Актриса мерейі
12 қарашада Қазақтың М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаеваның 80 жасқа толған мерейтойы өтті. Қазақ театр өнерінің негізін қалаған актерлердің көзін көріп, тәрбиесін алған Нүкетей Мышбаева осы театрға 20 жасында келіп, 60 жыл бойы табан аудармай еңбек етті. Әр образы өзіндік бейнесімен ерекшеленіп тұратын, бірнеше буын көрерменнің көңілінен шыға білген актрисаның сексен жастық тойына мәдениет пен әдебиет, өнер саласының ірі өкілдері келді.
Ел Президенті Н.Назарбаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауларын жеткізіп, Жазушылар одағының атынан Нүкетай Мышбаеваға сый-сияпат көрсетті. Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов мерейтой иесіне ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің құттықтауын жеткізсе, театр директоры Ерлан Біләл мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ақ тілегін оқыды. Сонымен қатар, актрисаның туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы әкімшілігінің өкілдері өз құттықтауларын жеткізді. Сахнада қатар жүрген әріптестері, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев пен өнердегі сіңлісі Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері Торғын Тасыбекова сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін айтты.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АРТИСІ Н.МЫШБАЕВАҒА
Айдай сұлу мінсіз туған майталман
Білгенімді бір өлеңмен айта алман.
Атқан таңдай арайланған жүзіңді
Сахнадан көрмей үйге қайталман.
Ойнадыңыз талай сұлу жеңгені,
Бал татыған қымыз құйып – Теңгені.
Асекеңдей ұлағатты ұстаздың,
Апатай-ау, сіз емес пе сенгені.
Шығатынсыз Майра болып жайраңдап
Гүл тердіңіз Әлиман боп сайраңдап.
Көрерменнің көзайымы Нүкеңе,
Таңдап, талғап қашан қондың қайран бақ?
Қайтып кетпе Нүкетайдан баян бақ,
Ортамызда жүре берсін жайраңдап.
Әлі күнге қызды ойнауға жарайды,
Гүл тер десең гүл тереді тайраңдап.
О, құдіретті сахнаның киесі!
Соның бүгін Нүкетай ғой иесі.
Жарқылдаған, аңқылдаған апама,
Жағылмасын жамандықтың күйесі.
Арамызда жүре берсін ұлы күштің иесі
Рөл де бар апамызға тиесі.
Сахнада сіздер барда бұзылмас,
Өмір деген ұлылықтың жүйесі.
Закария ЖҮНІС,
ақын.