Қаламының бабы – қазағының қамы
18.11.2016
1554
0

«Жақсы атақ алғаннан басқа жақсы іс жоқ» деп Рашид-ад Дин айтпақшы, берісі Арқаның, әрісі Алаштың ардақ тұтар ұлдарының бірі – Алдан Смайыл.

Түп-тұқияныңда, қаныңда, тегіңде бар қарымды қарекет қа­на өрге басады, өркен жайып, өрі­сі кеңиді. Енді соны дәлелдеу па­рыз. Оны, яки асыл сүйекті бек­зада екеніңді дәлелдеу үшін әуе­лі шыққан тегіңе, зәузатыңа бар­лау жасау керек. «Жеті атасын біл­меген жетесіз» деп бекер айт­паған. Ендеше «Әлқисса» деп әң­гімемді тым-тым әріден бас­тайын.
Алданның үлкен әкесі Сма­йыл 1871 жылы туып, 1971 жылы ту­ра жүз жасында дүние салған. Ескіше сауатты, оң қолынан өнер тамған хас шебер адам болған көрінеді. Ағаш пен темірден түйін түйген. Өле-өлгенше көзіл­дірік кимеген. Сақина, білезік, жүзік соққан зергер. Смекең әрі саяткер болған деседі.
Кезінде Сәкеннің әкесі Сейфолламен, Қажымұқанмен, Балуан Шолақпен замандас, жолдас, дәмдес, сырлас болған. Ақмоладағы Куприн мен Майкоп деген ең атақты көпестермен ара­ла­сып тұрған. Әңгімешіл, ше­жірешіл, күйші, әнші және най­за­­герлердің бірі болған.
Ал жазушының әкесі Зейнолла ақсақал (1917-1998) – өмір бойы бала оқытқан ұлағатты ұс­таз. «Атадан жақсы ұл туса, елдің қа­мын жейді» дегендей, ұлы әке­сі­нен де, кіші әкесінен де алған та­ғылымы мол тарланбоз қалам­гердің тағдыры талайлы.
Қашанда ұлттың қаймағы саналған зиялының дуалы аузынан шыққан уәлі сөзі өзі өмір сү­ріп отырған заман мен қоғам көшінен қалмауға барынша ұм­тылып, жарық жалғанның әрбір сәтіне ой көзімен қарайтын саналы да сезімтал адамды тебірен­тіп, қалың ойға батыратыны ан­ық. Алмағайып заман дерлік бү­гінгідей қым-қуыт, дәргүмән шақта бойын кеудемсоқтықтан алшақ ұстап, әбеқоңыр тірлік кешіп, әліптің артын баққан сер­гек те елгезек қарапайым халық та әулекі әумесердің емес, сабырлы да байсалды естінің сөзін ес тұтады. Сондай ақылшы аға тұт­қан қарымды қаламгеріміз Алдан Смайыл да – замандастарымызды толғандырған көкей­кес­ті мәселелердің мәніне терең үңі­ліп, толғамды ойлар айтып, қа­лам­мен қазып, тереңірек жазып жүрген жазушы екенін көзіқа­рақ­ты оқырман жақсы біледі.
Болашақ жазушы 1946 жылы 3 қазанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтау кеңшарында туған. Жазушы, пу­б­­ли­цистің өнегелі өмірінің бер­тін­дегі он бес жылының өзі де көп жайды аңғартқандай. Соншама бедерлі де айшықты. Қа­зақ­с­тан Журналистер одағының лауреаты (2001 ж.), Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері (2005 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005 ж.), Қазақ­стан Рес­публикасы Мемле­кеттік сый­лы­ғының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Республикасы Парла­мен­тінің ІҮ шақырылған (2007-2011ж.ж.) және Ү шақы­рыл­ған (2012-2016 ж.ж.) Мәжі­лі­сі­нің депутаты.
Әлқисса деп, өмір өткелдеріне орала кетейік. Алдан 1963 жылы Қаражал орта мектебін бітірген соң шопанның көмекшісі болып жұ­мыс істейді. 1965 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атын­­дағы Мемлекеттік уни­вер­сите­тінің филология факуль­те­тіне оқуға түседі. Еңбек жолының 35 жылын бұқаралық ақпарат саласындағы қызметке арнаған. 1970-75 ж.ж. Республикалық Қа­зақ радиосының редакторы, 1975-90 ж.ж. Целиноград (қазіргі Ақ­мола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгеру­ші­сі (мен осы жылдар ішінде Алде­­кеңмен етене таныс болдым), 1990-95 ж.ж. Ақмола облыс­тық «Қараөт­кел» газетінің бас редакторы, об­лыстық «Тіл және мәде­ниет» қоғамының төрағасы, 1995-97 ж.ж. Ақмола облыстық теле­­­радио­ком­паниясы төр­аға­сы­ның орынбасары, 1997-2002 ж.ж. Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана сту­диясының бас директоры, 2002-2007 ж.ж. Қазақ­стан Жазу­шы­лар одағы Астана филиалының директоры, «Астана жазушылары кітап­хана­сы» серия­сының бас редакторы, 2007 ж. бері екі мәрте Қазақстан Республикасы Парла­мен­ті Мәжі­лісінің депутаты болып сайланды.
А.Смайыл есімі республикаға белгілі қаламгер, тұңғыш көркем шы­ғармасы «Тамыздың таңы» 1979 жылы жарық көрді. «Ақ жалын (1982)», «Найзақара» (1985), «Са­ғынтып келген көктем» (1987),­ «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» (2000) повестер жи­нақ­тары мен «Тамұқтан келген адам» (2004) романында адам мен қоғам, өмір мен өлім туралы тол­ғай­ды.
Көсемсөз, поэзия, проза
жан­р­­ла­­рын әдемі тоғыстырған қазақ әдебиетінің жаңашыл әрі бірегей жазушысы Оралхан Бөкеев өзі­нен кейінгі жас қалам­гер­лерге ерекше ілтипатпен қа­рап, әрбір жетістіктеріне риясыз қуанып, үкілі үміт жалғап отырды. Соның бір мысалы біздің әңгімемізге арқау болып отырған қаламгерге де қатысты болды. «Мына құлын­ның түгіндей құл­пырған көркем сөйлемдер жазушы Алдан Сма­йылов­тікі. «Бұлт­сыз түнде боза­мық сәуле боз­көденің бетінде түл­кі бұлаңға салды. Сары Бет­пақ, кәрі Бетпақ ай астында қан-сөлсіз қажығанда, бозамық жал­ған боз көйлегінің етегін сай­­тан­­дана көтеріп, боз балтырын бұлт-бұлт ойнатты, ұрланып ескен ұрын жел бозаң сәулені еппен желпіп, боз көденің бетінде бүлк-бүлк желді…» деп келетін күмбір-күмбір еткен, сыңғыр-сыңғыр еткен сиқырлы дыбыс әлеміне сүйсінісін тамсана жет­кізді. Осындай сұлу сөз­дерден түзілген шырайлы шығар­малар­дың табиғатын ізденімпаз әде­биет­­шілер ырғақты қара сөз (ри­тмическая проза) деп те айтып жүр…
А.Смайыл публицист ретінде де белгілі. Оның 1980-1995 жыл­дар аралығындағы өткір пуб­лицистикалық мақалалары қазақ баспасөзінде жалындай бастаған тәуелсіздік рухына арналды. Облыстық және респу­бликалық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның саяси дербестігі туралы дабыл қақ­ты. Қазақ халқының ресми де, рухани да тәуелділікте қалып отырған­ды­ғына Целиноград облысының экономикалық-әлеуметтік өмірі­нен нақты деректер келтіре жазды. «Жер қа­зақ­­тікі, билік кім­дікі?», «Ха­­лық­тың киесі, жердің иесі бар», «Қазақтың сыртынан тон пі­шіп», «Саясатты саудаға сал­ған­дар», «Қазақ үшін қар­мандық», «Казак қозғалысының мәні не­де?», «42 Калинин, 14 Ворошилов және жалғыз Бөгенбай» се­кілді өткен ғасырдың 80 жыл­да­рын­да екінің бірі қалам тарта бермейтін, саяси салмақты, әлеу­мет­тік терең мәнді публицистикалары зиялы қауымға ой салып жатты.
Оның осы ұлттық ұмтылысы қоғамдық күрескерлікке ұласты. 1990 жылғы 10 мамырда Целиноград қаласында облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының құ­рылуына ұйытқы болды және оның төрағалығына сайланды. Қоғам осы тектес ұйымдардың республикадағы алғашқы қарлы­ғашы еді.
Аз ғана уақытта халықтық бе­делге ие болған ұйым төл жұр­ты­ның әлеуметтік-рухани талаптарын нақты жүзеге асыру мақса­тын алға қойды. Целиноград қа­ла­сында қазақ музыкалық-дра­ма театры ашылды. Қазақ музыка мектебі шаңырақ көтерді. Көнеруге айналған жалғыз қазақ орта мектебінің жаңа ғимараты мен мешіт үйі салынды. Қажымұ­қан Мұңайтпасовтың туған ауылына балуанның есімі берілді. Ақмола облысы мен қаласының тарихи атауы қайтарылды. Облыс орталығындағы мұғалімдер институтының қазақ бөлімдері кеңейтілді, инженерлік-құры­лыс, ауыл шаруашылығы және медицина институттары­ның барлық факультеттерінде қазақ тілінде білім алу мүмкін болды.
Ұлттық мұрат-мүддені түген­де­ген мұндай ірі шаралар облыс көлемінде де жүзеге асырылды. Барлық аудандар мен кеңшар­лар­да, өнеркәсіп орындарында ұйымның бөлімшелері құрылып, қазақ балабақшаларының қатары 92-ге, қазақ мектептерінің саны 62-ге жеткізілді. Тапшылығы ай­қын сезілген ұлт тілді ұстаздар­ды көбейту мақсатымен облыс­тық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында орыс тілді педагогтарды қайта даярлау бөлімі ашыл­ды. Жоғары оқу орын­да­рын­­дағы оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Қазақ тілінде сабақ беретін ұстаздарға 10 пайыз үсте­м­ақы төлеуге қол жеткізіл­ді.
Алдан Смайыл тележурналист ретінде Астананың Ақмола­ға ауысуының саяси-әлеуметтік маңызын кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосты. Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры ре­тінде «Ақшам» ақпараттық бағ­дар­ламасының Ақмоладан эфирге шығуына үлес қосты. Қаланың тарихи, геосаяси мәні туралы бірнеше телехабарлардың авторы.
Алдан Смайыл осы бағыттағы журналистік және жазушылық қызметін күні бүгінге дейін сәтті жалғастырып келеді. Ол Астана тарихы көне дәуірден бері қарай зерттелген «Ежелден Елордаға лайық деген», «Өмір тарихының зерттелуі», т.б. ғылыми мақалала­ры­мен жақсы таныс. Сондай-ақ, Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы қалыптастыру жолындағы қайраткерлік қызметі сараланған «Дәуірді таң қалдырған даналық», «Елорда – Елбасы ерлігі», «Тарих­тың жоғалтқанын бүгіннен іздеген» және басқа публицисти­калық еңбектерімен белгілі.
Қаламгердің ұйымдас­тыруы­мен дүниеге келген «Астана жазу­шыларының кітапханасы» сериясы арқылы «Қазақтың ша­ң­ы­­рақ қаласы», «История сто­лицы и края: ХІҮ- ХІХ в.в.», «Исто­рия столицы и края: ХҮІІ-ХІХ в.в.», «Елорда сәулеті», «Гид­рологическое описание южной части Акмолинской области», «Қанжы­ға­лы қарт Бөгенбай» тарихи еңбек­­терін құрастырып, жарық­қа шығарды.
Тағдыр сияқты тарихты да таңдамайды. Ресейдегі Қазан төңкерісінің дүмпуі қазақтың сайын даласына жетіп, балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей қапияда тап болған заман туғанда, оң-солыңды тану, ақ-қараны ажырату оңайға соқпа­ған. Ақыры қиянаттан көз ашпай, қатыбас болып жүрген қыр елін бөріктіріп, қолында малы барға аш қасқырдай тап берген кәм­пес­ке, одан соң – халықты қынадай қырған Мешін жылы, оған ілесе 37-ші жылдың саяси қуғын-сүргіні келіп жетеді. Қалың жұртты қан қақсатқан, жазықсыз жапа шеккендердің көз жасын көлдей еткен, о дүниені қойып, бұ дүниеде, кә­дімгі жер үстінде тамұқ орнатқан сол зарзаманға қалайша лағнет айтпайсың?! Жазушы Алдан Смайыл «Тамұқ­тан келген адам» атты романында адам мен адам, табиғат пен адам, өткен және жаңа қоғам арасын әңгімелей келе, өлім мен өмірдің психо­ло­гиялық және адамдық филосо­фиялық құдіре­тін айқындауды мақсат тұтқан.
«Тамұқтан келген адам тамұқ­тан оралған жалғызымен қауыш­қан соң өлім жайлы ойламайтын болған-ды, – дейді жазушы ро­ман­ның соңында. – Өлім туралы рухтар да жақ ашпайтын, тек әре­дікте біздер таптап жүрген көн­біс жерде бір кездері тозақ оты жа­ланғанын ұмытпау үшін үнсіз еске алатын. Ал өмірді осы күн­ге дейін ешкім түсінген жоқ».
Өмір жайлы ойлана-толғана жүру, сірә, әрбіріміз үшін міндет емес пе!
Міне, роман осындай филосо­фия­лық ой түюімен құнды, пси­хо­ло­гиялық астарымен мәнді, тра­гедиялық ауыр да ащы ойларымен маңызды.
Қорыта келгенде, А.Смайыл­дың аталған романы бүгінгі қа­зақ прозасындағы шоқтығы биік туындылар қатарына қосыла ала­ды. Бұл туындыны әдеби орта елеусіз қалдырмай, тиісінше ба­ға­сын беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді жазушы Жолтай Әлмашұлы.
Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әнес Сарай өзінің «Ақиқаттан адасудың азабы» деген мақаласында романды талдай келіп: «Қазақ қай қоғамға бейімделіп, қай заманның төріне шығып еді?! Әсіре адалдық пен ақ көңіл қазіргі заманда да қапы қалдырмасын деңіз… Қазақ бақытсыздығын тарихтың теп­кісін мол көрген Африка кон­ти­нентімен салыстыра алар едің. Осы құрлықтың қазіргі қаламгері Андре Бринк: «Оңтүстік Африка­ның өмірі — қорқынышты оқиға­ларға құрылған роман. Менің Отаным – қайғыдан рекорд жаса­ған ел», – дейді. Төл жұртыңның ақта­бан-шұбырындыларына қарап отырып, ондай рекорд қазақ жұртына таңсық емес дегің келеді», – деп көптен бері көкейі­мізде жүрген түйткілді ойымызды жалғанның жарығына шы­ғарды.
Шындығында да, біз таптық, ұлттық тепкімен қоса отар­шыл­дық, нәсілшілдік тепкіні де қоса көрген жұртпыз. Біз көрген қия­нат, біздің басымыздан кешкен қиямет-қайым орыстың данышпан жазушысы Достоевс­кийдің түсіне де кірмес еді.
Бұдан әрі рецензент: «Иә, қазақ мехнатынан қиянатшыл дүние азат бола алса, Алаш елінің ұлттық санасы мен рухы қиямет-қайымнан азат болуға талпынып жатыр. Сол талпынысқа дем бе­ре­тін қазақ тарихының философиясы керек, өткен замандарда неге ұтылғаныңды айғайлап айтып беретін философия. «Тамұқ­тан келген адам» романы осы қажеттікті сезінуден туған, кеше­гінің өзегінен ой сауған дүние, алыс-жақын тарихтың көркемдік философиясы, әдеби-эстети­ка­лық жаңа ізденіс. Шығарманың өн бойында әлдебір құдіретті үн: «Халқыңды азат еткің келсе, ру­хын азат ет!» деп жар салып тұр­ғандай», – деп түйіндейді.
Ғасырлар бойғы зілбатпан езгі­нің жаншыған салмағынан құтылуға, шер-шеменді тарқа­тып, көрген азап пен мазақтан арылуға, рухты азат етуге жасалып жатқан талпынысқа дем бе­ретін қазақ тарихының философиясы сонау қадым замандағы Қорқыттан бастау алып, Абаймен, Мағжанмен жалғасып, бү­гінгі күнге дейін жетіп отыр дер едім. Адамға бірден-бір жа­қын­дап келген, адамның басынан кешкен күйін (экзистенциясын) күйт­теген философия эк­зис­тен­ц­иализм болса, қазақ топыра­ғында әзірге соның нақ өзі болмаса да, зар илеген сарындары ежелден бар. «Экзистен­цияның» қазақы баламасын «күй» деп өрнектеген бүгінде ба­қи­лық болып кеткен біздің қара­ғандылық жерлесіміз, профессор Төлеуғазы Әбжанов еді. Жалпы, тарихтың философиясы болған осы ілім қазақ тарихының философиясы болуға жарамай ма?..
Арамызда өткенді аңсап, ке­шегіні көксейтіндер жоқ емес. Олар Стекеңдікіндей (Сталин) мықты қол, қатаң тәртіп керек деп жатады. Әрине, ақылға сы­йымды тәртіптің қажет екендігін ешкім жоққа шығармайды. Десек те, қылышынан қан тамған тү­зімдік (режимдік) тәртіптің ке­регі жоқ. Тоталитаризм мен дик­та­тура демо­кратиялық қоғам­ға жат. Бұл бүгінде аксиома бол­ған ақиқат. Сондықтан әрі қарай­тәптіштемей-ақ қояйын.
Зұлымдық пен зұлмата­тау­лының түбі бір. Кезінде антифашист, жалынды публицист Юлиус Фучик «Адамдар, сақ бо­лыңдар!» деп ескерткен еді. Жазушы да алдағы бол­жап болмайтын қауіп-қатерлерден өскелең ұр­пақ­ты сақтандыра отырып, романда суреттеліп, баян етілген та­рих тағылымы оларға әрі сабақ, әрі аманат болсын деген ниетпен: «Сақ бол, жас қазақ!» деп тұр­ған­дай.
Ел аманатын арқалаған азаматты алаңдатар түйткілді жайлар жетерлік. Бір мезет Алдан ағамыз­дың Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсі­мов­ке жолдаған де­пу­таттық сауалына назар сала­йық:
«Биыл 1932 жылғы алапат аш­тық­қа 75 жыл толып отыр. Атамыз қазақтың арғы-бергі тари­хын­да бұрын-соңды дәл осындай нәубет болған емес. Көрген қор­лық, шеккен азаптың ащылығы мен қырылған халықтың көптігі жағынан атышулы «Ақтабан шұбырындыдан» да асып түскен зұлмат бұл.
Шетел зерттеушілері мен Алаш асылдарының тарихи еңбектерінде аталған апат ком­му­нистік режимнің қазақ хал­қына қасақана жасаған геноцид­тік қатыгездігі екені ашық ай­­­ты­лады. Бұған дәлел жет­кі­лікті.
«История Казахстана. Народы и культуры» академиялық еңбегіне сүйенсек, Қазақстанда 1926 жылдан бастап көшпелі шаруашылықтарды жою саясаты қарқынды жүргізілген. Елдің мүм­­кіндігінен 17 есе артық жос­парланған егін және мал салығы ұлан даланы айтақырға айналдырды. 1928-1932 жылдардың ішін­де халықтан 6 миллион
509 мың ірі қара, 18 миллион
566 мың қой, 3 миллион 516 мың жылқы тар­тып алынып, жүген-құрығын ұс­тап қалған жұрт басы ауған жақ­қа шұбырды. Сүрінген же­рінде үзілді, жығылған жерінде жан тапсырды. Аш өзегі азына­ма­ған аймақ қалмады. Солтүстік Қазақстан өңірінде – 385 мыңнан астам, Батыс Қазақстан өңірінде – 395 мыңнан астам, Оңтүстік Қазақстан өңірінде – 618 мың, Орталық Қазақстанда – 30 мың адам қынадай қырылды.
Демограф ғалымдардың осы дерегі бойынша барлығы 1 миллион 800 мың жан көз жұмған.
Кейінгі зерттеулер бұл мәлі­мет­­тің толық емес екендігін анық­­тап берді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1917 жылы: «Иншалла, 6 миллион қа­зақ­пыз» деген сөзін еске алып, қаза­қ асылы Мұстафа Шоқаевтың деректеріне жүгінсек, аштықтан көз жұмғандардың қатары 2 миллион 287 мыңға жетеді.
Адамзат тарихында бола қой­ма­ған, ұсақ ұлттарға жасалған геноцидтің удай шындығы, міне, осындай. Мұны ұмытуға хақы­мыз жоқ. Қазақ есімді тағдыры тауқыметті елдің қанға боялған сол бір тарихи кезеңін ескерусіз қалдыру қоғамға да, заманға да, азаматқа да сын. Бүгіннің тамыры – өткенде, тірілердің тамыры – тірліктен көшкендерде. Ресей Федерациясы мен Украина бұл нәубетті мемлекеттік деңгейде атап өтті.
Атажұрттың азаматтары!
Дүние жалғаннан күңіреніп көшкен миллиондардың рухына тағзым етіп, республикалық дең­­гейде еске алайық. Құрбан айтта құран бағыштайық. Қор­лықпен өткен бейбақтардың ру­хы үшін, тарихи сананың сабақ­тастығы үшін, мына тоқ заманда жүзіміз жарқын жүруі үшін!
Бұ дүниенің шаруасы бір бітер, о дүниеліктердің шаруасын ұмытпайық».
Сондай-ақ, жалпыадамзат­тық, жалпы ұлттық мәселелермен қатар туған жердің бүгінгі тағ­ды­ры оның төл перзентін алаң­дат­пай қоймайды. Жаңаарқа ауданына бір келген жұмыс са­­­па­­­рын­да көкейкесті үш мәсе­леге көңіл ау­дар­ды. Оның бірін­шісі – мектеп-интернаттар жүйесін дамыту. Шын­дап қараса, бұл әрі матер­иал­дық, әрі психо­ло­гиялық жа­ғы­нан қиындық келтіретін елеулі әлеуметтік құ­былыс. Шағын ауыл­дардың арасы кемі 50-60 шақырым, әрісі 90-100 шақырым. Бұрын Бетпақ­даламен шектес ауылдардың балалары Ақтауға келіп, басқа елді мекендердің ба­ла­лары аудан орталығына және Қаражалға барып интернатта жатып оқитын. Бүгінде сол мүм­кін­дік жоқ.
Екінші мәселе – соңғы жылдары Жаңаарқа ауданында мал басының өсуіне байланысты мал өнімдерін бір орталықтан сатуды ұйымдастыру. Өйткені, оларды өз күштерімен Қарағанды, Жезқаз­ған қалаларына жеткізуді қамта­ма­сыз ете алмайды. Жеткіз­ген күн­нің өзінде делдалдарға қолды болады.
Үшінші мәселе – ауыз су мә­се­лесі. Ауданның бірқатар ауылдары суды құдықтан ішсе, кей­бі­реулері тікелей өзеннен алып іше­ді. Бұл мәселені, әрине, тек үкіметтік деңгейде ғана шешуге болады.
Діттеп келгенде, бұл бір ғана ауданның ғана емес, республи­ка­ның барлық шалғайдағы аудан­дарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын арнайы зерделеп, талдаудың және нақты мемле­кеттік бағдарламаны әзірлеудің қажеттілігін аңдатады.
Жарғақ құлағы жастыққа ти­мей, ел елеулісі, халық қалау­лы­сы ретінде көпшілік аманатын орындаудан қолы қалт еткен бір тұста, қабырғалы қаламгер ре­тін­де ұлтының жүрегіне үңіліп, рухын аршып алу жолында тер төгуге тура келеді. Қай істі қолға алса да, заманалық талаптарға төтеп беруге ұмтылыс жасау мін­детін бір сәтке ұмытпайтын Алдан ағаның қаламының да, қыз­ме­тінің де бабы – қазағының қамы екені анық.

Сәбит БЕКСЕЙІТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ТҮРКСОЙ-дың
«Ұлы Түрік қыраны» медалінің иегері.

Қарағанды қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір