Өңір тарихын безбендеген
Мәтжан би. Сөз білем дегендердің өзі ығысып жол берген, заманында шашасына шаң жұқпас дүлдүл атанып, бір қауым елдің жел жақтағы панасындай болған, таңдайы жарылып туған төбе бидің өзі еді. Оның да заманы атыс-шабыс, қулық-сұмдықтан кенде емес болатын. Қыр жайлаған елдің дауына түсіп, әділ төрелігін айтып, бір-біріне көз алартқан екі жақты пәтуаластырған сұңғыла Мәтжан бидің қадіріне жете білгенде, қазынасы да мол еді-ау. Талай ұрпақтың азығы болған оны да бірде шайқап, бірде төгіп, бүгінгі күнге де жеткіздік. Бұл жолда талайлар көз майын тауысудай-ақ тауысты. Дегенмен де, ішкі дүниесінде сәулесі бар оқырманды қуантуға тиісті тың дүниенің жарыққа шыққанына көп бола қоймапты. Белгілі қаламгер Отыншы Көшбайұлының «Би Мәтжан» атты деректі романы жуырда қолымызға тиді. Әбіш Кекілбаевша айтқанда «шен тақпаған, шекпен кимеген, мөр ұстамаған» Мәтжан бидің қатарынан сөз асырып, атақ пен абыройға ілігіп, дүйім елдің шексіз сүйіспеншілігіне бөленуінің сыры неде?
Жусанды далаға шен жете қоймаған, мөрдің не екенін ұстап көрмеген мамыражай кезеңде былайғы елдің бәрі бір-біріне құшақ ашып, төрін ұсынды ма? Қыдыр көріп, алды мыңғырған малға толы, жайқалған дәулеттінің де күндердің бір күнінде өз дүниесі өзіне жау болып шығарын кім білген. Барымта, қарымта сынды әріректен келе жатқан, әр ауылдың шаңын бұрқ еткізіп, азаматтарын «қап бәлем» деп кіжінтіп, атқа қондырған жағдайлар қыр төсінде ауық-ауық болып тұрған. Одан қалды, Құдайдың қара суы жетпейтіндей құдыққа таласып, сойылға жығылған, басы таңылғандардың әділдік дәметіп, сөз құдіретіне сүйенген билерге келіп жүгінбегенде кімнен араша сұрайды. Үміттеніп келген төрдегі биің ағайыным деп бұра тартпай, ащы да болса ақиқатты жақтайтын кемеңгер болса жақсы. Ал енді туралықтың емес, туысқандықтың туын көтеруді ойлайтын көп пенденің бірі болса ше. Маңдайы тасқа соғылып, тауы қайтқандар мұндай жағдайда әділдікті кімнен іздеп, қай күштіні пана тұтпақ? Міне, қазақ сахарасының кең сахнасында жүздеген жылдар өнер көрсетіп, өз миссиясын адал атқарған, бетің бар, жүзің бар демей туралықтан таймаған билердің маңызы осы жерде айқын сезіледі. Тура айтып, туғанына жақпаса да, қара орман халқының айрықша махаббатына ие болған санаулының бірі жарықтық Мәтжан би еді. Мәтжанды Мәтжан етіп, төрге шығарып, алқалы әлеуметті аузына телмірткен де оның ақ жолдан ауытқымай, әділдік атты киелі құндылықты өле-өлгенше жақтап өтуінде болса керек. Тілі мен жағына сүйеніп, екі төбенің арасындағы ауылдың дау-дамайын шешіп, тымақты пендені «пай-пайлатып» тамсантқан талай билерден айырмасы да, ерекшелігі де Мәтекеңнің әділдіктен ауытқымай ғұмыр кешкендігінде. Өз мінін түзей алмай, өз пенделігінен аса алмай жүрген қатардағы көпшіліктің әйтеуір адам баласында аса сирек кездесетін қасиетке ие сұңғылаға, оның ізгілікті болмысына ынтық болмай тұра алмайды. Қатарынан асып туған біртуар бидің әділдігіне пәтуасы астасқан адал шешімін мойындап, оған бас ұрудың өзі – ықылым замандардан бермен мұрты бұзылмай келе жатқан жусанды даланың жазылмаған заңы болатын. Қанша жерден қазан төңкеріп, терте бұзар тентек болсаң да, осы заңға бағынуың қажет. Сонда ғана қайырымдылығы мен қаталдығы қатар жарысқан өмір атты аламанда бір сүрініп, бір тұрып сен де қатарға қосыласың. Қаймағы әлі бұзыла қоймаған, сағы сынбаған қазақ қоғамындағы тұтас әлеумет түгел мойындаған билік пен билер деп аталар дегдар институттың басты талабы осы еді. Ал Мәтжан би болмыстарына адалдық, туралық, шешендік, тіпті көріпкелдік түгел сыйған би атты әділ билік салтанат құрған тұтас дәуірдің соңғы сарқыншағы болатын. Отыншы Көшбайұлы аталған деректі романында билер дәуірінің тыныс-тіршілігін, шынайы бейнесін тереңінен зерттеп, көркем кестелей білген.
Тың туындыда жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен өлкенің сол кезеңдегі әлеуметтік бет-бейнесі, көршілерімен ара қатынасы, басқа да толып жатқан ірілі-ұсақты жайттар деректер арқылы баяндалады. Бір жағынан қазақ даласына дендеп еніп келе жатқан орыс отаршылдығы, бір жағынан қылышы қайқаңдаған Хиуа хандығы сынды екі оттың ортасында қалған түбектің халқын қайткенде зұлматқа ұрындырмай, аман-есен алып шығамыз деп уайым кешкендердің арасында Мәтжан би де бар еді. Иегі жаңа ғана түбіттенген Мәтжанның елдің ауыр тұрмысын жалтақтамай айтып, Хиуа ханына Хорезм ойындағы сулы жерден жер сұрап алып, сол жерге елді қоныстандыруы да оның қандай сын сағаты соқпасын, аузына қараған халықтың мүддесі үшін ештеңеден тайсалмайтындығын білдірсе керек. Жалпы, өткен ғасырлардағы мысықтабандап келе жатқан орыстандыру саясатын алғаш сезіп, дабыл қаққан да қазақтың игі жақсылары еді. 1902 жылы Түркістандағы өткен елеусіздеу бір тойға сахараның барлық аймағынан ықпалды деген меймандар ағылады. Хатқа тіркелген қонақтардың арасында Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов сынды ерен тұлғалар да бар еді. Олар қымыз ішіп, кертіп қазы асап, әншілер мен жыршылардың өнеріне масаттанып қана қойған жоқ. Барлығының уайымы отаршылдық саясатымен бірге хақ дініміздің адал кейпіне дақ түспес пе екен деген үрей болатын. Осы жиынға Маңғыстаудан Мәтжан да ат желдіріп жетеді. Аумалы-төкпелі кезеңде Алланың тура жолынан таймай, елдігіміздің еңсесін тіктеу, ертеңгі өскелең ұрпақтың келешегі қалай болмақ турасында тебіреніп сөз сөйлейді. Ұлтымыздың сол заматтағы кіл қаймақтары бас қосқан алқалы жиынның маңызы мен тарихымыздағы ұлтты ұйыстыру жолындағы роліне болашақта бағасы берілер. Міне, осындай деректер молынан жолығатын еңбектің оқырман қауымды ойлантып қана қоймай, дала демократиясының биік ұстыны – бастауында билер тұрған билік институтының шұрайлы өлкеміздің түкпір-түкпірінде кездесетіндігіне шүкіршілік еткізеді.
Автор сонымен қатар, осынау еңбегінде «Адайдың жеті қайқысы» атанған әнші-жыршылардың тағдыр-талайына да үңіліп, олардың бас кейіпкермен арадағы қарым-қатынастарына тоқталады. Жүздеген әулие тыныстап жатқан өлкенің өзіне тән ерекшеліктері кітапты парақтаған сайын алдыңнан шығады. Тағдыр шешті қылбұрау кезеңдегі ел ағаларының ұстанған дала дипломатиясының сан алуан қырлары, жаулық іздеп жұлқына жеткендердің көкірегін басқан баһадүрлердің, құрығына қасиет қонақтаған, төрт түлігі иен далаға сыймай жатқан байлар мен аузындағысын өзгеге жырып берген сахилардың бізге белгісіз қырларын оқып, бірде шаттанып, бірде еріксіз күрсінесің. Әңгіме өзегіне айналып отырған туындының басты ерекшелігі де осы болса керек. Тұтас өлкенің басынан бағы аумаған кезеңдегі бүкіл құрылымын көз алдыңа әкеледі. Ол кезең кеудесінде жаны, сәулесінде санасы бардың киелі сөзге тоқтап, «ұялатын үйдің табалдырығын Отпан таудан да биік» санайтын ірілік пен мәрттікке толы сәулелі шақ еді. Түбі опа тапқызбайтын қызылды-жасылды дүниеге қолдың кірі деп қарап, елдің бірлігін биік мақсат деңгейіне көтерген Мәтжан би сынды дала данышпандарының да арманы бар ма екен… Дүние-ай десеңші, дуадақ қонған бозтөбедей болып алыстан мұнартатын сол асылдардың да ғазиз сүйегін қорлап, құдыққа тастаған кесір кезең есіңе түскенде өзегіңді өртер өкініш алқымыңнан ала кетеді. Иә, бәрін айт та, бірін айт, көмейінен сөз құйылған қайран Мәтжан бидің кешкен ғұмыры қазақ сөзінің шаңырағына періште ұя салған ақжарылқап бір заман екен-ау.
Өңірдің талайлы тағдыры мен тарихының белгісіз қырларын баяндайтын көптеген дүние жазып, қолтығы жыртылған сәйгүліктей елестейтін Отыншы Көшбайұлының сиясы кеуіп үлгермеген жаңа дүниесіне ақ жол тілейміз.
Кенжебек Тұманбайұлы.