Текті сөздер тартысы
02.12.2016
1268
0

24 қараша күні жаңадан бой көтерген «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілердің байқауы өтті.

Жыр бәйгесіне еліміздің 14 об­лысы мен Алматы, Астана қа­ла­ларынан іріктелген 16 жыр­шы-термеші өз өнерлерін ортаға сал­ды. Аталған байқауға айтыс ақын­дары мен жыршы-терме­ші­лердің Халықаралық одағының тө­рағасы, ҚР еңбек сіңірген қай­раткері Жүрсін Ерман, Қазақ Ұлт­тық Өнер университетінің про­фессоры, ҚР еңбек сіңірген қай­раткері Алмас Алматов,
ҚР Пре­зиденті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің инспекторы Әділ­бек Ыбырайымұлы, белгілі жур­на­лист, өнертанушы Зарлы Қой­­шығұл Мұстафаұлы мен Маң­ғыстау жыр мектебінің өкілі Амандық Көмеков қазылық етіп, кешті айтыскер ақын Серік Қа­лиев жүргізді. Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға ба­ғытталған байқауда «Ел бір­лі­гі», «Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы» және «Мәңгілік Ел идеясы» та­қы­рыптарын арқау еткен термелер орындалды. Бәйгенің шарты бойынша қатыстырылатын туындылар тың шығармалар болуы тиіс болатын. Кешке жиналған қауым бұрын естімеген жыр-тер­мелермен танысып, ерекше көңіл күйде отырды. Байқаудағы кейбір ерекшеліктерге тоқталсақ, жа­рыс­тың ең жас қатысушысы Жам­был облысының тумасы Нұр­ғиса Тұрғалиев болды. Ал Қара­ғанды облысының намысын қор­ғап келген Амангелді Берік­байұлы­ның орындауындағы Мирас Асанның «Бірлік жәйлі» тер­месі көрермен көңілінен көп­ке дейін кете қоймады. Сондай-ақ, Қызылорда облысының жыр­шы­сы Төлебай Жарасқан Серік Сер­таевтың «Тәуелсіздік жыры» ат­ты термесін қобызбен орындап, талайға таңдай қақтырды. На­ғыз өнердің додаға түскен бәй­гесінде оза шапқандар жеңіске же­тіп, жүлдегерлер есімі белгілі бол­ды. Нәтижесінде 3 орынға 100.000 теңгемен Төлебай Жарасхан (Қызылорда облысы) мен Зүл­фия Баймырза (Астана қа­ла­сы), 2 орынға 150.000 теңгемен Фар­хат Оразов (Батыс Қазақстан об­лысы), 1 орынға 250.000 тең­ге­мен Эльвира Есназар (Солтүстік Қазақстан), бас жүлдеге 300.000 теңгемен Уатқан Шаттық (Алматы қаласы) марапатталып, қалған қа­тысушыларға 30.000 теңге кө­лемінде сыйақы берілді.
Осы орайда байқаудың бас жүл­дегері Уатқан Шаттықпен бі­рер ауыз сұхбат жүргізіп көр­дік.
– Шаттық, қай жақтың ту­ма­сысың?
– Туған жерім – Қытай Халық Рес­публикасы. 2004 жылы атамекенге оралдық.
– Мамандығың қандай, қайда жұмыс істейсің?
– Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын «Дәс­түрлі ән» мамандығы бойынша биыл тәмамдадым. Ұстазым – Шол­пан Даржанова. Қазіргі таң­да №64 жалпы білім беретін мек­тепте музыка пәнінің мұға­лі­мі қызметіндемін.
– Бүгінгі байқауға қанша уа­қыт дайындалдың?
– Төрт айдай.
– Жеңіске жеткізген терменің та­ри­хы жәйлі не айтасың?
– Бұл терме Қазақ елі тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына арнайы жа­зылған, авторы ақын Жұматай Ос­панұлы. Бұл термені алғаш рет мен орындадым.
– Терме айтуға баулыған кім?
– Мектеп қабырғасында ҚР мә­дениет қайраткері, жыршы Ер­­болат Шалдыбековтен сабақ ал­­ғанмын. Осы өнерге келуіме де бір­ден-бір себепші сол кісі деп ой­лаймын.
– Неше жасыңнан домбыраға бейім болдың?
– 6 сыныптан бастап.
– Болашақта қандай жоспарлар бар?
– Оқуымды әрі қарай жал­ғас­тыр­сам деймін. Оның үстіне тәр­бие­леп жатқан шәкірттерім бар.
– Алда байқаулар бар ма?
– Иә, бар. Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығына орай респуб­ли­ка­лық «Дәнеш әндері» байқауына дайындық үстіндемін.
P.S.:
Қазақтың өткені мен бүгінгісін сабақтастыратын жалғыз құндылығымыздың бірі – ұлттық өнер. Шеттен келген өзге өнер түрі көбейіп жатқан мына заманда бабадан жеткен төл өнерімізге өрісті жол ашайық, ағайын!

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір