«Қыз Жібек» қазақ киносының Хан Тәңірі
02.12.2016
8276
2

Қазақ көркемөнерінің қай тарихына үңілсек те, қазақты әлемге қазақ ретінде таныта білген екі дүние бар. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы. Екіншісі – «Қыз Жібек» фильмі. Екеуі де эпикалық дүниелер. «Қа­зақ неткен сұлу халық!» деп әлем екі рет таңдай қақты. Бірі – «Абай жолын» оқығанда, екіншісі – «Қыз Жібекті» көргенде. «Қыз Жібек» – көркемөнердегі тылсым құбылыс. Оның өмірге келуінің өзінде бір ғажаптық бар. Бейне бір қазақты жебеуші Тәңірдің өзі «ғасырдың қайталанбас ғажабын жасасын» деп, ылғи дарындарды бір жерге әкеліп тоғыстырғандай. Әр салада бұлықси тулаған таланттар бір арнаға тоғысқан соң, кемеріне сыймай бұлқына бой көтерген тәрізді. Қараңызшы, сценарийін жазған – қара сөзінің өзі өлеңге бергісіз төгіліп тұратын Ғабең, режиссері – тектінің тұяғы, дегдар Сұлтан Қожықов, суретшісі – Гүлфайруздай сұлулық сұлтаны, сазгері – Нұрғиса, әнін Қайрат айтып, өлеңін Қадыр жазса, редакторы қазақтың қос марғасқасы – қос Сүлейменов болса, бұл кино ғажап құбылыс болмай не болушы еді! Осы аталған адамдардың дарыны мен талантын былай қойған­да, өздерін қатар тізіп қойып, кез келген шетелге көрсетсе, «Қазақ неткен сұлу халық!» деп таңданары сөзсіз. Әртістер болса бір жөн, ал қоюшы топтың өзінің ылғи бір сай­дың тасындай сымбатты, кел­бетті, әдемі және сирек дарынды адамдардан құрала қалуының өзі құдайлық құбылыс шығар, тегі. «Қыз Жібек» – осыншалық сәтті­лік пен сұлулықтан жаралған дүние. «Қыз Жібек» несімен құнды? Ол қазақ деген халықтың қандай қасиеттерін әлемге танытты? (әлемге деген сөзді еш қы­сылмай айтамыз, өйткені фильм әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын алған).

Біріншіден, ұлттық кескін-келбет. Тек осы фильм ғана тұң­ғыш рет қазақтың әдемі, сұлу, сергек, дені таза, таза қанды халық екенін көрсетті. Шынардай сымбатты, сұңқардай сұлу, тұлпардай текті халық екенін көрсетті. Қазақ киносын ақсақ, соқыр, таз, қалқан құлақ, орсақ тіс, бүкір, талтақ, тәштек-тапал (әдейі жинап алған) сайқымазақ кейіпкерден арылтты. Қазақ деген ешкімге, ешбір ұлтқа ұқсамайтын ерекше халық екенін, оның ешкімге ұқсамайтын өз түр-сипаты, кескін-келбеті бар екенін көрсетті. Ұзақ уақыт бойы бізді біресе монголдар, біресе татарлар, біресе киргиздар деп келген әлем алғаш рет қазақты қазақ деп таныды. «Қыз Жібекке» де­йінгі киноларда қазақтың сорлы, сайқымазақ боп көрсетілетіні өтірік пе еді? Бай болса – шартық, молда болса – ақымақ, батыр болса – аңғал боп көрсетілетіні өтірік пе еді? Тіпті, қазірдің өзінде әр жерлерде қойылған қазақты бейнелейтін мүсіндердің өзі мазақ. Мысалы, «Жерұйық» кафесінің алдындағы мүсіндер ылғи бір ерге­жейлілер секілді. Сол секілді күні бүгін экраннан көрсетіліп жатқан Краустардың анимация­лық фильмдеріндегі қазақтардың кескін-келбеті мазақ. Байы – қортық, батыры – шартық, кемпірі – мыстан секілді. Тіпті, сүйікті кейіпкер Алдардың өзі қазанбас, шимойын, шот маңдай, шибұт. Бұты – талтақ, жүрісі – қалтақ. Бала қайтіп оны жағымды кейіп­кер деп қабылдай алады? Қайтіп жақсы көре алады?
Ал «Қыз Жібектегі» әр кейіпкер қайталанбас кесек сұлулық. Тап-таза табиғи сұлулық. Көріп отырып қазақ екеніңе қысылмайсың, намыстанбайсың, қайта мақта­насың. Анау Базарбайдың-ақ тұрпатына көз салайықшы. «Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ» бас бітімі, қалың қабақ, шүңірек көз… Тұрған бойының өзі бір ірілік емес пе. Қарала бурыл са­қал­ды, ер мұрынды, кең кеуделі, еңсегей бойлы Сырлыбай мен Қар­шыға… Тостағандай нұрлы жанарлы, жазық маңдай, қыр мұрын Шегенің өзі – бір тип. Ал өзіміз өмірбақи дастаны бойынша жексұрын көріп келген Бекежа­нымыздың өзі сол сан ғасырлық ұғымды быт-шыт етті. Киноны көріп отырып сен енді Бекежанды жек көре алмайсың, керісінше, ұнатып қаласың. Оған себеп – ең әуелі оның сыртқы сипатының жағымдылығы. Арқардың құлжа­сындай жуан мойын, қобы жауырын, қыпша бел дене сипаты. Кере қарыс жазық маңдай, самайға қарай көтеріле біткен қалың қас, көтеріңкі қырлы мұрын, қыран жанар. Осы сипаттардың ішінде кез келген қазаққа біте бермес бір сипаты ол – көз жанары. Асанәлі жанары – қыран жанар. Қыран құстарға ғана бітетін сарғыш сұр жанар. Қыран шегірге ғана тән бір қиғаш көз тастауы ерекше. Ол Асанәлінің сирек сұлулығы.
Ал Төлеген болса, жас мырза. Онда бай баласына тән тектілік, серілік, мырзалық, әдемілік, еркін-еркелік бәрі бар. Төлегеннен батыр жасаудың керегі жоқ. Бұл режиссердің дұрыс шешімі.
Жібек – ерекше бейне. Ол ертегідегі перизат емес. Одан хан­ша­йымдық сипат іздеп керегі жоқ. Жалпы, «Қыз Жібекке» дейінгі және одан кейінгі фильмдерде де қазақ қызына тән әдемілік деген талғам ескерілмеген. Көбіне әдемі қыз ретінде көздері тостағандай, етті ерінді, атжақты не дөңгелек жүзді қыздар алынды. («Ыстық­көлдің алқызыл мактары», «Бота­гөз», «Жаушы», «Көшпен­ділердегі» – Дильназ Ахмадиева). Бұлар қазақ­тың ұлттық сұлу­лығына жатпайды. Әр ұлттың өз сұлулық өлшемі бар. Сұлтан Қожықовтың осыдан хабары болды ма, әлде Алла өзі жолықтырып тұр ма – Меруерт нағыз қазақы сұлулықтың гауһары. Көбінесе кейіпкер түрі мінезіне сай келмей жатады. Мүсін мен мінез сабақтастығы дейміз ғой. Жібек мінезін ашып тұрған қандай детальдар? Жібек – еркін, ерке, өжет дала қызы. Осы қасиетті оған беріп тұрған бадырайған үлкен де емес, қысық та емес, ор­таша біткен шұғылалы көздері (Меруерт көздері керемет сәулелі, шұғылалы көздер) айдай емес, (жа­уыр болған теңеу) ұш жағы самайға қарай қарлығаш қанатын­дай көтеріле біткен имек қас және сәл кертпештеу (осы кертпештіктің өзі өжеттілік беріп тұр) танау. Сонан соң қазақы сұлулардың ерні ешқашан екі кесек еттей болмаған. Меруерт еріндері ғажап еріндер. Ол ішкі жан толғанысы мен қасі­ретін сөйлемей-ақ ерін қозғалы­сымен білдіретін тамаша бір сәті бар. Айбалтаның жүзіндей тоқ маңдай, ақ жүзді, бүйрек бетінде пайда бола кететін шұңқырына дейін табиғи, сүмбіл шаш, серпімді жас дене. Кейде маған Меруертті осы рөл үшін ғана жер бетіне Алланың өзі жібергендей болады да тұрады. Бір жұлдыздар болады екен. Көзді қарықтыра жалғыз рет қана жарқ етіп жанады екен де, қайтіп көрінбейді. Меруерттің де жастығы, сұлулығы, табиғи дарыны барша құдіретімен жарқ етіп бір көрініп, сонан соң мәңгілік тылсым құбылысқа айналған се­кілді. Бұл – шындық. Сонан кейін қанша кинода ойнаса да, бұл тылсым қайталанбады. Өкініш не? Бір ғана Жібек Меруертті де, қазақты да мәңгілік етіп тұр. Егер кімде-кім енді «Қыз Жібекті» қай­талап түсірем десе, қатты қате­леседі…
Екіншіден, ұлттық мінез.Ре­жиссердің мықтылығы да сонда – ол үш түрлі мінезді аша білген. Бірінші – қарапайым адами, пендеуи мінез. Екіншісі – кейіпкер мінезі. Үшінші – ұлттық мінез. Әр кейіпкер – сом алтынның сыны­ғын­дай. Ханның айбары мен тек­тілігі, уәзірдің ақылы мен тапқыр­лығы, қарашының елдігі, бәйбі­шенің сабаздығы мен сәулеті, батырдың ерен күші мен намысы, жас жігіттің серілік, албырттық сипаты, арудың пәктігі, сертке берік, сезімге тұрақтылығы – осы­ның бәрінен қазақтың ұлттық мінезі құралып тұр. Әншейінде бір-бірін түртпектемей отыра алмаса да, сырттан жау келсе, бір тудың астынан табылу – қазақы мінез. Ер шекіспей, бекіспеу – қазақы мінез. Аздап мақтана сөй­леу, аздап бөсе сөйлеу, есе сөйлеу, аздап даңғойлық, аздап аңқаулық – қазақы мінез. Батыр – аңғал, ер-көдек – қазақы мінез. Жасанған жауды жеңсе де, пендешілігін жеңе алмау – қазақы мінез. Сөзге тоқтау, сөзден жеңілу – қазақы мінез. Жібек іш көйлекпен ғана төбе басына шыға келгенде, әкенің шешеге зілдене қарауы, одан ше­шенің келінге түйіле қарауы, ке­ліннің қайынсіңлінің артынан дедектеп, оның әр оғаш әрекетіне өзін кінәлап жүгіріп жүруі – қазақ­тан басқа қай ұлтта бар? «Зер белдіктен» аттамай отыру – қазақ мінезі. «Қыз Жібек» – таза қазақы сұлулықты қалай көрсете алса, таза қазақы мінезді де солай көрсете алған. Рас, кейде кейіпкер мінезі мен адами (ұлтына, ғасыры­на қарамай-ақ күллі адам баласына тән мінез) мінез текетіркес келіп, жеңісе алмай жатады. Мысалы, Бекежанның Сұлтан сыйла­ған кейіпкерлік сипаты ерлік, батырлық, шешендік, бірбет қай­сарлық, кейде ақ көңілмен ақжа­рылып жақсылық та жасап тастайды. Көңілі түссе – көл… Әттең, не керек, сонау Адам атадан бастап шайтанның азғыруына еріп кетіп барып, ояна кететін қара қызғаныш – пенделік сипат. Осы пенделік сипат. Пенделік сипат жеңді, ол жеңе де бермек, ол жер бетіндегі соңғы адаммен бірге жасамақ. Ол – мәңгілік. Жауды жеңуге болар, пенделікті жеңу қиын. Міне, өмірдің ұлы шынды­ғы. Мәңгіліктің мызғымас, өзгер­мес философиясы. Сонан соң… Ханның тәкаппар қызы. Даланың ерке де үркек қызы. Қыз екенмін деп қылымсып көрмеген Жібек. Отауда оңаша қалғанда, «ондай болса өзім қол созуға да шыдадым» деп, алғашқы қадамды өзі жасайды. Бұл да «әйел – қайда да әйел» деген ұлы қағида, табиғаттың тап бастырмайтын заңы. Ре­жиссердің білімі мен қабілеті осындай тамаша шешімдерінен көрінеді.
Үшіншіден, ұлттық байлық. Фильмде қазақ деген халықтың байлығы мен сән-салтанаты көр­меге қойғандай жарқырай ашылады. Қазақ даласы кеңдігімен таң­­дантса, сұлулығымен көзді суы­­рады. Асқар-асқар таулар, қызғалдақ жапқан дала, көсегелі көк жондар, аққу ұшып, қаз қон­ған қоғалы көлдер, құм сулар – өз алдына. Көш салтанаты қандай! Қалы кілем, қара нарлар, арғымақ ат, қыран құс. Бұл киноның қазақ­ты шет жұртқа танытуы өз алдына. Қазір «қазақпын» деп айтуға, қазақша сөйлеуге ұялатын «жаңа ұрпаққа» берері қанша. Фильмді көрген әрбір жас мәңгүрт бір сәт ойға қалар.
– Япыр-ай, осы мен қазақ болуға неге ұялам? Қазақ тарихында мен ұялатындай ештеңе жоқ екен-ау. «Қазақ деген иен далада мал баққаннан басқаны білмеген жабайы, сауатсыз, надан тобыр еді. Олардың көзін ашып, оқуды, киінуді, ішінуді, тіпті боянуды біз үйреттік қой» дегенді күні бүгін естіп қаламыз.
Керісінше, сол «ұлы халық» төл жазуды XVII ғасырда ғана болгарлардан алса, менің ата-бабам VI-VII ғасырда-ақ тас тақ­таға дастан жазып кетіпті-ау.
– Сол «ұлы халық» шабата тар­тып, шабақ жеп, «ас атасы – саңы­рауқұлақ» деп жүргенде, қазы-қартаны кертіп жеген менің ата-бабам екен-ау.
– Боянуға келсек, осыдан 6-7 ғасыр бұрынғы көне жырларда «Қасы-көзі сүрмелі, он саусағы қыналы, омырауы жұпарлы» деген жолдар бар. Осындағы сүрме-тушь, қына-лак, жұпар-әтір емес пе. Оның үстіне ханымдар боз биенің сүтіне шомылатыны және бар. Ендеше, кім-кімге үйре­тіпті?
– Етегі жер сызған бұлғын тон, құндыз ішік, былғары бешпет те, түлкі тымақ, сусар бөрік те менің ата-бабамнан қалған екен-ау.
– Тұлпар мініп, сұңқар салған да менің ата-бабам екен-ау! – деп, неге ойланбасқа. Міне, қайда ұлттық тәрбие…
Төртіншіден, салт-дәстүр. Салт-дәстүр болғанда да бұл фильмде салт-дәстүрдің қазір ұмытылуға айналып бара жатқан өте көне түрлері қамтылған. Бұл енді Ғабеңнің сұңғылалығы. Мысалы, жекпе-жек, иесі өлген аттың тұлдануы, найза сүйрету, оқты қақ бөлу, аза туының көтерілуі, мо­йынға белбеу салу (бұршақ салу), жоқтау. Жоқтаудың өзінің бірнеше сарыны бар. Мұнда өте зарлы батыс мақамы алынған. Сондай-ақ, отқа май құю, қабу, «Ханталапай» ойыны, бас киім тастау, неке таза­лығының белгісі – жігіт беліне қыз белбеу байлау, қыз пәктігінің белгісі – ақ жайманы жыртыс ретінде бөліп беру. Қыз қарау, беташар, айтыс та ертеректегі сипатымен берілген. Екі ырымға ерекше көңіл бөлінген. Ертеде қазақ «жатқа жаныңды берсең де, жағыңды (садағыңды) берме, жағыңды берсең де, оғыңды берме. Өз оғың өзіңді табады» деп ырымдаған екен. Шындығында Төлегеннің өз оғы өзін мерт етті. «Әке қарғысы – оқ» дейді қазақ. Ал Төлеген әке наразылығын аттап, батасын алмай кетті ғой. Режиссер осыны нәзік аңдатады.
Бесіншіден, шешендік. Қазіргі қазақ ұғымында шешендік десе, тек Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ғана елестейді. Олай емес қой. Бақсақ, қазақ табиғатынан шешен халық. Фильмде кейіпкерлердің диалогі жарқ-жұрқ етіп ұшқын шашады. Сөйлем бастарындағы, тіркес, буын араларындағы есіліп, құйылып, төгіліп, жымдасып тұр­ған ассонанс пен аллитерация қандай! Мысалы, Қаршыға. Алдияр, туың міне, қисайған жоқ. Желбіреп барып, желкілдеп қайтты. Қолың, әне, жеңілденсе де, жеңіп қайтты. Осы жердегі «желбіреу» мен «желкіл­деудің» бірін-бірі алмастыра алмайтын реңкін Ғабеңнен асып кім білер…
Бекежан. Жайықтың жағасы қанға боялды. Күндіз күн тұтылды, түнде ай тұтылды. Найза қысқарып таяқ боп қалды, қылыш қысқарып пышақ боп қалды. Шаңға аунатып ұрдық, қанға аунатып қырдық. Ағылып тұрған ақ өлең! Бекежанға жарасар, Бекежан аузынан ғана шығар, соның мінезін ашып тұр­ған сөздер ғой мынау. Бақсақ, Бекежан біз ойлағандай ұрдажық, есерсоқ, даңғой емес екен. Қаласа – ағылып тұрған шешен екен, қаласа топ бастаған көсем екен. Тіпті «па, шіркін, Жібекке таласса талас­қандай-ақ екен» дегенді еріксіз айтасың. Біз киноға келгенде Бекежанға осындай сөз айтамыз деп келген жоқ едік. Қарғап-сілеп қайтуға дайындалып келіп едік қой. Мына Бекежан ойы­мыз­дың быт-шытын шығарды. Дәлін айтсақ, Бекежан өзіне ғасырлар бойы таңылып келген «қарғыс көз­қарасты» осындай мінезімен, сырт келбет-пішінімен жоққа шы­­ғарды. Бұл жерде актер (Асан­әлі) шеберлігі сондай – ол автор мен режиссер шешіміне де бағынбай кетті. Керісінше, Бекежан өз көрерменін тапты. Қалайда жаңа Бекежан – қырық қыртыс күрделі тип.
Алтыншыдан, дауыс мәнері. Актердің бір сипаты – шешендік десек, шешендіктің тетігі – дауыс мәнерінде. Фильмде әр сөйлемнің соншалықты қуатты, мағыналы боп естілуінің өзі дауыс мәнерінен. Мұнда әр кейіпкердің мінезін дауыс ашып тұр. Жібектің дауысы өзінікі ме, болмаса басқа адам сөйлеп тұр ма – ол арасын біле алмадым. Бірақ дауыс ғажап. Бұл дауыстың сипаттарында (тон, темп, тембр, интонация, дикция) дауыстың сөз мағынасына қарай құбылуы ғажап.
– Жібек. Жоқ, ағалар. Жалпақ әлем күдерін үзсе де, мен күдерімді үзбеймін.
Қайсыңның жүрегіңде бір арман жоқ. Менің де арманымды аяқ асты етпессіңдер. Осы сөзім жүректеріңді жылатса, арадағы сыйластықты бұзбай, аға-қарын­дас боп тарасайық. Болмаса мен бір боздаған бота. Жетелеңдер де жүре беріңдер. Осы сөйлемнің түк құдіреті жоқ, тіпті әсерсіз. Ал осы жердегі Жібек даусының мәнері керемет. Қаншама жан күйзелісін – түңілу, торығу, өтіну, үміт пен күдік – осының бәрін сөз емес, дауыс беріп тұр. Ақбоз атты құ­шақ­тап жылағандағы дауыс қандай шынайы. Фильмдегі дауыс пен сөзде бірде-бір орфоэпиялық немесе сингармонизм заңының бұзылуы жоқ. Ал қазіргі киноның да, театрдың да ортақ бір ауруы – дауыстары жасанды. Екпінді дұрыс түсіре алмау, орыс сөзінің екпінімен (ударениесімен) сөйлеу, үндестік-ассимиляция, диссимиляция заңдылығын білмеу, кейіп­кер мінезін ашатын дауыс түрін білмеу. Осы актерлер не оқиды өзі? Дауыс туралы басқа ғылымды меңгермегеннің өзінде Ахмет Байтұрсынұлының дауысқа берген сипатын неге білмеске? Ол кісі жарқын дауыс, салқын дауыс, бар­қын дауыс, қоңыр дауыс, күйзеліс дауысы, тарғыл дауыс, жарықшақ дауыс деп бөлген ғой. Тірі мысал – тәжірибелі деген актер Тұң­ғышбай Жаманқұлов кейіпкеріне қарай дауыс ауыстыра білмейді. Ханды ойнасын, қарашаны, не батырды, не көсемді, не шешенді ойнасын – бәрібір, өзінің жа­-
р­ықшақ, тарғыл даусымен пере береді. Таяуда Астанада тәуел­сіздікке байланысты үлкен концерт – қойылым өтті. Сонда Сақ патшайымын ғой деймін, бейнелеп шыққан бір әйел осы тарғыл, жарықшақ дауыспен сөйледі. Тегі, Жаманқұловтың шәкірті болар. Сол секілді Еркін Рақышевтың кино­ларының кейіпкерлері түгел­ге жуық тақпақ айтқан баладай тақылдап жаттанды дауыспен сөйлейді.
Жетіншіден, фильмнің сазы, музыкасы. Музыкасы – ғажап. Егер осы киноны бұрын ешқашан көрмеген адамға тек музыкасын ғана тыңдатса, фильм оқиғасын айнытпай түсінер еді. Жеке әндер мен күйлерден, хорлардан құрала келіп, ғажап бір тұтас музыкалық композиция өмірге келген сияқты. Ғажап симфония. Мыңдаған үн­дер тұтастығы. Не жоқ мұнда? Бей­мәлім күндерде аттың жалы, түйенің қомында ғұмыр кешкен бейкүнә, бейбақ халықтың қуа­нышы мен қасіреті, өксігі мен өкініші, азабы мен мазағы бар онда. Бірде «Елім-айлаған» зарлы хор қара аспанды қақ айыратындай қасіретті үнмен асқақтай көтерілсе, бірде мамыражай тірлік, шуақты бағыстан күндей «Ақ жайық» хоры жағаға соққан те­ңіздей баяу толқиды. Кейде халық – Ананың ғасырлық гөй-гөйіндей «Көбікшашқан» ыңыранады. Сол тұтаса толқыған сарыннан кісіне­ген жылқы, шыңғырған құлын, сансыз тұяқ дүбірі, найза шыңы­лы, ысқырған оқ, жеке батырдың жорық күйі, күңіренген қобыз, көліне қона алмай шошыған шаға­ла шаңқылы, өксіген әупілдек, сыңсыған аққу үні келеді. Өте сирек айтылатын «Қара қаншық», «Қарғам-ау», «Ақылбайдың әні», «Гәккудің» өзгерген түрі қандай керемет. Осы «Гәкку» әні мен «Аққу» күйі – киноның күллі көр­кем­дік сипатының шешімі сияқ­ты. Басқа-басқа. Төлеген өлгендегі зарлы жоқтау – трагедиялық кульминация. Оқ зулап ұшқан кездегі ысқырған дауыс пен ілесе алыстан талып естілген хор сарынында жаратқанға жалбарыну да, шарасыздық та, жан шошуы да, түңілу мен лағынет те бар. «Аллау, Аллау, Аллау» сөзі анық естіледі… Осындай құдіретті жасаған Нұр­ғисаны құдайлық құбылыс демегенде не дейміз.
Сегізіншіден, режиссер тап­қыр­лығы. Фильм мәресіне жетті. Даңққа бөленді. Мемлекеттік сыйлық және Бүкілодақтық кинофестивальде «Ең үздік» атағын алды. Шет тілдеріне аударылып, әлемнің 80-ге жуық елінде көр­сетілді. Түсіруші, қоюшылар да, ойнаушылар да атақ-марапат алып жатты. Бірақ фильмде ең жанкешті еңбек еткен, бірақ лайық бағасын алмаған бір адам болса, ол – режиссер Сұлтан Қожықов. Сұлтан кім еді? Оның әкесі Қо­ңыр­қожа Қожықов алаш арыс­тарының бірі ретінде 1937 жылы ұсталған. Анасы Ләтипа Қожықова сән және қолданбалы өнер шебері, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағы мүшесі. Екі ағасы да суретші болған. Міне, осындай зиялы отбасынан шығып, текті тәрбие ал­ған Сұлтан бекзат мінез бен терең талғамның адамы еді. Отан соғы­сына қатысқан, кейін Бүкіл­одақтық мемлекеттік кинематография институтының ре­­жиссер­лік факультетін тәмам­даған, Довженконың өзінен сабақ алған Сұлтанның біліміне, нәзік эстетикалық талғамына, көре­ген­дігі мен табандылығына таңдануға болмас. Таңданатын нәрсе – оның осы қабілеттерінің мойындалмауы, оған кино түсіруді бермеу. Кино біткен соң да оған сынның қарша борауы. Тіпті, сын соққысы­ның астында қалған Сұлтан жүрек талмасына ұшырап, киноны өткі­зуге келе алмауы…Сонан соң да сан жылдар өтті. Режиссер ақтал­ды ма, адал бағасын алды ма – білмедім. Бірақ арада 45 жыл өтіп, азамат аға әруақ атанған кезде болса да, мен ақтап алсам деймін. Әділ бағасын берсем деймін. Дәл осы үшін кіммен болса да жүз жыртысуға да дайынмын. Сұлтан­ның көрегендігі неден көрінеді?
Бірінші көрегендігі – Ғабеңде (авторда) кино болып жатқан шайқастан басталады. Соғыс сипаты күрделі. Оны сол кездегі кино мүмкіндігі ашып, дәл басып көрсете алмайды. Ал режиссер (Сұлтан) мұны соғыс болып өткен жерді көрсетумен алмастырады. Көрсету үшін бірнеше әдіс қолдан­ған. 1-символдық әдіс. Сценарийде (яғни Ғабеңде) соғыс болып өткен жерде көрпе, жастық, кілем шашылып қалған. Режиссер бұл натуралық заттарды бесік пен шаңырақ етіп көрсетті. Режиссер көрегендігі де сонда – қазақ үшін ең киелі екі зат – бесік пен шаңы­рақ екенін, қандай қаралы күн туса, бұл екі затты қалдыр­май­тынын, қалдырса… Ел басына бір сұмдық төнгенін білдіретінін білген. Тіпті бұл жерде Сұлтан көрегендігі Ғабеңнен де асып отыр. Сондай-ақ, Төлеген өлген жердегі екі көрініс. Төлеген үстінен сыпырылап түскен сәтте-ақ, ақбоз ат жөнеле берді. Бұл жерде ол опасыз жалғанның символы. Ал дүние асты-үстіне түссе де, селт етпей, мылқау меңірейген балбал тас мәңгіліктің бейнесі.
2-детальдық әдіс. Соғыс болып өткен жер. Өрт шалған аппақ қайың. Әр жер бір өшіп, бір қайта жанған от. Шошыған құс үні. Аласұрып дірдек қаққан гүлдер. Жазықта жылжып келе жатқан жылан…
3-контрастық әдіс. Көрермен­нің асыға тосатыны – Жібек.Қандай екен, қалай көрінеді? деген әуесқойлық. Расында, Жібек көрерменге тұңғыш көрінгенде қандай сипатпен және қандай жағдайда көрінуі керек? Ғабең болса «Жібек жылқышылар ішінде жүр» дейді. Селт еткізер көрі­ніс емес. Міне, осы жерде Сұлтан қалай тауып кеткен! Жібек өзі жамылып жүрген қара желеңді (ел іші қаралы болған соң) кенет серпіп жібергенде, бұлттан шық­қан айдай жарқ ете түседі. Көрер­мен бір сәт тынып қалады. Қара жамылғы – қасірет-қайғы, аппақ айдай жүз – жастық, сұлулық, мәңгілік өлмес өмір. Екеуі бір сәт тайталасып барып тоқтады. Әрі кереғарлық, әрі ақ пен қара – бірін-бірі ашып тұр. Ғажап контраст! Сонан соң шыт-шыт жа­рылған құлазыған ақ тақырда жарқыраған зер белбеудің жатуы. Бұл да зұлымдық пен махаббаттың мәңгілік қатар жүруі. Қозы мен Баян моласында шеңгел мен гүлдің қатар өсіп тұрғанындай.
Режиссердің табандылығы мен көрегендігі.
Сұлтанның бұл қабілеті Жібек­ті таңдауда көрінеді. Жібек рөліне танысын тықпалағандар көп болыпты. Тіпті, Ғабеңнің өзі Рая Мұхамедиярованы ұсынған. Соны алмағаны үшін Сұлтанмен рен­жіскен деседі. Сұлтан өз дегенінен қайтпаған. Өйткені, 40-тағы бөксесі бұлтыңдаған тоқ кеуде келіншек 17 жастың сұлулығы мен сезімін бере ала ма? Ешбір актер бере алмайтын уыз жастықтың өзінің әдемілігі, реңкі, нұры болмай ма. Риясыз тазалығы мен пәктігі, аңқау үркектігі болмай ма? Оны табиғат қана бере алады. Жастықтың еш макияж бере алмайтын өз нұр шұғыласы бар. Қарап отырсақ, әлемге әйгілі 7 махаббат дастанының герои­ня­ларының бәрі 15-17 жас аралы­ғында болған екен…
Көркемдік шешімдері. Ре­жиссердің тапқырлығы – фильм­дегі көркемдік шешімдерден көрінеді.
– Жеңдік, жеңдік! – деп келген Бекежанның қыз ұстаған суды иегінен сорғалата төгіп-шашып ішуінен-ақ Бекежан мінезіндегі батырлық та, ғапылдық та көрі­неді.
– Келесі бір тапқыр шешім – отауда киініп тұрған Жібектің сұңғақ мойнын, сүмбіл шашын, жұмыр иығы мен бір толқын сәл ғана бұғақты ақ тамағын, аққу төсін… ақ шарбы бұлттың арасынан көрсеткендей ақ торғын шы­мылдықтың ар жағынан ғана көрсетіп өтеді. Осының өзі көрер­менге қаншалықты ләззатты сұлу­­лық сыйлайды десеңізші… «Жасырын сұлулық өлтіре қызық­­­тырады» деуші еді ғой Ғабең де. Ал қазіргі киногерлердің киноны қызықты етіп , көрерменді «шок» қылам дейтін жалғыз әдісі – әйелді тыржалаңыш көрсету және интимді физикалық дәл­дікпен көрсету. Бірақ бұл әдіс қан­шалықты жемісті болады? Көре-көре оған да көз үйренеді, селт етпейтін болады. Жалаңаш дене мен интим – көрерменнің кө­кей құртын бір сәтке ғана қоз­дыр­ғанмен, бірақ оған эсте­тикалық – сұлулық сезімін сыйлай алмайды. Көрермен біраздан соң сол кейіпкерді жек көре бас­тайды. Көрерменді қызықтыратын не? Ол аңдаусызда оқыс жарқ ете қалған құпия сұлулық. Мысалы, 70 жыл­дарда қыздың ашық жері тек аяғы еді де, сол аяқтың өзі әде­биетке қаншама сұлу теңеу әкеліп еді. «Оқтаудай түзу аяқтар, бала қайыңдай ақ балтыр, ақ сазандай қос балтыр, жұп-жұмыр балтыр, сүмбіледей сұлу балтыр», т.б. Ал кейде бір «қос күмбездің жық­пылына» көзі түсе қалу бақы­тына ие болған жігіттер сезінер ләззаты шексіз. Ал қазір анда-санда жарқ етіп, есіңді алар сұлу­лық қалды ма? Аяқ түгілі, омырау, бел, мықын, сан, кіндік – бәрі ашық, қысқа күнде қырық көрсең де өзің біл. Шабыт шақырмақ түгілі шамдандыратын дәрежеге жетті. Мысалы, Ермек Тұрсынов­тың «Келіні». Келін тыржалаңаш ары қарап тұр. Тура ағаш қуыршақ сияқты. Баттиған жалаңаштық. «Бел де жоқ, мойын да жоқ, мықын да жоқ» секілді. Сезімді селт ет­кіз­бейді. Тұтас денені өреге жай­ған еттей ғып көз алдыға тосу – талғамсыздық. Айталық, Қытай түсірген «Шыңғыс хан» киносында тұтқынға түскен Бөртеге нешеме күндер жолауға бата алмай жүрген моңғол жігіт бірде оның ұйықтап жатқан кезіне тап болады. Тұтқын арудың кеудесі болар-болмас қана ашылып, аппақ та­ма­ғы от жарығына шағылып жа­тыр. Жігіт неше күн өзін тұсап келген ұят, адамгершілік, аяу сезімдерінің бәрінен бір-ақ сәтте аттап кетті. Күнәға барды. Білмейтіні бит ішінде Қытай Бөртені жалаңаш көрсетуді білмей отыр ма?
– Келесі бір керемет көркемдік шешім Төлеген мен Жібектің отаудағы алғашқы түні. Бұл дастанда:
– Сонда батыр Төлеген:
Қай жақта, шіркін, «мал», –
деді.
Сонда сұлу назданып:
Керегің болса, ал деді, –
дейді.
Ғабеңде:
«Жібек арадағы зер белбеуді ысырып тастап, төсекке құлай берді», – делінген.
Көрермен бұл екі Жібекті де қабылдай алмас еді. Жігіттен бұрын өзі «құлап тұрған» Жібек пе еді біздің іздегеніміз? Онда дала қызына тән тағы асаулық, тәкап­парлық, жастыққа тән ұяңдық, пәктік, тіпті сәл үркеу, қорқу қайда қалады? Енді Сұлтан осы жерде қандай шешім тапты?
Ақ торғын төсек үстінде сор­ғалап төніп келе жатқан қыраннан қорғалаған аққудай дірілдеген Жібек жүзінде қорқу, үрку, ұялу, сөйте тұра сүю сезімдері кезек шарпысады. Үзіліп кетіп ша­шылған ақ моншақтардың әр талындағы жарқыл – қыз сезімі. Шіркін-ай, осыдан өткен көр­кемдік шешім бола ма?
Сонан соң Төлегенді өлтіріп келген Бекежанға Жібек бір ауыз тіл қатпады. Бірақ осы жердегі Жібектің ерін қимылы-ай. Ерін үнсіз сөйлеп тұрғандай. Осы бір мимикамен берілген құбылыста дәл осы сәттегі Жібек жан­дүние­сіндегі алапат сезім жатыр. Көз бен ерін сөйлеп тұр. Онда қасірет, қайғы, арман, қарғыс, түңілу, тіпті тірліктен баз кешу – бәрі жатыр. Осыдан өткен тапқырлық бола ма? Қайран Сұлтекең!..

Әмина Құрманғалиқызы,
сыншы.

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 07.10.2021 | 22:40

Қотақбас

Қонақ 08.09.2023 | 09:22

Жәй сөйле

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір