Абай айтқан – жибили
Ұлы Абай 43-қара сөзінде: «Ішсем, жесем демектің басы жибили, ұйқтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы – жибили. Ақыл, ғылым бұлар – кәсіби» – деп, адам бойындағы жибили (табиғи) мен өсе келе қалыптасатын кәсіби қабілет деп келеді де, 7-қара сөзінде: «…ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары». Жан мен тән арасындағы қасиеттерді «Адам баласы екі нәрсемен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуі орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсіби, оны білмек керек» (43 қара сөз) – деп, терең ойға сілтейді. Жан болмаса тән өмір сүре алмайды, ал жан тәнсіз өмір сүре алады. Жан бұл фәниде тәнмен бірге өмір сүргенмен екеуі екіге бөлініп ақырет махшарда қайта табысатындығын
Менікі мен
менікінің айырылысқанын
Өлді деп ат қойыпты
өңшең білмес –
деп, келеді де:
Ақыл мен жан «мен», тән «менікі»,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі, –
деп екеуі екі басқа ұғым, екеуі қосылып адамды құрайды.
«Ол – жерді ұлан-ғайыр қылып жаратып, онда орналасқан таулар мен өзендер пайда қылды. Ол жердегі әр жемісті екеуден – жұп етіп жаратты. Ол түнді күндіздің үстіне жабады, әлбетте, бұларда пікір ететін қауым үшін аят-белгілер бар» (Рағыд сүресі (13) 3-аят) – деген Құран сөзінен жан мен тәннің жұптасуынан фәнидегі барлық мақлұқты, соның ішінде адамзатты ерекше атаймыз. Жанның заттық қасиеті болмағандықтан ғылыми тұрғыда нақты дәлелдеу қиын. Ол Аристотель мен әл-Фарабидің зерттеу мінберінде болып, оған Абай да тер төкті. Жан мен тән туралы діншіл «тәфаккару» (Абай) ойшылдар тәннен айрылысып рухқа айналған жанды айтады. Абайдың алдыңғы даналардан ерекшелігі – жанды ақылмен бірге егіз ұғым ретінде қарастырады. Ақыл адам санасынан тыс дүниедегі заттар мен құбылыстардың табиғи заңдылықтары пікірдің тереңдігі, сыни көрінісі, сәйкестік, лайықтылық үйлесімділік, жан-жақтылық, кеңдігі мен тездігі ақылдың ең негізгі сипаттары болып саналады.
Ақылдың мүмкіндігіне қарай, негізгі құрылымы тәлім-тәрбие тұрғысынан сапалы дамиды. Ағартушылық дәуірде ақылға сыйыну кең түрде жүрді. Ағартушылық ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қатты дамыды. Шығыс елдерінде оның күші әлеуметтік қоғам кең етек жайған кемшіліктерінен арылу халықтың сауаттылығы, ақылдылығы арқылы нәтижеге жету көзделді.
Ұлы ақын өзіне дейін белгілі болған жан мен тәннің арасында болатын жибили және кәсіби ұғымдарын жан-жақты ашуға тырысқандығын көруге болады. Адам ағзасына қажетті табиғи болмысына қоса, білуге деген талпынысты да жибили деп атайды. Ал кәсібиге ақыл мен ғылымды жатқызады. Жибили мен кәсіби сияқты екі ұғым Абай өзі айтатын «Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады», – деп сыртқы бес сезім жибили қуатымен біріктіреді. «Ақыл, ғылым – кәсіби» деген Абай оларды адамзат бойында жүрегіне ұялап білім мен еңбек арқылы дамитындығын:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жибили – араб, парсы тілдерінен алғанда «табиғи», «тумысынан», «жаратылысынан», «қалыпты жағдай» деген мағыналарға ие. Абай айтатын жибили қуаты жан қуатына сәйкес келеді. Адам баласы жас кезінде әлсіз, талапсыз болғанымен, адам есейген сайын ол да арта береді. Ол қуаттың ескерусіз қалып тежелгенінен Абай қатты алаңдайды. Оны кішкене болса да сақтап қалып, уақыт келе дамытуға әбден болатынына кеңес береді. Жас жеткіншек өсе келе құлқынның құлы болып ішіп-жеумен ғана өмір сүрмеу керек, жан қуатын үнемі дамытып отыру керектігін ұлы ақын баса айтады.
43 қара сөзінде жан қуатының үш жағын көрсетеді: 1. жігер мен сергектік «… болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда бермейді».
2. заттардың бір-біріне тартатын ұқсастық күшін білуге құштарлық. 3. «жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттықпен кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады» деп, білудің және оны тұрақты дамытудың негізі осы үш ғылымның бастауы қуат көзі деп қарастырады.
Абай жан қуатына үлкен басымдылық беру арқылы тән қуатының да ерекшелігіне толық тоқталады. Жан қуатының азығы тән қуатында, тән қуатының дәулеті күнделікті күнкөріс тіршіліктің байлығы болса, жан қуатының байламы іштей жиналған рухани байлық – ақыл мен ғылым. Ол қолдағы мұз сияқты оны сақтай алмасаң айырыласың. Абай: «Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілдік, …Бір ақыл қуатымен мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат – екі мықты қуат қосылып тоқтатады», – дей келіп, айтылған екі қуаттың бірі болмаса да адам баласы жаман әдетінен құтыла алмайды екен.
Бүгінгі күнде билік жолында жүрген шенді-шекпенділер сырттан келген байлыққа мастанып ішкі рухани байлықпен қарулануға мән бермей «Бір күн үшін дос болып» парақорлықты тіршіліктің көзі деп ұққандар «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай» алмай «…бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма – құдай білсін» (43 қара сөз) мінген «аттары» заң торына келіп ұрып жатқанын көріп жүрміз. Тәуелсіздіктен кейін ғылым мазмұны жаңа сатыға қарай өзгерді: рухани пәндер қатарына жататын имани тасауф ғылымы қалыптасты, хадис білімдері игеріліп ислам ғибадатына жол ашылды. Шет ел ғалымдарымен байланыс жасалды. Ұлт дүниеқарасын дамыту, тәлім-тәрбие, құлық нормаларын өмірге алып келу, өркениет елге сай етіп тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі мақсаты болып отыр.
Сайдалы Оразалиев,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының аға ғылыми қызмекері,
филология ғылымының
кандидаты, доцент.