Интеллектуалды ұлт құрудың негізгі күші
Заман өткен сайын интеллектке деген көзқарас та, оған қойылар талап та өзгеруде. Бүгіндері ойшылдықтан гөрі ойын алға озған тұста, адам бойындағы қабілет-қарым, талант, парасат, ақыл-ой, ар мен адамгершілік сынды игі қасиеттердің бағаланбай жүргені айтылып та, жазылып та жүр. Қазақ елі «Озық отыздыққа» ену жолында не істеуде? Дамыған елге қойылатын басты шарт – ойшылдық! Олай болса: «Қазіргі қазақ жастарының интеллектуалдық күш-қуаты қаншалықты?» деген сауал төңірегінде әңгіме өткізген едік.
Нұргүл ТОҚСАНБАЕВА, психология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жалпы және этникалық психология кафедрасының меңгерушісі
Интеллектуалдық күш-қуат – қабілеттілікте!
Адамның ақыл-ой өрісі, қабілеті мен бейімділігі, мінезі мен түр-әлпеті әрқилы. Әйтеуір, бұл мәселеде бір-біріне жүз пайызға ұқсасы жоқ. Бұл өзі жаратылыстың, адам табиғатының тағы бір құпия сыры. Соған қарамастан әркім өз ерік-күшіне сәйкес өз қабілетін танып-білуге, оны дамытуға талпынады. Керісінше, өз қабілетін тектен-текке құртып (бізге сырттай солай көрінуі мүмкін), оны басқаға жұмсайтындары да аз емес. Ал қабілет дегеніміз не? Ол – адамның бір іс-әрекетті орындауда әрқилы деңгейде көрінетін жеке қасиеті. Оны данышпандар «асыл мұраға» да теңеген екен. Өйткені, кез келген адамда ерекше бір көзге түсетін қасиет болады. Егер де сол адам оны қастерлеп, өмірмен біте-қайнасып жүруіне үнемі жағдай жасап отырса, иесінің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Мұндай жан бәрібір өзінің алдына қойған мақсатына жетіп, еңбегінің жемісін жейді. Кісі неғұрлым қабілетті болса, ол соғұрлым қай істі де табысты орындап, сый-құрметке бөленеді. Иә, адамдар үшін өз қабілетін жақсы істерге, ел игілігіне жұмсағаннан артық бақыт жоқ. Тек есте болатын бір жағдай, кейбір адамдарда ерекше бір көзге түсетін бірнеше қабілет кездеседі. Бұл – Жаратқан Иеміздің сол адамға берген несібесі. Бірақ та біз оны күндемей, өз бойымыздағы қабілетті танып-біліп, оны бағалай білуге тиістіміз. Өмірде кездесетін бір сәтсіздіктен соң: «Менің бойымда ешқандай қабілет жоқ, бәрібір мен бұл істі атқара алмаймын», – деп сары уайымға салынатындар ұтылатыны хақ.
Ұлы ойшыл Кіші Сенека: «Адам өз қабілетінің қандай екенін бір іске кіріскенде ғана біледі», – депті. Ол рас. Сол себепті әрдайым өз ісіңе сыни тұрғысынан қарап, одан қорытынды шығара білуің қажет. Сірә, сондықтан да шығар, Дельфий храмында: «Өз-өзіңе үңіл» деп жазылған.
Қабілеттілікті анықтайтын қасиеттер: сезімталдық, байқағыштық, аңғарымпаздық, зеректік, ойлампаздық, көрегендік, зерделілік, идеяларды оңай туындата алушылық, сөз саптау еркіндігі, тұтас қабылдауға, ұғымдарды салыстыруға (алыстату, жақындату, қиыстыру, т.б.), топшылауға бейімділік және тағы да басқалар. Тек есіңізде болсын, өз қабілетің өз ырқыңа көнеді. Саллюстий айтпақшы: «Әр адам өз тағдырын өзі шешуге тиіс». Ал адам қабілетінің қайнар көзі ешқашан да таусылмайды. Адам қабілеттілігінің артуына байланысты оның дарындылығы мен данышпандылығы да айқындала түседі.
Қабілеттің қандай түрі де еңбекпен дамып, қалыптасады. Адам тер төкпейінше, оның бойындағы қабілет ешбір мән-маңызға ие бола алмақ емес. Өйткені, қабілет ойлау, күшті ерік-жігер, тұрақты мінез, қажыр-қайрат, ұшқыр қиял тәрізді адамның жан қуатының сан түрлі жақтарымен тығыз байланысты.
Белгілі бір дүниеге ынта-ықыласының артуы – оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Ол негізінен бейімділік деп аталады, қай іс те осы бейімділіктен бастау алады. Адам баласы өзінің бойындағы қабілеттілігінің белгілерін тым ерте байқаса, не нәрсеге бейім екенін мезгілінде сезсе, онда ол өмірде өз жолын табады. Өкінішке қарай, көп адам өз қабілетінің қандай екенін, не нәрсеге бейім екенін іс жүзінде анықтай алмай немесе оған мән бермей, соның салдарынан көпке дейін өмірде өз орнын таба алмайды. Сол себепті, интеллектуалдық күш-қуат – қабілеттілікте!
Жастардың жаһандану жағдайында өзінің ұлттық болмысын жоғалтпау үшін басты қағида – ұлттық болмыс, мәдени мұра мен дәстүрімізді сақтау. Философ Хантингтон: «ХХІ ғасыр – ақпараттық, идеологиялық күрес ғасыры», – деген еді. Бұған жол бермеу үшін тең дәрежеде діни сауаттылық, саяси мәдениет пен саяси сананы қалыптастыру, жалпы алғанда, мәдениет пен білімділік деңгейін көтеру қажет. Яғни «интеллектуалды қоғам» түзіп, барлық жастарға еркіндік пен мүмкіндік беруіміз қажет. Атам қазақтың «Баланың бетінен қақпа, белін бу…» дейтіні сондықтан ғой. Мен бағана қабілет туралы айттым. Тағы бір нәрсе – ұлттық қабілет. Яғни белгілі бір елдің қай нәрсеге, қай салаға бейім екенін анықтау – негізгі нәрсе. Осы орайда қазіргі қазақ халқы неге қабілетті екенін білу, мына сіздің, мына менің, бәріміздің міндетіміз… Санаққа сенсек, Қазақстанда 4,5 миллион жас бар екен. Соның 2,5 миллионы қалада, 2 миллионы ауылда тұрады. Осы ретте айтарым, қазіргі қазақ жастарының әлеуметтік проблемалары тереңде жатыр. «Нан болмай, ән болмас» дегендей, жастарға жағдай жасалынбаса, онда «интеллектуалдық бум» күту қиындау дегім келеді. Қазақ – баяу қимылдайтын ұлт болғанымен, өте қабілетті әрі тереңінен ойлайды. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазіргі қазақ жастары негізінен
3 нәрсеге алаңдайды екен. Жұмыссыздық, баспана мәселесі мен білім алу. «Қандай жайт сізді ерекше алаңдатады» деген сауалға респонденттердің 67,4 пайызы жұмыссыздық, 59,5 пайызы баспана, 31,8 пайызы білім алу деп жауап берген екен. Бізде жылына 35 мың грант бөлінеді. Сол грантпен бітірген жастардың 60 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Сонда 20 мың адам не істейді? Соңғы 10 жылдағы 3 миллион некенің 1 миллионы ажырасқан. 300 мың нашақор, 100 мың аборт. Сондықтан интеллектуалдық күш-қуат турасында әңгімесі қозғамас бұрын осы проблемаларды шешіп алуымыз керек. «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ» деп Абай айтпақшы, қазір жастарда көкіректен гөрі уайым көп боп тұр.
Интеллектуалды ұлт – интеллектуалды деңгейде қоғамдық бағдары, концепттері қалыптасқан қоғам. Ол жерде белгілі бір білім жүйесі орын алады. Сол негізде интеллектуалды қор қалыптасады. Ұлттың интеллектуалды деңгейде мәдени, тарихи алғышарттары қалыптасып, табысқа қол жеткізуді басты мақсат етіп қояды. Интеллектуалды ұлт ұлттық құндылықтың бағдары анықталған шақта жасақталады. Қоғамдық білім тетіктері қалыптасқан жағдайда ғана мүмкін болады. Қоғам прогреске қол жеткізуге, ақпаратқа қолжетімді болған жағдайда мүмкін. Біздің мемлекетте бұған кең көлемде жағдай жасалған. Шетелден ғалымдар шақыртылады. Біз шет мемлекетте оқи аламыз. Озық мемлекеттердің үлгілерін өздерімізде қолдану мүмкіндігі бар. Ең бірінші интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін төл тарихымызды жақсы білуіміз керек. Сонда ғана интеллектуалды ұлт тарихи санамен қалыптасады. «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің ертеңі болатын жастардың әлеуетті күшке айналуына мүмкіндіктер беруде. Бәсекеге қабілетті интеллектуалды элита қалыптастыру күн тәртібінде тұр.
Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел қатарына қосуда адам капиталын дамыту – басты мақсат. Сондықтан интеллектуалды ұлт құрудағы негізгі қозғаушы күш – жастар. Бүгінде интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізгі іргетасы ақпарат заманындағы өзіне қажетті дүниеге тез қол жеткізе алатын, коммуникативті, тапқыр жастар екені белгілі. Шетелде әсіресе, дамыған елдерде білім-ғылым мен руханияттан ақшаны аямайды. Ең көп қаржы бөлінетін сала да – осылар. Сондықтан дамып, өскіміз келсе, ақыл-ой, интеллектіге көп көңіл бөлуіміз керек. Онда «қабілетсіз ұлтқа» айналу қаупі бар.
Арай ІЗБАЙ,
журналист, комментатор, аудармашы
Өре өспей, ұлт та өспек емес
Халық бостандығы үшін күресетін, оның алдағы тағдырының қандай болмағын айқындайтын күш – көзі ашық, жаны таза, саналы жастар. Осы ретте Мағжанның «Жастарға!» деген өлеңі өзектілігін жойған жоқ. Смағұл Садуақасовтың: «Мағжан – қазақ жастарының ой-санасының әміршісі» деген сөздің түп-тамыры, бәлкім, осы бір отты-жалынды өлең жолдарында жатқан шығар. Үлкен тебіреніспен, күйзелген жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да: «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ.
Ұлттық мүддеден ұлттық идея пайда болады. Ал ұлт зиялылары осы идеяны іске асыруға қызмет етеді, білімі мен білігін арнайды, қажет болса өмірін қияды. Мемлекеттің ғұмыры ұзақ болуы ұлттық элита мен интеллигенцияның саны мен сапасына, қажыр-қайратына, болашақты болжау қабілетіне тікелей байланысты. Адамзат қоғамы ешқашан біртекті, біркелкі болған емес. «Көпте ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал» деп Абай айтпақшы, нағыз зиялылар – аз, санаулы болуы заңды. Өйткені, осынау қиын жолды өз еркімен таңдаған адам бойында ақыл-ой, қайрат-жігер, тектілік пен парасаттылық болуға тиіс. Элита – ең таңдаулылардан құралған өте ықпалды топ. Халық басқарушы билікке түгелдей қатыса алмайды, сондықтан бұл міндетті элита атқарады. Олар бұқара халықтың биліктегі өкілі, ел соларға сенім артады, соңынан ереді, бағыт-бағдар алады, түзеледі, еліктейді. Элита дегенде, жоғарғы билік пен көрнекті тұлғалар еске түседі. Алайда, мемлекеттік басқару құрылымдарындағы билеуші элита – формальды топ қана, олардың көпшілігі бұған кәдімгі қызмет, кәсіп түрі, артықшылықтарға ие болудың бір жолы, мансап ретінде қарайды. Бұл топты нағыз элита деп емес, билеуші топтың мүшелері ретінде қабылдау қажет. Бұған қарағанда, элита, интеллигенция болу жүре пайда болатын ерекшелік емес, ол туабітті қасиет, адам зиялы болып дүниеге келеді, бұл қасиет оның қанында, тегінде жатыр. Халық ұмытпаған ұлылар билікке таласпаған, тек өз міндетін ғана атқарған. Осындай бейресми элита өкілдері қоғамдық жүйеге, халықтың дүниетанымына, мінез-құлқына орасан зор ықпал ете алады. Мысалы, Лев Толстой ешқандай ресми лауазымға ие болмаса да, сол кездегі орыс қоғамында үлкен роль атқарды. Қазақ қоғамында да бүкіл халықтың мұң-зарын арқалап, билікке жеткізу жолында азап шегіп, тер төккен тұлғалар көп. Солардың ішінде, әсіресе, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай, Шәкәрім гуманитарлық интеллигенцияның көшбасшысы ретінде ұлттық жаңғыруға үлкен үлес қосты. Қазақтың гуманитарлық элитасы құрамы жағынан әрқилы болды, олардың арасында ата-тегінен төре, би-болыс болғандар да, қарапайым халықтан шыққандар да бар. ХІХ-ХХ ғасыр шегінде ұлттық-саяси белсенділік танытып, қазаққа қызмет ету жауапкершілігін алған осы әлеуметтік топ болатын. Сондай-ақ, олардың бүкіл іс-әрекеті, өмірі мен шығармашылығы зиялылық, интеллигенттілік деген ұғымдардың түпкі мән-мағынасына сәйкес келді. Бұл тұлғалар рухани тазалық, дегдарлық, аскеттік, биік гуманизмімен ерекшеленеді. Дүниеауи тірлік пен пенделік ұсақтықтан жоғары көтеріліп, ұлт мүддесін мұңдайтындарды қазақ әулие санап, табынатын піріне айналдырған. Жалпы, интеллигент деген тек жоғары білім, кәсіп, мамандық иесі болу емес. Біз мұнда интеллигенцияға анықтама беруден аулақпыз, бұл оның ең үздік өкілдері туралы ойлар ғана. Тарихи тәжірибеге зер салсақ, интеллигент болу жақсы тәрбие мен жақсы тек, ақыл мен сана арқылы келеді. Интеллигент тұлға – рухани болмысы пенделігінен басым тұратын тәуелсіз ой иесі. Оның еркін ой-пікірі, ұстанымы билік құрып тұрған идеологиялық шеңберге сыймауы да мүмкін. Себебі, олардың интеллектуалдық қабілеті, парасатты көрегендігі құрсауға көнбейді, шеңберге сыймайды. Ол өз ұстанымына тұрақты, табанды. Белгілі бір уақыт мезетінде көзқарастарын күрт өзгерту ол үшін жат қылық. Қазақ халқы ұлт, мемлекет, ел ретінде осы күнге дейін келіп жеткені үшін өзінің ел бастаған ардагерлеріне, қол бастаған батырларына, сөз ұстаған би-шешендеріне, яғни бүкіл көшбасшы қайраткерлеріне қарыздар. Олар зиялы деген атына лайық ұлт алдындағы парызы мен жауапкершілігін терең түсінді және оны орындады.
Мәселен, қазақ халқына таңым бар. Себебі, соншама зобалаңды көрген біз Алланың жәрдемімен аман қалдық. Қазақ – тарихи феномен! 30 жылдардың қуғын-сүргіні, одан кейінгі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ептеп есін жиған Алаш жұрты Хрущевтік «жылымық» тұсында еңсесін тіктей бастады. Әсіресе, 1960 жылдары әлемнің көптеген елдерінде бой көтерген студент жастардың қозғалыстарының ықпалы аз болған жоқ. Дегенмен, Батыс Еуропадағы жастардың әлеуметтік көтерілістері негізінен тұлғаның өзіне, оның шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына, табиғи болмысына оралуына, күнделікті күйбең тірліктен босанып, қиялды шарықтатуға, контрмәдени романтизмге бағытталды. Ал осы 60 жылдары Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары «Жас тұлпар» атты қоғамдық-саяси, ұлтшыл-дәстүршіл бағытта ұйым құрғаны мәлім. Бұл озық ойлы жастар алыста жүріп, өз елінің жағдайын басқалармен салыстырудан туған көзқарастарын бөлісіп, елінің ертеңіне алаңдаушылық білдірді. Кеңестік биліктің қазақ еліне қатысты саясаты, ұлттық кадрлар, тіл, діл мәселесі төңірегінде бірікті. Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, А.Қадыржанов бастаған сол кездегі студенттер өздерін ұлт мүддесі жолында біріккен рухани қауымдастық іспетті көрсетті. Бұл – Алаш идеяларының өміршеңдігінің бір көрінісі және ХХ ғасыр басы мен кеңестік билік тұсындағы қазақ интеллигенциясы мен зиялы қауымының арасындағы рух сабақтастығының дәлелі. Дегенмен: «Бүгінгі қазақ жастары
Ж.Тәшенов, Н.Оңдасынов,
Ж.Шаяхметов, І.Омаров сынды тұлға-лардың ерлігін қайталай ала ма екен?» деген сұраққа жауап таппай қиналамын.
Қайбір басылымнан Махмұд Сарбас деген Швецияда тұратын бір қазақ жігітінің сұхбатын оқып қалдым. Сонда ол: «Скандинавия елдеріндегі ІВМ компаниясының басшысы Дария Ермиш есімді қазақ қызы болды. Ол 700 швед ішінде Америкада сертификатты тұңғыш алған маман. Айсу Ақсақал деген қызымыз Стамбул қаласындағы метроны басқарған, қазір Швециядағы АВВ деген компанияда жұмыс істейді. Яуыз Қахарман деген жігіт Лондонмен Адана метросының жобасымен айналысады. Сондай-ақ, ғалымдарымыз да бар. Әлемде миға операция жасайтын екі қазақ бар. Оның бірі – Алматыда, екіншісі Германияның Майнц қаласында. «Мерседес Бенц», «Сименс» секілді әйгілі фирмаларда жұмыс істейтін қазақтар да бар. Солардың интеллектуалдық қуатын Қазақ-
станның игілігіне пайдалану керек», – дегенді айтып қалды. Расында да бүгінгі қазақ қоғамында «интеллект» бағаланбайды. Ой өспесе, ел қалай өспек?
Бәрін жоққа шығаруға болмас… Мәселен, мемлекетіміздің қолдауымен ауыл жастарының білім алу мақсатында қалаға қарай ағылуы, жастар белсенділігінің артуы да қуантарлық жағдай. Бірақ олардың көпшілігі қоғамда лайықты орнын таба алмауда. Соның әсерінен маргинал және діни топтар көбеюде. Себебі, оларда ақша, қаржы бар. Жаһандану тудырған түрлі модельдер жастардың салауатты әлеуметтік белсенділігін (білім алу, еңбекке құштарлық, отбасының құндылығы, жұбайлық адалдық, бала сүю, тәрбиелеу) төмендетіп, жаппай әлуметтік-психологиялық проблемаларға (нашақорлық, маскүнемдік, ажырасу, еңбекке, кәсіпке құштарлықтың жойылуы) соқтықтыруда. Оқу оқып жүрген жастардың басым көпшілігі, қазіргідей қымбатшылық заманда оқудың, пәтердің ақшасын төлеу үшін жүкші, күзетші, күтуші, жүргізуші боп күнелтуге мәжбүр. Ал ондай кезде интеллектуалдық күш-қуат жөнінде айтудың өзі қиын. Сондықтан өре өспей – ұлт та өспек емес.
Ұлмекен ЛЕСБЕКОВА, ҚазМемҚызПУ-нің
4 курс студенті
Оған қызмет ететін тағы да – интеллектуалдық!
Бұл тақырып мағына жағынан да құрылымы жағынан да, ауқымды болса да, кішігірім ойымызды білдіріп көрсек, жалпы, «интеллект» және «жастар» аталған ұғымның екеуі де белгілі бір қалыпқа сыймайтын, уақыт ағынымен бірге жаңаша дәстүр мен серпінге бойлап отыратын жаратылыс дегенге саяды.
Енді бүгінгі «интеллект» пен жастардың бағыты, оның ішінде қазақ жастарының тәуелсіздік таңынан бері қарайғы уақытта мәдениет пен әдебиетте, спорт пен өнерде, технологияда, шет тілдерін меңгеруде және басқа да ғылым салаларында бетке алып жатқан тұстары жаңашылдық, әрқайсысы бір өзінше құбылыс әкелгісі келеді, күніне бір жаңалық шығарғысы келеді (әлеуметтік желілерде жастардың нешеме түрлі әдет шығаруы, «шоулардың» қаптап кетуі, т.б.). Себебі, уақыт өте жылдам жүріп жатқан бұл ғасырда жаңалығы болмаса әдебиет те, әдет те қызық болмай қалды. Осы күнгі әдебиеттің өзі қысқалық пен жинақылықты талап ететіндей.
Американдық танымал жазушы Роберт: «Бұл заманғы адамдар кезек күтіп қаз-қатар тұрғысы келмейді, сұраған мезет сұранысын күттірсең басқасына ойысып кете барады, бұл заманғы адамдардың керегі болу үшін қозғалыста, әрқашан қозғалыста болу керек», – деген екен. Яғни соңғы кезде «бренд» деген ұғым бар. Ол әрқашан сұраныстың мінберінен түспеу, қажеттіліктен шықпау. Жоғарыда айтылғанның бәрі, негізінен, өзінші бір құбылыспен уақыт ағынына еніп, осы «брендке» жүгіреді және оны ұстап қалуға талпынады.
Мысалы, әдебиет қай қоғамда болсын көпшіліктің, оның ішінде жастардың интеллектіне қызмет етеді. Бірақ ол өзгеріп отырады. Жастардың көбі өзінің жан толғанысын өлеңнен тауып тебіреніп, оны жаттап алып жатады. Оның авторына деген ерекше құрмет-қошеметі оянады. Прозада да солай. Әдебиетте жазушы мен ақынға талап та сол, уақытқа сай келумен қатар оқырман жан-дүниесіне бойлай алуы. Кейде олар уақыт көшіне ілессе де, жанның ішкі иірімдеріне бойламайтын жасанды не керісінше туындылар болып жатады. Қаламгердің туындысы нарыққа шығарған тауары десек, оның әрқашан қоғамда қажеттілігінің болуы қаламгер ретінде «брендтік» дәрежесі болып табылады.
Ал бүгінгі жастар деп отырғанымыз да тәуелсіздік жылдардан бері қарайғы толқынмен қарасаң, бүгінгі аға буындар, оларға ілескен жиырманы белуарлап отызға ойысқан қазақ жастары. Отыздың өзі аз жас емес, қазақтың «отызыңда орда бұзбасаң, қырығыңда қамал алмассың» дегені біраз нәрсені аңдатады. Дегенмен, кейде қартайған шағында да құбылысқа бойлайтындардан үміт үзбеу керек. Әйтсе де бұл әлдебір көктен жалт ететін құбылыс күтіп жату емес, «тосыннан «миллион» келіп қалса болады» деп жүру емес. Сол миллионның келуі үшін алғашқы қадамдарды ақырындап жасай беру болар («теңге тиыннан құралады», «тамшыдан теңіз»).
Енді осы орайда қимыл–қозғалыс үшін интеллектінің ролі ойнайды. Қазіргі күнде қазақ жастарының үш тілді білуі, спортпен шұғылдануы, білімге баса мән беруі шет мемлекеттермен араласуға бастап отыр. Бұл талаптар ХХІ ғасырдағы қазақ жастарының қаласын-қаламасын мойнында тұрған қызметі. Аталған компоненттер кез келген Қазақстан азаматының бойынан табылуы тиіс болып тұр. Онсыз сұраныс та, қажеттілік те болмайды.
Бізге нарық талабына сай (жоғарыда аталғанның бәрі кіреді) қызмет, дәреже, мансап, жайлы баспанада тұру, шетелдік көлік міну, Еуропаға шығу, т.б. тұлғалық дәрежені тек қалталы азаматтардың мүмкіндігі, не «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастардың ғана келбеті деген шекараны бұзу керек болып тұр. Ресейдің деревняларында қалып қойған жастардың мүлдем жаңа өмірдің «ауа-райынан» хабарсыз қалуы сияқты, біздің ауылда туған жастардың қаншасы бойындағы қуатын құр әлімжеттік әдеттерге шашып жүр, жастық (10 жылдық делік) денсаулығын, уақытын қайда жұмсарын білмей жүр. Бұл мәселе – үлкен түйткіл секілді көрінеді маған.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бизнес бастау» жоспарын енгізіп, ауыл шаруашылығына ыңғайластырылған фирма, фабрика, зауыт ауыл-аймақтарда ашылса, оған жастар жұмысқа тартылса деген сыңайдағы стратегияны бастағалы біраз уақыт болды. Дегенмен, осынау дүние қарқын алып кете алмауда…
«Болашақ» бағдарламасына жастар шетел көріп, ол жақтан оралмай кетсін деп емес, шет мемлекет жастарының хал-ахуалын, не ішіп, не киетінін көріп-біліп келген соң ауыл жастарының жаңа заманға «көзін ашу» үшін мемлекеттің миллондаған қаражаты төленді емес пе?! Бұл жастардың ұлттық, патриоттық тәрбиесінен туындайтын мәселеге саяды. «Интеллекттің» өзі ұлттық руханиятқа қызмет етпесе, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» сонда болары хақ.
«Жастардың және еліміздің басты капиталы – сапалы білімі», – деп Мемлекет басшысы
Н.Ә.Назарбаев жастардың болашағының біліммен ғана көркейетінін меңзегендей. Яғни жастардың интеллекті жоғары болса, мемлекеттің «иммунитеті» де жоғары. Жастардың интеллекті дегенде көңіл көншітетіні, жалпы, бар. Бұл – жақсы. Келесісі, қандай дәрежеде? Бұл сұрақ ойландырады. Интеллект дегеннің өзі үлкен мағынаға ие: ғылымды меңгерген, ой-өрісі кең, өзіндік көзқарасы бар, жан-жақты кемеліне келген тұлғаны интеллектуалды тұлға дейді. Адамның бәрі интеллектуалды дәрежеге жете бермейді. Тіпті, оны жастардан талап етуде көбіне «әлі жас» деген тәмсілге сүйеніп жатамыз. Интеллектуалдылыққа қол созудан дәл бұл заманда қорқудың қажеті шамалы. Себебі, дәл қазіргі мезет жастар арасында жаңаша дамыған өмірге: білім алуға, қаражат көзін дұрыс табуға, тұлға ретінде сенімділікке және тәуекелділікке бастайтын «Көшбасшылық» (лидерство) керек болып тұр. Оған қызмет ететін тағы да – интеллектуалдылық.
Әзірлеген
Меруерт НҰРЛАН.