Алшақ мүйіз ақ серке
«Баяғырақта» деп бастайды да, үлкендер өткен өмір, кешкен күнінің бір парасына ойысатын. Ойысып қайда барады, әйтеуір тірлік тынысы, уақыт өлкесінде аяңдатады әңгімені. Басқаның не біліп жүргенін қайдам, аңғал, парыгөйсіз түйсіктер төңірегінде жүріп, үлкендердің жуан ортасынан шыққанымды сезбеппін. Барлығы байырғы өмірдің, тірлік ишаратының ықпалы болар. Десе де, бүгін бір ойдың пұшпағын илей бастаған менің со кісілерше қозғар ақым бар ма, сірә?..
Баяғыда әкем мені қасына ертіп өзінің қайын жағы, менің нағашы жұртыма таман жолға шықтық. Майлы – Жайырдың арасы атты кісіге ара күншілік жер. Жайлау үсті еді. Көлігі күйлі Қазақ әзіргінің тілімен айтқанда, «Масаң көңілмен» еліріп кете бармай ма! Әй, ескі күн, есіл күндер, лебің ересен, тынысың берен! Ылғи жатаң, ұдайы жұмбақсың сен.
О кез арқан бойы жердің өзінен не көрініп – не қоймаушы еді, ұшқан құс – жүгірген аң қанша! Шайшөптің иісі, бұлақтың балауыз тілі, бұлдыр тұман қандай! Ол бүгін де бар. Тәйір-ай, бұрынғыдай болсын ба! Табиғат тәні қабарып, тоны тозбайды деп кім айтты, күйісінен де жаңылар! Сол сапар көргенім, тұлабойы тұңғыш рет әкемнен естігенімнің өзі бір кітап! Сарқып айта алар ма екем… тас баспаның тәуі билемейтін, тіл алмайтындай кім едім!? «Қысқарт, қысқартқа» құлағым көндікті, етім өлген.
Көлеңке басымыздан аса жығылып, қоңыр самал кешқұрымның суқайт лебін әкелді. Маң төбеттер баяулай үріп, ақ үйі молаң бай ауылының тұсына іліне «Осыған түсейік» деді әкем. Біреудің сетер, серісі – Омарғазымен таныстығым осы кеште басталды. Шәуешектің мұғалімдік курстарына барып жүрген оның кітап-қағазы баршылық! «Ләйлі-Мәжнүн», «Югославиялық қанышерлер одағы» деген кітап есімде. Екі күндей жаттық. Менің он неше жастағы, Омарғазының керіскедей жігіт кезі. Бірер жыл бұрын әйел алыпты. Түлкінің күшігіндей әдемі келіншек жүр. Күйеуі үлкенірек болған соң, «жеңгесіне ме», сарыезу балапан санап, сәт аралығында маған көз қыса ойнап отыр.
Таңертең Омарғазы мені ілестіріп ауыл шетіндегі биік шоқыға шықтық. Ұшар басы жартас, түбін бүргенді шағыл орапты. Жеткізер түрі жоқ, ілгерірек кетіп, жартастың қыл ұшынан дабыстады. Тыңдасам, баяғы бәдіктіктен алдына жан салмаған Тоғай ақынның қырт өлеңін жіберіп тұр… Оның кейбір ұстамалы мінезі барын шоқыда тұрып білдім. Ал кейінгі кезде қуғын-сүргіннен, жазымды жанышталудан тірі алып шыққан – осы мінез. Ақыл-ойдың қыл көпірінен де еліктей секіртті.
Қара бұлтқа қарап ол айқай салады:
– Неге жаумайсың, соқыр бұлт! Қотыр бұлт? – дейді. Тастан құлауға бейіл, қарғылақтап жүр. Осы айқай басының жарығын ашса керек, үркіп ұшқан жапалақты көріп айтты: «Анау менің құсым!» деп, оған сендім. Сәлден соң сабаудай сұр Жылан кезігіп: «Бұл менің…» мұнысына сенер-сенбесімді білмей аңтарыламын. Со кезде өңі өрт өшіргендей, көз еті талаурап тұр. Алан-талан әлпетіме қарады, көңілге болмаса бір қауым тіксіндім. Қалайша екен, өмірімнің өзгерек, қадау бір шағында сұр жыланы түскір көз алдымнан кетпейді. Сарбас шөп-ай, ақ Жапалақ, қара бұлт, Абжылан-ай, бәрің де солай, сол кісінікісіңдер!
Ұшқары сезіністер ақын жанының қай тұс, қай уағында басталғанын Құдай біледі. Десе де, Омарғазының шоқы басындағы осысы «Жын қонып», дарын біткен уағы ма екен?!
Омыкең осал «жау» емес. Қайсыбір ел, не мезгілдегі қылжалдарымен иықтастыра қарасаң, алар орны алабөтен. Әдебиеттің сорапсыз сонысына қарай маңып артына бір қарады ма, қарамады ма ұзай берді ол, ұзай берді. Көкжиектің үзілісі, әрі түпсіз дүние көрінді оған. Екі бірдей алапат салмақ – қоғамдық сезіністер салмағы мен табиғилықтың да ғажайып ауырлығы түсті. Дүздегенмен, ақын Социализм қоғамында күнелтті ғой. Тілім қышып, қадай айтқым келеді: Омарғазы шығармасының талғажауы оқыс, өлара кездер. Ол үйретінді әдебиеттен бойын аулақ ұстап, ең дара бет-
алыстың біріне кетті. «Құс жолы» дастаны мен «Пәңгі» повесі, «Таразы» романының гаптері тым бөлек! Қатер, шалыққа ұрынған өмірдің өзіне ұқсайды да, шын табиғатты «Жар басына қарай ығыстыра түседі».
«Үй ортасында бүкірейіп төрт кемпір тұр. Бәрін де салқын жүдеулік басқан. Жылаймыз деп жылауды да келістіре алмады. Бар-жоғы бірнеше тамшы жаспен ғана тынған кемсеңдеу. Бірақ оның өзі де бұларға баяғы ағыл-тегіл еңіреп жіберуден қиынға түскендей. Егер бір адам дәл осы минуттағы олардың жан түршігерліктей ішкі арпалыстарын шынайы түсінсе, ол адам бұлардың өзінен көрі көбірек жылаған болар еді. Өздері ғана біледі: Өткен ғасырдың соңында дүниеге келіп, бұл ғасырды жол ортадан аударып тастап, ендігі қалған жолды осы бүкіреюмен басқалы тұрған бұл төрт жолаушы енді қанша жерге бара алады дейсің?! Алдында аузын арандай ашып қараңғы көр тұр. Арттарында қалғанның бәрі сырты жылтырап қызылды-жасылды болып елестегенімен, іші толған у, ащы, кермек. Ойлаған болады, ондай ойлаудың өзі де азап қой» («Таразы» романынан).
Әдебиеттің берік есебі бар. Оны тілге тиек ету қиын, тіпті ұят шаруа. Талайлар оның сырын түсіндіріп, жаны қалмай жалбаңдады. Соның айтқанымен кім жүріп, кім қойғанын білмедік. Әйтеуір «Әдебиет ауылынанбыз» дейтіндер сеңдей соғылысты. Бұлардың дүбәралығын заман көтеріп еді, жүнінің жығық жағынан сипап еді. Ал некен-саяқ даңғайырлардың шығуы сирек, бұлаң құбылыс. Бұл жәйт кешелі-бүгіндер емес адамзаттың арғы төркінінен жалғасып, сирек, оқыстығының әнін бұзбай келеді. Осыған ілігетіндер Қазақ поэзиясына тың тыныс үстемелеген – Омарғазы емей, кім болушы еді? Оның «Ұстамалы мінезін» ғаламаттың қайнар көзі ме деп қалам.
Әдеби әдіс жалтарып сөйлеуге құмар. Біреулер Омыкеңді «Түсінбедік» деп тыржынады. Шын-ау, алыптың ақырғанын кіммен, немен салыстырып түсіне алсын!
Омарғазы жаңалығын қара өлеңнің дәмі аузынан кетпеген Қазақ түйеден түскендей көріп, қаймықты. Мынау өрелі заманда тоникалық буын-бунақтың ожарлығы жасқап, күлкіге қала жаздады халық. Онысын қужаны сезген соң, илана берді…
Кейде тырсиып жарылғалы отыратын. Ондайының үстінен түстім. Бір жолы дөңбектей кітапты жұдырығымен қойып кетіп, шытынай қарады. «Мынау, өз білетініңді өзіңе түсіндіреді екен. Ана жақта жатсын», – деп, лақтырып жіберді. Ол, әне, үйретінді әдебиетке пысқырып қарамай, солшылдық ағым бүре түскен тұстың өзінде-ақ, бетінен жазбаған. Жалтара сөйлеу, көмескілей отыру мүмкіндігіне тоникалық өлеңнің ебі келеді. Омарғазының бағы бар екен, ертерек осы жолға түсуі көп пәледен, қырсықтан қағып қалды.
Мәдениет төңкерісі – құлақ естіп, көз көрмеген іс. Байқайсыз ба, «Ғылым беделділеріне қарсы тұру» дейтін ұран көтерді. Атақтының талайы «Буржуазиялық ғылым беделдісі» атанып, басы қағылды. «Құс жолы» поэмасы бір ғалымның төмендетіліп ауыл-қыстаққа түсірілгенін, төңкеріс атойшылдарының тауқыметті таяғына жығылғаны жайын қаузайды. Қанжылаған ойды қадай айтып әрі қандай көркемдік әдіспен көмескілей алған!
Тіксінді ме бір рух,
Үрікті ме әлде,
Бір Қарлығаш ұясынан ұшып.
Шошынғандай бір сәби
Ай жарығында
Бесігіне
Әлде бір үрейлі көлеңке түсіп.
Сауықтырмай ма бір Киік
Өз жарақатын тілімен жалап.
Сойылға жығылса бір Ғалым
Тән жарасынан меңдеп,
Сақайтуға болар еді оны
Сан, таңба,
теңдеулер қуанышымен емдеп!
Тоникалық деңгейдің ірі сұлбасын Қазақ әдебиетіне енгізген – Омарғазы. Оның жосықтарына бой ұрар ақын аз емес-ті. Бірақ бірде-біреуі санатта жоқ. Қой, сиыр емес, жылқы үйрін жаяу айдаған кісідей далада қалды-ау. Әсілі, еліктеу де қиын! Тұншыққан үн, түйткіл сырың болса игі!
Ұсақ-түйегін былай қойып, өз басым елу төрт рет Омыкеңмен оңаша отырыппын. Не айтып – не қоймадық! Үлкендігін бұлдамайды. Жұмсақ, жөпшөңкіде өңі сынық кісі. Жалтара сөйлеуге үйір. Ол да әдебиеттің тәсілі іспеттес, сөзге сылтың араластырудан бір жалықпаушы еді. Жай, үйінде кезіккенімізде: «Серік-ау, менің ойып алатындай он томдық нәрсем бар» дегенін ет құлағыммен естігем.
«Ақ мысық» пьесасын жаза бастаған кезі. Менен ол түрменің, әлде бір қитұрқы жайын сұрастырды. Айтсам сеніңкіремей, ренжіген… Сонда оған зірк етіп: «Мендей білесіз бе? Түрменің бір көйлегін бұрын тоздырдым ғой» деп ем, тоқтай қалды. Оңашалап «Серік ағай» дейтіні сонан. Омарғазы 1966 жылы қамалып, мен тоғыз жыл ілгері, «Стиль түзету қозғалысында-ақ тас бесігімді» тапқанмын.
Оның «Он томдығында» не жоқ, Қазекеңе қажеттінің бәрі бар, мұны – бір деңіз. Сонымен қабат, үйретінді әдебиеттің есігінде қалып қоймай, адамзаттық өреге ұмсынды. Бастапқыда сөз еткеніміздей, саяси сүреңдердің ерен аумағына айналған кездің бірінен «Ақ мысықты» жазуы – ғажап! Шығарма кейіпкерлерінің сүйектілігіне де көз тоярлық. Олар: бірінші ханым Жияң Шың, бұрынғы мемлекет төрағасы Уаң Хуын бастаған шынжыр балақ, шұбар төстер, бұған нем жорық! Алайда, «Ақ мысық» жарияланбады. Оның қызығы бар. Кейін кім болуына қарамай, мемлекет басына ілінгенді сайқымазақ ету – қата, жол берілмейді екен. Қолжазбаны сан рет оқыған, таң қалған өзім, ұялмай уәж айта аламын: Омарғазы «Ақ мысық» комедиясымен-ақ, дүние әдебиетінің дәу перімдерімен үзеңгілес екеніне жұлдыздың оң-терісі жоқ.
«Жалғыз көзді тажал» – мәдени төңкерістің «Сыйтабағын» тарта отырып, күн сайынғы тұрмыс-тірліктің идеяланып кетуіне де, сестене қараған алапаттың сұрқын «Ақ мысықтай» жармалайтын қай туынды бар? Мәдениет төңкерісі социализмді нығыздау қамымен жүре бермек емес-тін. Өмірді аяғынан шалып, кещелік рухын жандандыра түсудің ойтүрткісін әкелген. Омыкең алысқан аждаһа осы! Шығармасының тағдырлылығын, өмірдің оқыс, өларалы жерінен бел алуын айтсаң таусылмайды. Тегі, салқар даналық, болмысына орай тағдыр кешуі жазымыштың ісі. Қатал, айнығысыз іс! Тағдырдың даналыққа, даналықтың тағдырға ықпал етуінде бір кілтипан болуы мүмкін. Оны қузамайық. Әйткенмен, пұрсат табыла бермес, Омарғазы ойының әлдеқалай бітім-болмысын әліптеп отырған кезіміз ғой, бірер сөз айтайық. Даналық өз тағдырына орын күрейді. Бәлкім, тағдырдың өзінен де көбірек өмір кешіп, ұзаққа жүгіреді ол.
Омарғазы өлеңінің кейбіреуінен басқасы, түйедейінен түймедейіне дейін 1980-1997 жылдар айналасында жазылып, прозалық шығармалары түгелдей осы жылдардың «Ах!» дегенінде аузынан түскен! Жиырма бір жаста қалам тартқанымен, солшыл саясаттың өрекпеуі кесірінен уақыты селге кетті. 1980 жылдың ар жағында жазылғанының тігерге тұяғы қалыңқырамай жойылыпты. Соның бірі – «Өрік ағаштары» атты роман. Тұтқындау сәтінде шеріктердің қолына тиеді. «Тарихи ұлтшыл» делінетін тегеурінді атпен зынданның зар түбіне кетуі төңкерістің беташар күндері еді ғой. Орны ойыла он төрт жыл отырған соң, тарих өзгере барып, 1980 жылдың маусым айында босады. «Өлсе құнсыз, сатса пұлсыз» біреудің әдеби қазынасына қызғыш болатын кім? Оны айтасыз, мүйізі қарағайдай тарихи ұлтшылдардың тамырын қиып жатқан кез. «Өрік ағаштарын» оқып жібермей қарап қала ма? Солай болған шығар. Оның өзі де кірпігі әзер қимылдап, сал ауруына шалдығыңқырап шыққан.
Құлағына Құдай сыбырлаған жазушы еді. Он жеті жыл ішінде-ақ, екі роман, жеті повесть, он сегіз дастан, бес жүздей өлең, зерттеу мақалалары, тоғыз бірдей драмалық туындысын қаз тұрғызды. Талай мұзбалақтарының сілекейін шұбыртқаны, мысымен басқаны, бағасын алғаны да анық. Мойны жуан мемлекеттік сыйлық берілуінің өзінен ауызды жиып ала қоюға мәжбүрсің. Әйтсе де, олай емес. Қоғамдық тыныстың аумалы-төкпелілігі жайдақты сарындармен іркіліс Омарғазыға шығармаларының зерттелуін баяғы бір, шаңытты сүрлеуге әкеп түсірді. Сүрлеуге қалай түсірсе солай түсірсін, Омарғазы бұл жолдың келімсегіне үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Әдебиет жанрын түгендей
отырып жазды. Соның әрбіреуінде ол шыққан биік бар. Мысалы: роман, повестерінен «Аң шадырын оқ табады» мен «Пәнгі» дастан, өлеңнен «Құс жолы», табиғат философиясын зерттеулер жағынан «Лирика туралы», «Көк бөріні», пьесаларына келгенде «Ақ мысықты» атауға болады. Жанрды қамти жазудың сырын Омарғазыдан сұра!
«Қытай Қазағының әдебиеті» деп, бөлектендіріле айтылып жүр, әйтпесе екі әдебиет жоқ еді. Ұлт біреу де, әдебиет те біреу. Айтылмыс Қытай Қазақтарының әдебиетінде Омарғазыдан ілгері жанр сайын қасқая қарағандар жоғырақ. Соған шыдамаған соң ба, қырық шөптің басын шала бәріне соқты. Дегенмен, оның алдында да талай жанрдың басын ұстаушы данагөйлер болған. Әдебиеттен гөрі түрмеден көрінгені көп Қажығұмар соның бірегейі. Ол жетпіс неше жасап, қырық жылға таяу абақтымен «ойнаған» кейуана.
Омарғазы туындылары өмір мен реалдықтың сәйкес келе бермейтініндей – өмірлік ащы жыр, арман, жаңғырықтар жинағы. Соның әлі де бимәлім жағынан сыр суыртпақтаумен-ақ өтті ғой.
Серік ҚАПШЫҚБАЙҰЛЫ