ЖЕРҰЙЫҒЫМ – ОТАНЫМ
20.01.2017
2028
0

Нұрлан ҚАЛҚА, ақын


(Толғау)

Туған жер

Туған жерім – тұғырым, әз Отаным,
Қасиетіңе басын иген ботаңмын.
Асқар тауым, шалқар көлім, гүл-дала,
Саф ауаның тәтті дәмін татамын.

Туған жерім – бабалардың мұрасы,
Көзіндей боп көңілімде тұрасың.
Мұхит асып, қай елге мен барсам да,
Көзге ыстық атам қазақ моласы.

Парижде де Мұстафаның ізі бар,
Әміренің үніне ел қызығар.
Түркияда қандас бауыр, жұртым бар,
(Әр жүректе қуғын-сүргін сызы бар).

Алтай, Арқа, Атырау мен Алатау,
Жетісуым – құт дарыған ақ отау.
Еділ, Жайық, Есіл, Ертіс, Каспийім,
Әлімсақтан басқа қонған бақ болды-ау!

…Ащы тері ата-бабам сіңген жер,
Талай боздақ қапияда семген жер.
Қас дұшпанға қарсы шығып жан қиған,
Батырларды ел арулап көмген жер.

Небір зұлмат күнді бастан кешкен жер,
Сөзін сөйлер бағлан кіндік кескен жер.
…Әлихандар, Сұлтанбектер бас болып,
«Әлімсақтан біздікі ғой!» дескен жер.

Көздің жасы көлдей болып аққан жер,
Ата-бабам қасық қаны тамған жер.
…Тәшеновтер жанын салып қорғаған,
Қазағыма Қызырдай боп, жаққан жер.

Жұмекендер жырмен қорған болған жер,
Шәмші әні рух болып қонған жер.
Қаншама жұрт көз алартып тұрғанмен,
Қазағыма мәңгілікке қалған жер.

Желтоқсанда Қайрат қуат берген жер,
Келімсекті қайсар халық жеңген жер.
Атам қазақ әлімсақтан ие боп,
Бар ырысын еңбекпенен емген жер.

Еліме құт, ырыс-дәулет, қызырым,
Саған қорған қашандағы ұл-қызың.
Бар бақытым – сенде өмір сүргенім,
Мәні өмірдің сенде ғана қызығым!

Ұлы Далам – ар-намысым, ұятым,
Сенсің менің жаныма нұр құятын.
…Жер бетінде қанша қазақ болса егер,
Соның бәрі қорған болып тұрады!..

Туған жерім, қасиетіңнен айналдым,
Әр тасыңа кіндігіммен байландым.
…Жерім барда – қазақпын мен, бармын мен,
Арайланып атар мәңгі әр таңым!
Туған жерім, қасиетіңнен айналдым!

Туған тіл

Туған тілім, барым-нарым, баба тіл,
Ата-тегім бастау алар – Ана тіл.
Шыр етіп мен жерге түскен сәттен-ақ,
Ана сүтпен бойға сіңген дара тіл.

Туған тілім, сен бар болсаң, мен бармын,
Арта түсер беделім мен салмағым.
Жер жүзіне таралады ән-күйім,
Жырлап өтем таусылғанша талқаным.

Не көрмедің, не кешпедің бастан сен,
Қасгөйлікті көрдің талай қастан сен.
Шыдап бердің замананың лаңына,
Төзімділік көрсеттің ғой асқан сен.

Араб, төте, латын, кирилл – жазулар,
Артта қалды нелер белес, асулар.
…Кеңестер де жоймақ болып жан салды,
Күшің жетті дұшпан десін басуға!
Қайран тілім, хас батырдай дарабоз,
Алға бастың, артта қалып жала, сөз.
Арғы тегің – алтай, түркі тобынан,
Алып көшті бастай бергін, алға оз!

Сөйле тілім, сен жаңылма, тыңдайын,
«Бар сырымды тыңда» десең, мен дайын.
…Абай, Ахмет, Мұхтарлардан мұрасың, –
Дәтке – қуат, елге – жігер бер дәйім!

Сөйле тілім, ағыңнан бір ақтарыл,
Мәңгілігің – біздер үшін мақтан, біл!
…Қазақтарды Шекспирше сөйлейтін,
Ана тілін ұмытудан сақтандыр!..

Туған тілім – бағдаршамым жолдағы,
Компасым – бағыт ұстар, ол-дағы.
…Ділім, дінім, тарихымды ұғынам,
Айқындалып өмірлік нық орнымда…

Тілім барда – қазақпен мен, бармын мен,
Сүйем сені, жан-тәніммен, арыммен.
…Өз тілімде тіл қатқанда қандасым,
Жақсы көріп кетем шыбын жаныммен.

Ана сүтпен қанға сіңген туған тіл,
Мұқағали-жырға арқау болған тіл.
…Он миллион қазақ аман тұрғанда,
Мәңгіліксің, қасиетті туған тіл!

Туған ел

Туған елім, асқар таулы, кең далам,
Тілеуіңді тілеп жүрген мен балаң.
Сенен асқан жоқ деп білем қастерлі –
Атамекен, туған өлке, жер-ғалам!

Туған елім – ата-баба мекені,
Сен дегенде қанаттанып кетемін.
Сен деп соғар ақын жанды жүрегім,
Қадірлеуге құдіретім жетеді.

Туған елім, тұнық көлім, шыңдарым,
Тыңдай берем салған әнін құмдардың.
Жерім – кілем, ауаң – жұпар, суың – бал,
Аңсап көңіл, арта түсер құмарым.

Туған елім, пана болдың сан ұлтқа,
Тілі басқа, діні басқа ел-жұртқа.
Бауырыңа бастың бәрін бөлместен,
Кемсітпедің, қалдырмадың сен сыртта.

Мәңгілік Ел,
Жерұйығым – Отаным,
Қасиетің жебеп жүрген ботаңмын.
Қойнауың құт, мол қазына, ырыздық,
Бақ-береке уыз-дәмін татамын.
Мәңгі жаса,
Жерұйығым – Отаным!

***
Туған елім, бастан кештің зұлматты,
Кәрін төкті сан жауыздық тым қатты.
Жоңғар, қалмақ зар қақсатып халқымды,
Қанға бөгіп, бейбіт күнді ұрлапты.

Патшаның да көрдік өктем мінезін,
Торлап алды қаһары оның Күн көзін.
Қолда күрек, айдап салды майданға,
Түсті сонда ел басына сын тезі…

Ашаршылық қазағымды жалмады,
Жат ел асты, басқа амалы қалмады.
Үркіншілік қалың елді қаусатты,
Кәмпескеге түсіп жиған бар малы…

Сталиндік басқа түсіп зобалаң,
Түрмелерге толды әйел, бар балаң.
«Халық жауы» аталды да Арыстар,
Артып түсті бұл қасірет «обадан»…

Сұм пиғылдар асылдарды зарлатты,
Аяулыға толтырды кеп  «КарЛаг»-ты.
Қамалды сан Ұлтын сүйген Зиялы,
Ажал құшып жатты жандар ардақты!

…Фашистерден қорғап Ұлы Даланы,
Басты Ерлер жауыздықтың арынын.
Адамзатқа Жеңіс сыйлап әкелер,
Азат дәуір орнатты ел жаңадан!

Өтті бастан небір зауал, сан қилы,
Азаттық деп қанша боздақ жан қиды!
…Тоқсан бірде желбіреді Көк Туым,
Шырқап Елім Тәуелсіздік Ән-күйін!

Тәуелсіздік – тәу етерім, қызырым,
Көріп келем Еркіндіктің қызығын.
…Мәңгілік Ел Туын биік ұстасын,
Азаттықтың аясында ұл-қызың!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір