіздеме болу керек. (Бұл жерде әр түрлі қитұрқы теорияларды (теории заговоров) айтып тұрған жоқпын). Және де бұл аналитикалық зеттеулер этнографикалық, тарихи зерттеулерден нәр алса да, олармен шектелмей заманауи саяси және қоғамдық аналитикаға негізделуі керек. Бізде және басқа да пост кеңестік елдерде кейбір саясаттанушылардың өзі қитұрқы теориялардың (теории заговоров) жетегінде кетіп қалатыны байқалады. Осы теориясымақтар көршілерімізден келетін секілді. Әр нәрсені оп-оңай түсіндіре кететін осынау теориясымақтар, әрине, ғылым да, шынайы аналитика да бола алмайды. Жалпы, бұл тек посткеңестік елдердің ғана емес, көптеген мұсылман коғамдарының да үлкен проблемасы. Кейбір деректерге сүйенсек, мұсылман коғамындағы оқыған, білімді азаматтардың жетпіс пайыздан астамы осы қитұрқы теорияларға сенеді екен. Алайда, егер де қайсыбір қоғамда кикілжің, қақтығыс туып жатса, бұл ең алдымен сол қоғамдағы алауыздықтың айғағы, береке-бірліктің жоқтығы мен қоғамдық институттардың болмауының немесе кенже қалуының салдары.
Келіссөздерден айтарлықтай нәтиже күту өте қиын. Дегенмен, Сириядағы соғысушы жақтардың (кейбір негізгі үлкен топтар келуден бас тартса да) және де Ресей, Түркия мен Иран сияқты сыртқы күштердің келіссөзге келуінің өзі дәл қазіргі шарттарда айтарлықтай жетістік. Осы Сирия қасіретінен сабақ алу жағы да өте маңызды. Ақпарат көп, алайда қайшылық та көп. Батыс Асадты кінәлайды, Ресей оппозицияны. Алайда, Орта Шығыс елдерінің қоғамына назар аудару керек. Жалпы, этникалық болсын, діни негіздегі болсын популизм басым. Бұл алқапта Мысыр, Түркия, Сирия, Ирак сияқты заманауи ұлттық мемлекеттер, Сауд Арабиясы мен Иран секілді діни идеологияға негізделген мемлекеттер кұрыла бастағанда көптеген системалық қателер жіберілді. Олар әрдайым біреуге қарсы мемлекет (реакция) ретінде құрылды. Яғни біреуге қарсы шығу ұлттық идеология ретінде негізге алынды. Бара-бара бұл ұлттық идентификацияда я бізденсің, я дұшпансың дейтін ақ-қара дүниетанымына алып келді. Діннің саясилануы тағы бар. Сирия ХХ ғасырда бүкіл Орта Шығыс елдерін жалмап алған осы процестің шарықтаған шегі болды. Бағзы уақытта бұл елде бүкіл әскери офицерлер тек бір діни топ өкілдері (алауиттер) болып шыға келді.
Сирияда өзгерістер эволюциялық жолмен жүруі керек еді. Ал Башар Асад бастаған билікке реформалар жасауға көп мүмкіндік берілмеді. Ақыры қан төгілді, екі жақтан да арандатушылар шықты. Алайда, Сириядағы Рамадан Аль Бути сияқты мұсылман қайраткерлер уақыты келе үлкен (қалалардағы бай әулеттермен арада ғана емес) алауиттер басқарған Сирия басшылығы мен сунниттік көпшілік арасында да сенімділік орнайды деп сенді, осы жолда көп жұмыс істеді. Бірақ Шаббиха тәріздес, Башар Асадқа бағынбайтын қарулы алауит топтар мен бейбіт оппозицияға бағынбайтын, тіпті оларды кәпір деп санайтын джихадист исламшылдарға қантөгіс керек болды. Сыртқы күштердің әсері тағы бар.
Десек те, жоғарыда айтылғандай Сирия қоғамында секталық (алауит-сунни), этникалық (араб тілдес-күрд) және жалпы дүниетанымдық бөлінушілік болмағанда (күрдтер ондаған жылдар бойы азаматтық ала алмай келді), арандатушылар дәл бұндай табысқа жетпес еді. Діннің саясилануы, суннит мұсылмандарды брутализацияға ұшыратып, ойларын өш алу, кек қайтару ұғымдарының тұмшалап алуы – Сирияда терроршыл ұйымдардың дамуына жағдай жасады.
Мамандарға мәлім, 1995 жылы соғыс аяқталған Боснияда халық әлі күнге бір-бірімен араласпайды, бөлек анклавтарда тұрады. Сириядағы қантөгісте 500 мың адам көз жұмды. Халықтың жартысы босқынға айналды… Бұл жаралар қалай жазылады? Бейбіт өмірге қадам бір жерден бастау алу керек қой. Сондықтан да Астана бастамасы өте маңызды.
Дайындаған
Айнара Ашан.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.